Атадан мұра» атты концерттік кеш өтеді
30.03.2022
481
0

КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туған күніне орай, 2022 жылдың 1 сәуір күні сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің «Атадан мұра» атты концерттік кеші өтеді.  

Осыдан 40 жыл бұрын Н.Тілендиевтің жетекшілігімен құрылған еліміздегі ең ірі әрі жалғыз фольклорлы-этнографиялық бағыттағы «Отырар сазы» оркестрі біздерге ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес мәдени мұрамыз болып саналатын қазақтың ұлттық музыка аспаптарының аса бай жинағымен танысуға мол мүмкіндік береді.   

Оркестр репертуарында көптеген халық күйлері мен әндері, классикалық музыканың үздік үлгілері, Қазақтың және шетелдік көрнекті композиторлардың және Н.Тілендиевтің шоқтығы биік шығармалары қамтылған.  Аталған концертте талантты әрі танымал әртістер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Айгүл Қосанова, Жұбаныш Жексенұлы, Нұржан Жанпейісов өнер көрсетіп, Н.Тілендиевтің таңдаулы туындылары орындалады.  

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Н.Тілендиевтің туыстары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, Үлкен залдың фойесінде Н.Тілендиев атындағы мемориалды музейінің экспонаттар көрмесі қойылады.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева. Дирижерлары Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір