Жапан қырдағы жалғыздың жыры
Светқали НҰРЖАН
ДОСТАР ҚАЙДА?
Кеше ғана бар қазақпен дос едім,
Қайтты неге көп досымнан меселім?
Тамыршыдай танып ұстап кеселін,
Достарымның шығардым мен есебін:
Бір дос кетті әкім болып әміршіл,
Бір дос кетті ақын болып «тәңіршіл».
Бетқап киіп мұқабадан қалың сұр,
Бір дос маған оңашада ғалымсыр…
Бір дос кетті мұндар болып боқ қуып,
Бір дос кетті «діндар» болып жоқ қуып.
Бір дос кетті бұтын керіп доп қуып,
Бір дос кетті құтын беріп к…т қуып.
Бір дос кетті қатынына нөкер боп,
Бір дос кетті жәләптарша мекер боп.
Бір дос кетті бар арманы шетел боп,
Өзіне – жат, өзгеге – мәп, бөтенге – еп…
Бір дос кетті антын сатып ақшаға,
Бір дос кетті даңқын сатып боқшаға.
Баяғыша, сезімі – саф, пәк сана
Жан қалмапты бір қыдырар бақшада.
Ай туғанда аспаныма төте өрлеп,
Қол созамын ол да жат боп кетер деп!
…жалғыз қаппын балбалтастан бетер боп,
Таудың басын, Хайдың* қасын мекендеп…
Хай* – Алла-Тағаланың «Тірі» деген сипаты.
БАЗЫНА
Өкпе айтысу бір мақсат, болса тірлік,
сапырайын мен-дағы, ал сапырдық,
менің де «өкпем қазандай»,
сол қазанды
төңкерейін басыңа қол-шатыр ғып…
Жұмекен.
Діл-тілімнен шашқаным жоқ көпке зәр,
Қоймадың ғой: «Сүрмейсің, – деп, – пендеше».
Менде де аздап базына бар, өкпе бар,
Айтпай кеп ем, құлағың сал, ендеше!
Енген емен еш тізімге мен әлі,
Кім қайтарар кеткен есе-хақыңды:
Жаза алғандар – жазармандар одағы
Сыза салса сүйкімсіздеу атыңды?!
Шен-шекпенмен үйкеспейді есімім,
Ат-нәмімде үміт аз да, қауіп көп.
Бізге ешқашан аша алмайды есігін –
Антология (құрастырған Сауытбек).
Мені шыңнан көру менен өлу тең –
Ит қиының қылындай көп өш кісі.
Басқа түгіл, «маңғыстаулық 50 том» –
«Қатарына» келмейді әсте қосқысы!..
Жүзім төмен, тұтқан дінім тым «ескі»,
«Сәйкеспейтін» мынау озық қоғаммен.
Жұрт бөлісіп жатқан «сыйлық-үлесті»
«Мен де алсам» деп, бас ауыртпан оған мен…
Бәрі бір бәс – жақсы-жаман «бағаның»,
Күйбектемен дөкейлерге «пірленіп».
Жырым жайлы «жазам» деген ағаның
Қаламсабы қалады ылғи күрмеліп…
Біреу үшін – өмірімде аз қызық,
Ұят өшпей тұрса болды бет-жүзден.
«Жасқа шығып», мақала-мадақ жазғызып,
Дүркіретіп «юбилей» өткізбен.
Жиындарда сөйлемедім «жарысып»,
Тілімменен тұтатпадым көсеп от.
Шайтан сулы шараларды қағысып,
Көрсетпедім қыртқа жалған қошемет.
Көркем әлем (он том өлең) – байлығым,
Оны ешкімге міндет қылып көргем жоқ.
Қу іледі кешіп жырдың айдынын
Шабыт атты бабындағы көкжендет!
Түскен емен мүшәйрашыл додаға,
Ешбір «шияз» ләм демейді біз жайлы.
Қалаға емес, көп қонамын молаға,
Біздік атақ тарпаң жортқан түзге әйгі.
Осы күйде ғұмыр бір күн озбас па? –
Жырды теңдеп қоя берем атанға!..
Шара толы – шүпілдеген көз жасқа,
Бір тас балбал қала барар жапанда…
«ТАЛЫСТОРЫ» АЙҒЫР МЕН ӘҢГІ ЕСЕК ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА
…Тағы бір баян оралып отыр енді еске,
«Сегіз құтарып», жеткен шақ еді-ау он беске.
Байлаулы құлын, жайлаудың жырын айтамыз,
Жылқыдай жылдар жылжып кеткенмен келмеске.
Сол жазыңды естен шығарып алма, қарағым,
Жастықтың жаңа татқан шақ еді ол шарабын!
Ақ шырақ құсап сәулесін салып түндерге,
Ақбоз үй тұрар шалғынға малып балағын.
Сол жаздың жырын жеткізе алмаспыз мақтап біз,
Елес боп бір сәт, тағы да маған бақ тапқыз!
Еркек пен боздың кекілін кері қайырып
Қонған қоңсы үйде бар және құрдас әппақ қыз!
Жерүстелге артып астауда тұрған атша иек,
Бала Абайға ұқсап отырам түнде жақ сүйеп.
…Бал-уыз жырға балауыз-Айдан нұр саулап,
Аққан жұлдыздар – ғашықтар атқан ақсүйек.
Бұла жүрекке жүргізіп жастық пәк заңын,
Қара сия боп қағазды өртейді ақ жалын.
Қарға адым жерге самалдан сәлем жолдаймын,
Сағынған ұлдай «Түйеөркештегі» Тоғжанын.
Елесін қимай отырғаным-ай пәк кездің!..
Таң қылаң бере жалынан тартам ақбоздың.
Мыңғырған жылқы құлайды түсте суатқа,
«Аға сұлтан» емес, мүлігі бәрі совхоздың…
Қоздатқан сәтте сәскенің шоғын жел көсеп,
Қиту-даладан қиқулаған бір ән көшед…
…Сондай бір күні тап болды біздің суатқа,
Бес бөтен байтал, соңында қара әңгі есек.
Күзелген бәрі – бірі боз, бірі қанкүрең,
Байтал мен әңгі жайлы өрбір енді әңгімем.
Өрісінен ұзап кетсе керек қой, шамасы,
Үркіп жүргенде соңына түскен әңгіден.
Жарасым толы жанымды бұзған қай қырсық? –
Жарасым қашса, жүре алмаушы едім жайда ыршып!
Жыныма тиед – бес жүз жылқының көзінше,
Қара пәлекет аппақ байталға айғырсып!
Көзіме түсе – қара әңгі сонша өш еткен,
Сыбаймын келіп таспенен, темір, кесекпен!
Әбігер болдым он беске толған жазымда,
Бөтен жылқыны «қызғанып» бұралқы есектен!
Қара есек еді жолыққан бүгін жауым жат,
Сан ірет қудым жылқыдан бөліп сауырлап.
«Итжемес-дойыр» іреді талай шабынан,
Арыстан жалды шабдар айғырмен бауырға ап!
Тұнығыма тиген тастай-ақ болды мына жай,
Күлпарша қылды су шашыраған шырадай.
Соятын малдай тастадым буып нешеме,
Босатам, бірақ обалынан қорқып шыдамай.
Өсті қара есек қара тікендей жолымда,
Жұлатын оны шара қалмай тұр қолымда.
Айырмақ болып қанша амал қылдым… ертесін
Келе жатады бес байталдың әлгі соңында!
Сәскеде дүние кенеліп тылсым қуатқа,
Майсаны кешіп аунайды самал шуаққа.
…Мамырлап тұрған үркеді жылқы дүркіреп,
Қап-қара әңгі қорсылдап жетсе суатқа!
Құтылмас бізге тап келді мынау кесапат,
Ақырған үні жыртардай көкті неше қат!
Шоқпар тізелі, күпшек-толарсақ айғырлар
Қара есек келсе, – астауды бәрі босатад!
Алпауыт торы – тартпаған бөрі құлынын,
Алмауыт қара – тістіге бермес түлігін,
Қара есек келсе, – үйірін тастай қашады,
Шырқайнала үркіп құдықтың әйкел-шығырын!
Қара есек солай жасаған сайын «еркелік»,
Жігерім құм боп, ызадан тұрам өртеніп.
Кіл асау айғыр қашарын одан білемін,
Құлағынан үркіп, тылағынан оның жеркеніп!
Естелік бұл да еске алып жүрер келешек,
Айта алмай кетсең, – жылдарға сіңіп шаңы өшед.
…Басынып ақыр, бес байтал емес, сол жазда,
Бес жүз жылқының «қожасы» болды қара есек!
Аппақ аруға арнаған менің жырларым
Бұзған-ды, сөйтіп, өзінің мөлдір ырғағын.
…Келемін әлі жүректен жұлып тауса алмай,
Қара есектердің қалдырып кеткен «тырнағын».
…Үйіріп өтті «Шынжырдың» кенет құйыны,
Су ішіп жатты «Талысторының» үйірі.
Мама биелер тұмсықтарынан су саулап,
Ыңқылдап тұрған шеңбірек атып бүйірі.
Ал «Талысторы», жылқы еді-ау, шыннан, талыстай!
Қарыстай маңдай, құлағы қиған қамыстай!
Мың көпек иттің тобына кірген барыстай,
Мың жігіт тұрса, – ішіндегі жалғыз арыстай!
Жекелей жүріп, шекелей бұрып паң басын,
Көп түгел көріп маңдайда мөрін – таңбасын;
«Елі қанбаса, өзі суы ішпес» ер сынды –
Астауға басын салатын үйірі қанғасын!
Танауда демі толқын ғып суды самалша,
Адамнан – зият, төңкерсе көзін маралша.
…Дәл осы сәтте бес байталдың түсіп алдына,
Қара есек келді қорсылдап қара қабанша.
Айтқаным емес уыттап, әлде әсерлеп,
Болған күйінде зердеден перде ашам кеп.
Жақындай берді әңгірлеп әңгі осқырып,
Ойласа керек қорқар деп торы, қашар деп.
Қарады-ай торым қу-мойнын иіп «бұл кім?» деп,
Бес байтал болса, тіл қата алмай тұр міңгірлеп.
«Талысторы» айғыр мән-жайды кенет түсініп,
Ышқынып үні, кісінеді-ау бір күлдірлеп!
Айғырдың үні бар зарын қырдың толғаған,
Сол бір үнменен тіктеді жалын өр-далам!
Бес байтал жаққа қарады дейсің жеркеніп –
Күлік-киенің түлік-сүйегін қорлаған!
Жарқ ете қалды көзінен кенет отты кек!
Жасын аунаған жанардан көшіп өтті көк!
Серпіп қанатты, тартып садақты қалғандай,
Әңгі қараның қақ маңдайынан тепті кеп!
Сарт ете қалды адырна керіп кер садақ,
Шарт ете қалды тұяғы бейне шартабақ!
Қара әңгі сонда далп ете қалды құзғынша,
Шатынап басы, жалп ете қалды шалқалап!
Байталдар маңып, үрікті жылқы дүркіреп,
«Талысторы» айғыр бітіріп ісін тұр түлеп.
Маңдайдан мыйы, мұрыннан ағып маңқасы,
Кетті өліп әңгі тұяғын екі-үш сілкілеп…
Пәруардигәр, біз сонда дәл он бесте едік,
Келіп те қаппыз айтатын жасқа естелік.
Әңгі есектердің ақырған даусы естілсе,
Ішімді жиып, қаламын әлі сескеніп.
Хош. Тәмат. Тәмам. Тыңдасаң, достым, хош көріп,
Түсірсем деп ем Санаға салмақ, Еске жүк…
Торы айғыр кетті үйірін айдап кешке еніп,
Аппақ қызы бар ақбоз үй кетті көшке еріп…
Айларым ағып, жылдарым жылжып алға асты,
Жылқысы безіп, жайлауым тозып сән қашты.
…Шаһарда тұрам. Қаламын көріп кейде мен –
Аппақ арудың артынан қара албасты.
Таспиықтатып кірпікке моншақ тізем мен…
Өлгенмен әңгі, дүние жоқ әлі түзелген.
Бес байтал емес, «суаттарда» енді жүреді
Иесіз қыздар – етек пен шашы күзелген.
Кез болды мынау – ұлт өліп, ұят қалғыған,
Нәсілшіл емен, аталы, бірақ бар мұрам! –
Көргім келмейді (өлгім келмейді тірілей),
Аппақ аруды қара зәңгінің алдынан!
Бұралқы «есек» кеп, төсек боп кетті қыз қанша?! –
Тажалдың ісі – ұлтты әбден тынбас бұзғанша!
Ұлттың құрсағын бәңгіге қалай қиярмын,
Хайуанның өзі әңгіден төлін қызғанса?!
Заманда мынау ие жоқ, елде кие жоқ –
Бұзбаса деймін алтын құрсақты күйелеп.
Көремін кейде жүргенін (көзім ойылғыр) –
Аппақ аруға зәңгі-қаралар «ие» боп!..
Ақ пен Қараның жағысқан жайын білгім кеп,
Сұраймын сосын мойынымды иіп «бұл кім?» деп.
…Көзіме елестеп ақбоз үйдегі әппақ қыз,
«Талысторының» естіледі үні күлдірлеп…
ЖАПАН ҚЫРДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖЫРЫ
Таңдауым – осы!
Жалғызбын жапан қырдағы,
Жалпақ ғаламнан жол таба алмадым басқа мен.
Дос-дұшпан мені «сектант» деп атандырғалы,
Жүрегін ашты бұл мылқау дүние таскерең!
Теңсінбес, бәлкім, шетелге визалы ақындар,
Анталия жақта күленденіп жүрген көздері.
Иншалла, шайқы-пірімнен ижәзатым бар,
Серігім – құран-кәлам мен тұран-даламның сөздері!
Тырнағым бүкпей, түстім мен таза айқастарға,
Түнегін нұрмен түртіп ашсам деп жұртымның.
«Парызымды өтеп» еріп ап «қажы-айташтарға»,
Обалына қалып жүргем жоқ, шүкір, ұрқымның!
Жөн сөзіңді айтсаң, әрине, ырыққа көнем,
Шақырман қазақ ұл-қызын улы қармаққа.
«Жылжымас мүлік», арзымас желікке кіріптар емен,
Дұшпан ұсынған көз сатпан алтын жармаққа!
«Қазақ-түріктің» немесе «қазақ-арабтың»
Орын баспадым – теңізіме торын жайғанда.
Сондықтан талай мүшесі Жазар-Одақтың
Болмайтыны хақ мен кешер Мәңгі-Майданда!
«Ұлы Жиһадта» тәнді аршып алайық көрден,
Кеселден ада – Ес сөніп, мүлде Сес өлген.
Мәшһура құрып Сайран-Кеш мәләиктермен,
Шарап ұсынсам деп едім Саған – кесемнен!..
СӘУІР
ӨЛІАРАСЫНДАҒЫ ӨКІНІШ
Күллі әлем сүтке жүзіп,
Қылаң Ай күліп отыр күпке* кіріп…
Қылаңның сәл қозғалса сәукелесі,
Сауылдап шөп басынан шық төгіліп.
Хабарсыз түп сырластан,
Жұлдыздар шөпке тұнған шықша ымдасқан.
Аспаннан Қылаң Айды таппай қалып,
Көп жұлдыз сығалайды сықсыңдасқан.
Сәуірдің (?!) жұлдызында,
Ертпестен жұлдызын да, үр қызын да,
Менімен күпке кіріп сырласушы ед,
Қылаң Ай Қаратаудың бір құзында…
Қызырмен бау кешіп ем,
Әуелден таста түнеп, тауда өсіп ем.
Батырсам күп суына саусағымды,
Қылаң Ай сипайтын-ды сәулесімен.
Тірліктің әуресі ұрып,
Келіппін осы жолы сәл кешігіп.
Көңілсіз көкке шығып бара жатты ол,
Тастардың тамырына сәуле сіңіп.
Қалыпты шық төгіліп,
Бұл жолы Қылаң Айым шықты егіліп…
Жан білмей қалушы еді сәуірде оның
Менімен сырласқанын күпке кіріп.
Мен қалай көндіре алам? –
Шынымен шерлі ғалам қалды қаран.
…Қара күп тұнжырайды қабір құсап…
Келмейді ол…
Жолықпайды ол енді маған!..
Күп* – таудағы табиғи тас бассейн.
ҚАР АСТЫНДА ҚАЛҒАН ЖЫР
«Далада келе жатсам, қар астынан кітаптың шетін көрдім.
Аршып алып қарасам, Сіздің жырларыңыз екен… Үйге келіп өлең жаздым…».
Таушықтық ақын інімнің айтқаны.
Ей, таушықтық шайыр бала – қорғаншақ,
Қар астына үңілесің алды аңсап…
Бұл – билікті мұз-жүректер алған шақ,
Біздің жырлар қар астында қалған шақ.
О, мен сені түсінем ғой, түсінем,
Күрсінесің Өлеңді аяп үсіген…
Қайтіп аршып алар едің –
Жырымды
Көрсең егер нәжісхана ішінен!?
Бала шайыр, жаса, жаса, әй, төрем,
Биік болғай біздік таудан жай төбең!
Шүкір, құлдық, қалың жендет жырымды
Суға ағызып, өртеп жатса қайтер ең?!
Жырым да жат, бұл қоғамға сырым жат,
Жел діңімді құлатпақ боп тұр ырғап.
Шүкір, інім, кезікпедің ол жайға,
Отқа түсіп кетер ме едің шырылдап?!
Маламаттың басымда тұр батпаны,
Кімдер қорлап, кімдер бізді атпады?!
Аяғымда – қара жала қақпаны,
Табанымда – қара қаңтар көк қары…
Жүргенімде шері де ыққан айбатпен,
Бөрі бұққан, делі зытқан қайратпен,
Ей, таушықтық шайыр бала – титімдей,
Мен өзіңе мұң шағам деп ойлап па ем?!
Сен жыр жазып үлгермедің қызға арнап,
Бірақ саған СӨЗДІ отырмыз біз жолдап.
Біздің жырлар қарға батқан жерлерден,
Шығады ертең нұр шайқаған қызғалдақ!..
Мен алдыңда басымды ием, кішірем,
Бір мейірбан шықты деп көп ішінен.
Қар астынан аршып алған құлдығым,
Жырымды аяп… түрімді аяп… үсіген!..
…Мен көз ілсем, ашып қапы Ғаршы жақ,
Жұлдыз біткен қарсы алады қар сыбап.
Бір Періште «Құсжолының» үстінде
Жырларымды жатты Нұрдан аршып ап…