Айтпасаң, сөздің атасы өледі
16.03.2022
2606
0

Жазарманның жанайқайы

Исраил Сапарбай

«Қазақы қалып қашанда қызық…»

Асқар Сүлейменов ағамыздың былай дегені бар еді: «Неміс болғым келмейді – оларда проблема жоқ. Ал бізде проблемадан өзге ештеңе жоқ. Қазақы қалып қашанда қызық».

Көп оқыған, көп білген адам күндердің күнінде дараланып ғана қоймай, қоғамнан оқшаулана бастайды. Бәрінен бұрын бәндәуи тірліктің кір-қоқысы мен байлық-шайлығынан ада-күде арылады, жан-дүниесін кәусар бұлақтың зәмзәмімен жуып-шаяды. Рухтың жақтаушысы да, жоқтаушысы да сол. Амал қанша, Асекең арамыздан ерте кетті. Көп, өте көп білген сол Асекем неге аз, өте аз жазып кетті? Рас, себебін өзіне аудара салу оп-оңай, ал салдары қайда қалмақ? Ілуде бір-ақ келетін, онда да қазақы пешенеге Құдайдың өзі бұйырта салған айтөбел азаматқа қандасы, бауыры есебінде біздер, үлкенді-кішілі замандастары не жақсылық жасай алдық? «Жақсылық» деген сөзді кім қалай пайымдайды өзі? Дәл осы тұсқа келгенде тіліміз байланып қалады. Біріміз ділмәрміз, біріміз немкеттіміз, біріміз көкірекпіз, енді біріміз сол «тілді», жеме-жемге келгенде, жұмырымызға жұтып салып үн-түнсіз отыра береміз.
Осыдан бірер жыл бұрын тағы бір дегдар жігітімізден айырылдық. Тіл-көз тиді ме, кім білсін… Бойында Ақтамбердінің арыны, Шалкиіздің шалығы, Махамбеттің дарыны бар-тын. Содан да болар, баз біреулерден тәп-тәуір-ақ «таяқ жеді». Кешіре алмадық: «аруаққа тіл тигізді…», «астамшылдық жасады…», «артық кетті…», «сыйлық алу үшін жаза ма екен?..», т.б.
Мен соңғысына ғана тоқтайын: иә, сыйлық алу үшін жазады! Жазған-сызғаның Жаратқан иенің жарылқауы болса және ол жәми жамағаттың рухани игілігі мен қажетіне жарап жатса.
«Шыңғыс ханның көз жасын» әлдеқашан оқығанмын. «Аспандағы ақ көбелектерін» де… Иә, мен оны өзгелер сияқты дәп қазір мақтамаймын да, даттамаймын да. Мақтасам – рухына ырзамын, ажалына наразымын. Даттасам, Ақселеу марқұм айтқандай, «менің үкіметімді» даттаймын. Иә, менің үкіметім – сараң, тым сараң, өте кеткен сараң. Шықбермес Шығайбайың жолда қалады. Күндіз де, түнде де қаны мен сөлін қатар сығып, оған көз жасын ағызып та тамызып отырып халқына, еліне, жұртына, тіпті ұрпағына рухтан әл-қадарынша сыбаға, сый, сауға сыйлайтын жазармандарға келгенде. Екі жылда бір иійтін анау жақтың тас емшегі жылдан-жылға жылымшық жылғадай «жылап-сықтап», тіпті ақыр-тақыр таусылуға айналды. Жазушы ағайында не қалды? Үзірлі үміт пен күмән-күдіктен өзге ештеңе де. Жалғыз талғажау – Тәңірі берген рух тамызығы. Төзімі суалып, тағаты таусылып, тағдыры талауға түскен бір пақыр екінші бір пақырмен айтыспағанда, тартыспағанда қайтуші еді мұндайда? Бәлкім Қарабай-билікке қаламгерлердің осы қылығы қатты ұнайтын шығар? Қазір фейсбук деген қараңқалғырда өзінше «жылап-сықтап» жатқандардың қарасы біршама көбейіп тұр. Күні кеше солардың біразы Рахымжанды жерден алып, жерге салып еді… Ол ол ма, мына шыққыр көзім сол фейсбуктен «…Абайды сабаған Оразбайдың қолын сүйгім келеді» деген сөзді де оқыған. Талып қалған жоқпын, таңғалмағаным тағы да аян. Әй, заман-ай десеңші… «Қазақы қалып қашанда қызық». Қайран Асекем, қалып емес, анық айтқаныңа қайылмын да.
«Біздің елде руханият өкілінің қоғамдағы орны бар ма, бар болса қаншалықты ықпалды?» деген сауалға кім не деп жауап бере алар еді? Иә, дәл қазір, ширек ғасырлық уақыт рабайында? Осы сұрақты сайдағы саяққа, ойдағы оқырманға емес, бір мезет биліктің тұтқасын ұстап отырған үлкенді-кішілі қандастарымызға қойсақ қайтеді?
Қаперіңізде болсын: өркениетті елдерде, мәселен Қытайда, Оңтүстік Кореяда және Жапонияда мемлекеттік қызметкерлер орынтаққа отырардан бұрын міндетті түрде тарих және әдебиет пәндерінен емтихан тапсырады. Тапсыра алмаса – өз обалы өзіне. Ал бізде ше? Көңіл көзіміз ашылмайынша, көне көмбелер көзімізге оттай басылмайынша, қағанат қамбаларының кілті табылмайынша біз пақырдың көрген күні осы. «Рухани жаңғыру» баянын әрі қарай әркім өз шама-шарқынша, пайым-парасатынша ойда қорытып, бойға сіңіріп, алпыс екі тамырына тарата алса, қажетіне жарата алса – сол олжа. Науқандық шара – рухани азыққа қашанда қарама-қайшы. Рухсыз ел, ғұрыпсыз жер бар ма? Өзімізде, қанымызда, ел-жұртымызда ежелден бар табиғи һәм тәңірия танымға деген көзқарас, біздің ұғымымызда басқаша болмағы лазым.
Алла Тағала Адам атаны жаратқанда оның бойына имани, рухани қасиеттердің бәрін сыйғызған. Ал дін, саясат – ақылы мен айла-амалы қашанда арнасынан асып-тасып жататын, сол үшін де сайтанның азғыруына қайта-қайта ұшырай беретін адамзат баласының бертін келе ойлап тапқан «жаңалығы». Талайғы тарихқа көз салсаңыз: соғысыңыз да, сойқаныңыз да осы екеуінің ұясынан ұлып шығатынына күмәніңіз қалмайды. «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар». Алладан тыс ойлап тапқан адами, бәндәуи әрекеттің бәрінде де берекет шамалы, бәлекет болмаса… Ал Аллаға ризашылық – адами рухтың бірден-бір азығы. Хазірет Матуриден: «Иман Рухпен бірге ме, бөлек пе, әлде денеге(тән) қатысты ма?» – деп сұрағанда: «Иман рух пен тәнді тұтас қамтиды» – деп жауап берген екен.


Алтын қазық

«Бізде идеология бар ма, жоқ па?» деген сауалыма: «Біз жүргізіп отырған саясат идеология емей немене?» деді бір білгіш мінбеге кеудесін тіреп тұрып. Ал Конфуций: «Ең үлкен саясат – тәрбие» депті баяғыда. Ал біз: «…ең үлкен тәрбие – саясат» деп әлі күнге кері кергумен келеміз.
«Сасық ми, салқын жүрек санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр…» – дейді Ахмет Байтұрсынов Әлихан Бөкейхановқа арнаған өлеңінде. Көрген көзде жазық жоқ, күні кеше фейсбуктан көзім шалды: менің бір қора «қаракөздерім» орекеңнің «Шоқынды суына» шомылып мәз болып жүр екен. Иә кәдімгі «Рождество» күнінде. Көріп көнбеймін, сеніп сенбеймін. Шалшық суға тоғытылып жатқан қоңыр қойларым-ай десеңші. Пақырлықты қайдам, парықсыздық деген осы да. Әлгі судың гигиеналық жай-күйін, тіпті кодтық (дуалық) астары мен құпиясын, одан да бұрын бұл масқаралықтың иісі мүсілім қауымына мүлдем жат екенін білмегені ме бұлардың? Жаңа ғасырдың жаңа қазағы. Мұны да «рухани жаңғыруға» жатқызамыз ба? Интернетте шек, шекара деген болмайды, ертең естіген, көрген елге не бетімізбен қараймыз? «Қазақтар шетінен шоқынып жатыр» демей ме? Ұлттық нұсқаға жұққан қара таңбадан ауыр күнә бола ма? Ең нәуетек нәкәс қылық – адамның да, қоғамның да өз-өзіне кешіріммен қарауы. «Құдай кешірсін…» – қазақта бұдан артық «қанатты» сөз жоқ!
Өркениеттің төрінде отырған америкалық «демократияның» шынайы көрінісін білмей, сезбей жүрген жоқпыз. Ал орыс жұрты оның ұштығына бағзы-баяғыда-ақ жетіп болған. Қазір де жанталас күйде. Кешегі «Ұлы империя» жатса түсіне, тұрса ісіне маза бермейді. «Ұлы» – мен уланған ұлт ұлуын қоймайды. Айға қарап емес, байға қарап. Иә біз баймыз, Шерағаң айтпақшы, «алтын сандықтың үстінде отырмыз». Алуға бар, беруге жоқ «Құдай қосқан» көршілердің көмейлеткен «көкейтестісі» осы. Өзімізге де обал жоқ. Ел болып, есімізді жияр-жимаста «бізде Менделеев элементтерінің бәрі бар» – деп жер-жаһанға жар салдық, аңқау, аңғал, адал қазақтың байырғы «балалық ауруына» басып. «Ертеңін ойламаған еркектен без…» деуші еді сол қазақ. Енді міне… қарыз, парыз алдында ағзамызға ас батпай отыр. Қарыз өтелер, ал парыз ше?
«Мал тапқанша есеп тап» деп мақалдатса, қазақ дүние-байлықтың қадірі мен қауметін бұрыннан білген, көңілге ілген. Оқыған, тоқығаны көп бүгінгі «білімді» мына біз болмасақ. Даланы малға да, жанға да толтырған сол қазақ ішер асты, киер киімді біреуден сұрауды ар көрген, кеудесін намыс кернеген. Демек, кешелі-бүгіннің аралығында бір кілтипан бар. «Заман басқа, заң басқа» демекші, сол кілтипанның бізге бек қатысты екенін білмейді емеспіз. Ең бастысы өлшемді өмірде мөлшерсіз ештеңе болмайды және болуға тиісті емес. Ағысқа қарсы жүзер хал бізде бар ма? Алпауыт елдер ешкімге дес берер емес. Айдаһардың араны тағамды талғап ішуден қалған. Тәбеттері адам айтқысыз. Сарыбауыр диабет пен сайтани дебаттың арасы күн санап ушығып келеді. «Ойыннан от шығар» дегендей, бұл саяси ойынға ауызда алдаспаның бола тұрып сойылмен шыққаның – сорлылық һәм сорақылық.
Өнер, ғылым, мәдениет, әдебиет, білім… міне, ғаламшардағы идеологиялық алаңның «қажымас, қайта айнымас» қаһармандары осылар! Бәрінің алар азығы да, алтын қазығы да –рух. Ақиық ақын Мұқағали: «Саясаттың иесі болса, өнердің тәңірісі бар. Талант әрқилы, бірақ Құдайымыз бір» десе, дәл осыны алдын ала сезіп айтқан шығар. Бұған сонау атам заманғы Сократтың: «Өнерден жақсы, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаныштан артық жау жоқ» – деген даналық дәрісін қосыңыз.

Мәдениет пен әдебиет – егіз

Ең кемінде ширек ғасырымыз экономикалық хал-ахуалымыздың «жыртығын жамауға», «тыртығын түзеуге» кетті. Тұрмыс түзелмей, қылмыс азаймайтынына да әбден қанықтық. Бәрінен де рухани «қылмыстың» зардабы зар қақсатты. Қылмыс әлемінің бұл өзгеше түрін бұрын-соңды көрмегендей шын дағдардық. Кітап оқуға құлқы жоқ, өз тарихымызды өзіміз зерделей алмайтын, өз мәдениетімізді өзіміз менсінбейтін, өз «Ғылым халімізді» өзіміз шегеретін, өз ілім-білімімізді өзіміз мансұқтайтын, өз арамыздан шыққан ақын-жазушыларымызды жатырқайтын мінез-құлықты бойға жұқтырдық. Діни-рухани, ең бастысы, имани кескін-келбетімізге түскен ақау қандық (генетикалық) кодымызға қол салды. Қазақ толайым-толық урбандалып болды десек, қателеспейтін шығармыз. Болмыс бояуы алабажақ. Ұлттық дәстүр далиған дарқан даламыз түгілі оның мозаикалық моделі – сахнаға да әбден сарғайтып барып шығатын болды.
Яғни, рухани қоректі ұмыт қалдырдық. Қайта қайырылуға уақыт мұрша бермейді. Енді не істемек лазым? «Алланы танудан бұрын әуелі өзіңді таны» дейді хадис қағидаты. Ал өзімізде не бар? «Жоқты» Алла сүймейді, ал «бардың» салмағы ең алдымен денеге емес, санаға түседі. Анық-қанығын алға салсақ: ғылым, білім, өнер – бір-бірінің арасына сына қағуға келмейтін үшем сала. Ал біз бөлдік. Бөлдік те, бас-басымызға би болып шыға келдік.
Ілім-білім – базбіреулердің бейбастық ойнағы емес, керісінше, әлемдік ауқымдағы ұлттық деңгей-дәрежеміздің рухани ашық майданы. Ал Тарих – қазақ деген халықтың кешелі-бүгінгі және ертеңгі ғұмырнамасы. Сол ғұмырнаманың өткендегісін, кешегісін бүгінмен әдіптей білу де өнер. «Бізде қазір тарихшылар әулеті бар ма, болса қайда жүр» деген көлденең сұрақ мені ылғи мазалайды. Олар әрине «бармыз» дейді. Бірақ дауыстары шашыраңқы, құлшынып емес, құмығып есітіледі. Өйткені бірі оқу орындарында дәріс оқиды, бірі үй ішінде әлденені зерттегенсіп жүр, бірі әлдекімнің диссертациялық «еңбегін» жазумен әлек, бірі тіпті шен-шекпенді де керек қылмай шет ел асып кетті. Обалы не керек, олардың кәсіби, азаматтық миссиясын біраздан бері бірегей жазушылар атқарып жүр. Осыдан болар қайсыбір өзекті, өртті, дертті мәселелерге келгенде ортақ пікірге табан тірей алмай, көбіне итжығыс түсіп жатамыз. Кешегі Әмір Темір, бүгінгі Шыңғыс хан турасындағы әралуан пайым-пікірлердің бірден-бірге, күннен-күнге ұсақтап, тіпті фейсбуктік тайғақ, таяз тақырыпқа айналып бара жатқаны жүрекке жүк түсіреді. Шындығында солай болуға тиіс пе еді? Адамзаттық ауқымдағы ұлы Рух иелерімен мұншалықты ойсыз, ождансыз ойнау, айтыңызшы кімге опа беріпті? «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің шындап келгенде (бірі үшінші, екіншісі сегізінші) бір атадан (Тұманай хан) тарап, табысатынын екінің бірі біле ме екен? Білгішсініп жатқан біз жоқ, бірақ білу, тоқу, зерделеу ұғым-танымдары мақсат-мүддемізбен табыса, қауыша келе ой-санамыздағы жаңғыру, жаңарумен қатар жүріп отырса, кәні?
Осыдан келіп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні туады. Білім мен ғылым – рухани өміріміздің құрамдас бөлігі. Өрісі де, өресі де бір мақсат, бір бағытта. Құрылымдық өзгеріс өзінен-өзі сұранып тұр. Ширек ғасырлық өмірлік іс-тәжірибе осыны талап етеді, яғни білім-ғылым министрлігін жаңадан жасақтау керек. Дәл осы бағытта спорт және туризм, мәдениет және әдебиет (өнер) министрліктерін өзара жұптастыру да, сөз жоқ күні ертең жемісін бермек. Жаңғыру, жаңару тандемі ерте ме, кеш пе бізді осыған алып келеді.
Иә, көзіңізден оқып отырмын: «Мәдениетке әдебиетті қосақтағаны несі, мынаның есі дұрыс па?» дегіңіз келеді. Ортаға ой тастаймын десеңіз сіздің де еркіңіз өзіңізде, бірақ, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, жазған-сызғаннан басқа жан баласына азар-безерсіз ақын-жазушылардың онсыз да шектеулі шеңбер, өлшеулі өмірден мүлдем шетқақпай қалғаны санаға сіңбейді, көңілге қонбайды, нанымға нақолай.
Рас, одақ бар, жазушылар үйі бар. Айтып-айтпай не керек, баяғы емес-ау күні кешегі тіршілігі тынымсыз, қан қызуы қайнап жататын сол ғажайып ғимараттың ішіне бірі кіріп, бірі шығып жататын абыз ақсақалдарымыз бен ақиық ағаларымыз еріксіз еске түседі. Рух сардарлары. Әдебиет абыздары. Олар кетіп, біз қалдық. Сардар тұрмақ сарбаз санатында бармыз ба, жоқпыз ба? Махамбеттің «Қызғыш құсы» ойға оралады: шер мен өксік. Көңілге күмән ұялайды. Рух қайда? Көнтақы көкіректе. Ождан қайда? Одадан да, модадан да қалған білем, көрінбейді. Көңіл құсы – көктұман, көкірек іші көмескі. Рух түгілі қарлығаш та ұя басар алдында үй іздемейтін бе еді? Өмір көркі кірпияз, Алла дәргейі екінің біріне түсе бермейді. Қыдыр – қонақ қасиетті шаңыраққа қайта оралса игі. Сол үшін де біз мәдениетке әдебиетті егіздің сыңарындай жұптастырғалы отырмыз. Екеуінің арасы аспан мен жердей болса, сөз шығындап неміз бар? Мәдениет – күнделікті рухани өміріміздің айнасы, ұлттық, мемлекеттік идеологиялық кеңістігіміздің өлшемі мен мөлшері, қоғамдық этикалық, эстетикалық таным, тағылымның қайнар көзі. «Ең әуелі сөз болған» деген діни-рухани, имани ұғымға ден қойсақ, адамзат өркениетінің бастапқы баспалдағынан бері қарай әдебиеттің де тууы, өсуі, дамуы, қалыптасуы заңдылық болып шығады. Қазір ол – біздің рухани ағзамыздың ең қажетті де бірден-бір азығы десек, асып-толып айтқанымыз емес, керісінше, кемісімізді керегінше толтыратын «жерік асымыз». Көркемсөз дейсіз бе, қарасөз дейсіз бе, өлеңсөз дейсіз бе, көсемсөз дейсіз бе, драмалық шығарма дейсіз бе құдай-ау, тіршілік тамыры қанша болса, оны да сол тараптан табыңыз.
Демек жоғарыдағы ұсыныстың жаны да, жөні де бар. Ордалы отауымыздың өнебойына қалай қан жүгіртсек болады? Ортаға салар нақты ұсыныс, пікір, іс-тәжірибе керек. Ынта-ықыласқа лайық қаржы-қаражат керек. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданың» емеурінін есті құлақ естісе игі. Анық жаңғыру, жаңару үрдісін үкілеп санатқа қосқан екенбіз, сараңның сансыз себебі мен салдарын сағызша шайнап ауыз көпіртудің қажеті жоқ.
Тағы да сол абыз Сократ былай деген екен: «Өнерден жақсы, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаныштан артық жау жоқ» Дуалы ауыздан уәлі сөз шығады: өнер мен білімді ұштастырамын десеңіз – кітап оқыңыз. Қу құлқынның құлы болам десеңіз – ұяттан безіңіз.

Күйіс қайыру

Әдебиет. Рухани өмірдің ай көркіндей айшықты әлемі. Ішіңіздегі кір мен кірбеңді кіршіксіз тазалайтын да осы бір баға жеткісіз байлық. Жылататын да, жұбататын да сөз құдіреті. Адамзат баласына ғана берген Алла нығметі. Ана әлдиі мен адамзат әнұранының аралығында қаншама дүри-гауһар дүние жатыр десеңізші? Ал біз көре көзге жылдар бойы жинаған осынау жан жиһазын жалған дүниенің жасымықтай жылтырағына бір-ақ сәтте алмастыра салмақпыз. Бұдан артық қиянат, қылмыс бола ма? Артық кеттің деп кінәлай көрмеңіз, бұл – бүгіннің ғана әңгімесі емес, керек десеңіз, қозын қозғап жіберсеңіз қызыл шоғы өзекті өртей жөнелетін өкініш аралас өксік.
«Алма піс, аузыма түстің» заманы әлдеқашан өткен. Шығарма жазу кәсіп пе, нәсіп пе? Алдымен осыған жауап іздейік. «Жыламаған балаға емшек қайда» деген сөз де ойдың бір ұштығында тұрса игі. Ширек ғасыр бойы «жылап» келдік, бірақ (жетім бала тасбауыр) көзімізден жас шыққан жоқ. Әлдекімнен әлденені күттік, дәметтік. Жазып жатқанымыз да, «инемен құдық қазып» жатқанымыз да рас. Екеуі де оңай емес, қиын, әрі беріден соң қияметтің қайымы. Біреуге бұл «ауру», ендігі біреуге «Алла сыйы». Әйткенмен екеуі де «бір Құдайдың бәндәсі». Ал енді сол «бәндәңіз», мейлі, жоғарыда айтқанымыздай, «мемлекет адамы» болмай-ақ қойсын, бірақ қазақ елінің білдей бір азаматы емес пе? Мұны қалай естен шығарасыз? Шығармашылық адамы (толық мәнінде) санатында ол да (жалпақ сөзбен айтқанда) қызмет қылып, еңбек етіп жатқан жоқ па? Өзі өмір кешіп жатқан елдің бәрін байытып, жоғын жоқтап дегендей. Олай болса жазған құлда не жазық? Ол өз кәсібіне сай нәсібін өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттен емей кімнен іздеп, кімнен талап етуі тиіс? «Адамгершілік – иманнан» дейді хакім Абай. «Имантаразы» дейді атам қазақ. Демек, иман кәсіпке, таразы нәсіпке лайықты. Әрі қарай қаза түссек, кәсіп – кісі еңбегі, ал нәсіп – кісі ақысы болып шығады. Нарық жүйесінің өз заңдылығын қайта-қайта ауызға алып, алға тарта беретін қайсыбір сыңарезу қандастарымыздың осыны сезіне отырып түсінгісі келмейтініне таңғалмасқа лажың жоқ.
Осыдан келіп одақтың ішкі және сыртқы жұмысы мен қызмет аясын бүтіндей жаңарту, жөні келсе, жақсарту міндеті туындайды. Ең алғашқысы – нарықтық жүйеге толық бейімделу. Екіншісі – шығармашылық одақ пен баспалар жұмысын орталықтандыру арқылы жарық көрген рухани өнімді тарату, өткізу және сату жүйесін қайта қалпына келтіру. Бүгінгі өткізіліп жүрген тендерлер әдебиетке зияннан басқа ештеңе бермейтініне көз жетті. Үшіншісі – алыс-жақын шетелдермен әдеби-мәдени, рухани байланыс: аударма мәселесі, әдебиет агенттігі, кітап насихаттау бюросы. Нақтылап айтсақ, бұл – әдеби аударма орталығы. Оның ішінде – көркем аударма. Рас қайсыбір қаламдастарымыз «Әдебиет академиясын» ашу жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Бірақ меніңше дәл қазір «үй ішінен үй тігу» қажетсіз. Ұлттық әдебиетімізді әлемдік деңгей-дәрежеге көтереміз десек, ең әуелі орталықты жедел қолға алу керек. Өткен жылғы Астанада өткен форум – осының бісмилләсы. Ендігі қадам қай тараптан құтты да баянды болмақ? Ортаға ой тастаңыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір