«Халық жауы» Ораз Жандосовтың тергеушіге берген жауабы
15.03.2022
2525
0

Былтыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны мәлім. Редакция поштасына қазақтың біртуар ұлы
Ораз Жандосовтың 1937 жылы тергеушіге берген жауабы келген болатын. Қуғын-сүргін құрбандарының өмір жолдары туралы бізге беймәлім тұстары жетерлік. Көптеген ақпарат толық ашылған жоқ. Әлі де архивте жатқан материалдар тиісті мамандарын күтіп жатуы мүмкін. Белгілі тарихшы Болатбек Нәсенов жолдаған мақаладан біз 1920-37 жылдар аралығындағы Қазақстандағы саяси қайраткерлердің өмір жолдарын, атқарған қызметтерін, арман-мұратын бағамдай аламыз. Ораз Жандосов өзінің өмірі арқылы айналасындағы Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұловтардың «ұлтшылдығын», олар құрған топтың астыртын топтардың жұмысын «әшкерелейді». Жауаптарды оқи отырып, ел үшін қызмет еткен ерлердің осы атқарған істері ақиқат болса, сүйінесің… Жандосовтың жауабын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Ескерту: сұрақ-жауаптың стилистикалық ерекшелігі сақталды. Мысалы Әуезовты Ауэзов, Қожановты Ходжанов деп жазған. Өзге жайттарға, сөйлем құрылымы мен түпнұсқамен сәйкестігіне материалды ұсынушы Болатбек Нәсенов мырза жауапты.

Редакциядан

Қазақ халқының алдыңғы қатардағы сауатты, ұлтын сүйген нағыз патриоттары Ресей шовинистерінің тепкісінен құтылып, жеке мемлекет болуды арман еткен, әрі оны іске асыруы мүмкін патриоттарымызды кеңес өкіметінің басшылары түп тамырымен құртуды мақсат етіп, талай зорлық-зомбылық жасады. Соның ең шарықтаған кезі 1937-1941 жылдары­ның арасында фашистік айуандық­пен жойылды. Олар туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Ғалымдары­мыз және жалпы халық бұл сұңқарлары­мыз­ды ақтап алу жолын іздеп барлығымыз: «Олар кеңестік үкіметке қарсы күрескен жоқ. Ешқандай партия, контррево­лю­циялық ұйымдар болған жоқ» – деп келдік. Кеңес заманында ол айтқанымыз өзін ақтады. Мыңдаған әкелеріміз ақталды. «Халық жауы» деген сұмырай жала жойылды.

«Сатқын», «жау» деп айту қиянат

Тәуелсіздік алғаннан кейін ҰҚК мұрағаттары ашылған кезде тарихшыларымыз атақты қайракерлердің істерімен танысып, олардың тергеушілерге берген жауаптарын әртүрлі түсініп, бірін патриот, екіншісін «сатқын» деп өз ойларын ортаға салды. Кейбір ғалымдар жоғарыдағы аталған жылдардағы Мәскеу жауыздары ойлап шығарған адам баласын қалай қинап, болмағанды болды деп өзін өзі жау жасатқан әдістерін білмеген сыңай танытып жатады. Осы «жалған батырсымақ» тарихшыларымыз ойша болса да өздерін Рысқұловтың, Жандосовтың, Сейфуллиннің орнына отырғызып, фашистік қинау әдістерін бастарынан өткізіп көрсінші. Сонда не дер екен? Кейбір етінен ет кесіп алсаң да: «мен шыдар едім» дейтін ақымақтар болады. Бірақ нағыз қорқақтар солар болар еді. Мұны айтып отырған себебім, ол Жандосовтың, Рысқұловтың берген жауаптарына қарап, оларды нағыз «сатқындар» деп атауға әбден болады. Біздің халқымыздың әлі де санасынан өшпеген рушылдықтың кеселі осы жерде көрініс береді. Мен де Республикалық, бірнеше облыстық ҰҚК-нің мұрағаттарынан жүздеген істерді қолмен көшіріп алған тарихшының бірімін. Архивтердің бірінен Рысқұлов пен Жандосовтың материалдарын кезіктірдім. Солардың тергеушіге берген жауаптарын оқығанда жаным түршікті. «Сатқын» деп айтуға дәтім бармайды. Ал жауаптарын оқып не дерімді білмей дел-сал болдым. «Менің де әкем Нәсен осындай жағдайда болды-ау» деген ой келді басыма. Бірақ әкемді еш уақытта «сатқын» дей алмаймын. Дәл сондай осы екі боздақты да «сатқын» деу жауыздыққа жатады. Тарихшыларымыздың кейбірі «неге олай деді?» деген сұрақты жан-жақты талдауға, таразыға салып өлшеуге шыдамдары жетпейтін сияқты. Соның кеселінен боздақтарымыз толығымен ақталмай келеді. КСРО жоғарғы соты ақтады. Ал біздің шолақ тарихшыларымыз әлі де ол қайраткерлерімізді «жау» деуге пейілді. Не үшін? Өздері де білмейді. Ал менің ойымша, олардың саналарын рушылдық тұмшалаған. Руыңды біл. Ол – ата-бабаң. Рухына сыйын. Бірақ басқа істерге араластырма. Осы жағдайға байланысты өте маңызды, шешілмей келе жатқан мәселе бар.
«Ату жазасын сұраған» қазақтар
Мұрағаттардан жүздеген боздақтардың істерін қарағанда бір мәселеге ерекше көңіл аудардым. Ол барлық ату жазасына кесілген адамдарға үкім шығаруды ССРО Жоғарғы әскери прокурорына арнаулы шовинистер баянат дайындап беріп, ату жазасын сұраушы ретінде алдымен тіпті сержант, кіші лейтенант, жай бөлімнің басшысы да емес қазақтарға қол қойғызған. Олардың шешуші күштері, қабілеттері болмаған. Ату жазасын беруді сұраған баяндаманың төменгі жағына бастықтары және ҰҚК-нің өкілі «Келістім» деп, ал жоғарғы жағына, «Бекітемін» деп орыс, украин, еврей, белорус, грузин секілді өзге ұлт өкілдері қол қойған. Мен қараған үкімдердің 98 пайызында «ату жазасын сұраған» қазақтар. Осы арқылы шовинистер: «Біздің не кінәміз бар? Ату жазасын ұсынып отырған өз қазақтарың» деген сөздермен бар пәлені өзімізге жауып, өздерін ақ, адал етіп көрсетуді көксеген болса керек.
Енді Жандосов, Рысқұлов ағаларымыз туралы өз ойымды баяндайын. Менің талдауым бойынша тарихта кемшілігі жоқ бірде-бір дана қайраткерді таба алмайсыз. Ана адам ешбір катесі жоқ нағыз әулие десе, сол адамның талай теріс қылықтарын атауға болады. Соған қарап олардың халқына жасаған өшпес жақсылықтарын сызып тастасақ, онда тарихқа қиянат жасаған болар едік. Жандосов ағамыз туралы ҰҚК мұрағатынан алған №11384 істің ізімен тергеушіге берген жауаптарын тыңдайық. Әркімде әртүрлі ой болады. Менің ойымша, Жандосов ұлты үшін ерен еңбегін түрмедегі жан төзгісіз азаптаудан кейін ашық айтып, мойындауға мәжбүр болған. Бұл сұрақ-жауаптан көптеген мәліметті біле аламыз. Шын мәнінде, сол дәуірдегі Алаш орда көсемдерінен тартып, Рысқұлов, Қожанов, Сейфуллиндер бәрі дерліктей қазақты ел етуді көксегені ашық айтылады. Олар бір-бірімен кей сәттерде сырттай «араз» көрінгенімен, ұлт мүддесінде әртүрлі форматта бірігіп қызмет атқарғанын байқаймыз.
Тергеушіге берген жауаптарды ҰҚК-нің адамдары дайындап берген болуы мүмкін деген түсінік бар. Тергеудегілерді ұрып-соғып, неше түрлі айуандық әдістермен қинағандары дәлелденген шындық. Оған әркім шыдай бермеген. Ораз ағамыздың да аяусыз қинауды басынан өткізгені білініп тұр. Тергеушінің «шындықты айтамын депсіз ғой?» деуінен-ақ байқаңыз. Ал енді берген жауаптарын тергеуші жазып дайындап берді дегенге сенбеймін. Өйткені оның «ананы-мынаны атқардым, бүлдірдім, қираттым, кездестім, анау айтты» деп жүздеген адамдардың аты-жөнін жазу, әртүрлі оқиғалардың болғанын тереңінен дайындап беру тергеушінің қолынан келмейді. Менің ойымша, ұрып-соғып, әбден қинағаннан кейін оның қолына қалам-қағаз беріп, сұрақтарға сай жауап жазғызған. Одан кейін айыпталушының абыройын түсіретіндей етіп, «сатқын» деп атайтындай дәрежеде тергеушінің қолымен толықтырылуы мүмкін.
Республикалық ҰҚК-нің мұра­ғатынан жерлесім Әзкен Жұмағұлов (Семей облысы Абралы ауданының азаматы, 33 жасында атылған) ағаның тергеу ісінің арасынан Жандосовтың тергеудегі жауаптары кез болды. Әдейілеп тығып қойғанға ұқсайды.

Ұлтшыл ұйымның ұйымдастыру­шысы болдым

Айыпталушы Жандосов Ораз Қиқымовичтің 1937 жылы 20 қыркүйектегі тергеушіге берген жауабының протоколы

Жандосов Ораз Қиқымович — 1899 жылы туған. Алматы облысының Қаскелең ауданының тұрғыны. Қазақ ССРО азаматы, білімі орташа. Қызметкер. Бұрынғы 1918 жылдан ВКП(Б) мүшесі, Алматы облысының атқару комитетінің бұрынғы төрағасы.

Сұрақ. Сіз Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюционерлік істеріңіз туралы қазақ ұлтшылдары ұйымының мүшесі ретінде шындықты айтамын депсіз. Не айта аласыз?

Жауап. Мен тергеушіге тұтқындалғанға дейін, яғни 1937 жылы 31 шілдеге дейін республикалық ұлтшыл ұйымның мүшесі, әрі ұйымдастырушының бірі болғанымды айтамын. Осыны мойындай отырып, Кеңес үкіметінің алдында кінәлімін. Партия, Кеңес жұмыстарында өзімнің жоғары дәрежелі қызмет бабымды пайдаланып, 16 жыл бойына қылмыстық істер жасап келдім. Ол жолда екіжүзділік, жағымпаздықпен шұғылданып келдім.
Мен Кеңес үкіметіне қарсы республикалық ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, жүйелі түрде қастандық жұмыстармен айналыстым, әрі Алматы облыстық филиалының басшысы болдым. Мен мүше болған ұйым Кеңес үкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлатып, ССРО-ның құрамынан шығып, капитализм орнатуды мақсат етті. Төңкеріс жасау жоспарының барлығын Герман-Жапон фашистерінің Кеңес одағына ашатын соғыс кезінде іске асырмақшы едік. Бұл факторсыз ұйымдастырылған көтерілістер сөзсіз сәтсіздікке ұшырайтын еді. Мен өзімді осы істерді ұйымдастырушы болғаныма кінәлімін деп санаймын.

«Мына орыстардың ішінде қазақтарды өлтіргендері бар ма?»

Сұрақ. Кеңес үкіметіне қарсы Қазақ ұлтшыл ұйымы қашан, қандай жағдайда құрылды?
Жауап. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мен осы ұлтшыл ұйымға кірген 1921 жылдан бергі атқарған істерімді Ходжанов (Сұлтанбек Қожанов – ред.) басқаратын топқа кірген кезімнен бастағаным дұрыс болар. Қазақстан партия ұйымының ұстаған бағыты буржуазиялық ұлтшылдыққа бейімделуі Алаш Ордалық және ұлтшыл байлардың элементтерінен алынған. Алғашқы ұйымдасу кезіндегі ерекшелігі де осыдан басталатынын ашып берді. Алғашқыда оның басшылары: Ходжановшылар, Рысқұловшылар, Садуақасовшылар, Мендешевшылар, Нұрмақовшылар деген атпен ең алдымен олардың жақын достары, сенімді адамдарынан құрылған құпия топтардан басталды. Сол себепті олар Алаш Орданың пікірлері мен алға қойған мақсаттарын негізге алды. Өйткені олардың мүшелерінің көпшілігі алашордашылар, оны қолдаушы байлардан құралды. 1918-1919 жылдары Ходжанов кеңес үкіметіне, большевиктерге қарсы күресті ұлтшыл алашордашылардан қабылдап, ашық күресті. Түркістанда бастады. Ходжановтың контрреволюциялық істері Ташкентте Қазан төңкерісі кезіндегі Ташкент темір жолындағы демонстрация күндерінен басталды. Муннавар Кари бастаған өзбек реакционер элементтерімен тығыз байланыста болды. Қоқанд автономиясы туралы арандату сая- сатын қолдады, Ақтөбедегі съезге Түркістан Алаш-Ордашыларының басшысы ретінде қатысты, қырғыздардың арасында Тоқтабаев Иса арқылы кеңес үкіметіне қарсы жұмысты, Балғынбаев, Әділов арқылы ақгвардияшылардың жеріндегі қазақтар арасында ұйымдастырды. Осы жылдары Ходжанов Ташкенттегі барлық контрреволюциялық күштердің бастарын біріктіріп, Кеңес өкіметіне қарсы топтық ұйымын құрды. Осы мезгілде Түркістанда Рысқұловта буржуазиялық ұлтшылдардың қолдауына сүйеніп, басшылықты қолға алу ниетімен пантюркизм қызметін жандандырып, өзбек буржуазиясының өкілі Тұрсыновпен, Бұхар көпесі Мұхитдиновпен, Түрікмен феодалы хан Момулдпен одақ жасаймын деп қызу жұмыстар жүргізді.
Пантюркизм қозғалысы тарапынан Рысқұлов шетелдіктерді өздеріне тарта бастайды. Ол 1920 жылы Бакуде өткен шығыс халықтарының съезінде Рысқұлов Энвер Пашамен кездесті. Ақгвардияшылар мен алаш ордалықтар біржолата талқандалғаннан ке­йін­ Қазақстанның ұлтшыл буржуа­зиялық контрреволюционерлері Кеңес үкіметінің ішіне кіріп, басшы қызметтерден орын алуға күш салды. Өзінің қатарын жаңа күштермен толықтырып, кеңесті әлсіретіп, іштен шірітуді жоспарлады. Бөкейханов Әлихан Кеңес үкіметінің ішіне кіру қажеттігі туралы өз бағдарламасын ұсыныпты. Партия қатарына өтіп, партия, кеңес орындарында орналасып, кадрларды сақтауды ойлады. Кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік жұмыстарды жалғауды жоспарлады. Маған белгілі болғаны Бөкейхановтың тікелей нұсқауымен партияға мына адамдар кірді: М.Әуезов, Лекеров, С.Садуақасов, Жаманмұрынов және басқалары. Дәл осы кезде Бөкейханов Әлихан: «Жеке бір мемлекетте социализм орнату мүмкін емес», – деген теорияны насихаттады. Оны ұлтшыл топтардың барлығы қостады. Осыдан шығатын қорытынды: кадрларды сақтау үшін партия Кеңес орындарына кіріп, басшылық рөлді басып алып, контрреволюционерлік жұмыстарды жалғау керек деп шешті. Осы кез Мендешевтің, Сейфуллиннің, Нұрмақовтың топтары пайда болды. Ұйқыдағы ұлт- шылдардың жұмысы енді ауылды жердегі Кеңес үкіметінің саясатын іске асырмау, ауылдардың кеңестенуіне жол бермеуде. Рысқұлов пантюркизм қозғалысының жұмысын жандандырып, Татар пантюркисі Сұлтан Галиевпен, Башқұрт пантюкизмін дәріптеуші Заки Валидовпен одақтасады. Олар арандатушы Энвер Пашаның маңайына топтасқандар. Ходжановтың айтуынша Рысқұлов, Заки Валидовпен Ташкентте кездеседі. Менің білетінім Рысқұлов Сұлтан Галиев әшкереленгеннен кейін қашып кеткен Заки Валидовты үйінде біраз күн жасырып ұстапты.
1920 жылы Ходжанов Сафаровтың көмегімен партияға өтті. Өз жақтастарымен бірігіп белсенді түрде жұмысқа кірісті. Қатарына адамдарды үгіттеп тарта бастады. Осы мезгілде Қызыл-Орда мен Түркістанның ұлтшылдарының қатарына мыналарды тартты: Аралбаев, Есқараев, Кубенов, Саттығұлов, Батырбеков, Кулетов, Нұрмұхаметов Шерихан, Рүстемов және басқада көптеген адамдар. Сол кезде Ходжанов жақтастарын Ташкентке шақырып, белсенділерін әр жерге жұмысқа орналастырған: Дулатов, Есполов, Беримжанов, Досмұхамедовтар Дөненше (Жаһанша болуы мүмкін) және Халел, Қашқынбаев, біраздан кейін Әуезовты, Қазбековты, Дулатовты «Ақ жол» газетіне орналастырыпты. Ол Ходжановтың идеологиясын жүргізетін орган, Есполов Түрік республикасында жер комиссариатына жауапты қызметке орналасты. Досмұхамедов Халел және Әуезов Ташкенттің КАЗИНПРОС-қа орналасты.
Ходжанов осы адамдар арқылы контрреволюциялық ұлтшыл жұмыстарын жүргізуді сол кезде заңды жұмыс істеп жатқан «Ұшқын» атты мәдени-әлеуметтік ұйымын пайдаланды. Онда Ташкенттің реакциондық интеллигенттері жұмыс істейтін. Олар – Дивеев, Ибрагимов, сондай-ақ Алашордашылар: Тынышпаев, Ақаев, Ходжановтар. Соңғы екеуі Ходжановқа ғана қызмет етпейді, олар Рысқұловқа да қызмет атқарады. Атап айтқанда Ибрагимов, Көшербаев Сырдария уезінде Кеңес үкіметін құлату мақсатымен жұмысты сол жердегі Алаш Ордашылармен контрреволюциялық жұмыстарын Өтегенов, Қоңратпаевтар арқылы жүргізді.
Совет үкіметін өтуге қажетті жол ретінде бағалап, негізгі мақсаты Кеңес үкіметін құлату деп есептеп, оны іске асыру үшін Ходжанов мынадай бағытта жұмыс істеуді ұсынды:
1. Колонизаторлар деген сылтаумен орыстарды мемлекеттік аппараттан қуып жіберіп, оны жат элементтермен бөліспейміз деп: «Қазақстан қазақ үшін» деген ұран тастады. Өз адамдарын олардың әлеуметтік жағдайларына қарамай жоғарылатуды жоспарлады.
2. Ташкент темір жолы бойында пролетариаттың басты орында болуына жол берілмесін (Қазалы, Перовск, Түркстанда), оған қарсы ымырасыз күрес жүргізіледі. Партияның барлық шешімін ауыл туралы іске асырмай, билікті ұлтшыл топтардың қолында ұстау керек;
3. 1921-1922 жылдары Сырдария облысының Жетісу, Әулие ата, Шымкент уездерінде партияның аграрлық және ұлттық саясаттары сәтсіздікке ұшырады. Бұл жағдай ауылдағы байлардың жағдайын жақсартып, халықтың арасына от жағып, ұлт арасында алауыздық туғызып, көтеріліс ашу жағдайына жеткізіп, кеңес билігін құлатуды мақсат етті.
Жер реформасын жүргізуде басшылық рөлде Сафаров, Ходжанов, Асфендияров, Төреқұлов және мен болдық. Алаш Ордашылардан: Есполов, Ходжиков, Аралбаевтар қатысты. «Қазақ мемлекетін құру пікірін іске асыру жұмысымен қоса Ходжанов ұлтшылдық жұмыстарында басты рөлді қолда ұстау үшін Өзбек, Түрікмен, Қарақалпақ, Қырғыз ұлтшылдарымен жұмыс жасады. Жартылай өзбекке айналған Төреқұлов пен Серғазиевтар арқылы Ферғана өзбектерін Ташкенттің «сарттарына» қарсы қойды. Сөйтіп өзбектердің арасын ашып, оларға өз билігін арттыруды ойлады. Осы мақсатпен Түрікмен ұлтшылдары сол жерде тұратын қазақтар арқылы араларын ашты. Ол қазақтар мыналар: Айтақов, Бориев Күмысалы, ал Адинаев, Құдабаев, Досназаровтар арқылы Ходжанов Қарақалпақтың ұлтшылдары арасында өз беделін көтерді. Қырғыздар жөнінде Алаш Ордалық пікірде Қырғыз автономиясына қарсы болды. Ол Қырғыз ұлтшылы Аралбаевпен және мен арқылы Абдрахманов, Садықов және басқаларымен байланыста болды. Біздің топ 1921 жылы Ходжановтың тобына кірген соң мен осы істі орындауға тапсырма алдым. Сафаров пен Ходжановтың бұрмаланған жер реформасы маған және мен басқаратын Жетісудағы қазақ-қырғыз ұлтшылдарына ұнады. Осы реформаны іске асыру кезінде Жетісуда Ходжановшылар пайда болды. Бұл өңірде жер негізгі мәселе болып есептелді. Біз ұлттық мәселені шешу деген сылтаумен осы реформаны басшылыққа алдық. Жетісуда жер реформасын нақты іске асыру менің басқаруыммен мына адамдар арқылы жүргізілді: Хұдайқұлов Рахманқұл, Сыдықов Абдыкарім, Абдрахманов Юсуп, Алимбаев Керім, Үмбетбаев Кеңсаба, Төребаев Керімбай, Шынасылов Шамай, Байпақов Манап, Қадырбаев Қалмұхамед, Чанышев Қайдар, Розыбакиев Абдолла, Боранбаев Қанай, Барыбаев Жұбаныш, Кушерин Жұмахан және басқалары. Ходжановтың тобына кірген ұлтшылдардан басқа Ташкенттен реформа жүргізуге Ходжанов, Аралбаев Ашинай (Қырғыздың молда хаджысы, Орынборда өткен Алаш-Орданың съезіне Қырғыздардың өкілі болды), Ходжиков Қайырходжа (бұрынғы Қоқан автономиясының үкімет мүшесі), Саттығұлов Нұрғалиды іс сапармен жіберді. Жетісуда жер реформасын менің басшылығыммен арандату әдістерін қолданып жүргіздік. Ол реформаны ұлтаралық алауыздықты тоқтату деп сылтаулап, орыстарды қоныстанған поселкелерден бай-кедейіне қарамай, дүние мүліктерін тартып алып, сол жерлерге орналасқандарға бөліп беріп, оларды басқа жаққа көшіріп жібердік. Орыс шаруалары наразылық білдіріп көтерілгендері де болды. Сафаров пен Ходжановтың жер реформасын жүргізу кезіндегі рөлі мен басшылығына сипаттама берейін.
Оған мынадай жағдайды айтайын:1921жылы Алматы облысы Шиен ауылында Ходжанов пен Сафаров орыстар мен қазақтарды шақырып жиналыс өткізді. Онда орыстарды тік тұрғызып бір қатарға қойды да, қазақтарды оларға қарсы тұрғызып қазақтарға: «мына орыстардың ішінде 1916 жылы қазақтарды өлтіргендері, тонағандары бар ма? Егер болса айтыңыздар. Олар жазаланады» – деді.
Кеңес үкіметіне қарсы контрреволюционерлік ұлтшылдардың күресі сәтті болуы үшін мен қазақтардан құралған блокты қырғыз, ұйғыр, дунғандардың ұлтшылдарымен одақтастырдым. Біріккен фронтты сақтадым. Оларды ұлттық «Куриям»-ға бөліп, қырғыздармен жұмысты Сыдықов, Хұдайқұлов, Аралбаев арқылы, ұйғырларды Розыбакиев, дунғандармен Масанчы және Сүлейменов арқылы жүргіздім.
1923-1924 жылдары Ходжановшылардың кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық істері енді басты мәселесі Орта Азияда ұлттық бөлшектенуге тірелді. Партия мен Кеңес үкіметіне қызмет етемін деп бүркеншектік әдісті қолдану мүмкіндігі өзін әшкерелей бастады. Енді топтағылары бұрынғыдан да әрі құпиялылыққа көшті. Тактикасын өзгертті. Ходжановтың ұлттық топтары саналы түрде қазақ халқының басқа халықтардан ерекше айырмашылығы «ПЕДАНТ» халық деген атақ берді. Ол ұлшылдық күресін жалғау ниетімен партияның программасы ұлт мәселесі деп көтерді. Егерде партия әр ұлттың ерекшелігін ескеретін болса, онда қазақ халқының көшпенділігін, мал шаруашылығымен шұғылданатындығын, соған байланысты мәдениет, салт-санасындағы ерекшелігін, румен тікелей байланыста екендігін ескеріп, Кеңес заңынан оқшау алып қалуды ескертпек. Бұл заң байларды Кеңес үкіметінің қыспағынан қорғаудың әдісі еді. Оны Ходжановтың топтары кеңінен қолданды.
Ходжанов, оның жақтастары Қазақ автономиясының Астанасы жөнінде күрестің маңдай алдында болды. Астананың Ташкент немесе Сырдария облысының бір қалаларында болуын қалады. Ол Кеңес үкіметіне ұлтшылдардың күресін әрі қарай жалғау үшін аталған жерлердегі кадрларды сақтауды ойлады. Ходжановтың ойы жаңа астанада мемлекеттік лауазымды орындарды өз кадрлары арқылы басып алу. Сөйтіп контрреволюцинерлер Кеңес үкіметіне қарсы жұмысты әрі қарай жалғау керек. Есқараев арқылы кадрларын ірі қызметтерге орналастырмақшы. Осы кезде менде де бір пікір пайда болды. Ол барлық топтардың басын қосып, республикалық ұлтшылдардың барлық топтарының басшыларымен кездесу ұйымдастырып, блок жасау қажет. Күресті бірігіп жасамаса, топ-топ болып бөлініп жүріп ештеңе бітіре алмаймыз, топтар әшкереленіп, жойы­лып кету қаупінде тұрды.
Соның қорытындысы ретінде мен 1922 жылы қыста, 1923 жылдың басында Ходжанов пен Рысқұловты келісімге келуге шақырдым. Маған белгілі болғаны екеуінің арасында айта қоярлықтай талас жоқ. Екеуі де Кеңес үкіметін құлату үшін жұмыс атқаруда. Тіпті жер реформасында да ойлары бірдей. 1920 жылы Рысқұлов жерді ұлт меншігіне беру керек десе, Ходжанов байларды қолдайтын бағдарлама беріп, ұлт мәселесін жайлап, асығыстық жасамай ақырындап шешуді ұсынды. Контрреволюционерлердің, ұлт­шыл топтардың Кеңес үкіметіне карсы күресі топтардың бастарын біріктіріп, бір фронтқа ұйымдасу­ды талап етеді. Міне, сол себепті Рысқұлов пен Ходжановқа үйлеріне барып, жеке-жеке кездестім.
Олар маған біріне бірінің жеке өкпелерін айтты. Олардың өкпелері ұйымдарының бірігуіне ешқандай кедергі еместігін түсіндім. Әрқайсысының өз топтарымен бауырлас болып қалғандығы соншалықты, оның басшылығынан айырғылары келмейтін сияқты. Қосылса басшылықты бөлісе алмайтындай түрлері бар. Сол себепті топтардың әзірше бірігулері мүмкін емес. Дегенмен де бірігу идеясын барлық топтар түсіне бастаған. 1923-1924 жылдары Садуақасов пен Мендешевтердің пайда болуы осының басы болар.
Топтардың біртіндеп қосыла бастауларына «азаматтық бейбітшілік» және ауылды жерде тап жоқ деген теорияны алдағы жылдары барлығының мойындағаны себеп болды. 1922 жылы Ходжанов пен Рысқұловтың топтарының бірігуінің қажеттігін Сарымолдаев Қабылбекке айттым. Олар қабылдады. 1923 жылы шілде айында мен Мәскеуге Тимирязев атындағы Академияға оқуға кеттім, 1924 жылы желтоқсанға дейін оқуда болып, Алматыға қайтып келдім. Осы кездегі уақыттарға айтарым шектеулі.

Сұрақ. Осы Мәскеуге барған кездердегі ұлтшылдық істеріңізді айтыңызшы?
Жауап. Мәскеуге келгеннен кейін менің ұлтшылдық істерім шектеулі болды. Тек қана байланысым Ходжанов пен Асфандияровтар Мәскеуге келіп жүргенде, ал Рысқұлов, Тоғжанов, Байдилдинов, Асылбековтармен кездесіп тұрдым. 1924 жылы қаңтарда мен Мәскеуде Ходжанов, Асфендияров, Хұдайқұлов Рахманқұлмен кездестім. Олар маған ұлтшылдардың атқарған істері жөнінде ештеңе айтқан жоқ. Айтарлықтай өзгеріс болмаған. Ходжанов қана КПТ-ның ОК хатшысы Карклинге риза еместігін ашулы түрмен айтты. Соның келуімен ұлтшыл топтардың жұмыстарының қиындап тұрғанын айтты. Осы мәселеге байланысты 1924 жылы күзде Ходжанов пен Асфендияров Мәскеуде кездескенде Қазақстандағы жағдай және ВКП(Б) ОК-нің бюросын құру туралы Сталинге хат жазу керек деген әңгіме болды. Ондағы мақсат партияның істеріне жала жауып, жоғарыдағы орындардың алдында сенімге кіріп, партияның басшы қызметтеріне ұйымның мүшелерін орналастырып алу қажет еді. Ходжанов, Асфендияров, мен жеке бюро болса, көбірек республиканың еркіндігі болатынын, ол кезде біз кажетті мәселелерімізді сол бюроға тықпалап өткізіп жіберуімізге қолайлы жағдай туар еді деп есептедік. Ходжанов пен Асфендияров Сафаровпен кездесті. Ондай кездесулері бірнеше рет болды. Маған белгілісі, олар Сафаровтан Түркістан туралы тапсырма алды және елде не болып жатқаны туралы сұрады. Ходжанов, Асфендияров маған Сафаровпен кездесіп тұруды тапсырды. Бірақ мен Сафаровпен Мәскеудің көшелерінің бірінде кездейсоқ бір-ақ рет кездестім. Басқа уақытта онымен кездескен емеспін.
Сұрақ. Мен сіздің жауабыңызды үзейін. Сіз Сафаровпен кездесуіңізді жасырып отырсыз. Рысқұловпен және Мәскеудегі басқа да қазақ ұлтшылдарымен кездесулеріңіз туралы үндемейсіз. Осы сұрақ бойынша жауабыңыздың шындығын талап етеміз?
Жауап. Мен қайталап айтамын Мәскеуде Сафаровпен басқадай кездесу болған жоқ. Онымен 1932 жылы Алматыда кездестім. Ол туралы біраз кейінірек айтуға рұқсат етуіңізді сұраймын. Рысқұлов,Тоғжановтармен кездесулерім кездейсоқ болды. Онда ешқандай әңгіме болған жоқ.
Сұрақ. Топтасқандардың күресі дегеннің шын құпиясын айтыңызшы?
Жауап. Барлық ұлтшылдардың идеяларының негізі Алаш Ордалықтардың буржуазиялық ұлтшылдығы болғандықтан, олардың бағдармаларында, алға қойған мақсаттарында айта қоярлықтай айырмашылық жоқ. Сол себепті топтардың арасындағы күрес басқарушы орынды бөлісе алмауларында. Кеңес үкіметіне қарсы күресте келіспеушілік бар деулері сылтау. Шындығына келгенде барлығының мақсаттары – Кеңес үкіметін құлату, жеке буржуазиялық мемлекет құру, ССРО-ның құрамынан шығу. Сондықтан Республикалық контрреволюционерлік ұлтшылдық ұйым құру қажеттігі белгілі болды.

P.S. Ораз Жандосовтың тергеушіге берген жауабы одан ары 1937 жылы ұсталғанға дейінгі өмірі, атқарған қызметі, ұлтшыл топтармен
байланысы жайында өрбиді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір