Қанипа Бұғыбаева. Жеткізбес желге мініп өмір қусаң…
Қанипа Бұғыбаева
Бозторғай
Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан,
Көңілдің айықтырып бұлтын басқан.
Кеудемде сайрағандай шыр-шыр етіп,
Даланың бозторғайы бір тынбастан.
Жеткізбес желге мініп өмір қусаң,
Қыры бар құпиялы көңілдің сан.
Жазықта шаңқай түскі шайқалып тұр
Қайталап ырғағымды қоңыр жусан.
Өз даусым жатқандай-ақ өзімді ішіп,
Бұлқынып, аласұрам, төзім қысып.
Арман не, аспаныма еніп кетсем,
Алқызыл арман құшып, сезім құшып.
Басынан кеткендей-ақ бір күні өтіп,
Кішкентай көкірегінен жыл түлетіп.
Сайрайды бозторғайым шаңқай түсте,
Ауада қанаттары дір-дір етіп.
Төменге қадап қойып көз-жанарын,
Арқау боп әуеніне аз ғана мұң.
Кеудеме кіріп алып ән салғандай
Боз жусан, бозторғайы боз даланың.
Елім-ай
Мекенім бозторғайлы болды дала,
Далада танытты өзін тағдыр ана.
Күй төгіп, күмбірлете ән салғым кеп
Жасымнан құштар болдым домбыраға.
Әкеліп өміріме бір жаңалық,
Албырттау бара жатты күндер ағып.
«Ауылда күйші адам жоқ, домбыраны
Үйренем, дедім, тәте, кімге барып?»
Күй көгі жете алмайтын заңғар ма еді,
Заңғарға құштар бопсың қарғам менің.
Ойланып бір сәт шешем, отырды да,
«Е-е, бізде Арман деген шал бар» – деді.
Ғашық боп сәулесіне жарық таңның,
Ғажайып дыбысты естіп, шабыттандым.
Айтып сол, арманымды Арман шалға,
Үйрет деп домбырамды алып бардым.
Алаңсыз сол бір күнді сағынамын,
Қонғандай болып еді қолыма күн.
Саусағы дір-дір етіп, үйретті атай,
«Елім-ай» деген маған халық әнін.
Ол күйді айта берсем жете ме тіл,
Қарызым емес елге өтелетін.
Қылындай қоңыр қобыз көкірегі –
Сырылдап жиі-жиі жөтелетін.
Шертуші ем, «Елім-айды» тәтеме кеп,
Зарлы әуен жетпесе де жетеме көп.
Қорықтым, шал жөтелсе, домбыраның
Үзіліп қос ішегі кете ме деп…
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді».
Есіне түскен кезде жастық дәурен,
Кәрі көзге мөлтілдеп жас келеді.
Толғанып, ері жайлы, жері жайлы,
Тербетіп, көңіл-көлі керім-айды.
Арман шал, көшіп кетті дүниеден
Естелік етіп маған «Елім-айды»…
Болғандай әр нәрсеге көңіл айғақ,
Қонғандай қонар жерін танымай бақ.
Сызылтып қамыс басы сырнай тартып,
Күн кірді ұясына «Елім-айлап».
Тіршілік бір-бірімен таласуда,
Өмірдің өлімменен арасында.
Жұлдыздар арулардың көз жасындай,
Аспанның мөлтілдейді шарасында.
О бастан болған отты жерім майдан,
Жазылмас жан-жүрегім жеңіл ойдан.
Қолыма домбыра алсам, ән әуенін
Бастағым кеп тұрады «Елім-айдан».
Келместен ескен желдей тағдырға әлі,
Сыр шертер туған жердің шалғындары.
Ән салар, «елім-ай» деп, қан-тамырдай,
Таралған дүниедегі жолдың бәрі.
Өмір — жол, әр арнамен тарап ақты,
Озған күн қалғандарға қарамапты.
Әр дәуір арманменен «елім-ай» деп,
Аттанып дүниеден бара жатты.
Ойласам, шайқалады көңіл айдын,
Ақ жүзін қоңыр бұлттар көміп айдың.
Жасымен сағыныштың жазылмаған
Тарих бар астарында «Елім-айдың».
Толып мұң, өкінішке қабір басы,
Көздерден ағатындай сабыр жасы.
Осы әнді айтқан кезде кететіндей
Қайысып асқар таудың қабырғасы.
Ер туар, биіктетіп, биік көкті,
Биік көк мұңын маған үйіп-төкті.
Шерткенде «елім-айды», ел тағдыры
Ішіне домбыраның сыйып кетті.
Сен неткен, ескірмеген естелік ең,
Көңілдің өмір есіп ескегімен.
Елестер «елім-ай» деп еңіреген,
«Ақтабан, шұбырынды» — көш керуен.
Айтпайын, өмір барда құрысын өлім,
Сезімнің ашылмаған бүршігі едім.
Ойласам, арғы-бергі тағдырларды,
Дәрменсіз «елім-ай» деп күрсінемін.
Көңілде көп қой көріп түйгендерім,
Өмірде қандай қиын күйге енбедім?
Мен солай, Арман шалдан арманда боп,
Бұл әннен басқа бір ән үйренбедім.
Ақын ба, жан жалынын аяп қалар,
Жүректі ұйықтатпай оятқан ар.
Менің де өмірге бір сағынышым
«Елім-ай» әніменен аяқталар…
Түңілу
Қысыламын.
Ауа жетпей бір түрлі,
Біреу аңдып қарағандай төбемнен.
Күлкі деме қасіретті күлкімді,
Өзімді алдап өмір сүріп келем мен.
Ардан алыс тонаушының торынан,
Күн сәулесі шырылдайды шыға алмай.
Бақытымның бақшасын кім қорыған,
Басым қатты, соны ертерек ұға алмай.
Күн көрсетпей, басымды бұлт торлады,
Еңсем түсті. Еркін өмір сүре алмай.
Самғап ұшар аспаны жоқ, тордағы —
Қалғи берем арманы өлген қырандай.
Жалынышты, бағынышты күн құрсын,
Көңілімді басқандай бір ауыр мұң.
Айналада үнсіздік бар, кім білсін,
Үнсіздік пе алдындағы дауылдың?
Адамды адам қанайды алдап, аяусыз,
Уақыттың да жүзі содан қан-жоса.
Бақытымның бәрі жалған, баянсыз,
Басымда бір еркіндігім болмаса.
Қабағына қарай ма күн бұлт алмай,
Аралыма қонар ма аққу құсы енді.
Үзгім келіп тыпырлаймын тұлпардай,
Аяқтағы шынжыр болат кісенді.
Еркелеуге еркіндікті тілейді іш,
Күреспенен күнге сапар кім шегер.
Ұшсам деймін,
қайда ұшамын?
Дүлей күш
Аспанымды қысып, қоршап тұрса егер.
Менің бақытым
Меншігіндей Жер мен аспан, Нұрлы күн,
Нұрлы күнге қойған іліп тірлігін.
Бір өмірде түрлі адамның ойында,
Болады екен бақыт жайлы түрлі ұғым.
Түрлі сұрақ… маза бермей қинайды,
Түрлі жауап. Ұғымға бір сыймайды.
Жатып ішер асың болса — біреулер
Бақыт дейді, дүние, байлық, үй-жайды.
Тілдескенмін. Ірімен де, ұсақпен,
Тұра аламын, кімнің ойын тұсап мен?
Бақыт дейді, әр қаладан үй алып,
Арасында ұшып жүрсең ұшақпен.
Бақыт жайлы қилы қиял, қилы ұғым,
Ұстатпайды доллар — түлкі құйрығын.
Әттең дейді, үйіртетін билікпен,
Болса қолда атақ, мансап, билігім.
Бақыт керек, саған, маған, оған да,
Наразылық білдіре ме әділ қоғамға.
Сұлу әйел — бақыт бойдақ жігітке,
Бала — бақыт, баласы жоқ адамға.
Сенделумен өтпесінші уақыт құр,
Уақыт мұңы қабырғама батып тұр.
Бабаларым қас қағым жер бетіне
Тастап кеткен, қол бұлғайды бақыт бір.
* * *
Молалар жанады.
Маңдайлары қондырып түнде ай, күнді,
Ауырлатып жер арқасындағы қайғымды.
Тіршіліктен сезбесе де бір тыныс,
Олар сұсты, аруағымен-ақ айбынды.
Жуады тас төбесін —
Жаз жауыны, қыс дауылы осқылап,
Естімейді еш дыбысты, тас қабырға, тас құлақ.
«Ей!» демейді, бір қойшының қозысын,
Дәл түбінен бара жатса қасқыр ап.
Тебіренбестен тұрар сұлық ол мәңгі,
Баян етіп, баяны жоқ жалғанды.
Есіме алам, «ел» боп жатқан
молаларға қарап мен,
Тірліктегі тарам-тарам қосылмаған жолдарды.
Кей моланың белгісі бел топырақ,
Бетін жапқан, жасыл аспан, жапырақ.
Даласының қайран бабам болғаны,
Құлаш жарым жерін ғана жатыр ап.
Жылдар жел боп есіп иесіз далада,
Арман-мұңын шағыпты ескі молаға.
Мен білмеймін, мынау жатқан төмпешік,
Тілегі тірі әке ме, әлде ана ма?..
Молалар жанады!
Жанып-өшкен жұлдыздардай жердегі,
Жарып шығып арманы мол кеудені.
Үрейлі үнсіз, жол түспеген «ауылдай”,
Еске салар тірлік соңы, көмбені.
Жер қойнына батқанда бір күн талып,
Өлгендерге өсе алмайсың, мін тағып,
Уақыт жуып өмірдегі айыбын,
Жер көрпесін жатқандар ол қымтанып.
Көрші болып кәрі менен жас мұнда,
Аузын тосар топан-селді тасқынға.
Ақ күмбездер найзағаймен сайысып,
Жарқ-жұрқ етер түнгі нөсер астында.
Молалар жанады!..
Бір-бір айды айдарына қондырып,
Кей кеудеден арманды ерте сөндіріп,
Жетер жерге жете алмай сәл мызғыған,
Жолаушыдай дала қонған жол жүріп.
Кекте де сая, жерде де сан жанады от.
Көзін ашып үміт, үрей, нала көп.
Өз жерінде жан боп алғаш жаралып,
Өз жерінде қалу, бақыт мола боп.
Молалар жанады…
Жанып жатқан, соғып жатқан жүректей,
Мынау шулы дүниеден ештеңені тілетпей.
Кеудесінде сезім менен көзі барлар тұсынан
Өтіп кетпес, бет сипамай, тұла бойы дір етпей.
Жолаушыдай қалғып кеткен жол жүріп.
Жол үстінде, ұшқын атып соңғы үміт.
Жетсем деумен, жете алмаған аспанның
Ай-жұлдызын маңдайына қондырып…
Молалар жанады!..