Қоңыр әуенді қазақ сөзін сағындым
09.03.2022
1484
0

Көктем келіп, тіршілік жандануда. Қазақ дәстүрінде құсбегілік пен саятшылықтың мәні зор. Табиғат аясында кең тыныстап, айналаны тануға, жер мен судың қасиетін зерделеуге мүмкіндік беретін бұл өнер түрі бүгінде өз ерекшелігін сақтап қалды ма? Қыран құстар қандай айрықша қасиеттерге ие? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде белгілі этнограф, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, «Наурыз» тұңғыш Ұлттық сыйлығының иегері Бағдат Мүптекеқызымен әңгімелестік.

Қыран құстың тілеуі жақсы

– Апай, әдетте құсбегілік, саятшылық ер адамдарға тән секілді көрінеді. Сіздің осы бағытта еңбек етіп жүргеніңізге отыз жылдан асыпты. Бұл өнер түріне деген қызығушылығыңыз қай кезден, қалай қалыптасты?
– Құсбегілік бабаларымнан бері жалғасып келеді. Әкем жас кезінде кішкене қырандарды, қаршыға, ителгілерді баптап, аң-құсқа салған. Ол кісінің әкесі – Тәжі керемет бүркітші болған, ал бабам – Бекмырза ауласында 200-дей қыран құс, тіптен бұлбұлға дейін ұстаған. Әкемнің ең кіші інісі Бәйтеке 90 жастың бел ортасынан асып, қайтыс болды. Ол кісі де көп жыл бойы бүркіт салған. Ағайындарымыз – Тоқтасын, Молдажан аталарымыздың да ауылда бүркіт ұстағанын білемін, кішкентайымнан сол құсбегілікті көріп өстім. Мамандығым – журналист, «Қазақ» радиосының «Ауыл өмірі» Бас редакциясында жиырма жыл қызмет еткенде, республиканы аралап, құсбегілер, құсбегілік өнер жайлы материалдар жинап, баспасөзде жарияладым. 1980-жылдардың ортасында тұңғыш, Алматы облысында құрылған Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің негізін қалауға, тұңғыш Ережесін жазып, ұлттық спорт түріне енгізуге атсалыстым. Яғни, бұл өнерге деген ынта-ықыласым ата-бабамнан беріліп, жұмыс барысында жалғасын тапты.
– Табиғатпен етене жан ретінде айтыңызшы, қазіргі кезеңнің басты экологиялық мәселелері қандай? Оны болдырмаудың, алдын алудың жолдары бар ма?
– Экологиялық апат – бір әңгіменің аясына сыймайтын ауқымды проблема. Ашығын айту керек, қазір табиғатты бұзып жатырмыз, айналаға келтіріп жатқан залалымыз көп. Тіршіліктегі аң-құсты есепсіз қырып-жоюдың нәтижесінде тепе-теңдік бұзылды. Әрі осындай түрлі келеңсіздіктерден туындаған мәселенің шешімін бірден табу мүмкін емес. Табиғаттың бұзылуын бір ел тоқтата алмайды, ол – әлем болып күресетін процесс.
Ең әуелі адамның экологиялық сауатын жетілдіру керек. Өйткені қазір үнемшілдік, қанағатшылдық деген түсініктер санадан жойылып барады. Ұлттық дүниелерімізді, ата-бабадан қалған салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді «Жаңа Қазақстанның» бағдарламасына енгізсе, барлық түйткілдің түйінін шешер едік деп ойлаймын.
Ежелгі қазақ танымындағы «Көк шөпті жұлма, көктей соласың» деген сөздің мәні қандай терең! Үлкендер аңшылыққа шыққандарға буаз аңдарға тиісуге тыйым салған. Аңшылық маусымдары неге қыста? Себебі көктемде табиғат оянады, жан-жануарлар көбейеді. Балықтар уылдырық шашады. Ал қазір осындай заңдылыққа мән беріп жатырмыз ба? Жоқ. Қаншама браконьерлер қара басының пайдасы үшін аңға қырғидай тиюде.
Мектеп қабырғасында ғана емес, балабақшадан бастап бала санасына аң-құсқа деген қамқорлықты сіңіру қажет. Кішкентайларды, оқушыларды табиғат аясына жиі алып шыққан дұрыс. Бүркітшілер мектебін ашып, «Қыран федерациясын» құрғанымыздың мәні осында. «Жас уақытта берген тәрбие жас ағашты игендей» деген қазақ күллі тіршіліктің тәлімін бір мақалға сыйдырып қойған ғой. Есейіп кеткенде қанша дұрыс тәрбие берсең де, адам иіле қоймайды. Дұрыс экологияға әр адам жауап­ты. Яғни, экологиялық апатты болдырмау тұтас қоғамнан, мемлекеттен емес, жеке адамнан бастау алады.
– Қазақтың ежелгі тұрмыс-­тіршілігіндегі аңшылық пен бүгінгі аңшылықтың арасындағы алшақтық пен ұқсастыққа тоқталсаңыз…
– Айтып өткенімдей, дәстүр бойынша, аңдар көбейетін кезде, тұқым шашатын шақта қазақ аңға шықпаған. Қазір де тап солай. Заң бойынша он бесінші ақпаннан он бесінші қыркүйекке дейін аң аулауға болмайды. Осы заңға қайшы әрекет жасайтындардың қарасы азаймай тұр, өкінішке қарай. Табиғаттың заңдылығы бойынша, бұл мезгілде бүркіттер де түлекке отырады. Аң аулауға шықпайды. Қыстай жұлынған, аңмен арпалысқанда түскен қанаттарын жетілдіріп, семіртіп, өзінің күйіне келтіру үшін бүркітшілер бүркітті түлекке қояды.
Кешегі аңшылық пен бүгінгі аңшылықтың айырмашылығы дегенде еске түседі, ата-бабамыз атқа мініп, салбурын жасайтын. Мысалы, кезінде Жошы хан, Абылай хан, Тоқтамыс хандар екі айлап, үш айлап кететін салбурын қазір жоқ. Оны мына заманда жасай алмайсың.


Батысқа қарап «ұлығанша», ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық

– Саятшылық қазіргі уақыт тұрғысынан қандай маңыздылыққа ие?
– Саятшылық – ата-бабамыздан қалған ақсүйек өнер. Ақсүйек өнер дейтініміздің себебі, кезінде қыран құсты көбіне ауқат­ты адамдар ұстаған. Саятқа шығу үшін, олардың көп аты болуы керек. Қағушылар, ізшілер, қыран құсты баптайтын баптау­шылар, барған жерде ұсталған аңның етін кептіріп, тұздап, ас әзірлейтін бақыршылар, қақпаншылар, тұзақшылар… Аңға шыққанда осыншама адамдар ілесіп жүрген. Әрі ірі құсты ұстаған шаңырақ бүркітке тамақ тауып беру мақсатымен қаршыға, ителгі, лашын, ақсұңқар секілді қыран құстар тобына жататын ұсақ құстарды да ұстаған. Бұларға азғантай тамақ жететін болғандықтан, олар аулаған қоян, жылан, қырғауыл, үйректерді бүркітке тамақ ретінде пайдаланған. Жалпы, саятшылық деген – қазақты асыраған кәсібі болған ғой. Аңды ұстап, етін жеп, терісін киім етіп киген. Қыран құс табиғатынан «он баласы, он мың қойы, он мың жылқысы бар үйге бітсем екен, соның босағасында отырсам екен» деп тілейді екен. Қыран құстың тілеуі жақсы, берекенің, молшылықтың тілеуқоры деген ниетпен де қазақ қыранды ұстаған. Құс әрбір қазақтың шаңырағынан табылған. Сал-серілердің – Ақан сері, Біржан салдардың сүйікті серігі болған. Шоқан Уәлиханов та жас кезінде қаршыға ұстап, құсбегілікпен айналысқан. Абайдан, Шәкәрімнен артық саятшылық жайлы жеріне жеткізе жазып, оны насихаттаған адам жоқ. Саятшылық, аңшылық қарын тойдыруды ғана көксемейді, ол – адамның танымын, ой-өрісін дамытатын өнердің төресі.
– Дала мәдениеті мен қала мәдениетін өзара қабыстыруға бола ма?
– Қабыстырудың жолдарын табу қажет. Жаһандану деген желеумен шығып жатқан түрлі «жаңалықтардан» көз аша алмай қалдық. Балалардың қолында – бір-бір смартфон. Ата-ананың назарынан тыс қалған бала телефонды құшақтап алып, сондағы әлемге еніп кетеді. Ондағы ойын­дар легі жасөспірімдерді қатігездікке баулуда. Осындай ұлттық трагедияға ұрындырар залалдардың алдын алудың бір жолы ретінде жер-жерде этнографиялық ауылдар ашылуда. Этноауылдар қазақтың ұлттық тамағын, киіз үйін көрсетіп қана қоймау керек. 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында дәстүрлі экологиялық аңшылық орталы­ғын аштық. Мақсатымыз – экологияны
қорғай отырып, қазақтың аңшылық дәстүрін жалғастыру. Мұнда аңшылық бағытта ғана жұмыс істейміз. Еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелден келген туристерге қазақтың дәстүрлі аңшылығы жайлы мәліметтер береміз. Шетелдік туристер былай тұрсын, өзіміздің кейбір үлкендер бүркіт пен қаршығаны, қаршыға мен ителгіні ажырата алмайтын халге жетті. Лашынды тіптен білмейді. Манағы аңшылық орталықты осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін ашқанбыз. Бірақ бір проблема бар. Биыл Алматы облысында «Жалайыр Шора» мектебінің құрылғанына 35 жыл толады. Осы Алматы қаласының, облысының айналасындағы құсбегілердің басын қосатын, кұсбегіліктен, құстарды қалай баптау керектігінен, олардың қазақ тұрмысында қалай пайдаланғанынан бейхабар жандарға, ұлттық ғұрыптарға деген қызығушылығы зор жандарға сабақ өтетін орын таба алмай жүрміз. Әрі-беріден кейін, бұл – мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі керек дүние. Әкеміздің немесе шешеміздің жеке шаруашылығын алға тартып жүрген жоқпыз ғой, ұрпақтың қажетіне жарайтын құндылықтарды құнттағымыз келеді. «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз, осы Жаңа Қазақстанның ұрпағын қалай тәрбиелейміз? Аты өзгертілген «Аманат» партиясы, міне, осы бағытта жұмыс істеуі керек. Ата-дәстүрінен, ата-салтынан ажырап кеткен ұрпақты қайтадан өз дәстүрімен тоғыстырса, қоғам өзгереді. Жаңа Қазақстанның іргесі берік қаланады. Батысқа қарап «ұлығанша», ұлт­тық құндылықтарымыздан тамырланған дәстүрімізді бойға сіңірсек, ұтарымыз көп.


Туған жеріне кіндігімен байланған – қазақ пен қыран ғана

– Қыран құстардың көпшілік елей бермейтін қандай қасиеттері бар?
– Көбі қырандарға әйтеуір аспанда ұшып жүрген үлкен құс ретінде ғана қарайды. Бүркіттің қандай таңданарлық болмысқа ие екенін мемлекетік рәмізімде – көк туда бейнеленгенінен-ақ аңғара беріңіз. Қазақтың күллі асыл қасиеттері осы қыранның бойынан табылады. Оның қырағылығы, тазалығы, қорегін өз еңбегімен тауып жейтін еңбекқорлығы басқа құстарда кездесе бермейді. Ол өзгенің жемтігін, басқа құстардан қалған асты аузына алмайды. Түрлі құстар, аңдар мен жан-жануарлар бар. Солардың ішінде шақырайған күнге тіке қарай алатын, тайсалмай, жарқыраған күнге қарсы ұша алатын – қыран ғана. Бұл оның рухының мықтылығын танытса керек.
Сонымен қатар қыран өздігінен ешкімге, ештеңеге тиіспейді. Ал өзіне тиіскенге өте кекшіл. Балапан кезінде оған дауыс көтеріп, ұрысып немесе басқалай қатал қатынас танытсаңыз, оны өмір бойы ұмытпайды, кек алмай қоймайды.
Атақты құсбегі, орта жүздегі Тінейдің көпке әйгілі сары құсы болған. Соған кішкене кезінде Тіней қатты зекіп сөйлеген екен. Тіней әлдебір сапарға кеткенде, сары құс оның есік алдында ойнап жүрген жалғыз қызына түседі. Дәл осы сары құстың томағасыз қалпында күнде ойнап жүрген қызды әкесінің үйде жоқ екенін сезіп, жазым еткенін, өзін асырап, баптаған иесінен кек алғанын көрмейсіз бе? «Тінейдің сары құсындай, Өзіңе-өзің шеңгел сал» деген сөз осыдан қалған.
Қыранның тағы бір ерекшелігі – иесіне адалдығы. Балапан кезінен асырап, баптап қараған, қамқорлық танытқан иесін алыстан тани алады. Баянауыл жақта мынадай оқиға болған. Бір кісі соғысқа кетіп бара жатқанда бүркітінің тамағын тойдырып, ұшырып жіберген. Содан жылдар бойы әлгі құс ауылға дембіл-дембіл орала берген екен. Бес жылдан кейін бір аяғын майданда тастап оралған иесі шақырғанда құсы қолына келіп қонған деседі.
Немере інім Елтайдың Дауыл деген құсы бар-тын. Екі жарым-үш шақырым жерден, Құлжа тас жолының бойынан Елтайдың ауылға қарай бұрылғанын біліп отыратын. Қаншама толассыз ағылып жатқан көліктердің арасынан иесінің көлігі жақындап қалғанда томағасы сыпырылмай отырған Дауыл шаңқылдап белгі беретін. Үйдегілер бірден білетін сонда Елтайдың келе жатқанын.
Атақты бүркітші Сейітжан Көдеков 80-жылдары Қара теңіздің жағасына киноға түсуге бүркітін алып барған. Қалың орманның іші… Киноға түсіп жатқанда құсы алысқа ұшып, адасып қалады.
Сейітжан аға құсын әбден іздеп, таба алмай, елге көңілсіз, тіпті жылап оралады. Сонда араға бір жарым ай салып, құсы Қазақстанға, өскен мекеніне ұшып келеді. Туған жеріне кіндігімен байланған – қазақ пен қыран ғана.
Құсбегілер қыранды үнемі бабында ұстайды. Ол қатты арықтатса, ұша алмай қалады, тым семіріп кетсе, жіберген аңға бармайды. Талдықорған жақтың құсбегілері әңгімелеп берген мынадай жай бар. Қазақтың салты бойынша, бір ұяда екі балапан кездессе, екеуін бірдей алып кетуге болмайды. Балапанның орнын тағы балапан бассын деген ырыммен біреуін ғана алып, ұяға жақын маңға ақ мата байлап кетеді. Талдықорғандық бүркітшілер сол жақта ұя салған бүркіттің балапандарын жылда алып тұрған екен. Тағы бір салт бойынша, аңға бірінен соң бірін немесе бірге екі бүркітті қатар салмайды. Себебі қос қыран бір-бірінен қызғанып, аңды ұмытып, өзара шеңгелдесіп қалатыны бар.
Бірде аңға шыққан екі бүркітші әңгімелесіп келе жатады да, қолдарындағы бүркіттердің қалай ұшып кеткенін байқамай қалады. «Қап, мына екеуі шеңгелдесетін болды-ау», – деп ауыз жиғанша, қарсы беттегі тауда жаңағы екі құстың аймаласып отырғанына көздері түседі. Сөйтсе, екеуі бір ұяның балапандары екен. Ересек бүркіт пен кіші бүркіт жеті жылдан кейін кездесіп, бір ұяның балапандары екенін біліп тұр. Яғни, бір ұяда ұшқан бүркіттерді аңға салғанда, олар өзара таласқа түспейді. Бірі аңға түскенде, екіншісі қияға қонып, кезекті аңды күтеді. Талай тәжірибе де дәлелдеген мұны. Бұл қыранның ағайынгершілігін, бауырмашылдығын айғақтайды.
Тағы бір айрықша қасиеті, таңдауын жасап, жұптасқан сәттен бастап аналық бүркіт пен аталық бүркіт әрдайым бірге жүреді, яғни көрінген бүркітке бармайды, жұптарын ауыстырмайды, балапанды бірге тәрбиелейді. Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың әңгімелесуі арқылы жазылған «Құз басындағы аңшының зары» кітабында: «Мына бүркітті қарашы, басқа тауға қыз ұзатып бара жатыр», – деген тұсы бар. Өзінің ұясында қанатын қатайтып, 2-3 жыл әке-шешесінің қасында өскеннен кейін ұрғашы балапанды өз аймақтарынан басқа тауға ұшырып жібереді. Қазақтың жеті атаға толмай қыз алыспайтыны секілді мән жатыр мұнда. Неткен тектілік десеңізші!

Бүркітші

– Ал қыран құстар жұптарын қалай таңдайды?
– Ұябасар бүркіт шәуліні өзі таңдайды. Жұптасатын кезде, еркек бүркіттердің арнайы биі болады. Түрлі қимылға салып, топтанып көкте ұшып жүргенде, ұябасар өзінің жұбын таңдап, екеуі бірге ұшып кетеді. Біздің көргеніміз бойынша, олар әрі кеткенде екі-үш жұмыртқа салады. Суық жақта ақпан айынан бастап жұмыртқалап, басып, балапандарын шілдеде ұшырады. Жылы жақта мамырдың ортасынан маусым айына дейін ұшып кетеді балапандар. Дегенмен қырандардың тіршілігін әлдеқайда терең зерттеуге мүмкіндігіміз болмай тұр. Қандай да бір қолдау болса, жан-жақты зерттегіміз келеді.
– Құс таңдау мен өсірудің, баптап, тамақтандырудың ережелерін құсбегілер көбіне құпия ұстайды. Дегенмен ерекше дегендерін айтып берсеңіз.
– Аса бір ерекше ережесі жоқ. Ол әр құсбегінің тәжірибесіне, құспен арадағы байланысы қандай деңгейге жеткен, соған байланысты. Құс пен құсбегі бір ұғымға айналып, құсын жетік ұғынған адам, оның не ішіп, не жейтінінен, көңіл күйінің қандай екенінен жаңылмайды. Соған қарай бабын қамдайды. Бүркіт тек қана ет жейді әрі тек жылы күйінде. Мықтылығы түлкі, қасқыр, бұғы, сарғақ сынды аңның етімен азықтанғанына байланысты. Аңның етімен қоректену мүмкін болмаған кезде ғана үй жануарларының етін азық етеді. Оның қырағылығы сондай, пәленбай шақырым биіктікте ұшып жүріп, жерде жыбырлап бара жатқан тышқанды көріп қояды.
Алатаудың, Тарбағатайдың, Алтайдың бүркіттерінің салмағы 6-7 кг. болып келеді. Олар бір жегенде жарты тоқтыны жеп қояды. Кейде бір жыланның етін берсең де қанағат қылады. Жарты қойды жеп, екі күн тамақ ішпей отыра беретін кездері де бар. Суды аузына түтікпен береді. Жазды күндері судың жағасына түлекке қойғанда өздері су ішіп, өзенге шомылатындары бар.
– Қазақы төбеттер мен тазылар туралы да айтып жүрсіз. Олардың жойылып кету қаупі бар ма?
– Қазақтың нағыз төбеті мен тазысы жоғалып кеткен десе де болады. Аңшылар қауымдастығы төбет пен тазыдан қалған жұрнақтардың қан тазалығына, тегіне зерттеу жасап, облыс-облыстарға шығып іріктеу, сұрыптау жұмыстарын жүргізуде. Түрікмендердің алабайында қазақтың төбетінің қаны бар. Арабтардың салюктерінің де, қырғыздардың тайғандарының да шыққан тегі – қазақтың тазысы. Ертеректе біздің елімізден алып-алып кетіп, өздерінде тұқым ғым шығарған. Қазақ өзінің бейғамдығынан, жалқаулығынан осыны әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеді.
– Сөз өнері де сізге жат емес. Қазіргі қазақ сөзінің нарқы мен парқы турасында не айтар едіңіз?
– Біз оқып жүрген кезде әдеби тіл нормаларына қатты мән берілетін. Қазір қазақта әдеби тіл нормасы жойылып барады. Баяғыда этнограф Жағда Бабалықұлы айтатын: «Сонау 1920-1930 жылдары Қытайда «Қытайдың тілі жойылып барады» деген мәселе көтеріліп, өкімет арнайы көңіл бөліп, елдің ішінде арнайы экспедициялар ұйымдастырған», – деп. Қазір қараңыз, қытайда қанша миллиард халық тұрады? Ал біздегі он тоғыз миллион халықтың ішіндегі қазақтың сандық үлесі қандай? Қазақтың әдеби тілінің жоғалып бара жатқанына көз жұмып отыра бермей, шұғыл шараларды қолға алып, экспедициялар ұйымдастыру қажет. Радионың, телевизияның, БАҚ құралдарының тек әдеби нормада ғана сөйлеуін міндеттеу – уақыт күттірмейтін талап. Сонда ғана халықтың тілі сақталады. Телеарналарда, басылымдарда жұмыс істейтін журналистерді бірнеше мәрте оқытып, әдеби тілде сөйлеуге машықтандырмаса, он шақты жылдан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқитын қазақ таба алмай қаласыз. Шешендік сөздерге мақал-мәтелдерге толы сөйлеу мәнері азайып барады. Аталарымыздан, әжелерімізден жалғасып келе жатқан қазақтың қоңыр әуенді қоңыр сөздерін сағынамын, солай сөйлеуге тырысамын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір