СОҒЫС ӨРТІНІҢ ЖАЛЫНЫНАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
04.03.2022
423
0

Ресей Украинаға басып кіргелі бір аптадан артық уақыт өтті. Славян текті бауырлас екі ел бір-бірімен қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатыр. Екі жақтан да мыңдаған адам қырылды. От пен оқтан қаза тапқан бейбіт халықтың да саны мол… Ресей әскерилері әуеден, теңізден және құрлықтан шабуылдап, жол-жөнекей бірнеше қаланың күл-талқанын шығарғаны ресми хабарланды. Басқыншылыққа қарсы украин әскерилерімен бірге қарапайым халық та аянбай күрес жүргізуде. Ресейдің бұл әрекетін әлем елдері сынға алып, ауыр санкциялар салды. Ресейді әлемнен оқшаулады десе де болады. Бұл соғыстың соңы не болмақ? Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі әрі Ресеймен көрші ел ретінде бізге бұл әлемдік тартыстың тигізер зияны қандай? Экономикалық және гео-саяси тұрғыдан қандай қиындықтар болуы мүмкін? Одан қалай қорғанамыз?  Осы сұрақтар төңірегінде пікірлер топтамасын ұсынып отырмыз.

Әміржан ҚОСАН,

саясаткер

Ескі мен жаңа: Путин – Зеленский

Бұл соғыстың басты себебі – екі мемлекеттің посткеңестік замандағы дүниетанымдық айырмашылығында, керек десеңіз, қарама-қайшылығында: Украина сол дәуірмен біржолата қоштасқысы келеді, ал Ресей өзінің неоимпериялық пиғылын жүзеге асырамын деп әлек. Бар мәселе сонда! Бейнелеп айтсақ, бірі – жаңаға ұмтылады, екіншісі — ескіні көксейді. Тағы бір себептің саяси технологиялық астары бар, оны саясаттануда «шағын ғана жеңімпаз соғыс» деп атайды. Яғни, ішкі жағдай ушығып кетсе, сыртқы фактор қосылып, мәселен, соғыс ашып, наразы электораттың назарын басқа жаққа аударып жіберу. Мұндай құйтырқылық, әсіресе, режимдер халық қолдауынан айрыла бастағанда немесе сайлаулар қарсаңында жиілеп кетеді.

Бұл күндері көп адам бұл соғыстың бергі, жалпыға мәлім жағын айтып жатқан сияқты. Шынымен де көзге ұрып тұрған нәрселер көп. Кейбір сараптамалық пікірлер жазыла-жазыла жауыр болып кеткен секілді.

Меніңше, осы күнгі ең басты саяси нәтиже сол – кешеге дейін өзінің агрессивтік, аннексиялық арам пиғылын жасырып келген Путиннің шынайы беті ашылды! ДХР мен ЛХР-ді сылтау етіп, өзінің туысқанына тапа-тал түсте қаскүнемдік шабуыл жасап, бас салған, бала-шағаға дейін қырып-жойып бара жатқан ол басқа жұртқа не істемек?

Путин мемлекет басшысы ретінде әбден «токсичный» боп қалды! «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» демекші, өзін-өзі және өзгені сыйлайтын өркениетті дүние одан әбден түңілді. Тіпті Қырымды басып алғаннан кейін де онымен байланысын үзбеген әлемдік лидерлер бүгінде одан теріс айналып кетті, сөйтіп ол Ким Чен Ын секілді аластатылған тұлғаға айналды! Өте жалынышты әрі жеккөрінішті финал!

Қарап отырсаңыз, бұл Украина мен Ресей арасындағы соғыс емес, бұл – Украина мен… Путин арасындағы соғыс! Бұл жерде мен «ұжымдық Путинді», яғни ол құрған жүйені айтып отырмын!

Маған жеткен бір астыртын хабар сол: өз командасының ішінде Путиннің мына бассыздығына қарсы күштер пайда болып, өзінше әрекет жасамақ ниетте екен. Ресейлік билікте мына түрімен экономика әбден құлдырап, ертең атышулы «орыс бүлігі» бұрқ ете қаларын сезіп жүрген лауазымды тұлғалар бар.  Оларға бүкіл капиталы мен бизнесі Батыста орналасқан олигархтар да қосылып жатқан сияқты. Санкциялардың кесірінен олардың шоттары бұғатталып, бизнесі тоқтап, өздері мен бала-шағалары шетелге шыға алмай қалды. Меніңше, Путиннің түбіне сарай төңкерісі жетеді-ау осы!

Ендігі жерде посткеңестік кеңістіктегі Ресеймен жіпсіз байланған мемлекеттер де ұлттық мүддені қорғауда басқаша саясат жүргізетін болар. Иә, жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар ол көршімен біз ат құйрығын кесісе алмаймыз. Ондай оқыс қимыл-әрекет экономикасы мен әскері әлі де әлжуаз бізге келіңкірмейтін шығар. Бірақ, саяси және экономикалық қарым-қатынастарымызды диверсификациялап, Батыс пен Шығыспен, өз көршілерімізбен, түбі бір түркі одағымен байланысымызды жандандырып алатын шақ осы!

Бір қауіп сол – еліміздің солтүстік аумағында сепаратистік пиғылдың иісі мөңкіп, «соловьевше» сасып, «бесінші колонна» дайын тұр! Олардың миы мен жүрегі Ресей телеарналарының күнделікті «пропагандасымен» әбден уланған!

Біздің БАҚ жүйесі, әлеуметтік желілердегі сарапшылар қауымы осындай гибридтік шабуылға дайын ба?

Қайдам! Өйткені, ресми БАҚ жүйесі президенттің осы тақырыпқа айтқан сөздерін қайталаудан аса алмай отыр. Рас, бірлі-екілі шығармашылық креатив танытып отырған БАҚ бар. Бірақ нағыз идеологиялық соғыс жағдайында ол мүлдем аздық етеді!

Соңында айтарым мынау: тұрақты мемлекет қана өзінің Тәуелсіздігін, жер тұтастығын қорғап, сақтап қала алады! Қанды қаңтар қырғыны көрсеткендей, біз бар жағынан – экономикалық, әлеуметтік, саяси, әскери – тұрақсыз ел екенбіз.

Тұрақтылық деген не?

Ол, ең алдымен, өз ұлтының басты құндылықтарын қорғап қалуға міндетті қазақтың ішіндегі ауызбіршілік (қайран шешем, осы сөзді жиі айтып отыратын). Ол қоғам мен билік арасындағы өркениетті диалог. Ол – азаматтардың билікке, биліктің өз азаматтарына деген сенімі мен құрметі. Қараңызшы, кеше ғана бір-бірімен сайлауда жаға алысып айтысқан Зеленский мен Порошенко жекебас және саяси, кландық араздықтарын ысырып тастап, қолына қару алып, ағайынды қоңыр қаздай ортақ Отанына қорғап жүр!

Сондықтан да қанша оппозиция болсам да, президенттің ішкі және сыртқы қауіптерді ескеріп, саясат жүргізудегі мемлекетшілдік ұстанымы орынды деп санаймын. Бұған дейінгі экономикалық және саяси монополия мен олигополияның арқасында елді басқарып келген топтық, кландық жүйенің орнына, шынымен де, халықтық, мемлекеттік, ұлттық мүдделерді қорғай алатын жаңаша жүйе керек. Бәлкім, дәл осы мемлекетшіл ұстаным оңшыл мен солшыл, центрист, билікшіл және оппозицияшыл боп бөлінген әрі бүлінген — баршамызды біріктіре алатын ортақ идея бола ма? Оны уақыт көрсетер…

 

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы, драматург

Автократия мен демократияның текетіресі

   Өткен  ғасырдың 90 жылдарынан  бері Ресей империясы  ыдырау процесін басынан кешіріп жатыр. Украина батыстың даму деңгейі  жоғары елдерімен жақындасып, солардың қатарына қосылғысы келеді.  Ал, Ресей  болса,  олардың бұл әрекетін сатқындық деп есептейді. Деп қана қоймай ананы-мынаны сылтауратып, Украинаны бүтіндей, не жартылай өзіне қосып алғысы, ең болмаса өз ықпалынан шықпайтын ел еткісі келеді.

   Ал, Украина неге батысқа ұмтылады? Өйткені АҚШ пен  батыстың  ықпалына  өткендер әлемдегі ең озық елдерге айналды. Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстан тұралап шыққан Жапония, ФРГ, Оңтүстік Корея, Тайвань 25-30 жылда әлемнің ең озық елдерінің қатарына қосылды. Ал, КСРО-ның ықпалында қалған Солтүстік Кореяның, КХР-дің, Шығыс Германияның жағдайы төмен болғанын жақсы білеміз. Олар түгіл  соларды ықпалында ұстаған КСРО-ның өзі «аттылыға ілесіп жаяудың таңы айырылыпты» деп экономикалық және идеологиялық бәсекеге шыдай алмай ыдырап кетті.

   Бұл әлемде әлімсақтан келе жатқан автократия мен демократия майданының нәтижесі еді. Сол майданның алаңы болып тұрған  Украинаны қазір әлемнің бүкіл демократиялық елдері қолдауда. Демократия  жеңсе,  одан Ресей халқы  зиян шекпейді. Автократиядан арылып, дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі.

  Бірақ, жүріп жатқан келіссөздің аяғы немен бітетінін білмеймін. Білетінім, бұл соғыс Қазақстанның одан әрі шикізат елі болып қала алмайтынын көрсетті. Өйткені шикізаттың шүмегін жауып тастаса,  еліміздің халі мүшкіл болып шыға келеді екен. Демек, мейлінше тәуелсіз экономика құруымыз керек. Ол үшін еліміз демократияландыру үрдісін жеделдетіп, экономикасын әлемдік бәсекеге қабілетті тауарлар өндіруге бағыттауы тиіс. Сол кезде ішкі проблемалардың да көпшілігі шешіледі. Мәселен, жұмыссыздық, еңбекақының төмендігі т.б. Егер бұл даму үрдісі көрші елдерімізбен қатар жүретіндей мүмкіндік туса нұр үстіне нұр. Үмітсіз шайтан деген…

 

Қасымхан Бегманов, ақын:

 БІР КҮН, БІР СӘТ ТЕ КЕШІКТІРУІМІЗГЕ БОЛМАЙДЫ»  

Әрбір елдің шегарасы ресми құжаттармен нақты белгіленіп, қол қойылған жаңа заманда түрлі сылтаулар тауып, өзге елдің ішкі шаруасына қол сұғу деген барып тұрған бұрыс шешім. Ресейдің сап түзеген бронотехникаларымен танкілеріне қарсы әрбір Украинаның ауылында  бейбіт халық қарсы тұрып жатыр. Танкілердің алдына шығып, «Таптап өтсең де өткізбейміз, елдеріңе қайтыңдар!» деп шулап жатуының өзі адамның көңілі толқытады. Кеше Украинаның президенті Еуроодаққа мүше болуға арыз берді. Зеленскийдің бұл өтінішіне Еуроодақ мүшелері орнынан тұрып ұзақ қол соқты.

Менің ойымша, Ресей Украинаны уақытша жеңген күннің өзінде де бұл елді бұғаттап ұстап отыра алмайды. Өйткені бірнеше миллиардтаған қарызға кіріп кеткен Ресейдің қазіргі ахуалы мынадай рухы жоғары халықты ұстап тұруы мүмкін емес. Ресей бұл шешімімен өзін бүкіл дүниеге қарсы қойып алды. Енді осыған қарап біздің халық не істеуі керек?

Жас ұрпақты мемлекетшілдікке, ұлтшылдыққа тәрбиелеу бағытында арнайы шешімдер қабылдану керек. Үздіксіз тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Кеше Солтүстік қазақстанның ұлты орыс бір тұрғыны Ресей президентіне: «Украинадан кейін Қазақстанға келіңіз, Солтүстік Қазақстан деген ежелгі Ресейдің жері» деген хатын оқыдық. Ресейдің ішкі толқулары күшейіп тұр, орыс зиялылары басқыншылыққа қарсы шығып жатыр. Бұл не сұмдық?!

 Сондықтан біз қазір салт-дәстүрімізден бастап, қазақтың ежелгі рухын, ұлттық бағыттағы дүниелерімізді нығайтуымыз керек. Мұны бір күн, бір сәт те кешіктіруімізге болмайды.    

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір