Мемлекеттік сыйлықта қадір қалмады
25.02.2022
1684
0

Жазушы, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек әлеуметтік желілердің бірінде әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық мәселесіндегі кейбір кілтипандар жөнінде келелі ой қозғап, Мемлекет басшысына хат жазған еді. Біз сол жанайқайды газет көлеміне қарай ептеп екшеп, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 Халтурщиктердің тойы

 Былтыр балалар әдебиеті жайында қомақты кітабым жарық көрді. Оқыған әріптес, қаламдастар «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық» дейді. Мен ойланамын. Ойланатын себебім – мына қоғамды ластап, батпаққа батырғанымыз секілді, әдебиетті де, мемлекеттік сыйлықты да әбден кір-қожалақ етіп, былғап бітірдік. Басқа саланы былай қоя тұрып, әдебиетке келейікші. Мемлекеттік сыйлықты кімдер алып еді? Алғандардың бәрі бірдей лайықты ма соған?

  1. Кезінде Ленин сыйлығына өтпей қалған жазушыға берілді.
  2. Шығармасын орысша жазатын азаматқа «ұлы мәртебелі орыс тілі үшін» берілді. Біреу ғана болса мейлі-ау.
  3. Комиссиядан құлаған шығармаға, заңсыз қайта отырыс жасап, сыйлық берілді (ертеде).
  4. Құлаған шығармаларды топтап, қаһарман партизан Қ.Қайсенов атынан хат жазып (бармағын бастырып), Президентке жалғасып барып берілді мемсыйлық.
  5. Дүниеден өткен жазушыға Н.Ә.Назарбаевты мойынсерік етіп, мемсыйлық берілді.
  6. Бұдан кейін өліге тіріні қосақтап, мемсыйлық берілетін үрдіс туды.
  7. «ХХ ғасырдың №1 халтурщигі» атанған жазушы, шімірікпей, мемсыйлыққа ие болды. Сол тұста біз: «Бүгін қазақ әдебиеті үшін қаралы күн! Мемлекетіміздің маңдайындағы жалғыз мәртебелі сыйлық «№1 халтурщик» деп танылған адамның қанжығасында кетті», – деп күңірендік. Өйткені Мемлекеттік сыйлық – мемлекеттік рәміз секілді құндылығымыз! Т.Әбдік, Д.Исабеков секілді классик жазушыларымыздың көзінше айтылған қаралы сөз қанатты сөзге айналып, қазақтың ашық аспанын шарлап кетті…
  8. «№1 халтурщик» деп танылған адам мемсыйлық алған соң, халтекеңдер жаппай алға ұмтылды. Құдай, өзің сақтай гөр! Естіген құлақта жазық жоқ, «аққарға», «көзтүрткі» болмайын деп, кейінгі ұсынымда өзі табиғаттас бір халтекеңді жүгіріп жүріп өткізіп, екінші халтекеңді қабатына алды десті жұрт. Жақсылықта біреуден екеу жақсы ғой, әлбетте. Жамандықта біреудің өзі ауыр ғой, халтекелер-ау! Әдебиет екеуіңді бірдей қалай көтереді?
  9. Ең жоғарымен құдалығын бұлдап, жүгіріп жүріп, тағы бір халтекең мемсыйлық алса керек.
  10. Ұлы Абайдың өзі мемсыйлық иегері емес. Ал бізде қаншама рет Абайдың бір кітапқа жетер-жетпес жинағын өндіріске дайындаған, ұлы ақынның мерейтойын аңдып отырып, еңбек жазған ғалымдар топ-тобымен мемсыйлық алды! Абай жарықтықтың әруағынан ұят емес пе?!
  11. Мемсыйлық комиссиясы төрағасы – Мемхатшы, әрине. Әбіш Кекілбайұлы осы орынтақта отырған сәтте мемсыйлыққа түскен шығармаларды түгін қалдырмай оқитын (мен де комиссия мүшесі болғанмын, содан білемін.) Бұл күнде мемхатшы түгілі, комиссия мүшелері сыйлыққа түскен шығармаларды оқымайды деседі. Кім білсін…
  12. Мемсыйлық екі жылда бір беріледі. Өткен жолы да (2020 жылы) дауға айналды. Классик Т.Нұрмағамбетов комиссиядан «құлады». Қанаттасы үшін Нобель сыйлығынан бас тартқан Сартр табылмады біздің арамыздан. Жазушылық мәдениеттің төмендігін осыдан-ақ көруге болады. Бұрын билік (Президент) белден басып халтураға жол ашатын болса, Қ.К.Тоқаев «хатқа» сүйеніп, классиктің бағын жандырды. Рақмет!
  13. Қарап отырсақ, мемсыйлық жеке адамның «культіне» жол беретін, соны жасайтын жағымпаз автор, жасық шығармаға (негізінен) беріліп келген. Соңғы кезде мұндай ыңғайпаздық тіпті қабындап, дендеп кетті.

Оқырман одан сайын шатасты

Енді не істейміз? Қара бояу қара тұмандай басқан мемсыйлықты қалай ағартамыз? Мемлекеттік рәміз қатарлы мемсыйлықты жаман атынан қалай арылтамыз? Ұсыныс біреу-ақ. Ұсынысты сенімді жеткізу жолы бірнешеу шығар.

  1. Мемсыйлық кеңталанттан гөрі кемталантқа, тіпті айдай әлемге (шет елдерге де) әбден қарабет болып мойындалған халтурщиктерге көбірек беріліп барады.
  2. №1 халтекең алған соң, «біз одан кембіз бе?» деп теңгермешілікке ұшырады дәпкеш қазақ. Қисық қабасынан шыққан қиқы-жиқы сөзін жүйрік шығарма санап, мемсыйлыққа «соқыр мысықша» ұмтыла беретін жаман әдет таптық. Сөзге тұрған қазақ сөз бәйгесінде сөзге тұрмайтын, уәжге тоқтамайтын, додада «бәйге атындай аңқылдайтын» қасиетсіздікке ұшырадық.
  3. Егер, мемсыйлыққа ішінара «ревизия жасалмаса», халтекеңдердің жүгіріп жүріп алған сыйлығы алынып тасталмаса, сыйлық айналасындағы дау тоқтамайды, өрттей қаулай береді.
  4. Оқымайтын қоғамға тап болдық. Халтурщиктердің бірінен кейін бірінің мемсыйлық алуы өзі кімді оқырын білмей жүрген «қараңғы» (бәрі емес) оқырманды одан әрмен шатастырып бітті. Қазіргі қазақтың көзі қара матамен таңылып тасталды.
  5. Мемсыйлық алған адам «күлдібадам» жазбасын жинақтап көптомдық шығарады. Сыйлық көптомдыққа жол ашады. Есесіне, сыйлықсыз да маржандай шығармалар беріп жүрген шын талантқа жол жабылады. Әділетсіз берілген мемсыйлық, сөйтіп, берілген кезінде бір рет, көптомдық тұсында екі рет әділетсіздік туғызады. Шын талант түбі өледі ғой бір күні. Өлген соң мемсыйлық иегеріне көше, мектеп аты беріледі. Сыйлықсыз шын талантқа тағы да есік жабық. Тағы да шынталант енді өлідей меселі кесіліп, есесі кетіп тынады. «Екі күймек бір жанға әділет пе» (Абай), бірінде тірілей, екіншісінде өлідей?

Білесіз бе, М.Әуезов, Б.Кенжебайұлы, Е.Ысмайылов,  Ә.Нұрпейісов, Т.Әлімқұлов, С.Адамбеков, А.Нұрманов, Т.Жармағамбетов, С.Жиенбаев, М.Шаханов, М.Сқақбаев (есіме түскендері) – мемсыйлық иегері емес.

  1. а) Қазақстанның бірінші басшысы Н.А.Скворцов: «Әуезовтің «Абай» романын жарыққа шығармаңдар!» – деп қатаң тапсырма берген «КазОГИЗ» баспасына. Жазушыларға деген осы көзқарас күні бүгін де өзгере қойған жоқ.

ә) Жалмауыз КСРО-ны құлатқан – жазушылар (В.Коротич, Ш.Айтматов, Вл.Солоухин, т.б.). Желтоқсанда қайрат көрсеткендер де – жазушылар (Ж.Молдағалиев, С.Шаймерденов, т.б.). Жазушылар – идеологтар. Жаңа қоғам орнатпақ болған билік жазушылардан өлердей қорықты. Олардан идеология қалыптастыру функциясын білдірмей алып қойды. Қаламақысын жойды. Күндерін «жуындыға» қаратты. Аз жағымпазына «культті» (өзін) мадақтатып, масқара мазаққа айналдырды. Мадақ сөзі таусылған жағымпаз «орта мектептің оқулығынан» тұтас тарауды алып, Н.Ә.Назарбаевтың кітаптарына көшіріп кіргізіп жіберіп, масқара әрекетке барды… Мадақ үшін мемсыйлық берілді оларға…  Нәтижесі не? Мембасы да, мемсыйлық та, мемсыйлық иегері – жазушы да… бәрі мазақ, мазақ… Шын әдебиет өлді. Жалған әдебиет жалаулатып жасампаздыққа шықты.. Ақырында жасампаз идеологиясыз жасанды ел… ішке өтірік айтып, бар шындығын сыртқа жаятын жағымпаз (тіпті сатымпаз ба?), «қосылмайтын бастары, қойнына тыққан тастары бар» бишікеш клан, соның зардабынан еріксіз ру-руға бөлінген «ерікті» құл-құтанға айналған бұқара, шарасыз «қалың елім, қазағым» (Абай)… Міне, гәп қайда?

Бүгінде қазақ әдебиеті – халық әдебиеті емес. Мемлекеттік сыйлық – шын өнерпазға бұйыратын сыйлық емес бұл күнде. Қазір «идеология жоқ» дейміз. Өтірік! Идеология бар! Жазушылар араласа жүріп, зиялы қауым арқылы орнығатын мемлекеттік идеология емес бірақ. Жеке адам идеологиясы!

Лайықсыз берілген сыйлықтарды қайтарып алу қажет

Енді не амал?

  1. Орынсыз берілген мемсыйлықтың кейбірін халықтың талқысына салып, қайтарып алу, атағын алып тастау керек.
  2. Шын шығарма жазу үшін жазушыларға жағдай жасалуы жөн. 2020 жылы жалпы кітап басу ісіне 9 млрд. қаржы бөлінген. Қазір ол қаржы да қырқылып тынды. Салмақ билік кітаптарына емес, жазушылардың кітабына түсті. Кітаптарымыз шықпай қалды. Бұл қаламгерлерді қолдау емес, тағы да қорлау болып шықты. Әлеуметтік желі бетінде аямай жазған, сынаған айқайымызға спикер пысқырған да жоқ. Бюджетті қорғай алмай министр кетті жайына.
  3. Халық айтады: «Жауды жеңген жарты батыр, Өзін жеңген шын батыр!» – деп. Әдебиет әлемінің әпенділері-ау, шығармаларыңды қалың жұрттың оқымайтынын іштерің біледі, шығармаларыңның «шикі»-«пісісі» басқадан бұрын өздеріңе белгілі, сондықтан «сыйлық-сырқатқа» көзді жұмып ұмтыла бермей, жан-жақтарыңа қарасаңдаршы алдымен. Орайында мен сіздерді, қаламгерлер, билік сыйлық берсе ала бермей, орден берсе өңірге таға бермей, туған халқымызды түн-түнектен күн-күнеске шығаратын шамшырақ болуға, шынайы  шығарма жазуға шақырамын!

Құрметпен,

Мемсыйлықтан бір рет бас тартқан, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалін,

«Құрмет» орденін алмай отырған ҚР азаматы, әдебиет сыншысы, жазушы Құлбек ЕРГӨБЕК.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір