Қазіргі уақыттың қаламгері
23.02.2022
15103
0

Сәкен Сыбанбай. Осы бір есім-сой естіле қалса, бірі кәнігі журналисті, бірі театр мен киноны, өнерді зерделеген сыншыны, енді бірі қаламы төселген жазушыны, қала берді ақ-адал дос-бауырды елестетеді. Ешкімді жатсынбайтын, жасандылыққа жаны қас сол қаламгер елуді тізгіндеді. Күні кеше ғана газетімізге қызметке тұрған Сәкен Сыбанбайды мерейлі жасымен құттықтай отырып, лебіздер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

ҚАЗІРГІ УАҚЫТТЫ ТАП БАСЫП БЕЙНЕЛЕЙДІ

Бүгінгі қазақ прозасында талантты жігіттер баршылық. Біздің тұсымызда тарихи тақырыпқа қалам тартуға  ұмтылыс  көбірек болды. Себебі тарихымыз бұрмаланды, халық қашанда өзінің өткенін білгісі, сол арқылы өзін-өзі танығысы келеді. Мұның бәрі – заңдылық.

Қазір заман өзгерді. Бұрынғыдай тиым салынған ештеңе жоқ. Архивтер ашық. Ұлт тарихына бойлағысы келген адам кез келген уақытта тарихи деректерге көз жүгірте алады. Ал көркем шығарманың аты – көркем шығарма. Жастардан, кейінгі толқыннан ерекше байқайтыным – бүгінгі заманды жазуға деген құлшыныс. Сол еректікті Сәкен Сыбанбайдың шығармашылығынан көремін. Жазушының бес-алты әңгімесін өзімнің журналыма басқанмын. Туындыларын оқи отырып, оның бүгінгі уақыттың, өмірдің проблемаларын, соған сәйкес мінез-құлықтың қалай құбылатынын, адам психологиясын жақсы зерттегенін байқадым. «Дискриминация» атты әңгімесінде қазақы ауылда тұратын, өзге ұлттың өкілі ретінде бейнеленетін кейіпкер бар. Өзі – бәлеқорлау, арызқой. Ешбір адамның шамасы келмеген оны ауылдың ұр да жық, сотталып келген тұрғыны тәубесіне келтіреді. Шығарма соңы әдемі юмормен түйінделген. Қарттар үйі жайында жазылған тағы бір туындысы есімде ерекше қалыпты. Мұнда қатыгездік, өзімшілдік секілді жағымсыз қасиеттер, адам бойындағы құндылықтардың еленбеуі жан-жақты, өте нанымды ашылған. Кейде қандай да бір шектен тыс қатыгездіктер орын алса, қазақтар: «Ойбай, мұндай нәрсе бізде болмаған, бұл не сұмдық!» – деп шығады емес пе?.. Қазақ басқа халықтардан артық та емес, кем де емес. Мысалы, Шолоховтың «Тихий дон» романында өзінің әкесінен жәбір көрген қыз басты кейіпкер ретінде образдалған. Қазақ әдебиетінде осындай образ жасалса, көпшілік тағы «Ойбай, бұл – масқара. Мұндай бізде жоқ» деп шығады. Олай емес, әр ұлттың да, көркем әдебиеттің де өз шындығы болады. Айтайын дегенім, біз әңгімеге арқау етіп отырған Сәкен Сыбанбайдың өмірге, әдебиетке деген көзқарасы – тап бүгінгі заманның көзқарасы. Жазушыларымыз бүгінгі уақыттың адамы бола білгені дұрыс. Көкейінде орта ғасырға деген сағынышты қоздатып, «Орта ғасырдағы әдет-ғұрыпты ұстану керек», – дейтіндер көп. Заман, таным, түсінік, салт-дәстүр өзгереді. Уақытқа ілесіп отырған жөн. Қаламгерлік бағытты да заман көшінен қалдырмау қажет. Әдебиетке ең керегі – қоғамның ішкі өміріне, адамның жандүниесіне үңіле білу. Осы үрдіс, үдеріс Сәкен Сыбанбайдың әр туындысына тән. Сол үшін де оны жақсы көрем. Өзінің кісілік келбеті де ұнамды. Бойында бір табиғи мәдениеттілік бар. Тәрбиесі жақсы болған ғой деп топшылаймын. Елуге келіп жатыр екен. Бұлар да елуге келіп қалды ма деп таң қалып отырмын. Мақсат-мұратына жетіп, шығармашылықта да, өмірде де табысты болуын тілеймін.

Төлен ӘБДІК, жазушы

 

ШЕБЕРЛІГІ ҰШТАЛҒАН ТАЛАНТТЫ ЖАЗУШЫ

Мен мүмкіндігінше өзімізден кейінгі қаламгерлердің жазғандарын қадағалап, оқып жүруге тырысамын. Кейінгі жылдары Сәкен Сыбанбайдың бірнеше әңгімесін оқыдым. Оны бұрын журналист ретінде білуші едім, көркем шығармалары да маған қатты ұнады. Несімен? Ең әуелі, шыншылдығымен, шынайылығымен. Сосын кейіпкерлерінің табиғилығымен, тазалығымен. Оның кейіпкерлері – әдеби кейіпкер емес, өзінше өмір сүріп жатқан адамдар секілді. Жасандылық деген атымен жоқ.

Мысалы, «Бір шәугім шай» әңгімесіндегі шай ішіп отырған кемпірлердің әңгімесін Сәкен Сыбанбай бейнекамераға жасырын түсіріп алғандай. Олардың өзара әжік-күжік әңгімесі сондай қызғылықты, тіпті оқиғаны өз атынан баяндайтын кейіпкердің өзі оқып жатқан кітабын қоя салып, үш кемпірдің «өсегін» тыңдағанды қалайды. Мен де сондай күй кештім, тура ауылға барып келгендей болдым. Кемпірлердің өзара әңгімелері кейбір классик жазушылардың шығармаларында айтылатын оқиғалардан әлдеқайда тартымды, әлдеқайда табиғи.

«Мұңлық» – нағыз трагедия. Оқып отырып, «Біз не боп барамыз?» деп мұңға шомасың. Бірақ айналадағы қатыгездіктен шошына отырып, болашағыңа алаңдай отырып, бәрібір өмірде Қанат пен Раушан секілді мейірімді жандардың да кездесетінін біліп, риза боласың. Қоғамда осындай ізгі адамдардың әлі де бар екеніне шүкіршілік етесің.

«Дискриминация» әңгімесі – қазақтың әлі оянбағанын, ояна қоюы да оңайға соқпайтынын ашына аңғартқан шығарма. Ауылға келе жатқан комиссияның мақсатын әркім әр саққа жүгіртеді. Өйткені, расында да, ауылда шешілмей жатқан шаруа шаш етектен. Бірақ кіл қазақтан құралған комиссияның бар ойлағаны – 98 пайыз қазақ тұратын ауылда орыс сыныптарын ашу және «дискриминацияға ұшырап жатқан» аз ұлт өкілдерінің жағдайын жасау ғана. «Біз қалай ел боламыз?» деген уайымым онсыз да көп еді, мына әңгімені оқып шығып, одан сайын ойға баттым.

«Ғаламтордағы махаббат» – ғасыр дертін ашып көрсеткен шығарма. Компьютерге тәуелділік, ұялы телефонға байланып қалу – қоғамды дендеп бара жатқан жазылмас ауру. Кнопканы басқаннан кейін де, ұшып шыққан ядролық бомбаны қайтып орнына қоюды адам баласы әлі ойлап табатын шығар, ал ішіне кіріп кете жаздап телефонға телміруді тоқтатуға ешбір құдіреттің шамасы келмейтін секілді көрінеді маған.

Осындай әңгімелерін оқып шығып, түйгенім: Сәкен Сыбанбай – өмір шындығын көркем шындықпен қабыстыра білетін, шеберлігі ұшталған талантты жазушы екен. Оқып отырып сан түрлі қазақ әлеміне «сүңгіп» кеткеніңді өзің де байқамай қалатын шынайы шығармалар жаза берсін!

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург

 

ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРСЕ ДЕ, БІЛІП ЖАЗАДЫ…

Менің теңтұстарым – жылдар бойы мерзімді басылымдарға жазылып, газет-журналдардың рет санымен күндегісін күнде оқып өскен ұрпақ. Қазіргі кезде қаншама телеарна көрудің мүмкіндігі, интернет ақтарып қараудың реті келсе де – баяғы әдет, яғни тұрақты түрде газет-журналға жазылып, қалыптасқан дағдымен күндегісін күнде оқып отырам. Мұны айтып жатқаным, бұл күнде «Ердің жасы елуге» толып жатқан журналист балам Сәкен Сыбанбаймен сол мерзімді басылым арқылы танысып едім…

2006 жылы ақпан айының 20-сында әнші Мақпал Жүнісова опат болған жұбайы Заманбек Нұрқаділовтің жүз күндігін өткізіп, Құран бағыштады. Сол күні Бәкең-Бақытжан Момышұлы екеуміз барып ата дәстүрімізбен Мақпалдың қаралығын түсірдік. Кешке қарай: «Жас қазақ» газетінің тілшісімін», – деп Сәкен есімді жігіт хабарласты. Ол: «Апай, мен Мақпал Жүнісовадан сұхбат алуға барып едім. Бақытжан аға екеуіңіз келіп қаралық түсіру рәсімін жасапсыздар. Біз жаспыз ғой, мұндай дәстүрді білмейді екенбіз, осының мән-жайын ұқтырып айтып берсеңіз», – деп өтініш білдірді. Неге айтпасқа, «білгеніңді білмегенге айтпасаң ол да – күнә» деуші еді қариялар. Бұл күнде ұмытылған, бірақ ата-бабамыз ұстанған дәстүрдің егжей-тегжейін Сәкенге түсіндіріп бердім.

Бірнеше күннен кейін үш айдай үйде отырған Мақпал сахнаға шықты. Бұл кездейсоқ келген тосын шешім емес еді. Олай дейтінім, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 60 жылдығына арналған концерттің дайындығы жүріп жатқан. Ал Мақпал – Кеңестің талай әнін орындаған әнші. Алайда ол: «Концертке қатыспаймын», – деп бас тартқан болатын. «Күйеуі кеше өлген әйел сахнаға қалай шығады?» деген ауыр да күмәнді ойлардың құрсауында қалып, айналасына сенімі сетінеп жүрген кезі еді. Біз келіп қаралығын түсіріп, рухани демеу көрсеттік. Ал Сәкен қазақтың мағыналы салтын көшелі ой, жүйелі сөзбен мөлдіретіп тұрып оқырманға тамаша жеткізді. Концерттің алдында «Жас қазақ» газеті таратылып, жұртшылық Сәкеннің жазғаны арқылы қаралық түсірудің маңызын түсініп, анау азалы күннен қайтып көрінбеген сүйікті әншілері туралы оқып, онымен жүздесуге психологиялық жағынан дайын отырғандықтан жақсы қабылдады.

Содан бастап күні бүгінге дейін Сәкен баламның жазғандарын жібермей оқимын, риза болып сүйсініп отырамын. Өйткені ол қандай тақырыпты жазып, қандай мәселе көтерсе де бас-аяғын жұп-жұмыр етіп ұсынады, біліп жазады. Оның қаламынан шыққан туындылар үлкен-кішіге бірдей ұғынықты, тілі жатық әрі әдемі, кез келген адам қызығып оқиды.
Айналайын, Сәкен! Таңдарың арайлы, күндерің шуақты болып, өзіңді іздеп оқитын оқырмандарың көбейе берсін деп ақ ниетпен тілеймін.

Зейнеп апаң АХМЕТОВА

 

ЖҰМБАҚ ЖІГІТ

 Жұмбақ жасырсам табасыз ба? Табан астындағыны таба алмайтын баласыз ба, байқап көріңіз, басыңызды ептеп шайқап көріңіз. Жұмбағым мынандай: оның ата-тегі «мынандай» деген сөзге мықты ұйқасады. Ал азан шақырып қойған аты кім? Атақты ақын-жазушы Сейфуллиннің, Жүнісовтің, Иманасовтың және «МузАРТ» тобының әйгілі әншісі Майғазиевтің есімдерімен оның есімі егіз қозыдай ұқсас. Таптыңыз ба? Әп бәрекелді! Иә, ол – қаламының қарымы бар, қастерлі ойының арыны бар, дархан көңіл дарыны бар Сәкен Сыбанбай. Ол – расында да Қазақстанның қазба байлығындай жұмбақ жігіт. Жер астында ашылмаған  қандай қазына бар екенін біле бермейміз ғой. Бірақ жобалаймыз. Сәкен де сондай. Сөзіміздің бісмілләсін жұмбақтан бастаған себебіміз де сол. Оның табиғи таланты мен жабулы қазандай жан-дүниесін аша түсу үшін жұмбағымызды жалғастырайық:

Бер жағынан қарасаң,

Ар жағы көрінеді.

Ар жағынан қарасаң,

Бер жағы көрінеді.

Бұл не?

Шешуі – терезе. Бірақ бұл жұмбақтың шешуін Сәкен Сыбанбай десе де болады. Көңілі әйнектей, аузын ашпаса да ар жағындағы ақ жүрегін көресің.

Тағы бір жұмбақ:

Басы да екеу,

Аяғы да екеу.

Шешуі не?

Қайшы немесе Сәкен Сыбанбай. Сәкен де қара қайшыдай қиып түседі. Білімі мен білігіне, қабілеті мен қарымына қарағанда, иығында бір емес, екі бас бар сияқты. Байқадыңыз ба, қаламгер Сәкенді қайшыға бекер теңеп отырған жоқпыз.

Қазақ шежіресін былай қойғанда, Үнді тарихының ұңғыл-шұңғылына сүңгіп, жағырапиясына дейін жаңғақтай шағады. Оны қойшы, хоббиі шығар. Ол өнер өлкесінде өзіндік соқпағы бар театр сыншысы, маңдайымызға симай кеткен Әшірбек Сығайдың шәкірті болғасын ба, қай театрда қандай спектакль жүріп жатқанын түнде түртіп оятып сұрасаңыз – мүдірмейді ғой, мүдірмейді. Қай әртіс қай рөлде ойнайды? Қай әнші қандай деңгейде? Оның қайсысы халық әнінің қалпын бұзып айтып жүр? Талдайды. Талдайды емес, тарыдай қуырады. Ал енді футбол десе алдындағы асын жерге қоятын жанкүйерлігі ақиық ақын Әбділда Тәжібаев пен домалақ допты сиқырға теңеген Сейдахмет Бердіқұловтан, спорт журналисі Несіп Жүнісбайдан кем емес. Әлемге әйгілі қай футболшы қай командада? Теңбіл доп шеберінің қайсысы қай жылы қанша гол соқты? Жатқа айтады. Жады мықты. Басы бас емес, компьютер. Сәкеннің  басы да екеу деп отырғаным осы.
Қашан қарасаңыз да «Елек, елек тарым бар, көтере алсаң, бәрін ал» деп жұмбақтаған құмырсқаның илеуіне ұқсайды. Еңбекқор. Өте еңбекқор. Тыным жоқ. Соған сүйсінесің. Бірақ тарының бәрін таси бермейді, талғамы жоғары. Ордалы ойлары мен қордалы көзқарасын електен өткізіп елейді. Екшеп-екшеп елге керегін алады, кебегін қалдырады.

– Бақа, бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ?

– Жо-о-оқ, Менің басым домалақ!

…Басының қандай екенін білмейтін

Бақаларға обал-ақ.

Бұл – жұмбақ емес, мысал. Біздің Сәкен сынадай қағып сынайтын кейіпкеріне «Сен бақа бассың!» демейді. Ажарлы ойын астарлап, тұспалдап жеткізеді. Кейбір кездерде «Жабу қисық емес, түйе қисық» деп беделіне қарамай бетке айтатын сәттері де бар. Тектіліктің қаны теуіп тұрғандықтан ба, негізі момын. Бірақ қойдан жуас қоңыр бала көрінгенімен, жуас түйедей жүндете бермейді. Жүндей алмайсың, не оған бірдеңе деп үндей алмайсың. Неге? Адамгершілігі мол, аурасы таза. Бір өзі – бір мемлекет. Шекарасы – аура.

Құдай бар байлықты мінезі мен тіліне берген. Оның аудармаларының өзін оқысаңыз, қаймағы бұзылмаған қазақ сөйлеп тұрғандай. Стоп! Шығармаларына тоқталмай-ақ қояйын, о жағын басқалар айта жатар. Түйіндейін. «Адамзат өмірінен әдебиетті алып тастасаң, сыңғырлаған ақша мен сықырлаған қару ғана қалады» деген ғұламалардың тәмсілін тәпсірлесек, «сыңғырлаған ақша мен сықырлаған қарудан» басқасын біздің Сәкеннің бойынан табасыз.

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ОНЫҢ ПРОЗАСЫ ҚЫЗДЫҢ ЖИҒАН ЖҮГІНДЕЙ

«Лениншіл жас» – «Жас Алашта» 90- жылдары өңкей бір жанып тұрған жас дарындармен жұмыс істедім. Журналистикада өз қолтаңбасын танытып үлгерген солардың басым көпшілігінің келешекте жазушылыққа бет бұратыны аңғарылып тұратын. Олай дейтінім, берілген тапсырманы құнттай етіп орындайтын әбжілдігі өз алдына, жай қара мақаланың өзінде прозаның, поэзияның тілі жүретін. Мақаланың өзін көркем жазатын. Әлгі құнарлы тілді қарадай қара мақалаға қимайсың. Осылай қалам тербейтіндердің бірі әрі бірегейі Сәкен Сыбанбай еді. Ойын әбден сүзгіден өткізіп, салмағын сезініп, қажет болса біліммен байытып барып жазатын.

Сәкен әдебиетке осындай үлкен мектептен өтіп келді. Оның дәлелі «Ғаламтордағы махаббат» атты кітабы. Бір жазушы бар шығармасын ойға, бір жазушы бар сезімге, бір жазушы бар оқиғаға құрып жазатын. Біреуі диалогпен, біреуі монологпен жазудың шебері. Сәкенде осының бәрі бар. Оның туындыларының оқылымды болатын бір себебі, жылы ағыстарды, терең тартыстар мен иірімдерді былай қойғанда, юморы мықты. Кейіпкерінің болмысын осы тәсіл арқылы ашуға шебер.

50- жылдары М.Әуезов біздің әдебиетіміздегі, жазушыларымыздың бойындағы жетімсіздік білім деп еді. Сол мәселе әлі де маңызды тәрізді. Сәкендегі бір артықшылық осы. Арғы-бергі әдебиетті көп оқып, зерделеген, білім жиған. Әдетте қанша талантты деген жазушының өзі оқып, тоқып отырмаса тоқырайды, таусылады, тіпті шашылып қалады. Сәкен осы қасиетті мықтап ұстанған. Киесі мен иесі бар қасиетті әлемге, «бейнет сусынына» (Абай) өзін дайындаған. Содан болар оның прозасы қыздың жиған жүгіндей жинақы, жылы проза. Білім, парасат-пайым ұшқындап тұратын танымдық, зияткерлік прозаның нәзира үрдісінің үздік көрінісі.

Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы

 

СЫРҒАНА, СПОРТШЫ ҚАЛАМ!

Мамандық таңдап, сол салада іске кірісіп кету де өзінше бір бәйге. Мысалы, спорт журналистикасын алайық. Әр газеттің, радио, телеарналардың өз спорт білгірлері бар. Спортты жазуда, айтуда, көрсетуде қаласаң да, қаламасаң да бәсекеге түсіп отырасың. Бұл бәйге емегенде не? Ал бәйге болған соң алға да жиі қарайсың – көмбе қашан көрінеді деп, соңыңа қарауың да сирек емес – құйрықтістесер жас перілер бар ма деп… Сондай бәйге кезінде жазба журналистикадан көзіме оттай басылған осы Сәкен Сыбанбай болатын. Жазғандарын рахаттана оқыдым да, арқадан қақтым да, жолына тілекші болдым да.  

Бүгін зерделеп отырсам, Сәкенжан мен арамыздан ешкім жалған дей алмайтын үш ұқсастық таптым. Бірінші, спортты өнер деп бағалап, соған күш-қуат, сезім-жігер, уақыт-ғұмырды арнау. Спорт атты сиқырдың ішінен бүкіл әлемді арбаған ала доп өнері – футболды алабөтен ұнатуымыз. Сәкеннің қаламды нық ұстай бастаған шағындағы футболға бағыштаған жазбаларын, өзім жазып отырғандай, балқып отырып оқитынмын. Ал, оның «АЛА ДОПТЫҢ АЛАМАНЫ» атты жинағы тек тірнектеп жинаудың ғана мәуелі жемісі емес, білудің, тұшынудың, мүшелеп-жіліктей алудың да айқын белгісі. Футбол – сиқыр. Сиқыр болғанда да бүкіл әлемді баладан қартына дейін өзіне қарата алған жалғыз сиқыр. Ол туралы жазба да көп, түсірілімдер де мол, ал ауызбен айту мына қара жерге төңкерілген астаудағы мың қабат ауадан аз емес. Мұндай деректі дүниені оқырманына дәмді етіп бере алу үшін түк жоқтық бір қатер болса, тым көптік тағы бір азап. Күрмекті күріштен айырып алу қандай қиын.  Сәкен айналайын соның биігіне шығыпты. Екінші, ол спорттың сәйгүлігіне мініп келе жатады да, кенет адамзаттың шөлдемей тұра алмас машығы – мәдениет пен өнерге лақтырады құрығын. Дәл түсіреді, құтқармайды, оны да құлақтан басып, ауыздықтап алады. Бұл қасиетінің ұқсастығы қайсы дерсіздер? Жауап берейін. Мен де спорт атты бәйгеторымен ғана шапқылағандай болғаныммен, өнер тақырыбы менің жазбаларымда спорттан артық болмаса бір сүйем де кем емес. Әрі бұл уақыт талабымен келген іске араласу емес, жүрек қалауымен  іздеген жауhарлар. Сәкен Сыбанбайдың ондай жазбаларынан да осы хош иіс аңқиды.

Үшінші ұқсастықты бөліп айтпасам болмайды. Ол – ауылды аңсау, ауылды сүю, ауылды құдіреттей көру, ауыл табиғатын, ауыл қасиетін, ауыл құпиясын сол қасиеттерді сағына отырып жазбасына арқау ету! Мен Сәкенжанның бұрынырақта оқыған «БІР ШӘУГІМ ШАЙ» деген әңгімесін қолға қалам аларда қайта оқыдым. Әңгімеден ауыл исі аңқиды. Сәкен ауылын аңсайды, ауылға баруды армандайды, әңгімесінде бастан-аяқ ауылды ту етіп көтеріп, қаладан жерінген миллион қазақтың атынан жер тепкілейді. Кезінде мінезді Баукеңнің келіні жазған «Шуақты күндерге» мен: «Шіркін, мынау қазақ келіндерінің Жарғысы ғой!» деп баға берген едім. Сәкен болса жоғарыдағы шығармасымен бүгінгі қала жастарының, тіпті қала ғана емес, ауылдағы тәрбиеден алшақтай бастаған жастардың бойынан көктемде еріген қардай жоғалып бара жатқан қазақи әдет-ғұрып, салт-дәстүрді көз жасын көл ете отырып, апалардың аузымен, әлгі ойсыз ұрпақтың кеудесіне зорлап құймақ болады. Ғажап! Әңгімені айтамын. Мен Сәкенжанның шығармасына риза болғаным сондай, өз жанымды да жеп жүрген және оны Ауыл ғана силайтын, осындай ұлттық қасиеттерді өз отырысына ешқашан тақырып қылмайтын ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНЕН үміт үзе отырып, осы шығарманы «Апалар Алқасының отырысы» деп таңбалап, сол Үкіметі құрғырға жолдап отырмын. Ал Ауыл мен оны шығармасына өзек етуден сенің Сәкенге қандай ұқсастығың бар десеңіздер, ол жайлы Сәкеннен сұраңыздар.

Бұл қаламгер Сәкен Сыбанбай жайлы ағалық толғанысымның мыңнан бірі ғана. Оның қай жазбасын алып оқысаң да алғашқы сөйлемнен соң-ақ сені тұсаулап алатын бір тылсым күшке жолығасың. Ол – жазушының ішкі табиғи байлығының күші. Қаламгер ішкі дүниесімен кіршіксіз таза болғанда ғана оқырманын баурап алатын шығарма туғыза алмақ. Сәкеннің жазылған да, жазылмақ та шығармалары сондай боларына менің еш күмәнім жоқ. Өзінің шығармадағы кейіпкері айтқандай, «Мырзашөлдің ыстығына күймеген» ақ жүзді Сәкен Сыбанбайдың ішкі сәулесі де көз қарықтырардай деп ол жайлы рахаттана ойлап жүрген жайым бар.

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 АҚПАНДА ТУҒАН «АЯЗ АТА»

Біз Алматының «Құлагер» атты құт-мекенінде Сәкен ағаймен көрші тұрамыз. Бұрын Әмірхан барда іні-дос, туысқан болсақ, қазірде аға-дос болып отбасымызбен араласамыз. Екі отбасындағы қуаныш, жақсылықтарды бірге бөлісуге тырысамыз.

Сәкен ағайдың әңгімелерін оқып отырсақ, бірде балалық шаққа саяхаттап, бірде үлкен кісілерше ойға батып, сан түрлі күйді бастан кешетініміз бар. Жазбалары өзі сияқты биязы, салмақты, жып-жылы. Қалжыңға құрылатын әңгіме, диалогтары да адамды бір серпілтіп тастайды. «Ғаламтордағы махаббат» әңгімесі қазіргі замандағы кейбір жастардың басынан өтіп жатқан жағдай екенін іштей мойындайсың…

«Мұңлық» әңгімесі де адамды бей-жай қалдырмайды. Мұңлық қыздың тағдырының қиын болғанына қынжыласың. Санаңды салмақты мұң басады.

Ал футбол тақырыбында Әмірхан екеуінің әңгімесі жарасып, уақыттың қалай өткенін байқамаушы еді.

Әмірхан қайтқаннан кейін маған «енді сен біздің Әмірханымыз боласың» деп, жігіттерше амандасатынымыз бар.

Бір күні Жаңа жыл қарсаңы болатын. Есіктің қоңырауы шырылдады. «Кім екен?» деп сұрасам, «Аяз ата келді» деді ар жағынан. Кім болды екен деп ойланып үлгергенімше, Сәкен ағай қолында үлкен қапшығы бар, «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп келді. «Аяз ата келді, қане, тақпақ айта қойыңдар, сендерге сыйлығым бар» дегені. Қапелімде тақпақ ойда болушы ма еді, тақпақтың орнына ыстық-ыстық шай ішкенбіз. Келер жылы да Аяз атамыз бізді ұмытпай, сыйлық әкеліп берді. Біздің Аяз атаның ерекшелігі ақ сақалы емес, қара сақалы бар деп қалжыңдаймыз.

Сәкен ағайды мерейлі мерекесімен құттықтаймыз. Аман болыңыз, бар болыңыз, ақпанда туған мейірімді «Аяз ата»!

Мархабат ШОЙБЕКОВА,

Әмірхан Балқыбектің жары

 

МЕН БІЛЕТІН СӘКЕН…

 «Адам жолсапарда, талас үстінде танылады»

Ғ.Мүсірепов

Сәкен екеуміз сапарлас болып үлгердік. Байқағаным, өзі сыйлайтын адаммен жолға шықса, оған барын салып қызмет көрсетеді. Өмірде ебедейсіздеу көрінген адам пойыздың ішінде ширақ қимылдап, шайыңызды тасып, төсегіңізді салысып, үйден келіншегіңіз толтырып салып жіберген тамақты турап, дастарханыңызды жайнатып, қызылкүрең шайды сізбен бірге сораптап отырып, таңға әңгімеңізді тыңдауға әзір екені түрінен көрініп тұрады. Ал ұнатпаған жолаушымен бір купеге түссе, онда құдай ұрды дей беріңіз… қойған сұрағыңызға «иә», «жоқ» деген қысқа ғана жауап аласыз, мүлде сөйлескісі келмесе дігідік-дігідігімен мезі қылар пойыздың жүрісінен айнымайтын шаршаңқы түрмен қараңғы түнде не көретінін қайдам, терезеге тесіле қарап, одан қалса телефонға телміріп отырады да қояды.

Екеуара пікірталасқа тақырып табыла қалса тіпті керемет! Сіздің  бірдеңені дәлелдегіңіз келіп, екілене сөйлегеніңізге аузын ашып, тамсана қарап, арасында «мынауыңыз ғажап тұжырым екен», «иә, ол кітапты мен де оқығам, бірақ сіз сияқты терең мән бермеген екем», «сіз керемет айттыңыз» деген сияқты сөздермен сізді аспандатып жібергенін өзіңіз де байқамай қаласыз және аса бір ыждағатпен тыңдаған Сәкеннің түріне қарап, өзіңізді асқан «ақылды», «білімді адам» деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін. Соның әсерімен аузыңыз көпіріп, тыңдайтын тегін құлақ табылғанына қуанып, ой… таң атқанша жібересіз әңгімені. Сол беті күн шыққанда бір-ақ тоқтайсыз. Сәкен тағы да өте сыпайы қалыпта сізді мақтай келе, тақырыпқа байланысты өз ойын білдіреді, сол кезде… иә, сол кезде сығырайған ойлы көзіне қарап отырып… көп сөйлеп кеткеніңіз, осындай жәйттердің бұдан бұрын да талай қайталанғаны есіңізге түсіп, көңіліңіз босағандай бола ма, тым ақылдысымақ болып кеткеніңізге ұялғандай боласыз ба, әйтеуір ерекше сезімде боласыз. Ең бастысы, ол жігіттің тұжырымы сіздікінен әлдеқайда маңыздырақ екенін сезген кезде құшақтап бетінен сүйгіңіз келеді. Ішіңізден: «Менің көпірмемді таң атқанша тапжылмай тыңдаған не деген сабырлы азамат?» деп қайран қаласыз.

Елдің бәрі Сәкенді өте биязы, сабырлы деп ойлайды, ол – алдамшы түсінік. Егер біреу оның намысына, шамына қатты тиетін сөз айтып қалса, Сәкен тек сол азамат еститіндей сыбырға бергісіз төмен дауыспен және өте зілді үнмен: «Сен кет!» – деген кезде сіз де талай жанды ренжіткеніңіз есіңізге түсіп, өзіңіздің пендешілігіңіз олардан анағұрлым жоғары екенін білгендіктен және айғайдан ащы бұйрық сізге де арналғандай ана адаммен бірге далаға атып шыға жаздайсыз. Сондықтан Сәкенмен әңгіме-дүкен құрарда осы мәселелерді жадыңызда ұстаған дұрыс-ау…

Қадырғали КӨБЕНТАЙ

 

ЕРДІҢ ЖАСЫ ЕЛУІҢ – КЕМЕЛІҢЕ КЕЛУІҢ!

Алып-ұшқан албырт арманмен Алматыға асыға аттанып, атағынан ат үркетін КазГУ-дың ақ босағасынан аттай сала алғаусыз көңілмен ең алғаш танысқан, бірден тіл табысқан досымның бірі – Сәкен Сыбанбай еді.

Сымдай тартылып, сыпайы сәлемдескен сырбаз жігіттің сыбызғыдай үні құлаққа жүдә жағымды естілді. Мәйіндей мәдениетті көрінетін, көптің көңілін бірден аударатын көрікті-ақ адам екен. Сынақтан сыр бермей студент атанған соң білім алуға білек сыбана кіріскен Сыбанбайдың немересімен жұбымыз жазылмайтын жақын дос, жақсы сырлас боп кеттік. Өзіміз де, сөзіміз де жарасып, жатақханада бірге тұрдық. Сырт көзге сындырған нандай, монтаны момақан көрінгенімен, көңілі көтеріліп, ағынан жарыла қалса, шешен тілмен шебер сөйлеп, сөздің сөлін ағызатын, тілдің майын тамызатын тапқыр екеніне таң қалған талай қазақтың алды мен едім. Жантая бере жамбасқа салып, жағына сүйеніп «жатып атары» бар тікен тілді Сәкен досымның әліге дейін көнермей, жадымда жатталып, санамда сақталып қалған «сары майдай сарқыт сөздері» көп…

Әлі есімде, біз 1990 жылы алғашқы курсты аяқтар алдында жанталасып жазғы сессияға кіріскен күні футболдан әлем чемпионаты басталды. Бақсақ, Сәкен сабазым «Ала доптың аламанын» (С.С.) естісе болды есі кетіп, «ішер асын жерге қоймай, жедел жеп бітетін жебірдің» нақ өзі екен. Біз оқудан ес жия алмай сессия соңына түссек, ол барлық тірлікті басы бүтін жиып қойып, күні-түні теледидарға телміріп, теңбіл доп тепкендерге «қосылды». Түнімен экранды еміп, таңға таман талып құлайды. Алматыдағы жалғыз жанашыр жақыны біздер оны таң ата құлағынан тартып, Құдайдың зарын айта бастасақ «Менсіз-ақ бара беріңдер, білім ала беріңдер! Бетімді жуып, жетемін қуып» дейді беймарал керіліп, еріне есінеп. Сөйтіп, сынақ апталығы аяқталып, енді емтихан бастала бергенде «доп додасына басымен кіріп кеткен» Сәкенді амалсыз алқымынан алдық. «Ей, досым, серейіп жата бермей, енді есіңді жи, ертең – емтихан!» дедік зілдене зіркілдеп. Сонда төсекте доптай домалап жатқан досымыз: «Жігіттер, сендер сессия деп сес көрсетпей-ақ қойыңдар! Деканаттан жолдама алсам да, едел-жедел жетіп алам сендерге. Неге түсінбейсіңдер, сессия деген бір жылда – екі мәрте, ал футболдан әлем чемпионаты 4 жылда бір-ақ рет өтеді ғой!» деп, өзімізге дүрсе қоя бергені.

Не дерсің, күлдік те қойдық. Сәкен досым әдеттегідей айтқанынан қайтпай, бірде-бір матчты қараусыз қалдырмай доп додасын бітірді де, бірден сессиямен айқасты бастады. Зейінді шәкірт, зерек студент қой, зачёттарды заматта тапсырып, енді емтихандарды еңсеруге кіріскенде қас қылғандай «Қазіргі қазақ тілі» пәнінің оқытушысы қылтиып, қырсықты да қалды. Қара жер хабар айтпасын, марқұм Ержан ағайдың ебін де, «емін» де мен табушы едім, досым үшін ара ағайын болуыма тура келді. Кеу-кеулеп жүріп «Ботаникалық бақтағы» сыраханаға апарып, көңіл-күйі көтерілген сәтте ағайдың алдына Сәкеннің сынақ кітапшасын сырғыта қойдым. Мәселенің мән-жайын айтпай-ақ аңғарған ақкөңіл ағай досымның зачёткасындағы фотосы мен басқа емтихандарының бағаларына бажайлап қарады да, «Жап-жақсы оқитын тәп-тәуір бала еді ғой, не қара басып жүр мұны?!» деп, маған сығырая қарады да, «Немене беттің арын белге түйіп, «5» қойып бер деймісіңдер?» деді. Біз де обал-сауапты білетін адамбыз ғой: «Ағай, 5 қойсаңыз,  бағадан обал, 3 қойсаңыз, баладан обал!» деп едім, елпілдек Ерекең кеңкілдеп күлді де, жуан төрттік баға мен қолын қонжита қойып берді. Аңқылдақ ағайға алғысымды жаудырып, алдын ала келіскеніміздей таяқ тастам жердегі тасада аттап басқан адымымызды аңдып тұрған досыма «жерден 7 мың доллар тауып алғандай» (Сәкенше айтқанда) желпілдеп жетіп бардым. «Ине жұтқан иттей боп имиіп» тұрған (өзінің сөзінше) қарыздар студент «Не болды?» деді дегбірі қашып. «Қойдың піскен басындай ырсиып» (С.С.) әдейі үндемедім. Шіліңгір шілденің шыжыған ыстығында шыжың баладай шыдамы әрең жетіп, мені әбден күткен әпендім қолымнан зачёткасын жұлып алды да, ежіктеп оқып, іле екі езуі екі құлағына мінгесе қалды. «Топырақ түстеніп тотыққан бетіне» (С.С.) қан жүгіріп, «Кеттік, өзіміздің қыздарға барып, бағамды жуайық!» деді. Жолай «КазГУградтың» әмбебап дүкенінен әдеттегідей «Сказка» тортын сатып алдық та, құтты қонысымыз – журфактың әйгілі 5-жатақханасына тарттық. Бірге тұратын курстас қыздарымыз – Гүлнәр Дуанабаева, Нұрила Молдабаева мен Бибігүл Жексенбай (танымал тележүргізуші, талантты медиаменеджер) мәре-сәре боп, мәселенің мәнісін сұрады. Сонда қалжың қалтасы қашанда тоқ жүретін Сәкен мән-жайды баяндады да: «Еее, қыздар-ай, қызығы сол, бұрын 3 сомға торт алатын едік, енді «төрт» алатын болдық қой» деп көпшілікті күлкіге көмген болатын.

«Бәйгеге қосқан құнандай – әйгілі Сәкен Сыбанбай» туралы таңды таңға ұрып, талай сырдың тығынын атып, тиегін ағытсақ, қарымды қаламгерлердің қайнар бұлағы – «Қазақ әдебиетінің» тұтас бір нөміріне жүк болары сөзсіз. Халық қамын сөз еткен – ұят болар газеттен. Сондықтан бүгінде тісқаққан тілші, «жүргіш» журналист» (өз сөзінше), азулы аудармашы, қарымды қаламгер, жампоз жазушы, кәнігі кино және театр сыншысы, өресі биік өнер және мәдениеттанушы тұлғасында талайға танылған талантты Азамат – Сәкен Сыбанбайды меншікті мерейтойымен күллі курстастар атынан шын жүректен құттықтаймын! Ердің жасы елуің – Кемеліңе келуің, «Бесті» шығып белсеніп, Елге есеп беруің! Ендеше, жазар көбейсін!             

Серік ӘБДУӘЛІ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір