ҮКІМЕТ КӨКТЕМГЕ ДАЙЫН БА?
14.02.2022
2328
0

Еліміз биылғы көктемнен не күтеді? Ауылшаруашылығы қандай деңгейде? Шаруалардың жағдайы қалай? Былтыр батыс өңірді тығырыққа тіреген қуаңшылық биыл қайталана ма? Экономика ғылымының докторы, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры, кәсіпкер, ауылшаруашылығының білікті маманы Айтуған Мұқашевпен сұхбатымызды ұсынамыз.

 Үкімет Маңғыстау қуаңшылығынан сабақ алды ма?

 — Ауылшаруашылығының маманы ретінде айтыңызшы, Маңғыстаудағы былтырғы жағдайға, малдың қырылуына, жем-шөптің жетіспеуіне не себеп болды? Бәрін ауа райына жауып қоя саламыз ба?

— Былтыр ауа райының жайсыз болғаны рас. Бірақ, ауа райына ғана сенім артып отыра берсек, ауылшаруашылық министрлігінің, ауылшаруашылығымен айналысатын ғылыми орталықтардың, ауылшаруашылық университетінің, жалпы, осы саладағы мамандардың не керегі бар? Кез келген мемлекет кез келген жағдайға барынша дайын болуы тиіс. Мәселен, қазір ғаламдық жылыну күш алғанын, әлем ғалымдары дабыл қағып жатқанын бәріңіз білесіздер, былтырғы жағдай біздің елде көрініс берген осы ғаламдық жылынудың алғашқы белгілері. Яғни, оңтүстік батыстан бастап құрғақшылық, шөлейттену бастала бастайды. Бұдан қашып құтыла алмаймыз, дегенмен, алдын алуға болады. Осыдан 10 жыл бұрын біз министрлікке қуаң жерлерді игеру жобасын ұсынғанбыз. Осы жобада қай өңірге қандай шөпті қандай тиімділікпен өсіруге болатынын көрсетіп бергенбіз. Мысалы, әр өңірдің табиғатына, ауа райының ыңғайына қарай өсетін тал-терегі, шөбі болады. Сырттан алып келген түрлі тұқымды да сол өңірдің ыңғайына қарай өсіру қажет. Амал қанша, одан бері талай министр ауысты, біздің жобамыз сол күйі ескерусіз ұмытылып қалды. Егер сол іске асса Маңғыстау малы қырылмас еді. Былтырғы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Ең бастысы, осындай жағдай болатынын ауылшаруашылық мамандары алдын ала айтуы керек еді. Ең қиыны, осы қуаңшылық, батыста болған қиыншылық Оңтүстік Қазақстан облысына кірді. Жамбыл облысының шетін қамтыды. Ал биыл Алматы облысына да жетеді. Қысқасы, ауылшаруашылық министрлігі дабыл қағуы керек!

— Алдын алуға болады дедіңіз. Сонда министрлік, жалпы, үкімет не істеуі тиіс?

— Өздеріңіз де куә болып отырсыздар, биыл да ауа райының беті қатты. Жауын-шашын сирек жауды, қыстай қар да мандытып түскен жоқ. Осының өзі биыл шөптің жұтаң болатынын көрсетіп тұр. Яғни, құнарлы шөптерді егу, қолдан суғару, мал басын азайту, өзге өңірлерге уақытша қоныс аудару шараларын іске асыру қажет. Мәселен, былтыр батысқа еліміздің әр түкпірінен жем-шөп жеткізді. Бұл өте жақсы, қазақтың бауырмалдығын, бір-бірін тастамайтынын көрсетті. Алайда, бір жердің шөбі бір жерге қорек болмайды. Өз жерінің шөбіне үйренген мал өзге жердің шөбін сүйсініп жей алмайды. Яғни, босқа ысырап болады. Былтыр бауырларына шөп жібергендердің өздерінде биыл шөп жоқ. Қарағандыда шөптің бір тоннасы былтыр 8 мың теңге болған, биыл 20 мың теңге. Енді қанша болатыны мүлде белгісіз. Шөп бағасы осындай болғанда ет бағасы қандай болады? Осыдан келіп мал ұрлығы шығады.

— Бір жердің шөбі бір жерге қорек болмайды дегеніңіз рас, мен Алматы облысының Кеген өңіріненмін. Бір жылдары бізде де шөптен таршылық болып, іргедегі, арасы жүз шақырымдай, бұрынғы Шелек ауданынан шаруалар шөп сатып алды. Соны өздері аш болса да мал жей алмады.  

— Міне, көрдіңіз бе? Әр өңірге бірден жерсініп, тез көктеп кететін құнарлы тұқым еккенде, соны дұрыстап күтіп-баптағанда ғана жерді тозудан, шөлейттенуден сақтап қала аламыз. Мысалы, біздің ел жерінің кеңдігін, малының көптігін мақтан қылады. Ол заман өткен. Қазір аз ғана жерді тиімді пайдаланып, аз ғана малды асылдандыру керек. Құнарсыз жүз гектардан құнарлы он гектар, шұбырған жүз сиырдан асыл тұқымды он сиыр артық екенін білетін уақыт болды ғой. Өзіңіз білесіз, арабтар мен еврейлердің жері құрғақ. Бірақ, олар соны тиімді игеріп, түйелеріне көк шөп тауып беріп отыр. Ал біз әлі көшіп жүрміз. Аз ғана жерді тиімді пайдалануды үйрену керек. Ол үшін көп жылдық құнарлы шөп ексеңіз жетіп жатыр. Мысалы, Талдықорғанда Алмасбек деген бауырымыз бар, 250 гектар жерде 2 жарым мың қой ұстап отыр. Аядай ғана жерді күту, суғару, құнарландыру біріншіден оңай. Екіншіден, сонау өріске бару, аяғынан тозу малды шаршатады, оңай семіртпейді. Ал, мұнда мал ұзақ жүрмейді, яғни, көп энергия жоғалтпайды. Жоғалтпаған соң көп шөп жемейді, есесіне семіз болады. Тағы бір мысал, біздегі қымыз өндірісіне сүт тапсыратын фермер бір жылқы арқылы өзіне жылына бес мың доллар кіріс кіргізді. Яғни, биесінің сүтін сатты, құлыны өзінде қалды.

— Енді үкімет, ауылшаруашылық министрлігі Маңғыстаудан сабақ алды, биыл былтырғы жағдай өзге өңірлерде қайталанбайды деп ойлайсыз ба?

— Меніңше, Маңғыстаудан әлі сабақ алған жоқ. Сабақ алса, осы күнге дейін көпшілікке бірдеңе айтар еді. Міне, көктем де келіп қалды. Дәл қазір ғылыми зерттеу орталықтары, ауылшаруашылық мамандары, облыс әкімдері «Биыл мына өңірлерде қуаңшылық қаупі бар. Оның алдын алу үшін былай істеу керек» деген сияқты жол көрсетуі керек еді. Өйткені, қара шаруа табаны тілініп жүріп егін егеді, ал онысы шықпай қалады. Содан бостан босқа шығынға батады. Міне, рас, көктем келді, егін егіп, ол шықпай, шаруалар тағы тұралай ма? Былтыр жылдағыдан 4 миллион тонна астық кем алдық. Ал, биыл қанша ала аламыз деген болжам бар? Осыны кім айта алады? Мүмкін ыстық ауа райына қолайлы майлы өсімдіктер өсіру керек шығар? Мысалы,өзбектер нұқыт өсіреді. Өзбекстанды білесіздер, ыстық жер. Ал нұқыт ыстыққа шыдамды, бұршақ тұқымдас өсімдік. Бағасы да бидайдан екі есе қымбат. Ендеше неге тәуекел етпеске?

Бағана айттым ғой, жерінде ештеңе өспейтін Израил әлемді асырап отыр. Кәрістер су молекуласын бөлу арқылы ағзамыз тұтынатын су мөлшерін төрт есеге азайтып жіберді. Ал біз мақтаға, күрішке суды әлі күнге жайып пайдаланамыз. Жердің ғана емес, судың да қадірін білмей отырмыз. Соның кесірінен Іле төрт есе азайып, Қапшағай мен Балқашқа су жетпей жатыр. Сырдарияны дұрыс пайдалана алмай Аралды өлтірдік. Ертіс пен Жайықта да су жоқ. Ал, үлкен өзендеріміздің бәрі сырттан келетінін ескерсек, ертең мүлде қиын жағдайда қалуымыз мүмкін екенін ұмытпауымыз, бір тамшы судың құнын білуіміз қажет. Яғни, біз суға тәуелдіміз. Алматыдан шығып, Талдықорған, Семей, Өскемен жаққа кетіп бара жатсаңыз, үлкен жолдың бойының бәрінде өзендердің аты жазулы тұр. Бірақ, қаншама жыл болды, сол жерлерден өзен ағып жатқан жоқ. Неге? Үлкен өзендердегі су ағайған, көлдер бұрынғыдай кемерінен асып жатқан жоқ, көл кемерінен аспаған соң жаңағы шағын өзен, бұлақтарға су жетпейді. Ерте көктемде он, жиырма күн ағар, қалған уақытта кенезесі кеуіп жатады. Енді тағы бір қызықты айтайын, сол өзен атаулары жазылған жерлердің бәріне дәу көпірлер салып қойған. Сонда бұл картада бар, өмірде жоқ өзендер жол саларда ескерілмеген бе? Асфальттің см-і бәленбай ақша болғанда, атшаптырым көпірлердің құны қанша болды? Одан да соны үлкен қалаларға, қажетті жерлерге неге пайдаланбайды? Осының өзі жүйесіздіктің, ғылыми тұжырымдаманың жоқтығының, ақшаны дұрыс игермей керексіз жерлерге жұмсаудың көрінісі ғой.

— Тым күңіреніп кеткен жоқпыз ба? Бұл қиындықтардан шығатын бір жол бар шығар?

— Әрине бар. Мәселен, малды да, астықты да аудандастыру деген болады. Яғни, сол жердің ыңғайына келетін шөп, ағаш егу, сол жерді жерсінетін мал өсіру қажет. Сіздер жақта миранос тұқымдас қойлар бар. Олар ыстыққа шыдамайды, ал, ыстықта жүрген малдар солтүстік жақты жерсінбейді. Мысалы, біз сырттан асыл тұқымды деп көптеген мал алдырдық. Солардың басым бөлігі бостан босқа өліп қалды. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе, солардың көбінен осындағы малдарға ауру жұқты. Бұл олардың бәрі ауру мал деген сөз емес. олардың иммунитеті үйренген ауруға біздің малдар, біздің малдар үйренген ауруға олар үйренбеген. Нәтижесінде, бірінен жұққан ауруға бірі көндіге алмай босқа шығын болды. Мысалы, әлемге төнген пандемиядан да қаншама адам көз жұмды. Яғни, олардың бойында сол вирусқа қарсы иммунитет қалыптаспаған. Ал, байқасаңыз, көше кезіп, қоқыс ақтарып жүрген бомждар өлген жоқ. Себебі, әр нені жеп жүріп, олардың бойында кез келген ауруға қарсы тұратын иммунитет қалыптасқан. Ал, осындай жағдайларды алдын ала ескеріп, мына мал мына өңірді жерсінеді, мына шөп мына жерге жақсы өседі деп, ретімен орналастырса, көп қиындықты болдырмауға болады.

 

Жылқы сүтінен сапалы иіссу жасауға болады

 — Қазір ауылшаруашылығын қолдайтын жобалар, пайызы төмен несиелер көп. Дегенмен, осының өзі шаруалардың аяғынан тұрып кетуіне демеу бола алмай жатқан сияқты. Бұл шаруалардың олақтығы ма, жобалар тиімсіз бе?

— Рас, алам, ауылшаруашылығын дамытам деген адамға түрлі жобалар бар. Оны тиімді пайдаланып, мал басын көбейтіп алғандар да бар. Бірақ, басым бөлігі не мал өсіре алмай, не жер игере алмай отыр. Мысалы, шетелде субсидия жеке шаруаға берілмейді. Өндіріс орындарына беріледі. Ал өндіріс орындары өзіне керекті астықты, малды, жүн, теріні, сүтті шаруалардан сатып алады. Сосын оны өңдеу арқылы пайда табады. Сонда субсидия берген өкімет те ұтылмайды, шаруаның да шаруасы дөңгеленеді, өндіріс орны да тұралап қалмайды. Ал, қазір бізде бордақылаған малының етін, сауын сиырының сүтін, қойының жүні мен терісін қайда өткізерін білмей отыр. Ең бастысы, өндіріс дамуы керек. Мәселен, біз он жыл бұрынғы бағдарламамыздың аясында шағын ғана өндіріс орнын аштық. Жұмысын сауатты жүргіздік. Сол қазір Қарағандыда үлкен зауыттың қалыптасуына себеп болды. Бір ауданды жұмыспен қамтып, бір ауданды асырап отыр. Өндіріс орындары көбейсе, сұраныс артса, мал басы да өседі. Сосын, төрт түліктің бір түрін өсірумен ғана айналысу керек. Төрт түлікті қатар ұстау пайда әкелмейді және ол қазір мақтан емес. Мысалы, ертемен тұрып, жылқы, сиырды суарып, одан қойды өріске жіберіп, одан жылқы, сиырдың астын тазалап жүргеннен көрі, бір ғана түлікті таңертең реттеп, қалған уақытта соның өсіп-өнуін, асылдануын қолға алсаңыз тиімді емес пе?

— Қазір ауылшаруашылығы мамандары жеткілікті ме? Жалпы, олардың біліктілігі қандай?

— Ауылшаруашылығы мамандары өте аз және біліктілігі сын көтермейді. Ең өкініштісі, ауылшаруашылығында оқыған бірде-бір бала ауылға қайтып жатқан жоқ. Өйткені, оларды қолын ысқылап тосып отырған ешкім жоқ. Баяғы жүйені қараңыз, әр ауылға үлкен қалалардан жолдамамен міндетті түрде бір мұғалім, бір дәрігер, бір агроном, бір мал дәрігері, т.б келетін. Олар сол саланы ғана дамытып қоймайтын. Ауылдың тамырына нәр беретін. Қазір әркім өз бетімен жүр. Сондықтан, әр ауыл, әр аудан өзіне керекті мамандық бойынша арнайы жолдамамен оқушыны оқуға жіберуі тиіс. Ол оқуға жеңілдікпен қабылданып, оқуын аяқтаған соң кемі үш жыл ауылында қызмет етуі қажет. Үш жылдан кейін өзінің-ақ кеткісі келмей қалуы мүмкін. Есесіне ауылда ақсап жатқан бір сала жолға қойылады.

— Енді Германияда өткен күндерге, экономист ретінде, неміс менеджментін меңгерген кәсіпкер ретінде біліктілікті жетілдіру, тәжірибе алмасу қалай жүргеніне тоқталсаңыз…

– Германияда экономика мамандығын меңгердім. Штутгарт деген қаладағы Хоэнхайм университетінде оқыдық. Сонда неміс экономикасының негізі ислам экономикасында жатқанын білдім. Олардың экономикалық жоба-жоспары ұзақ мерзімге жасалады әрі олар халықтың жағдайымен санасады. Оқи жүріп Қазақстан мен Германия экономикасының арасындағы алшақтыққа күйіндім. Ол елде әр жұмысты өз маманы атқарады. Мысалы, фермерді алайық. Біздің фермерлер малды да өзі бағады, өзі емдейді, жем-шөбін өзі дайындайды, қала берді, өнімін де өзі сатады. Бұл экономикалық тұрғыдан үлкен қате. Өйткені, осы қабілеттің бәрі бір адамның бойында болуы мүмкін емес. Хабары болған күннің өзінде ол ақпарат толық емес. Осының кесірінен ел экономикасында кері кетушілік бар. Яғни, мамандар өз орнында отырған жоқ. Германиядағы фермердің функциясы – малға қарап, жем-шөбін салу ғана. Малдың жем-шөбін дайындап, түсіріп кететін арнайы мекеме бар, малды ғылыми-зерттеу институтында тексеруден өткізеді. Малды біз сияқты базардан сатып ала салмайды. Фермерге сиырды сүтті сиыр бағатын арнайы институт әкеп береді. Фермер сиырды сауып, сүтті арнайы ыдысқа құйып қояды. Ыдысты сүт өңдейтін зауыт алып кетіп, әрі қарай өзі сатады. Көрдіңіз бе, әр жұмысты сол саланың маманы атқарады. Неміс менеджментінің біздкінен осындай айырмашылығы, артықшылығы бар.

— Біраз жылдан бері жылқы шаруашылығын зерттеп жүрсіз. Ғылыми ізденістеріңізбен танысып отырып, жылқы сүтінен иіссу, сабын, косметикалық бұйымдар жасағандарыңызды көрдім. Сапасы қандай, белгілі бір стандарттарға, бәсекеге сай ма? Жалпы, сұраныс бар ма? Бар болса бағасы қанша? Осының қалай жүзеге асқанын айтып беріңізші.

– Фермерлермен арнайы келісімшарт жасасқанбыз. Сол құжат бойынша фермерлер жылқы бағып, оны сауып отыр. Біз солардан қымызды алып арнайы аспаппен кептіреміз, оны өз маманы атқарады. Дайын болған өнімді сабын мен сусабын жасайтын мекемеге апарамыз. Олар біз көрсеткен рецепт бойынша сабын мен сусабын жасап береді. Осыдан 2 жыл бұрын қымызды кептіріп Оңтүстік Кореяға апардым. Ондағы мамандар косметика өнімін жасап береді, өнімнің соңғы кезеңінде сүт ұнтағын өзім қосамын. Қазір соны елге әкеп, сатып жатырмыз. Бүгінде кептірілген капсуладағы саумал, қымыз, балаларға арналған сабын, үлкендерге арналған сусабын және косметика шығарып жатырмыз. Болашақта мұндай өнімдер қатарын көбейтеміз деген ой бар. Неміс менджементі жұмысты жедел істеп, ілгерілетуге септігін тигізіп жатыр.

Ең бастысы, біздің бағалар тұрақты. Капсуладағы саумалдың құрамында адам ағзасына қажетті витаминдер бар. Күніне үш уақыт ішіп отырған адамның иммунитеті бірден көтерілетіні ғылыми түрде дәлелденген. Ал, бағасы – 15 мың теңге. Мерзім-мерзімімен тұтынушыларға жеңілдік жасап тұрамыз. Керек еткендер болса, қымыз жайында, капсуланы қалай тұтыну керек екені туралы сайтымызда, Instagram парақшамызда жазулы тұр. Біз ұсынып отырған өнімдердің сапасы өте жоғары. Шикізат өз еліміздікі әрі табиғи. Жайылымда жүрген жылқылардың саумалы, қымызы болғандықтан сүт сапасы өте жақсы. Мұны Германиядағы, Оңтүстік Кореядағы ғылыми тексерістер, зерттеулер растады. Өнімдерді неміс технологиясымен өңдейтініміз және бар, сондықтан сапа жағынан ешкімнен кем емеспіз. Әуел баста өнімді өндірумен ғана айналыссам, сатуды басқа компаниялар атқарса деп ойлағам. Мысалы, шетелде жаңадан шыққан өнім тезірек танымал болуы үшін желілік бизнеспен айналысатын компанияларға беріледі. Мен шығаратын эксклюзив өнімнің бірі – косметиканы Global Trend желілік компаниясы сатты. Neo деген компания біздің саумалымызды, Sunlight компаниясы саумал мен қымызды, сабындарды сатты. Бұл компаниялармен 1-2 жыл жұмыс істедік. Дегенмен біздің елімізде желілік компаниялардың дұрыс дамымағанын, онда жұмыс істейтін кісілердің де сауатының төмен екенін байқадым. Оның үстіне, желілік компанияларға берген соң өнім бағасы көпшілікке қолжетімді болмай қалды. Сондықтан қазір өнімді тікелей өзіміз сатамыз, бағасын түсірдік. Сату саласына қатысты мамандар дайындап жатырмыз.

— Өзіңіз басқарып отырған институттың қазіргі жағдайы қандай? Дәл қазір немен айналысып жатыр? Қаржыландыру мәселесі қалай?

– Біздің мекеме «Қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институты» деп аталады. Бизнестегі серіктесім Германиядан болғандықтан осылай атадық. Әр өнімнің ғылыми жағы міндетті түрде жұмыс істеп тұруы керек. Ғылым жаңалық ашып отырады, оны біз өндіріске енгіземіз. Бүгінгі таңда бір заттың жақсы-жаман екенін ғылыми тұрғыда дәлелдемесе, адамдар ол өнімге күдікпен қарауы мүмкін. Сондықтан ғылымды қатар жүргізіп отырмыз. Өнімді клиникалық тексерістерден өткіземіз, денсаулыққа, тағамға қатысты ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланысамыз. Өнімді сол институттарға тексеруге береміз. Белгілі бір ғылыми басылымдарда ғылыми мақалалар жариялап жүрміз. Айтайын дегенім, қандай да бір өнім сатылуы үшін оның міндетті түрде ғылыми-зерттеу институты болуы керек. Институт өнімді жақсартады, дамытады. Компанияның мұндай институты болмаса, оның өнім түрлері көбеймейді. Бұл әдіс неміс менеджментіне жатады. Германияда өнімнен қалған қалдықтың өзін зерттейтін институттар бар. Олай болса, бізде неге саумал мен қымызға арналған зерттеу институтын жасамасқа?

Бізді ешкім қаржыландырмайды. Ғылымда ойлап тапқан дүниеміз өндіріске шығып, сол өнімді халыққа сатамыз. Содан түскен ақшаның белгілі бір мөлшерін өнімнің ғылыми зерттеуіне бөлеміз.

 Үштік алған бала бестік алатын баланы қалай тәрбиелейді?

 — Бір сұқбатыңызда «Пандемия бізді ғылымның жаңа түріне өтуге мәжбүрледі. Ол – қымызды да, сүтті де кептіріп, халыққа ыңғайлы түрде жеткізу» депсіз. Яғни, бұл кәдімгі қымызды толық алмастыра ала ма? Кепкен соң күшін жойып алмай ма? Бағасы қанша, қайда сатылады?

– Кепкен бие сүті жайында ғылыми еңбек көп. Бұл Қазақстан үшін жаңалық болғанымен, әлем мұны баяғыдан біледі. 20 жыл бұрын Германияда оқыған кезде қымызды кептіргенбіз. Біз тек соны Қазақстанға алып келдік. Одан бері біраз уақыт өтті, дегенмен қазіргі деңгейге жеткеніміздің өзі қуаныш. Себебі елде технология жетістіктері біршама уақыт өткеннен кейін барып жасалады. Ендігі мақсатымыз – Қазақстанда өндірілген табиғи өнімді шетел нарығына шығару. Біз дүниеге ара балын сатып немесе Coco Cola жасап мақтана алмаймыз. Оның бәрін басқалар бізден бұрын шығарып қойды. Біздікі елдегі мал шаруашылығын дамытып, содан өндірілген өнімді шетел нарығына шығару. Осымен жұмыс істеп жатқанымызға 3 жыл болды, өнім сапасына қатысты ұнамсыз пікір естіген емеспіз.

— Жалпы, осы айтылған мәселелермен айналысатын өзіміздің мамандар бар ма, олардың кәсіби деңгейі қандай?

– Қазақстанда үлкен мәселелердің бірі – мамандардың жетіспеуі. Бәріміз «атқа шаба алам, қымыз іше алам» деп мақтанамыз. Ал жылқы ұстайтын адам жоқтың қасы. Жылқының қай тұқымын ұстау керек, оның қайсысы еттіге, қайсысы сүттіге жататынын айыратын маман табылмайды. Бие сауудың дұрыс технологиясын ұйымдастыратын адам жоқ. Қазақ неше ғасырдан бері жылқы бағып келе жатса да, сол жылқыны сауатын аппарат жасалмаған. Қазір біз қолданатын аппарат Германияда ойлап табылып, Түркияда жасалған. Осының өзі-ақ біздің жылқыдан қаншалықты алыстап кеткенімізді көрсетеді.

— «Оқушылардың мектепке баруға, білім алуға еш ниеті жоқ. Ондай адамнан ғалым жасау мүмкін емес» депсіз. Оқушылардың ынтасын ояту үшін сіз қандай жол ұсынар едіңіз?

– Мектептерде, университеттерде сабақ бердім. Сол кезде балалардың білім алуға деген қызығушылығының төмен екенін байқадым. Біздің бала күнімізде мұғалімдеріміз сабаққа қызығуға жағдай жасаушы еді. Қоғамда өнер адамдары қатты дәріптеліп кеткендіктен біздің де балаларымыз соларға қарап тек әнші, биші болғысы келеді. Әйтеуір, тезірек танымал болуға ұмтылады. Білім алып, соның арқасында жұмыс істеуге немесе ғылым жолына түсуге құлшынысы жоқ. Өйткені бала мен студент өзіне сабақ беріп жүрген оқытушылардың хал-күйін көргендіктен бұл салаға ұмтылмайды. Басқа жақты айтпай-ақ қояйын, өзім білім алған Германияға тоқталғаным жөн. Ол елде дәрігер мен мұғалімнің оқуына тек ең жоғары баға алған бала ғана түсе алады. Ал бізде педагогика саласына барып жатқан балалардың білімі қандай? Мектепті әупірімдеп үштік пен төрттік алып бітіргендер сәйкесінше балы төмен мамандық – педагогиканы таңдап жатыр. Өзі үштік алып өскен бала бестік алатын баланы қалай тәрбиелеп шығады? Өкінішке қарай, бізде білім саласында осындай өте үлкен кемшіліктер бар. Дегенмен Асхат Аймағамбет бауырымыз министрлікке келгелі мұлғалімдердің жағдайы бір сатыға жоғарылаған сияқты. Қазақ «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ғой. Білімді ұрпақты қазір тәрбиелеп шығармасақ, ертеңіміз бұлыңғыр. Қазақстанның болашағын жасайтын қазір креслода отырған шал-шауқандар емес, жалындаған жастар. Оларды ғылымға қызықтыруымыз керек. Қазір әлемде өте бай адамдар – жаңалық ойлап тапқандар және жаңалығын халыққа сата білгендер. Бұған Илон Масктың өзі өте үлкен мысал болады.

Білім саласындағы кемшіліктің бірі – мектеп пен ата-ананың байланысының болмауы. Ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста, баласын мектеп тәрбиелеп жатыр деп ойлайды. Керісінше, мектептен беріліп жатқан тәрбие шамалы. Өйткені, мұғалімдердің көп уақыты білім мен тәрбие беруге емес, қағаз толтыруға кетіп жатыр.

— Жоғарғы қызметтерге талай рет шақырыпты. Неге бас тарттыңыз?

– Шетелде оқуымды бітіріп келген соң Ауылшаруашылық министрлігінің бір бөлімінің басшысы болып істедім. Бірақ сол кездегі жалақыммен астанада өмір сүру мүмкін емес еді. Шынын айтсам, пәтерді жалдау ақысына да жеткен жоқ. Сол себепті басқа жұмыс істеуге тура келді. Германияда оқып жүргенде БҰҰ жұмыс ұсынды. Өздерінің жобасын Қазақстанда да дамытуға шақырды. Үсынысты құп көріп Қарағанды облысына кеттім. Осы облыс әкімінің ауыл шаруашылық бөлімі бойынша кеңесшісі қызметін де атқардым. Жоба біткен соң Дүниежүзілік банктен қоршаған ортаны басқаруға қатысты жобадан ұсыныс түсті. Ол жобамен 3 жылдай айналыстым, сол кезде Қоршаған ортаны қорғау министрінің осы жобалар жөніндегі кеңесшісі болдым. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығы төмен, көп мәселені өздері шеше алатын құзыреттілігі жоқ. Жоғарыдан түскен бұйрықты орындаумен ғана айналысатынын, бір кабинеттен екіншісіне қағаз тасумен күні өтетінін көрдім. Нақты мәселелер шешілмей жатқанына көзім жетті. Оның үстіне, мемлекеттік жұмысқа қызықпадым да. Қайта жаңағындай жобаларды басқару арқылы ауыл халқының мәселесін шешуге еңбек ете алдым деп ойлаймын. Яғни, соның арқасында екі-үш ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы көтерілді.  

Одан кейін Сүлейман Демирель университетіне жұмысқа шақырту алып, ректордың кеңесшісі болып 3 жылдай істедім. Нәтижесін қазір көріп жатырмыз. Бұл оқу орны Қазақстандағы ең мықты 5 университеттің қатарына кірді. Елге пайдаңды тигізу үшін мемлекеттік қызметте істеу міндетті емес екенін сонда түсіндім.  

Университеттен соң Қытайдың Шыңжаң аймағының ауыл шаруашылығы министрінің 2 жылдай кеңесшісі болдым. Шекара жабылуына байланысты ол жоба тоқтады. Елге келген соң ғылымды әрі қарай жалғастырып, жеке бизнеске кеттім. Қытайда бие сүтін толық зерттеп, соның ішінде саумал мен қымыз өнімдерін қарастырдым. Негізі бұл Қытайда шығуы керек еді, шекара жабылған соң өз елімізде шығара бастадық. Қазақстан нарығында корей косметикасы жақсы сатылады екен. 2 жылдай Оңтүстік Кореяға барып косметика өндіріп жүрдік, пандемия басталған соң шетелге шығуға мүмкіндік болмай қалды. Қазір өнімімізді өзіміз жасап жатырмыз, бұл іс жолға қойылып келеді. Түрлі салада алған тәжірибеміз бен біліміміз пайдаға асып жатыр. Осы қызметтің бәрінен маған университетте сабақ беру, жастарға білім беру ұнады. Қалай болғанда да өзіңнің білгеніңді өзгеге үйретіп кеткен дұрыс.

— Енді туып-өскен жерге, білім алған мектепке, екі жоғары оқу орнын қатар оқығаныңызға келсек…

– Қарағанды облысында туып-өстім. Мектепті 1991 жылы бітірдім, өзімізді совет өкіметінің соңғы «медалистері» деп айтамыз. Мектепті Алтын белгіге бітіріп, Алматыға оқуға келдім. Сол жылы бірден үш оқу орнына құжат тапсыруға мүмкіндік жасалған еді. Мен Алла нәсіп етіп үш оқу орнына да түсіп кеттім. Бірақ, үшеуіне бірдей үлгеру мүмкін болмады. Сондықтан, тек екеуін бітіріп шықтым. Оның бірі қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, екіншісі Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті. Оқуда өте мықты мұғалімдерден білім алдым. Оқытушыларымыздың нашары профессор, алды академиктер еді. Ол кезде Аграрлық университеттің ректоры Кенжеғали Сағадиев болатын, Техникалық университетті академик Еренғайып Шайхутдинов басқарды. Ол уақытта ректормен кездесу күрделі шаруа емес еді. Оқу орны басшылары ай сайын студенттердің хал-ақуалын білу үшін кездесетін, талай сұрақ қойып көзіне түстік. Оқуда да еш қиналмай әрі сол кісілердің қолдауымен 1997 жылы, қазіргі тілмен айтқанда, қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Одан кейін 2 жыл әскер қатарында офицер болдым. Әскери борышымды Қапшағайда өтедім.

— «Болашақ» бағдарламасына іліккеніңіз де қызық екен. Жолыңызда жақсы адамдар кездесіп, әр оң қадамға себепкер болуы кездейсоқтық па, тағдыр сыйы ма?

– Әскерден келген соң жеке бизнесімді бастап, ұлттық сусын – қымызды өндіріске енгіздік. Сол жылы «Үздік кәсіпкер» атанып Елбасымен кездестік. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев «Мынадай жақсы бастамаң бар, «Болашаққа» неге тапсырмасқа?» деген еді. Сол сөз түрткі болып 2001 жылы «Болашақ» бағдарламасына өттім. Бағдарламаға 1500-ге жуық адам өтінім жіберіп, соңғы турға 150-і іріктелді. Соңғы тур мемлекеттік комиссия алдында өтетін болды. Комиссия құрамында министрлер де болды. Төрағасы Әбіш Кекілбаев болғандықтан емтихан сұрақтарына қазақша жауап беруімізді сұрады. Кезегім келіп, кірдім. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Школьников не себепті Германияны таңдағанымды сұрады. Сауалды орысша қойса да, қазақша жауап бердім. Германияда қымыз бизнесіне қатысты технологиялардың дамығанын, соны меңгергім келетінін айттым. Екінші сауалды Павлов мырза қойды, бітірген оқуым экономика саласы бола тұра не себепті техникалық мамандықты таңдағанымды сұрады. Оған да қазақша жауап бердім. Бауыржан Мұхамеджанов деген кісі отырды, қателеспесем, Әділет министрі еді. Маған бірден дүрсе қоя берді. «Ел орысша сұрақ қойса, неге қазақша жауап беріп тұрсың?» Кірерде қазақша сөйлеу керек екені ескертілгенін айтып, әлгі қазақшамды орысшаға аударып бере алатынымды жеткіздім. Школьников пен Павловтар менің жауаптарымды түсінгенін, орысшаға аударудың қажеті жоқ екенін айтты. Мұхамеджановтың орыстардың алдында маған орысша жауап бер дегені ұят болды. Бәрін тыңдап отырған сол кездегі мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев маған алаңдамай, кете беруге болатынын айтты. Соңғы турдан 50-60 кандидат оқуға жолдама алдық. Бәрі біткен соң Кекілбаев аудиторияға кірді де біреуді іздеп тұрды. «Болашақ» б ағдарламасына өткен адамдардың тізімін оқуға шығыпты, бірақ әуелі мені шақырып алды. Сосын «сендерге сенеміз, Қазақстан болашағы сендердің қолдарыңда, алған бетіңнен тайма» деді. Елдің бәрі шапалақ ұрып, мен мәз болдым. Міне, солай Германияға жол түсті.

— Сұхбатыңызға көп рахмет! Ісіңіз ілгерілей берсін!

Сұхбаттасқан Қанағат Әбілқайыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір