«БҮЛІКШІЛ АДАМ»: ЖАСТАР ЕЛ БОЛАШАҒЫНА НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?!
21.01.2022
2878
0

Қаңтардағы оқиға кезінде шеруге шыққандардың ішінде жастардың қарасы мол болды. Ескі жүйенің ауысуын сұраған, жемқорлық пен жұмыссыздықтан қажыған, қымбатшылыққа қарсы екендерін ашық айтқан шерудің соңы немен аяқталғаны баршамызға мәлім. Жастар ел болашағы нұрлы боларына неге күмәнданады? Бүгінгі билікке неге сенбейді? Өз елінде өгейсулерінің түпкі себебі неде? «Ашулы жастарды» әлеуметтік проблемалардан басқа не толғандырады? Осы сұрақтар төңірегінде жас қаламгерлердің ойын білген едік.

«Алқаның» кезекті отырысына жазушы Есбол Нұрахмет, Әлішер Рахат, ақын Мерген Тоқсанбай қатысты.


Бүлікшілдіктің бір атасы – еркіндік сүйгіштік, бір атасы – қараңғылық

 «Қ. Ә»: Жазушы, философ Альбер Камю өзінің «Бүлікшіл адам» еңбегінде былай дейді: «Бүлікшіл адам дегеніміз қандай адам? Ол – «жоқ» дей алатын адам. Бірақ жоққа шығарғанымен, мүлдем ат құйрығын кескенге жатқызбаңыз: ол өзінің алғашқы қимылымен-ақ «иә» дейді. Өмір бойы қожайынның дегенінен шықпай келген құл кенет соңғы нұсқауды қабылдамайды… Өзін құлға айналдырған тәртіпке қарсы ол өзінің құлдыққа өзі белгілеген шекараға дейін ғана төзу құқын қарсы қояды…». Ал, сіздіңше, «бүлікшіл адам» деген кім?

Е.НҰРАХМЕТ: Бұл сұраққа дәл осындай қысылтаяң сәтте жауап беру қиын. Біздің қоғамда болған жайды әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, философтар ойланып, сараптап, сабақ алғанымыз жөн. Ақын мен жазушы тек өзінің шамасы жеткенше ақиқатты айтуға тырысса, көргенін, танығанын жазса жеткілікті деп санаймын. Бүлікшілдіктің бір атасы еркіндік сүйгіштік болса, бір атасы қараңғылық болар. Бұл бізді әлі де ойландыратын тақырып.

Ә.РАХАТ: Бүлікшіл адам «не бар болады, не жоқ болады» деген қағидаға сүйенеді дейді. Меніңше, адамның осындай күйге түсуі өте қауіпті. Өйткені оның миы өзге нәрсені қабылдамайды. Не доссың, не жаусың. Қаңтар қасіретінде осы бір ой, үрей, сенім көпшіліктің санасын тұмшалап алған сыңайлы. Ұзақ жылдар бойы пікірін ашық білдіре алмай келген бейбіт шерушілерді ашындырғандар да, ата жауын көргендей сақшыларды тепкінің астына алғандар да, елдің «тойға айналғанын» пайдаланған ұры-қарылар да, кейіннен азаматтарды заңсыз түрмеде азаптағандар да осындай ойдың аясында бүлік шығарды деп ойлаймын.

 М.ТОҚСАНБАЙ: Алаңға ешкім өзін бүлікші болам деп барған жоқ. «Ақырып теңдік сұраған» қазақпыз ғой. Теңдігін, әділдігін сұрап барған ел. Оның үстіне осындай хәлге итермелеген де билік еді. Түбі осылай боларын бәріміз білдік. Бірақ ешкім де адам қаны төгілсін деп тілеген жоқ. Әбден қажыған, шаршаған, төзімі таусылған халық алаңға шықты. Ақыры бүлікші атанды.

Жастардың бәрі тик-токта селтең-селтең билеп жүрген жоқ

«Қ.Ә»: Біз кісі өлтіргенді, тонағанды, қиратқанды қатаң айыптаймыз. Бірақ бұл оқиғаның бейбіт шерумен басталғаны және олардың арасында жастардың үлес салмағы өте көп болғаны анық. Жастарды алаңға алып шыққан қандай күш? Олардың билікке өкпесі қандай, неге наразы?

М.ТОҚСАНБАЙ: Жастар әр кезде де алда жүреді ғой. Тәуелсіздікті алып берген де солар. Бойдағы қайрат, жігер, рухы мұқалмаған, көзі ашық, көкірегі ояу жастар өре түрегеліп алаңға шықты. Меніңше, олар Тәуелсіз Қазақстанын жаңаша көргісі келеді. Өзгерткісі келеді. Қашанғы шындықты айтса, айыпталып, қуғындалады?! Жастар деген кімдер ол? Ол – «Қайран Елім» деп күңіренген Димаш Құдайберген. Ол – «Қате жүйе, қисық жүйе, ағал-жағал, күйе-күйе» деп ән салған Мархаба Сәби. Ол – «Шындықтан қаша алмайсың» деген жазу жазып қуғындалған Әлімжан Ізбасаров. Ол – мына қоғамнан шаршап кеткен, өз орнын таба алмаған Ақназар Қажымұрат. Ол – үш баласын тоғызыншы қабаттан лақтырып, кейін өзі де секіріп өлген сорлы жас ана. Ол – Аягүл Мантай…

Осы оқиғалардың бәрі жастарды толғандырмайды деп ойласақ қателесеміз. Жастардың бәрін тик-токта селтең-селтең билеп жүр деуге болмайды. Араларында өте сауатты, білімді, дарындылары да, патриоттары да бар. Және олар біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Міне, солар біздің жемқор жүйеден қажыды. Қарсы шықты. Дегенмен… біз тағы да оларды сақтап қала алмадық. Қырып алдық. Қырып салдық. Оларды біз пайдалана алмап едік, содырлар пайдаланып кетті…

Ә.РАХАТ: Біріншіден, Алматы жастардың қаласы болғандықтан шығар, басқа өңірлерге қарағанда Алматыда шеруге шыққан жастардың қарасы көбірек болған сияқты. Екіншіден, бұған жұмыссыздық пен тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің шешілмегені себеп деп ойлаймын. Өйткені, ЖОО-ын бітірген соң, жастар мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Тапса да, жалақысы мардымсыз болып жатады. Әрине, бұл ретте соңғы жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілгенін айта кетуіміз керек. Алайда басқа салаларда, жеке компанияларда жалақы сол бұрынғы күйінде. Ал пандемияның әсерінен қымбатшылық жайлап барады. Осындай жағдай тек бізде емес, көрші мемлекеттерде де бар. Мысалы, жас отбасылардың басынан өткеретін қиыншылықтары шаш-етектен. Олар шаңырақ құрмай тұрып қарызға батады: той жасайды, оның шығынын өтеу керек, т.с.с. Сонымен қатар, отбасын асырауы қажет, көпшілігінің баспанасы жоқ. Құдды бір мемлекет тағдыр тәлкегіне тастап кеткендей әсер қалдырады. Әлгі «тастанды» қанша жұмыс істегенімен, не несиесін жаба алмайды, не пәтерақысын төлей алмайды, күнделікті шығынын өліп-талып тауып жүреді. Дәл осы жағдайды жүз мыңдаған жас отбасы басынан өткеруде. Ал осыны шешу, алдына алу – биліктің ісі. Яғни, «Алматыға көшіп келген қаншама жастар бар, оларды жұмыспен қамтамассыз етуге қаланың мүмкіншілігі бар ма, жоқ па? Болмаса, мұның шешімін қалай табу керек?» деген сияқты мәселелерді алдына ала зерттеп, жобаларды іске қосу керек еді. Әлі де кеш емес. Әрине, ешқандай жобалар жасалып жатқан жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Үй алып жатқандар да бар, бірақ билік қаланың миграциясына ілесе алмай жатқаны анық.

Содан соң, «Алтын орда» базары жақта, Сейфуллин көшесі жақта бір күндік жұмыс іздеп тұратын адамдар көп. Арасында жастардың да қарасы аз емес. Тым болмаса бір рет әкімдіктен, жұмыспен қамту орталығынан адамдар келіп, сол кісілерді жұмысқа орналастырды ма екен?

Үшіншіден, ең маңыздысы – бізде көпшілік қауым өзін осы мемлекеттің азаматы сезінбейді. Яғни, өзіңнің адам екеніңді, ойың, пікірің бар екенін, Қазақстанның әрбір шаршы метрі сенікі екенін сезіне алмайсың. Бұл менің жеке пікірім. Мен осы митинг кезінде осындай ойға қалдым. Әкімшілік болсын, полиция болсын, басқасы болсын – бәрі-бәрі  халықтікі екенін халық сезінуі керек. Мысалы, былтыр Алматы әкімдігіне кіре алмай, күзеттен қайттым. Онда да «келсеңіз болады» деп шақырған өздерінің қызметкерлері. Телефондарына бір ай бойы хабарластым: барып тұр, алмайды. Жарайды, әкімнің қолы тимейтін болар, кездесулері көп шығар, дегенмен мен орынбасарларына кіре алмадым. Маған, тіпті, орынбасарларының көмекшісі шықса да риза болар едім. Демек, менің оларды бөтен сезінуім заңды да. Олардың халықтан өздерін солай алыс ұстауы дұрыс па? Бұл адамды сыйламау ғой. Полициядан халық неге қорқуы немесе оны жек көруі керек? Ол жерде де қызмет етіп жүрген өзіміз секілді несиесі бар қазақтың қыз-жігіттері ғой. Айналып келгенде тағдырласпыз, бір мемлекетте тұрамыз. Неліктен ол жер – азаптаушы мекен сияқты елестейді? Митингтен ұстап әкеткен қыз-жігіттер үшін неге алаңдаймыз? Полицияғаға барған соң, алдымен мән-жайды сұрап, тергеп, қажет болса адвокат әкеп, бәрі заң аясында болатынына халық неге сене алмайды? Қай жерде жүрсек те өз үйімізде жүргендей сезіне алмауымыздың сыры неде? Босқын емес сияқты едік қой, жатсынатындай.

Экономикалық дағдарыстан бұрын, идеологиялық кризис ауыр. Көптеген жастар өзін Қазақстанмен байланыстырмайды. «Жақсы өмір – шетелде» деп санайды. Білімі жетіп, сәті түскен жастар кетіп жатыр. Ал осындағылар мемлекетті шексіз сүйгеннен елде қалды дей алмаймыз. Жылтыр сөзбен, «той әндерімен», КВН әзілдерімен, діни уағыздармен жастарды патриот жасадық деп жүрміз. Шындап келгенде, біз өте қатты қателесеміз…

Е.НҰРАХМЕТ: Қылмысты айыптау – жақсы қасиет, бірақ әділетпен айыптау керек. Осыған дейін елдің ындынын бұзған, халықтың қазынасын емін-еркін ішіп-жеп, өз төңірегін, отбасын ғана байыта берген топ ең алдымен кінәлі. Оларды кінәлап, сынаған адамдар ғана кешегі тонау мен бұзып, қиратуды сынауға құқылы. Ал алдыңғыларды мақтап, жақтап келіп, енді «мыналардыкі тобырлық, надандық, лаңкестік» деп отырған адамдыкі – әділет емес, жай ғана заманға күйлеу.

Адам қашан да өзін тыңдағанын қалайды. Еркіндікті, теңдікті қалайды. Қазақстанда 30 жыл бойында билік халықтың даусы естілетін барлық тесіктерді бітеді. Енді соның бәрін бұзып-жарып шығудан басқа амал қалған жоқ. Соның ішінде алдымен жастардың буырқануы да заңды. Өйткені болашақ жастардыкі, мына билікпен ешқандай да жарқын болашақ жоқ екені анық көрініп тұрған соң шықпай қарап отыру мүмкін емес. Ендігі қазақ қоғамы, әсіресе, жастар бұрынғыдай алдап-арбап басқаруға көне қоюы екіталай.

Ақсақал оппозиционерлердің уақыты өтіп кетті

 «Қ.Ә»: «Митингке шығу» – кері кету ме, жетістік пе?

 Е.НҰРАХМЕТ: Кері кету дей алмаймын. Керісінше, әрбір адамның осы қоғамның, елдің болашағына өзі де жауапты екенін сезініп, қорықпай, қаймықпай алаңға шығуы – ерлік. Барлық демократиялық елдерде бейбіт митинг жасау – көзқарасты білдірудің ең бір ыңғайлы жолы ретінде қарастырылып келеді. Біздегі жағдай мүлде бөлек болды, тіпті сол бейбіт митингтің өзін қудалап, ұрып-соғып таратуды ылғи көріп келеміз. Осынша қысымнан кейін осындай кең көлемдегі үлкен толқудың болуы – өте заңды құбылыс. Ел одан әрі тыныш болсын десек, бейбіт митинг өткізу заңын одан әрі реформалап, жеңілдете түсу керек. Оның сыртында күштік құрылымдарды да қайта жасақтау, алдағы уақытта сайлау заңын өзгертіп, Парламентті де таратып, қайта сайлау өткізу керек шығар деп білемін.

Ә.РАХАТ: Мәселе митингке шығу-шықпауда емес, пікіріңді, талабыңды айта алу, орындата алуда. Талап орындалса, жетістік. Ал әркім өз көрпесін тартып, елде хаос орнап кетсе, жеңіліс. Митинг болардың алдында фейсбук желісіне осы туралы ойымды жазған болатынмын. Дәл қазір Қазақстан үшін көтеріліс қауіпті екенін. Оның үстіне мыңдаған адамды ерте алатын, халық сене алатын оппозиционер жоқ сияқты, меніңше. Оппозиция болып жүргендердің басым көпшілігінің әңгімесі «көшенің әңгімесі» екенін естіп те, көріп те жүрміз. Ал ақсақал оппозиционерлердің уақыты өтіп кетті.

М.ТОҚСАНБАЙ: Митинг – соңғы қадам. Адам шарасыздықтан, амалы құрығандықтан алаңға шығады. Митинг арқылы жеңіске жетуге болады. Бірақ, оған жеткізбеу керек. Митинг – іс насырға шапты деген сөз.

«Қ.Ә»: Бейбіт шеру кезіндегі бейнежазбалар әлеуметтік желіні кезіп кетті. Біздің бір байқағанымыз: алаңға тек бір ұлт өкілдері ғана шықты. Қазақстандағы ұлт пен диаспоралардың өмір сүру салтында, тыныс-тіршілігінде қандай айырмашылықтар бар?

М.ТОҚСАНБАЙ: Өзге ұлт өкілдері алаңға мүлде шықпады деу артық. Араларында болды. Бірақ, олар өте аз. Көбі осындай қиын сәтте тарихи отандарына қашып кетті. Әлі де кетіп жатыр. Өзге ұлт өкілдері алаңда қаптап жүретіндей митинг – 1 наурыз емес. Оларға несіне ренжиміз. Қазақстан қазаққа ғана керек.

Ә.РАХАТ: Меніңше, бізге осындай әңгіменің қажеті жоқ. «Өзге ұлттар бізге жау, оларға елдің тағдыры бәрібір» деген позициядан аулақ болған жөн. Бұл аз ұлтқа тән комплекс. Әйтпесе, Қазақстандық орыстардың да, ұйғырының да, өзбегінің де жүрегі Қазақстан деп соққанын талай көрдім, көріп те жүрмін. Біздің бойымызда мұндай әлсіздік болмауы керек. Қазақша сөйлейтіндер саны 70 пайыздан асты деді ресми ақпарат. Санақ бойынша, қазақтардың саны 70 пайыздан тағы асып кетті. Бұл мемлекеттің негізін құраушы, жалпы мемлекет атауының түбірі – Қазақ екені онсызда түсінікті. Ал біз оны аз ұлт өкілдеріне қарсы пайдаланғанымыз, олардан арамдық күтіп, ұлтараздық әңгімелерді өршіткеніміз жарамайды. Керісінше, олардың бәрін өзімізге тартып, өзіміздің ортаға сіңдіріп жіберуіміз керек. Әрі ол табиғи түрде солай болады да. Кез келген басқа ұлт өкілінің жан-дүниесі, оны қоршаған ортасының 70 пайызы қазақ, қазақша деген сөз. Көп ұзамай 100 пайызға жетеді. Ешкім одан қашып құтыла алмайды. Ал біз осылай сыртқа тебе берсек, мәселені күрделендіріп аламыз. Әрине, олардың да арасында пиғылы жамандар бар, әйткенмен, олардың қолынан бірдеңе келеді дегенге сенбеймін. Қазақ мәдениеті мен өркениетін жасай алсақ, бәрі бізге ілеседі деп ойлаймын. Митингте диаспора өкілдері болған, болады да. Олар жемқорлыққа, қымбатшылыққа қарсы емес деп ойлау – логикаға қайшы. Бәлкім, митингке шыққандары аз болған шығар, аз топтан аз шығуы заңды да.

Е.НҰРАХМЕТ: Бұл сұраққа «Қазақстанда отырып қазақ ұлты ғана жаншылып, қиыншылық көріп отыр» деген популистік жауап бере салмаған жөн. Қазақтар – ең алдымен саны жағынан көп, екіншіден елдегі билік пен экономиканың тілі – орыс тілі. Соған сәйкес билік пен байлық маңына көбінесе орыстілділер ғана топтасты. Бұл шеткері қалып қойған, кедейлік көріп жүрген орыстар, өзге ұлттар жоқ дегенді де білдірмейді. Тек салыстырмалы түрде аз. Адамдардың топтасуы көп жағдайда ортақ мүдде, ортақ талаппен байланысты болады. 30 жыл ішіндегі ұлттық саясат Қазақстандағы ұлттарды ортақ мүддеге біріктіре алған жоқ, керісінше, Кеңес үкіметі кезінен бетер саяқ жүруге, бір-біріне сенбеуге итермеледі. Бұлай бірге мұңдасып, бірге сырласпаған халықта ортақ мүдде, ортақ талап қайдан болсын? Сондықтан өзге ұлттарды бұл оқиғаға қатыспады, қағыс қалды деп сөккеннен гөрі, 30 жылғы берекесіз саясаттан сабақ алу жағын қарастырған дұрыс.

 «Қ.Ә»: «Әлемді жастар билейді… қартайғанда!». Бернард Шоудың осы бір атақты сөзі көкейде мынадай сұрақ қалдырады: келешекте елді билейтін жастар бүгін қандай болуы/болмауы керек?

 Е.НҰРАХМЕТ: Жастар ең алдымен көзі ашық, білімді болса, әркім бір істің маманы бола алса өзі де далада қалмайды, елді де далаға қалдырмайды. Мемлекетке қызмет ету дегеніміз – әрбір адамның өзінің білімді болуы шығар. Одан кейін әділетшіл болғаны жөн. Жастар қазақ қоғамының ең басым тобын құрайды, қалай болғанда да елдің болашағы біздің буынға тікелей қатысты. Қаңтардың қаралы күндерінен кейін әркім ойлануы керек, әркім өзгеруі керек. Қоғамға жаңа идея, жаңа ұстаным керек. Бәрінен бұрын бүкіл билікті бір-ақ адамның қолына ұстатып қоюдың соңы қаншалық ауыр қасіретке апаратынын ойлану өте маңызды. 

М.ТОҚСАНБАЙ: Ел билейтін жастар бар арамызда. Жастардың бәрі Мәди Ахметов емес қой. Жағымпаздықтан, өтіріктен аулақ болуға тиіспіз. Адал, таза, еңбекқор жастар да бар арамызда.

Иә, біз жастарға тізгін бермейміз. «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма, сосын біздер айналамыз тауларға!» деп Есенғали ағам айтып кетті ғой. Одан артық не дейсің?! Қалғып-мүлгіп отырған шал-шауқан оңайлықпен орынын босатпайды. Қазақ атам «кәрі келсе – асқа, жас келсе – іске» дейді. Біз сол іскер жастарға жол бермейміз ғой. Бірақ, олар әлі-ақ өз орындарын ойып тұрып алады… қартайғанда…

Ә.РАХАТ: Жемқорлық, жағымпаздық дегенді өзіне ар санайтын мемлекетшіл тұлға болуы керек деп ойлаймын. Жемқорлықтың дендеп кеткені соншалық, қарапайым халықтың арасына кіріп кеткен. Адамнан айла артылған ба, әр түрлі схемалар жасап алады. Ал осы тұрғыда, заңсыз байып кетуге мүмкіншілігі бола тұра, тіптен, ешкім байқамайтын, тексере алмайтын схемасын құра алса да, өзіне ар санайтын, өзінің намысын одан жоғары қоя алатын адамдар ғана мемлекетті алға жылжытады деп санаймын. Яғни, өзінің жеке басынан, алдымен арын, сосын мемлекетін биік қоя алатындар билік басына келсе екен деп тілейміз.

«Алқа» отырысын ұйымдастырған Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір