ЖОҚ ДЕГЕН СӨЗГЕ КӨҢІЛ СЕНБЕЙДІ
25.12.2024
183
0

Көзіңді ашып-жұмғанша жалт етіп өте шығатын бескүндік жалғанның алтынға айырбастап ала алмайтын студенттік өмірдің аяулы шақтарын бес жыл бірге өткізіп, одан кейін де дәм-тұз бұйырып, бірге қызмет жасаған досымыз Самат Ибраимның дүниеден озып, туған топырағын жамбасына басып, дамылдағанына да қырық күн толыпты. Зымыраған асау уақыт… Мәңгілік ұйқыға бас қойған адамға қас-қағым сәтте өте шыққан қырық күннің ұзақтығы мен қысқалығы байқала қоймас, ал Саматтың тірі күніндегі сәттерін онымен бірге өткізген балалары мен бауырларына, жарына, достары мен замандастарына қимастық пен сағынышқа толы бұл мерзімді тарих табалдырығынан ұзатып салудың қаншалықты қиын екенін түсіну оңай емес…

Өзгелер қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетінде бес жыл оқыса, Марат Қашқынбаев, Қуаныш Маханбетов, Берсінбек Сәрсенов, Серік Рәсілов, Қуаныш Түменбаев, Әбдіғалым Сәркенов сияқты өмірді көрген жігіттер дайындық бөлімінде бір жыл білім алып, ғұмырымыздың алты жылын университет қабырғасына қалдырдық. Жаратқанның өлшеп берген ғұмыры шығар, сол сабаудай жігіттерден қазір Марат Қашқынбаев пен Әбдіғалым Сәркенов үшеуміз ғана жер басып жүрміз.
Үстінде әскер формасы бар Самат Ибраим біздің қатарымызға дайындық бөліміндегі екі-үш айды еңсеріп, өзімізді аудиторияның қожасы сезіне бастаған шақта қосылды. Құс тұмсық, шүңірек көз жігіт әдепкіде бәрімізге жатырқай қарап, өзінің атыраулық жерлесі, ғұмыры ерте үзілген Сәрсенғали Әкімәлиевті маңайлап жүрді. Кейін Самат екеуміз неміс тілінің бастапқы даярлық тобында бірге оқыдық. Оқытушымыз өте сымбатты, алайда сабақ білмей қалған кезде әдеміше өңі күреңітіп, мүлде басқа адамның кейпіне еніп кететін Анна Шаф деген неміс келіншегі еді. Ашуланғанда жынысының нәзіктігіне қарамастан, өз-өзіне есеп беруден қалып, алпамсадай жігіттеріңді желкесінен бүре ұстап, аудиторияның дәл жанындағы деканның орынбасары Талғат Сайранбаевтың бөлмесіне желкелеп әкеліп, топ еткізіп тастай салатын. Жай кетпейді:
– Мынаны оқудан шығарыңыз, – дейді қалш-қалш етіп. Дәл мынандай жағдайда қыл үстінде тұрған тағдырыңды әп-сәтте шешіп, келген жағыңа құжат­тарыңды қолтықтатып, қайта жібере салу әшейінде рақаттана күліп алатын Талғат Сайранбаевқа түк те емес еді. Ол кезде тырнағың әзер іліккен дайындық бөлімінен шығып қалу, ағайын-туыс пен ата-анаң үшін күйеуден қайтып келген қыздың жағдайындай сүйекке түскен таңбадан бірде-бір кем емес, ауыр жаза еді. Абырой болғанда періштеміз қақты ма екен, Самат екеуміз Анна Шафтың қаһарына ұшырамай, аман шықтық. Оқытушы Самат екеуміздің неміс тіліндегі есек туралы кішкентай кітапшадан тәржімалаған аудармамызды шатып-бұтып неміс тілінде айтқанымызға мәз болып қалатын. Біз осы кітапты университетке оқуға түскеннен кейін де ешкімге айтпастан екі жыл пайдаландық. Бірде сол Анна Шаф пен университетте неміс тілінен сабақ беретін оқытушымыз оқыстан кездесіп қалып, әңгіме арасында апайымыз дайындық бөлімінде білім алған Самат екеуміздің неміс тілінен аударғанда алдымызға жан салмайтынымызды айтып, мақтайды ғой. Сол кезде сұңғыла Шаф: «Олардың қолындағы есек хикаясы туралы кітап па?» – деп сұрайды, апайы­мыз таңғалып: «Оны қайдан білдің?» дейді. Анна Шаф шошып түседі: «Ойбай, олар екеуі бұл кітапты жатқа біледі, оны шұғыл басқа шығармамен ауыстырыңыз», – дейді.
Біз білетін Самат жаратылысынан кейбіреулеріміз сияқты көкірегін ашып тастап, жауға жалғыз шауып, әділетсіздіктермен ашық айқасқа шыға бермейтін. Табиғаты солай ма, әлде өмірдегі текетірестерден шаршап, қажығандығынан ба, кез келген жанжалды мүмкіндігінше алысқа ұзатпай, жарасымымен шешкенді қалап тұратын. Оның осы темірдей ұстанымы басшылық қызметінен де, жазған-сызған дүниелерінен де менмұндалап көрініп тұратын. Ол нысанаға алған тақырыбын түбіне дейін қопарып, зерттемейінше жазбайтын. Оқып жүргенде студенттердің жылт еткен тәуір дүниесі жайлы әңгімесін маңдайын сипап қойып, аудиториядағы ұл-қызы аралас елушақты студентке қарап тұрып, «жігіттер» деп сөз бастайтын Тауман Амандосов ағайымыз бірде Саматтың «Лениншіл жаста» өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде жазған «Билет құны бес тиын» деген материалын жер көкке сыйғызбай, «проблемалық материал осылай болуы керек», – деп мақтағаны есімізде.
Университетті бітіргеннен кейін қатал тағдыр әрқайсымызды әр жаққа лақтырды. Самат өзінің Атырауына облыстық газетке кетті. Кейін өзі бір кездері өндірістік тәжірибеден өткен «Лениншіл жастың» Атырау облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, қоғам өмірінен небір күрделі тақырыптарды қозғайтын салмақты материалдар жазып тұрды. Самат «Лениншіл жастағы» қызметінің естен кетпейтін Жаңаөзендегі дүрбелеңмен тұспа-тұс келіп, ысқырған оқтың астында отырып, өлімсіреген шамның жарығымен ондағы ахуалдың ақиқаты жөнінде материалдар жолдап тұрғанын тамсанып отырып еске алатын. «Өзім дүрс-дүрс жарылған жарылыстардың бел ортасында отырып та болашақ жазылуға тиісті материалдың тақырыбын ойластырып отыратынмын», – дейтін. Сол Самат араға бірнеше жыл салып, Атыраудан Алматыға өзіндік айтар ойы бар, қаламы төселген білікті журналист болып қайта оралып, жаңадан ашылған «Халық кеңесі» газетіне редактордың орынбасары болып қызметке орналасты.
Одан кейін Самат Ибраим Бас прокуратураның екі тілде шығатын «Заң және заман» – «Закон и время» журналына бас редактор болып тағайындалды. Бұл бағыт-бағдары мүлде бөлек, басқа мерзімді баспасөз басылымдарына ұқсамайтын журнал еді. Кезінде Саматтың көмегімен Ауылшаруашылығы министрлігіндегі баспасөз қызметіне жетекші болып орналасып, тоқсаныншы жылдары Алматыдағы мекемелер жаппай Астанаға қоныс аудара бастаған тұста, министрліктің жұртында қалып кеткен мені Самат қайтадан қасына алды. Екеуміз бұған дейін орыстардың «Человек и закон» журналының көшірмесі сияқты әсер қалдыратын басылымның беттерінде ұлттық сипат беретін материалдарды көбірек жариялап, бағыт-бағдарын өзгерттік. Журнал қазақ баспасөзінің көшіне ілесіп, өз оқырманын қалыптастырды. Самат осы қызметті атқара жүріп, Дінмұхамед Қонаев атындағы университеттің заң факультетіне сырттай оқуға түсіп, заңгер мамандығын алды. Кейін қадағалау органының өмірі мен проблемаларын көтергені үшін Бас прокурордың арнайы бұйрығымен кіші әділет кеңесшісі шенін алды. Қолданысқа енген Азмаматтық кодекстің кейбір тарауларын қазақшаға аударды. Оқалы киім киген адамдармен жұмыс істеу аса күрделі шаруа еді. Самат осының бәрін шебер үйлестіре білді. Бірде редактордың орынбасары Самал Соқпақбаева екеуміз Шығыс Қазақстан облысына іссапармен бардық. Облыс прокуроры Жақсылық Байтұқбаев құрақ ұшып қарсы алып, қал-қадірінше қошемет көрсетіп жатыр. Облыс прокурорымен сұхбат алу барысында өз бетімше, жаттандылықты бұзғым келіп, Байтұқбаевқа:
– Өзіңіз осы облыста прокурор болып қызмет атқарған жылдары прокуратура органы тарапынан келтірілген қанша наразылықтарыңыз қалды? – деп сұрақ қойып едім, әлгінде ғана жайраңдап отырған прокурорымның түсі бұзылып:
–Мен сізге сұхбат бермеймін, – деп қобыраған қағаздарын жинастырып, орнынан тұрып жүре берген. Кейін Самат Байтұқбаевтың өзіне шағымданғанын айтып:
– Елеке-ау, бұлар ауданның әкімі емес қой, – деп күліп алған. Кейін сол Жақсылық Байтұқбаев қызметінен кеткенінше маған сұхбат бермей өтті.
Самат өмірден озғанынша кіндік қаны тамған Нарын құмын, қыздың бұрымындай болып ағатын ерке Ақжайығын, ағасы Мұратқа деген сағынышын әңгімелеуден бір жалыққан емес. Мұңайған сәттерінде, Махамбеттің өлеңдерін оқитын. Әсіресе Махамбеттің:
Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны- ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың міне, қара, сақтағаны-ай, – деген өлеңінің шумақтарын жиі қайталап, қалың ойға шомып кететін. Сонда нені ойлады екен? Дәм-тұзы таусылып тұрған Исатайдың да, оған оқтың дарымай Құдайдың сақтағанын айтқан Махамбеттің де, өлшеулі ғұмыры түгесілген кезде Жаратқан ием қанша жерден желеп-жебесе де Қорқыт бабасы тәрізді өлімнен қашып құтыла алмағанын ойлап торықты ма екен?
Самат бауырымыздың өлімі бәріміздің қабырғамызды қаусатып кетті. Махамбет ақын айтқандай: тірімізде сыйласпағандықтан емес, керісінше, сыйласқандықтан өлгеннен кейін өтірік жылаған жоқпыз, шын күйзелдік. Оның орны бөлек еді. Енді біздер Саматтың есте қалған естеліктерімен ғана өмір сүретін боламыз.
Саматты соңғы рет Гүлнәр Өмірзақова курстасымызды соңғы сапарға шығарып салғанда жолықтырдық. Өңі пәс еді, бірақ жамандыққа қимадық, ауру шіркін алдаған екен. Астан соң, бір автобуспен қайттық. Тау тұлғалы Саматты сол сәт енді қайтып көрмейтінімді сезсемші…Ол маған әлі күнге әлдеқайда жолаушылап кетіп: «Әй, сендерді сағындым ғой», – деп жетіп келетін сияқты көрінеді тұрады.
Жатқан жерің жайлы болсын, адамдық келбетіне кір түсірмей өткен Самат дос…

Елеусіз МҰРАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір