«Қасіретті қаңтар» сабағы: жаңа Қазақстанды бірге құрайық!
17.01.2022
2465
0

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ, ҚР Президенті


Құрметті Төраға!
Құрметті Мәжіліс депутаттары!

Бізге керегі – тек ақиқат қана
Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.
Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.
Бірақ бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.
Мұның қатарында Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, этносаралық сипат­тағы арандатушылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоғамымыздың тұтастығын жүйелі түрде, соның ішінде наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлерді қолдану арқылы шайқалтып келген.
Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қауіпісіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйымдастырушыларына тек себеп іздеу ғана қалды, ал ол себеп бәрібір табылар еді.
Халықтың газ бағасының өсуіне баланысты наразылығы құрал ретінде пайдаланылды. Содан кейін оқиға спираль түрінде дамыды. Бірінші кезеңде бірнеше өңірде, атап айтқанда, Жаңаөзенде митингтер өтті. Екіншісінде қарақшылар мен басбұзарлар қосылды. Бұдан әрі «отты» кезеңге жетіп, қарулы лаңкестер, соның ішінде шетелдік содырлар іске араласты. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түпкі нәтижеде билікті басып алу.
Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездік пен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұялатып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды.
Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру және тағы басқалар. Билікті басып алуға дайындық жұмыстарын кәсіпқойлар жүргізді.
Бұл халықаралық лаңкестік тарапынан елімізге қарсы жасалған қарулы агрессия болғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік шарты бойынша әріптестеріне бітімгершілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.
Мынаны түсіну керек: осындай шешім қабылдап жатқан кезде Алматыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айырылатын едік. Қаңтардың қаралы күндеріндегі оқиғалардың мәні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлімшелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.
Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету.
Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ.
Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырады. Біз біртұтас ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын бірге қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі және бұрынғыдан да көркейе түседі. Енді бұл менің тікелей міндетім және әрине, Үкіметтің жауапкершілігі.
Осы сәтті пайдалана отырып, террористік агрессияның нысанына айналған қалалардың тұрғындарына көңіл айтқым келеді.
Құпия құжаттарды тастап кетті…
Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының террористік агрессияның бетін қайтарудағы ерлігін атап өткім келеді. Мысалы, Алматы қаласында полицияның шағын тобы Полиция департаментін басып алмақ болған бандиттердің шабуылын екі түн қатарынан тойтарып отырды.
Қиын-қыстау кезеңде Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері де абыроймен көзге түсті. Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ.
Бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кетті.
Енді алғашқыда атқаратын жұмыстың бағытын айқындап бергім келеді. Бірінші. Антитеррорлық қимылдарды табысты аяқтау қажет. Азаматтарымыздың қалаларда, елді мекендерде және ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тәртіпті толықтай қалпына келтіру керек.
Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Осыған байланысты ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мәлімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.
Екінші. Содырлар мен олардың бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыстарға қатысы бар сыбайластарын түгел тауып, жазалау керек. Лаңкестік шабуылдардың артында кім тұрғанын тыңғылықты анықтау өте маңызды.
Тағы бір өзекті мәселе – содырлардың жасырын «ұяшықтары» мен олардың командалық пунктінің қызметі не себепті мемлекеттің назарынан тыс қалды? Неліктен еліміздің аумағында осыншама заңсыз қару мен арнайы құралдар бар болып шықты? Терроризм нысандарын анықтау мен бейтараптандыру бойынша агентура жұмысы неліктен жүргізілмеді? Арнаулы жедел тергеу тобы өз жұмысын сапалы әрі толық көлемде атқарып, трагедияның барлық себебі мен мән-жайын ашуы керек.
Үшінші. Қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз.
Төртінші. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз.
Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.

Халықаралық деңгейдегі миллиардерлер мен «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА»
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктерді баса айтты. «Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет» екенін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі күштік құрылымдарды нығайту, ведомстволар арасындағы жұмысты үйлестіру, полицейлердің құқықтық қорғалуы мен әскердің жауынгерлік әлеуетін арттыру, діни радикализммен жүйелі күресу қажеттігіне жеке-жеке тоқталды. Мемлекеттің есебінен байыған олигархтар жайында да ойын білдірді.

Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ.
Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр.
Елде құрылған әлеуметтік-экономикалық жүйе жалпыұлттық табысты арттыруда өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ оны бөлісуде тиімсіз екені аңғарылды. Мұны бәріңіз жақсы түсініп отырсыздар.
Экономикалық өсуден негізінен қаржылық және олигархиялық топтар пайда тауып отырды. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті.
Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту.
Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көптеген әділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тұншықтырып, реформаны тоқтататын ерекше артықшылықтарға ие.
Мысалы, Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіптік және құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді.
Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз болып отыр. Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы қажет. Өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.
Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс. Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды.
Келесі мәселе – «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі. Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың KEGOC, Қазақ­газ және Қазақстан темір жолы сияқты ифрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды.
Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?
«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.
Қордың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелер бар. Шағымдар жиі түседі. Осы мәселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Әсіресе, мемлекеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулар тәртібін қайта қарастыру міндеті алда тұр.

«Оператор РОП», ЛРТ құрылысы және Қорғас кеденіндегі былық
Кәсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек.
Отандық автокөлік пен ауыл шарушылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мәселесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар.
Біздің қоғамды, әсіресе елорда тұрғындарын тітіркендіретін демесек, қатты алаңдататын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Орасан зор қаражат жұмсалды, қарыз алынды. Шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарт­тық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба әу бастан қателік еді, оны мойындау керек. Оған қоса, бұл жобадан күшті жемқорлықтың иісі шығады.
Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет. Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Бізде отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны пайдаланудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа таңдау жоқ.
Үкіметке бюджетке қосымша кірістер мәселесін пысықтауды тапсырамын. Есесіне жаңа кен орындарын барлау мен игеруге ауқымды жеңілдіктер беруге болады. Мен ірі тау-кен және басқа компаниялар туралы айтып отырмын.
Қолайлы нарық жағдайында бензин өндірушілер мен әртүрлі делдалдар қосымша пайда алады. Осы маржанның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын. Үкімет тиісті есептеулер жүргізуі керек. Бұл ретте бағаның өсуіне жол бермеу қажет.
Бюджет кірістерін арттырудың айтарлықтай әлеуеті кеденде тәртіп орнатумен байланысты. Әсіресе Қытаймен шекарада.
Онда болып жатқан нағыз былықтар бәріне мәлім. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен салыстырмалы статистикадағы сәйкессіздік миллиардтаған долларға жетеді. Қол сұғылмайтын мәртебесі бар «уәкілетті операторлар» бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып отыр. Бұлай болмайды.
Бас прокуратураға Қаржы министрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да мүдделі органдармен кешенді тексеру жүргізіп, кедендік шекарадағы тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын.
Бюджет кірістері туралы айтқанда, шығыстардың жекелеген баптарына тоқталмауға болмайды.
Үкімет мүшелері мен депутаттардың, әкімдердің еңбекақыларына тоқталайын. Өткен жылдың соңында бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Негізі аталған санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан Үкімет мүшелерінің, өңірлер әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауға болады деп есептеймін.
Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіздер бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдайсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын бюджет мүмкіндітерінің өсуіне қарай арттыруды жалғастырамыз.

Қаржыны шетелге шығару бақыланады
Президент әлеуметтік саясат, ел экономикасын дамыту жайында ашық пікірі мен ұсыныстарын ортаға салды Оның ішінде валюта нарығын тұрақтандыру, инфляцияны шектеу, несие нарығын ретету үшін бірқатар тапсырмалар берді. Жеке тұлғаның банкроттығы туралы арнайы заң қабылдауды тапсырды.
Келесі мәселеге жекелей назар аударғым келеді. Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты жекелеген қаржылық-өнеркәсіптік топтардың капиталды шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау жолымен жылыстату тәуекелі артып тұр. Біз қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың есепшоттарындағы қозғалысты байқадық. Сондықтан Ұлттық банкке Қаржылық мониторинг және қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, нақты бақылауды қамтамасыз етуді, барлық транзакциялар мен елден қаражатты негізсіз шығарған тұлғаларды тексеруді және бақылауға алуды тапсырамын.

Бюрократия, цифрлармен ойнау, жұмыссыздық мәселесі
Елдегі әлеуметтік реформаларды қарқынды жүргізу үшін не істеу керек? Ең алдымен, бюрократияны жою маңызды. Президент өз сөзінде бұл жағдайға айрықша тоқталды. Өңірлерді дамыту, жұмысқа орналасудағы артық талаптар, ұзақ жылдар бойы бір орнынан жылжымайтын шенеуніктер туралы айтты. Сонымен қатар жастардың білім алуына жағдай жасау, жұмыссыздықты жою, халықтық қор құру идеясын ұсынды.
Мен «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына бастама жасадым. Бұл – келешегі зор жастар үшін әлеуметтік лифт. Сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастырудың, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдерді енгізудің тетігі. Бұл тәжірибе жалғасын табады.
Менің тапсырмама сәйкес өткен жылы мемлекеттік аппараттың көлемі 15 пайызға қысқартылды. Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғалтқышы және орындау­шысы, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік аппаратсыз мемлекеттің өзі табысты өмір сүре алмайды.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің санын оңтайлы деп санаған жөн. Жаңа Үкіметті тағайындауға қатысты барлық ұйымдастырушылық шешім қабылданғаннан кейін бұл санды орта мерзімді кезеңге бекіту қажет. Содан кейін байқаймыз. Мемлекеттік функциялардан бірте-бірте арылсақ, оларды бәсекелес ортаға көшірсек, демек мемлекеттік аппараттың көлемі де бірте-бірте азаяды.
Шенеуніктердің азаматтармен диалогының тиімділігі төмен екендігін айтып өткен жөн. Мемлекеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті кейде қорқатын секілді. Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуға тиіс. Ал өңір әкімдері әрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керек.
Тағы бір мәселе – бюрократияның етек жаюы.
Ол азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істетін немқұрайды машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек.
Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нәтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үдерістің бәрі жойылуы керек.
Бүгінде мемлекеттік органдар тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағ­дарланған. Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар әзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін ресми және қағазбен дәлелдеуді қажет етпейді деп тану керек. Олай болмаса, цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз? Цифрландыру сәнді ойыншық емес қой. Ол мемлекеттік аппарат функциясын орындау тұрғысынан пайдалы болуы қажет. Жиындардың көбін онлайн форматта өткізу керек. Мемлекеттік аппаратты бюрократсыздандырудың осы және өзге де шаралары жеке Жарлықта көрініс табатын болады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің функционалдарында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және бюрократсыздандыру шараларын іске асыру мен мониторингтеудің нақты функцияларын қарастыру қажет.
Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр.
Бұл әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жа­ңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты әрі әрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет.
Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Үкіметке Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.
Осы құжат аясында әлеуметтік саясатты пандемия тәуекелдері мен қордаланған проблемаларды ескере отырып бейімдеуіміз керек. Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс.

Құрметті отандастар,
құрметті депутаттар!
Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде азаматтарымыздың басым көпшілігі патриоттық танытты, экстремистермен күресте бірлігін көрсетті. Халықтың ауызбірлігі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қоғамды ұйыстыру және елімізді ілгерілету үшін қуатты іргетас болып саналады.
Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз.
Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!

Қадірлі отандастар!
Қиын күндер артта қалды.
Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін!
Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.
Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет.
Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады.
Бұл шынайы жаңару кезеңі болады.
Егемен елімізді бірге өркендетейік!
Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат.
Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір