«ТҮСКӨРГІШТЕР ПАРТИЯСЫН» ҚҰРАЙЫҚ!
18.04.2025
131
0

Пәленбай жыл ішінде түглен­бай жұмыс-қызмет­тің есігі мен төрін көрген кез­дерімнің бірінде ме, том-том болып шықпай жатқан мақалаларым мен сұхбат­тарымның біреуінде ме, әлде бозбала шағымда қыз-қырқынның қалтасына салып жіберген хат­тарымда ма, әйтеуір, былай деппін:

«Біздің жақта ауа райының қас-қабағына қарай: көктем мен жазда ай сайын бір партия, күз бен қыста тоқсан сайын бір партия пайда болатын «ғажап дәстүр» қалыптаса бастады. Ат­тары да «кәнеки, сен тоңқай, мен тебе­йін»: Еркін партия; Елес партия; Қала партиясы; Дала партиясы; Демокрпартия; Жемокрпартия; Әділет партиясы; Әбілет партиясы; Ат­тан-ат­танба партиясы; Уақытша партия; Майлы партия; Кешегі партия; Ертеңгі партия; Партияның партиясы; Нұрлы Отан партиясы; Нұрсыз Отан партиясы… Әйтеуір, «16 қыз» партиясы мен «Тотының тоқсан тарауы» партиясынан өзгенің бәрі бар. «Қырық өтірік…» жоқ, ондай жоқ. Жоғы дұрыс, мынау партиялар онсыз да тістері түсе жаздап ысқыртып жүр. Айтпақшы, әлде ми шайқаған жұмысбастылықтан ба, әлде ұйқы үймелеткен ермексіздіктен бе, партиялардың кейбіреулері, әлгі пәленшекең мен қатынынша біресе қосылып, біресе ажырасып, әләуләйлап қояды. Ал олармен салыстырғанда, біздің… өзіміздің… бізде, тоқ ет­тіріп айтқанда, «Түскөргіштер партиясы» болуы керек және ол бүгінгі қаңыраған ауылдың ортасында кеше тарсылдап тұрған тракторға ұқсауы керек».
Мықтап тұрып осылай деуін деппін де, ол проблема үкімет­тің қыруар қаулысынша қысыр қалып қойыпты. Кеше түнде ғана басымды қайтадан тауып, осыны жаздырды. Жазбай болмады, ұлтына, тіліне, дініне, тағы не бар – бәріне қарамастан, бәріміз түс көреміз, яғни интернационалды түстерімізді жиып, тіліміздің, ақылымыздың жеткенінше дереу талқылап, дедектеп қорытынды жасауымыз керек! Кеш қалуға болмайды! Мәселеңки, менің мына түсімді ке­йінге қалдыру ортақ ісімізге орасан зиян келтіреді:
Өткен түннің тұп-тура ортасы. Тесік дөңгелек темірлерді білектеп көтеру, яғни ғылым тілінде «штанга» дейді, ерт­теп мінген атыңды ары-бері, одан-бұдан секірту, е-е… қылыштасу, найзаласу, тұра жүгіру, шаңғымен, шанамен, қайықпен жүйітку, тағы басқа толып жатқан анау әлгі жержүзілік алыс-жұлыста қазақ неге жоқ, теледидардан ақ пен қараның бәрін көріп жүрміз, ал қазақ көрінбейді, ол қалай деген мемлекет­тік және қоғамдық проблеманы күндіз-түні талқылау үшін партия құрыппыз. Онымыз «Түскөргіштер партиясы» деп аталады. Оның жарғысын, бағдарламасын және басқасын кімдер жазғаны есімде жоқ, әйтеуір, жалпыхалықтық сайлауда мен берілген-берілмеген дауыс атаулының 99,99 пайызын алып, кейбір партия-сартиядағыларша тең төраға емес, кәдімгідей бір өзі Төраға болыппын. Жұртымды соның кезекті пленумын өткізуге жинаған екенмін деймін. Пленумның күнтәртібіне: «Осы біздің қазаққа спорт керек пе, жоқ па? Егер керек болса, бокс пен борьбадан басқамыз қайда?» деген аса маңызды, өмірлік проблеманы қойыппын. Өзім тәрбиелеген немере інім, дипломат, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлду Желдуге бәрімізге түсінікті болу үшін орыс тілінде жаздырып алған жарты сағат­тық баяндамамды баптанып отырып, иә, мінберге шығып шатаспай, бір сағат­та оқып бердім, өйткені партиямның патриот мүшелері қайта-қайта ду қолшапалақтап: «Бәрекелді!», «Өте дұрыс!», «Біздің Көкең әрқашан тауып айтады!», «Уа, баяндама деп осыны айт!» десіп, менің сөзімді бөле берді. Менің штат­тағы кеңесшім Еспе Ерсоқ пен ежелгі досым Олпұл Суемгенов екеуі бірауыздан: «Біздің партиямыздың қолбасшысы Көкіман Нұқбай мырза жасасын!» – деп, көпшілік орындарынан атқып-атқып тұрып, мен қолсағатыма қарап отырдым, тура жеті минөт бойы қол соғып, уралап тұрып алды. Содан соң отырды.
Баяндамам бойынша сұрақ болмады, өйткені мен: «Кәне, кімде қандай сұрақ бар?» демедім, дереу: «Пікір айтуға көшейік!» – деп залға қарасам, партиямның пленумының бір кісідей жиналған екі жүз елу мүшесінің қолы найзаша көтеріле қалыпты!..
Пікір айтуды әдеттегідей Айбақ Шоқа бастады. Ол бүкіл жер бетін шарпыған экономикалық дағдарыстың себеп-салдарын тамаша талдап айтып, біздің партиямыздың одан зиян шекпегенін қуана мәлімдеп, менің рөлімді жете бағалап, мені Қытай Халық Республикасын дамытып кеткен Дэн Сяопинге теңеді. Айекеңнің физика ғылымдарының докторы екені бекер емес қой!
Мен «Түскөргіштердің» әрқайсысының пікірінен ке­йін маған, төрағаларына көрсетілген құрмет-қошемет­ті тізіп айтпаймын. Біріншіден, көп уақытым кетеді. Екіншіден, ең маңыздысы, халық қателеспейді!
Мінберге екінші болып Қоқа Томар шықты. Географ! Академик! Ол осы ғасыр басталғаннан берідегі уақыт­та қандай
саяси проблемалар болды, қайсысы дұрыс шешілді, қайсысы бұрыс шешілді, дұрыс шешкен кім, бұрыс шешкен кім деген тарихи сұрақтарға ғылыми дәлелмен орынды жауап берді де: «Міне, осындай аспектіде мен біздің көкемізді әлемдік саясат­тағы Магелланға теңер едім!» – деді.
Одан ке­йін пікір айтқан Төте Сәкіш те білімдарлығын тағы көрсет­ті. Ол дүниежүзі тарихының Тынық мұхит­тай терең екенін, біздің халқымыздың тарихы жартысы тұщы, жартысы ащы Балқаш көліндей көрнекті екенін тартымды әңгімелеп, мені «Американы ашқан Колумбтай көреген» деп атады. Бизнесінің проблемаларымен Америкаға жылына екі-үш рет барып жүр емес пе?!
«Мырзалар! Көкіман Нұқбай мырза күнтәртібіне қойған проблема, шын мәнінде, өміршең. Оны өздеріңіз атап өтудесіздер. Ал менің қосарым мынау: «Біздің анау «Барахолка» деген базарда береке жоқ! Тәртіп болмаған жерде береке қалай болады?! Әкімдіктен тәртіп күтуге болмайтынына көзіміз жет­ті деп ойлаймын, сондықтан аса құрмет­ті Көкіман Нұқбай мырза, ол мәселені сіз қолға алыңыз, «Барахолка» сонда ғана адам болады, тойыс, базар болады. Бұл проблеманы дұрыстау үшін Сократ­тың кемеңгерлігі керек! Сіз – біздің Сократымызсыз!» – деді Мәлду Желду.
Олпұл Суемген: «Біздің «Түскөргіштер партиямыз» кешегі «КПСС» дегеннен он есе, елу есе, жүз есе артық! Менің Көкім досым рулін ұстап отырған партиямыз кез келген проблеманы әрі қысқа мерзімде, әрі өте сапалы, әрі ерекше үлгілі дәрежеде шеше алады. Бұған көзіміз жеткен, жете береді де! Көкім – менің досым! Мен досымды мақтаныш етемін!» – деп ғажап әсерлі сөйледі.
Балпиған Бәпіш мінберге сиқына сай емес шапшаң қимылмен шықты да, маған жымия қарап:
– Біздің құрмет­ті төрағамыз! Біздің партиямыздың маған өзіңіз сеніп тапсырған «Ақшам» фракциясы бүгінгі пленумның құрметіне қонақасы дайындап еді, сонымен байланысты мен де қазір үш сағатқа үзіліс жариялап, түп-түгел сол қонақасыға барайық, маңызды проблеманың қалған бөлігін содан соң талқылайық деген ұсыныс бар, құрмет­ті төрағамыз, соған сізден фракцияның атынан рұқсат сұраймыз! – деді.
– Ұсынысың өте орынды, бірақ ол проблеманы мен жалғыз шешпеймін ғой, өзің жақсы білесің, бізде демократия, бізде барлық проблеманы халық шешеді, – деп залға оң қолымды көтере қарай бергенімде халық дереу ұшып тұрып, алақандары сатырлай жөнелді.
– Өте дұрыс!
– Көке, рұқсат беріңіз!
– Біздің партиямыз мәңгі жасай берсін!
– Біздің партиябасымыз Көкіман аға жасасын!.. – деген дауыстар.
– Көкіш, Көкіш! – дейді. Иығымнан ырғайды. Қарадым. Әрине, көзімді ашып. Әйелім екен.
– Бүгін қат­ты ұйықтадың ғой? Тұр, қызметке баратын уақытың өтіп барады, джипің келгелі қашан! – дейді.
Қаншама қат­ты ұйықтасам да, халықтың көке­йіндегі проблеманы түсімде көргенімді қараңдаршы! Партия құруым керек те, бұл проблеманы оның бірінші құрылтайында шешуіміз керек!

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір