Жас ұрпақтың болашағына жазатайым балта шабылмаса екен!
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
Ермек Алдабергенұлы Сағымбаевқа
ҚР Ішкі істер министрі
Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевқа
ҚР Бас Прокуроры
Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке
ҮНДЕУ
Елімізде соңғы күндері орын алған жағдай баршамыздың қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізді сыздатты. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуын, ел-жұртымыздың амандығын, бейбіт өмір мен тыныштығымыздың бұзылмауын кеудесінде жаны бар әрбір адамның тілеп отырғаны сөзсіз.
Ендігі жерде көңілімізде алаң тудырып отырған бір жайт – бұл трагедияға қатысы бар адамдардың заң жүзінде жазалануы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаншама содыр, лаңкес, қоғамдық тәртіп бұзушы, тонаушы-қылмыскердің ұсталып жатқанынан хабардар болып отырмыз. Әуелде «Жаңаөзен халқын қолдаймыз» деген ниетте басталған бейбіт шеру арандатушылардың кесірінен қақтығысқа, соңы үлкен трагедияға ұласты. Бұл жерде ешқандай саяси талап-тілексіз, қарапайым халықты қолдау мақсатында алаңға шыққан жандармен қатар, «қызығушылықпен» бір-бірін ертіп, топқа ілесе жөнелген жастар, дүрбелең басталып кеткенде «көрсеқызарлығы» оянып, ірі сауда орталықтары мен дүкендерге кіріп зат ұрлаған ұрлықшы да, жиылған жұртты әдейі, мақсатты түрде «айтақтап, айдап-салған» арандатушылар да, көздеген мақсат-мұраты теріс, пиғылы жат лаңкес пен содырлардан құралған топтар да бар. Сондықтан біз құқық қорғаушы, күштік құрылымдар осылардың аражігін ажыратып, баса назар аударса екен дейміз! Оқиғаға қатысушы заңды бұзып, қылмыс жасаса, жасаған қылмысына сәйкес жазасын алуы тиіс. Трагедияны қолдан жасаған қара ниетті адамдар аяусыз, заң аясында қатаң жазалансын! Алайда біреу жасаған ауыр қылмысты, ашылмай қалған түрлі қылмыстық істерді ұсталған адамның мойнына іле салу болмасын! Біреудің обалына қалып, біреуді нақақтан нақақ жазалап, зардап шеккізбеңіздер! Біз сіздерді аңқаулықпен адасып, алаңға барып, абайсызда арандаған айыбы аз азаматтарға ауыр қылмыс арқалатып жібермейді деп сенеміз.
Біз, әрине, құқық қорғаушы органдардың кәсібилігіне шәк келтірмейміз, яки, заң аясында атқарылар істерге араласпаймыз. Тек науқаншылыққа салынып, істі тезірек аяқтауға тырысып, АДАМ өмірін, әсіресе жастардың тағдырын қиындатуға жол бермесеңіздер екен!
Қылмыс жасамаса да шеруге ілескені үшін ұсталған жастардың шалыс басқан қадамына бола өскелең ұрпақтың болашағына жазатайым балта шабылмаса екен!
Алаңға ереуілшілерге басу айтамын деп барып тұтқындалып қалғандар да жоқ емес. Осындайда «Айран ішкен құтылып, шелек жалағандар тұтылып» жүрмесін.
Конституциямызда жазылғандай «…мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін ескерсек, еліміздегі әрбір азаматтың адамдық құқығын таптамай, әділ төрелігін берерсіздер деген сенімдеміз.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы
(Үндеуге елімізге белгілі ақын-жазушылар
қол қойған)