Тамырымызға балта шабылмасын!
22.04.2024
331
0

ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Алматы академиясында алғашқы даярлық мектебінің курсанттарына арналған семинар-тренинг өтті. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, ажырасудың алдын алу мақсатында өткен іс-шараға «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің өкілдері, атап айтқанда бірлестіктің Алматы филиалының журналисі Меруерт Мәулетқызы мен бірлестіктің сарапшысы,  тәжірибелі психолог, коуч-тренер, «Тәжірибелі психология» РБ Алматы филиалының директоры Айгүл Исламбекқызы қатысты.

 Сарапшы-психолог ерекше назар аударуды қажет ететін негізгі аспектілерге тоқталды, кейстермен бөлісті. Құмар ойынға шалдығудың факторларын, оның ішінде психологиялық факторларды талқылады. Лудоманияға тәуелділіктің алдын алу үшін қайтпек керек деген мәселені кеңінен тарқатты. Құмар ойынға қызығудың соңы неге апарып соғарын айтып, қып-қызыл отқа айналған құмар ойынға құмартпауға шақырды.

  • Құмар ойынға тәуелді адам оны тек қана әбден шегіне жеткенде  ғана мойындайды. Бұл мәселеге қарсы тұру үшін, адам бірінші кезекте өзінің ішкі тыныштығын нығайтып және отбасымен дұрыс байланыс құру қажет. Себебі, мұндай жағдайға тап болған адамдар өздерінің кімге не үшін керек екенін ұмытып кетеді, – деп атап өтті Айгүл Аширова.

Семинар барысында тыңдаушылар адамның өмірінде проблеманың болатынын түсіндіруге бағытталған практикалық жаттығуға қатысты.  Сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

Кездесуді Академияның имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Зулфия Сұраппаева қорытындылады.

  • Құмар ойын кесірінен ойрандалған отбасы, жетім қалған бала, жолдан тайған жастар қатары көбеюде. Сондықтан, бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Осы  бағытта еселеп жұмыс жасап жатқан «Сенімен болашақ» РҚБ меморандумға отырғалы қазақ қоғамының тамырына балта шабатын қасіретті әрекет туралы бірнеше  іс-шара ұйымдастырдық. Мұндай семинарлар әлі де жалғасын табады, — деген полиция майоры сарапшыларға ризашылығын білдіріп, академия басшылығы атынан «Алғыс хат» ұсынды.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір