Оның аты — тыныштық
17.01.2022
2220
0

Өткен отыз жылдың орамынан алғанда біздің ел кейде бағалап, кейде құнын арзан көрген қасиетті бір құндылық бар. Оның аты – тыныштық. Осы тыныштықтың аясында Қазақстан халқы 1991 жыл мен жаңа мыңжылдықтың арасын Тәуелсіздікпен қабат келген әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтардың шырмауында шырмаяқтанып жүріп өткерді. Содан берідегі он жыл – азды-кем уақыт тойыну мен тойдың еншісіне тиіпті. Қолы қимылдағанның аузы қимылдап, қыбырлап тіршілік қылған жан тұрмысын түзеп, дәулет жарыстыра бастады.
Өкініштісі бұл аралықта халыққа ұл болуды ойлағандардың қатары азайып, банктен несие алып құл болғандардың қарасы өсті. Ел ішін тоғышарлық жайлай бастады. Үлкен әулеттің айналасына топтасқан күштер, Президент Тоқаев айтпақшы, «Елбасының арқасында» аждаһа аранды алпауыттарға айналып, халықаралық деңгейдегі миллиардерлердің санатына көтерілді. «Рахат Әлиев фобиясы» да дәл осы кезде пайда болып, жекелеген азаматтардың басына қауіп-қатер бұлтын төндіріп қана қоймай, мемлекеттік төңкерістің ызғарын сездірді. Сонда… әлекедей жаланған Әлиевтің салған әлегі бәрімізге – бәріміз дегенде алдымен күмбезін «Күн сүйген» Ақордаға сабақ болуы керек еді. Олай болмады. Есесіне, Шекспирдің әйгілі драмаларының бірінде баяндалатын құдалардың бірі құлағанымен, тағы бір құдалардың құрығы ұзарып шыға келді. Ал оның, тырнақшаның ішіндегі нәтижесі – 2011 жылы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен дүрбелеңіне ұласты.
Қарап отырсақ, 2011 мен 2021 жылдың арасында Қазақстанда қағынған оқиғалар көбейіп кетіпті. Атырауда, Ақтөбеде, Таразда, Алматыда ресми органдар «әсіре діншілдер», «радикалдар», «діни экстремистер» деп айыптаған белгісіз топтар мимырт тыныштықтың құшағындағы елдің құлағына мылтық үнін естіртті. Ақыры, міне, мынау болды. Оны халық «қасіретті қаңтар» деп жатыр. Бірақ қасіреттен де қасиет айырып алатын халқымыз сабырға жүгініп, қағынып барып басылған қанды қаңтардың соңынан қайырлы болсынды күтіп отыр.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. Енді осыдан былай замананың қабағын бағып құбылатындар Назарбаевты, Назарбаевтың дәуірін тұтастай мансұқтай бастауы мүмкін. Бірақ өзін, өткенін, жүріп өткен жолдарын, тарихын құрметтей білетін қоғам бәрін жоққа шығармауы керек. Әсілінде қай-қашанда барды «бар» деп, жоқты «жоқ» дей білген жөн. Рас, отыз жылда қалыптасып қалған кейбір әдеттерден түгелдей арылуға тиіспіз. Ол қандай әдеттер? Бұл сұраққа кейін оралатын боламыз. Әзірше көңілге түйген сөзімізді білдірсек, тағы да тыныштық деген құндылықты құрмет тұтуымыздың қажеттілігіне жығыламыз. Себебі қазақ жерінің қазына байлығынан, шектеусіз биліктен айрылғысы келмейтін күштер әлі де жанталасып, қоғамды әбігерге салатын санқилы әрекеттерге баруы ықтимал. Сырттан ақпараттық агрессия жасауы да кәдік. Олардың оң солын танып үлгермеген жастарды дүркін-дүркін еліктіріп, отқа айдап салуы да күмән тудырмайды. Дегенде қайтпек керек? Тыныштығымызды тұтас халық болып қорғауымыз, қалт етпей күзетуіміз керек. Тыныштық халыққа керек болғанда, билікке де керек. Ендеше екі тізгін, бір шылбырды қолына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тығырықтан жол тауып, әлеуметтік әділдік пен ұлттық келбеті келіскен Қазақстанды қалыптастыруға бар қажыр-қайратын, ақыл-ойын, саяси ерік-жігерін сарп етеді деп сенеміз.
Түйсігіміздің түкпірінен бір үн: «…Дәуір аяқталды. Жаңа дәуір басталды», – деп сыбырлайды. Ылайым солай болғай!

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір