ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ҚазҰУ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
28.12.2021
124
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Креативті индустрияны дамытудың келешегі» тақырыбында жастармен кездесу өткізді.

Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, көрнекті ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Кездесуде Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамыту мақсатында берген тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта алғашқы жұмыстар басталды. Үкімет креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе құрды. Қараша айында «2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бизнес-инкубаторлар, орталықтар мен хабтар құру қарастырылған. Алматы қаласында құрылатын бизнес-инкубаторға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негіз болуы керек деп есептеймін. Оған толық мүмкіндіктер бар. Жалпы, кез келген қоғамда креативті идеяларды тудыратын орта – жоғары оқу орындары мен ондағы энтузиаст жас ғалымдар. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақтың интеллектуалды тарихында бұрыннан көшбасшы», – деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар өз сөзінде Қырымбек Көшербаев студенттермен кездесу барысында креативті индустрияны дамыту үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау қажеттігін жеткізді.

Жүздесу барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов креативті индустрияны дамыту үшін нақты жоспарларды бекітіп, жұмыс атқару керегін айтты. «Бүгінгі шара креативті индустрияны дамытуға септігін тигізері анық. Бізге осы саланы дамыту үшін жұмыс істеу қажет. Алдағы уақытта осы тақырып төңірегінде Экономика министрлігімен бірлесіп жиналыс өткіземіз. Оған барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысатын болады. Оған дейін нақты ұсыныстарыңыз болатын болса, сіздерді сол жиналысқа қатысуға шақырамын. Үкімет бірге жұмыс жасауға әрқашан дайын», – деді Ералы Тоғжанов.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға университетке келіп, креативті индустрияны дамытуға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. ҚазҰУ ректоры бүгінгі кездесу университеттің талантты жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті. 

«Мемлекеттің келешегін қалыптастыратын – бәсекеге қабілетті білімді жастар. Бүгінгі таңда біздің жас ғалымдарымыз, талантты өнерпаздарымыз елімізді халықаралық деңгейде танытуда. Шығармашылық индустрия – жаһандық экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Соңғы онжылдықта шығармашылық салалар қоғамның әлеуметтік және мәдени дамуына ерекше әсер етті. Осы орайда, Қазақстандағы креативті индустрияны дамыту мәселелеріне арналған бүгінгі кездесудің, әсіресе біздің талантты жастарымыз үшін маңызы өте зор», – деді университет басшысы.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, креативті индустрияны дамыту бойынша жаңа идеяларын ортаға салды.

Заң факультетінің 1-курс докторанты Ақерке Жақыш креативті индустрияны дамытуға үлес қосатын жастар үшін жаңа білім беру бағдарламасын іске қосу қажет екенін атап өтті. «Осы мақсатта креативті салалар үшін даму қорын құру және инвестициялық және қаржылық саясатта, салық салуда, импорт пен экспортта белгілі бір ынталандыруларды қолдану қажет деп санаймыз. Сондай-ақ креативті индустрияның дамуына өз үлесін қосатын жас таланттарды оқыту үшін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамыз», – деді Ақерке Жақыш.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы бастаған делегация Әл-Фараби кітапханасындағы университет ғалымдарының еңбектері қойылған ғылыми жетістіктер көрмесімен танысты. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы саласындағы ғылыми-зерттеу нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, «Абайдың кісілік кодексі», «Абайтану. Таңдамалы еңбектер», «Абайтану антологиясы 10 томдық», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Абайтану антологиясы» интеллектуалдық Е-ресурстар базасы, «Абай институтының еңбектері» сериясы бойынша басылып шыққан университет ғалымдары еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті.

ПІКІР ҚОСУ