АЙНЫМАС АДАМ
Әкім ТАРАЗИ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ЛҮПІЛДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК
Жанболатты мен бұрыннан танитынмын. Ең жақындасып, қоян-қолтық араласып кеткеніміз осы Астанаға көшіп келген кезден басталды. Мен мұнда алғаш келгенде біреудің пәтерінде тұрдым. Көшіп келгенімді ешкім біле қоймайды ғой деп үйден шықпай жүргем. Үш күннен кейін сол үйге телефон соғылып тұр. Бір таныс дауыс. Ә, дегенде біле қоймадым. «Кімсің?» десем: «Жанболатпын аға», – деді. «Иә, не боп қалды? Мені қалай таптың?» – деп едім: «Тауып алдым ғой», – деп күлді. Сөйтті де: «Ерулікке шақырайын деп едім», – деді. Сөйтіп біздің ойымыздағы ерулік түгілі көшіп келгенімізді ешкім білмейді деген пікірімізді Жанболат тас-талқан етті.
Сол барғанымда ол маған бір кітабын берді. Қазақтың белгілі азаматтары туралы жазылған дүние екен. Соны алып келіп оқыдым. Қарасам, оның ішінде маған ұнайтын кейіпкерлер де, шын мәнінде ұнамайтын кейіпкерлер де, мен немқұрайды, «жарайды» деп қарай салатын кейіпкерлер де бар екен. Оқып таңғалдым! Жанболаттың жазуына қарағанда бәрі жақсы, бәрі керемет. Мен онша менсіне қоймайтын адамдарым жайында оның шығармасын оқығаннан кейін ішім жылып: «Е, мынау мынандай екен-ау. Менің ол туралы пікірім дұрыс емес екен ғой», – деген сияқты толғанып, ойланып қалдым. Бір аптадан кейін аталған кітапты қайтадан оқыдым. Маған ұнамайтын үш-төрт адам жайындағы Жанболаттың жазғандарына қайта үңілдім. Сонан кейін әлгілерді сыртынан қайта ұната бастадым. Мұны мен білмейді екем ғой… Сонымен не керек,сол арада Жанболатқа ат қойдым. Оны өзіне телефон соғып айттым. «Әй, мен саған жаңа ат қойдым», – дедім. Түсінбей қалды. «Сенің ендігі атың – лүпілдеп соққан жүрек», – дедім. Мен өзім сәл қалжыңдап, әзілдеп сөйлегенді жақсы көрем ғой. Сол лүпілдеп соққан дегенді орысша айттым. Мен енді саған «сплошной жүрек» деген ат қойдым. Өйткені, қолың да,аяғың да, жүрегің де барлығы да лүпілдеп тұрған бір-ақ жүрек екен, – дедім.
Жанболат АУПБАЕВ
Жанболаттың жазғаны арқылы бұрыннан жақсы көретін кейіпкерлерімді тереңірек түсіндім. Немқұрайды қарайтын адамдарымды жаңадан танығандай болдым. Содан отырып ойландым. «Әй, мен шынында қатал адам екенмін ғой. Мынау Жанболат сияқты жұрттың бәріне сүйіспеншілікпен қарай білу қажет екен», – деп өзімнің енді жасым келіп қалған, егде тартқан кезімде адамдарға мейіріммен қарау деген сабақтан дәріс тыңдағандай болдым сонда.
Осыдан кейін көп араластық. Отбасы болып, дастарқандасып араластық. Сондайда Жанболаттың жаны соншалықты нәзік екенін ұқтым. Осы күнге дейін мынаны Жанболат жазды деген шығармаларды газет-журналдардан көріп қалсам, зер сала оқимын.
Мен әдебиетке достарыммен бірге келдім. Алдымен еліміздің түкпір-түкпірінен 30-40 болып Алматыда жолымыз түйісті. Бір-бірімізді бұрыннан білетін адам сияқты кездестік. Сөйтіп бір жақсы әдеби орта болдық. Кейін келе өзі бас-аяғы он жылдың ішінде сол біздің әдемі, бауырмал топтың арасы бұзылды. Бұзылғанда өзімізден емес. Бәріміз күндіз-түні бірге жүретін едік. Бір-біріміздің үйімізге ескертпей бара беретінбіз. Кейде түн ішінде де досыңның есігін қаға беру де қай-қайсымызға ерсі көрінбейтін. Ол кездерде үлкен үйлерде тұратын қазақ аз. Бәріміз Тастақта орыстардың қорасында пәтер жалдап жүрдік қой. Сөйтіп мидай араласып кеткен біздің арамызға әдейі жасалды ма, әккі, талайды көрген ағаларымыз, біреулермен бірікпесе өзінің творчествосының құны жоқ ағаларымыз жақтастар іздеді ме екен, әйтеуір ақырын-ақырын бізді бөлшектеп алып кетті. Соның салдарынан әдебиетке бірге келген достар бір-бірімізден ажырап қалдық. Алыстап, суынып кеттік. Ал мен 2004 жылы Астанаға келгенде Алматыда состиып-состиып үш-төрт қана досым қалған кез еді. Ол Қалихан, Сайын, Рамазан-тын. Азайып қалғанбыз. Амантай Сатаев деген досым болған. Оны да біреулер ырқына көндірді, әлде менің өзімнің адамгершілігім кішкене азая бастады ма, әйтеуір бір-бірімізден суынысып кеттік. Осындай арамыз салқынсып, Астанаға кеткенде ешқандай өкінішсіз, ортамнан ажырап қалдым-ау демей келдім. Неге кеттім деген жоқпын. Мұнда келгеннен кейін менің санаулы достарымның өзі ана жақта қалды, енді бұрынғыдан да бетер құлазу болатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Шынымды айтсам, осы жақтағы жүрген зиялы қауымға маған жол ашып берген Жанболат болды.
Жиі-жиі телефон соғып: «Аға мына тақырыпқа пікіріңізді білдірсеңіз», – дейтін. Жаңадан көшіп келіп жатқандықтан ба, әлде жаңа қалаға үйренбегендіктен де болар, онша құлшына қоймайтынмын. Бірақ «Егемен Қазақстанның» жөні бөлек деп осы газеттен келген тапсырыстарға құлшына кірісетінмін. Сөйтіп жүргенде Түркістан қаласында кездестірген оқиғаның негізінде «Ақ боз ат» деген әңгіме жаздым. Ол туынды жылқы туралы еді. Жылқының ерекше бір қасиеті – жақсы адам мен жаман адамды керемет айыратындығы ғой… Менің еске алып отырғаным, бұл шығарманың өмірге келуіне себепкер болған «Егемен Қазақстан» болғанын айту. Бір күні Жанболат қоңырау шалды. Іле Сауытбек звондады: «Аға Астана күні жақындап келе жатыр. Үн қоссаңыз», – деп. Алдында жазсам, жазайын дедім. Деуін десем де қиналып жүрдім. Шығарма деген өзі тууы керек қой. Межеленген уақытқа бір апта қалғанда жазылды. Үш күн қалғанда апарып беріп, елорда күніне үлгермедім-ау деп, ойладым. 6 шілдеде газетті ашып қарасам, алдыңғы күні апарған мақалам тұр. Мына жағында Әкім Тарази деп менің аты-жөнім жазылыпты. Таңғалдым! «Әй, мынаны үш-ақ күн болды ғой апарып бергеніме», – деп күбірлей бердім өзіме. Қалай үлгергеніне қайран қалдым.
Мінезіме байланысты ма, тәрбиеме байланысты ма, әйтеуір осындай бір кезі келіп қалған сәтте бір пікір білдіретінім бар. Сол кездерде («Ақ боз ат» шыққаннан кейін) тағы да екі рет өтініш айтылды. Соның негізінде «Гүлденіп ой өлкесі» деген және оның жалғасы ретінде «Сыр сандық» атты эссем шықты. Сөйтіп жоғарыдағы үш шығармамның өмірге келуіне Жанболат себепші болды. Әдеби кітаптарыма ұялмай енгізетін осындай шығармаларымды бітіруім Жанболаттың «түрткілеуінен» басталды. Оған да ризамын. Себебі жазушы деген адамға кейде редакция қызметкерлері ой салуы керек. Ой салып, сәл ғана қозғап жіберу қажет. Сондайды бір журналист білсе, енді бірі біле бермейді. Кейбірі өктемдеу сөйлеп, сізге сондай бір тапсырма берейін деп отырмыз дейтіні бар. Мен ондайларға көне қоймаймын. Ал Жанболаттың өзінің жаны мен мінезі қандай жұмсақ болса, «жұмсауының» өзінде де бір жұмсақтық бар. Көндіре алады. «Егеменге» көптеген қайраткер, зиялылардың мақалалары шықты ғой. Оқып отырып: «Е, мынау Жанболаттан немесе Сауытбектен шыққан ой ғой», – деп пайымдап қоятынмын.
Жанболат өз ісін керемет біледі. Қанша барсам да материал қарап отырады. Сызып отырады, бір нәрсе жазып отырады. Бір күні барсам көлемі бес-алты бетті алатын дайын ресми ұзын тізімді оқып отыр екен. Сонда мен: «Мұны неге оқып отырсың? Жоғары жақ өздері алып келді емес пе? Өздері жауап береді ғой», – дедім. «Аға, қате кетіп қалса, ұяты бізге келеді емес пе? – деді. Сөйткенше болмай бір «əттегенайды» тауып алды да: «Міне, көрдіңіз бе?» – деді. Мен қарадым. Қарадым да басымды шайқадым. Бұл əдебиет пен мəдениет саласындағы кезекті мемлекеттік стипендияға іліккен шығармашылық иелерінің арасындағы Табыл Құлиястың туған жылы «1935» деп емес, «1946» болып кеткен қате еді. Осыны көргенде: «Өзінің ісіне соншалықты берілу деген Жанболатқа ғана тән-ау», – деп ойладым ішімнен.
Жанболат елге керек адам. Қоғамға қызмет ететін адам. Жақсы мағынасында ол мемлекетшіл жан. Сондықтан бұл азаматты сақтай, құрметтей білу керек.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛАШ ҰЛЫ
Алатаудың атақты Нарынқолы,
Қызыр қонған құтты жер дарын толы.
Ұлдары бар ұлтым деп ұрандаған,
Қайғы болып көрмеген қарын тоғы.
Жанболаттай бар және бір мықтысы,
Ұя салған бойына шындық құсы.
Таудай биік дарыны бола тұра
Кеудесі мен пейілі сұмдық кіші.
Бергені мен еліне берері көп,
Көлеңкесіз теректің керегі жоқ.
Сырт көзге қарапайым көрінгенмен
Сезімі мен ой-сыры тереңірек.
Алашымның айнымас қолғанаты,
Жанашыры, тірегі, шарболаты,
Жанболаттай періште болса қазақ,
Қазақстан болар ед жер жаннаты.
Жанболаттың жүрегін ұғыңыздар,
Жақсылыққа жақтас боп тұрыңыздар.
Жібі түзу Жәкеңе жақындасақ
Бәріміз де түзелер түріміз бар.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
«АШЫЛМАЙТЫН» АДАМ
Алғаш мəрте Жанболат деген інімізді айналайын Ордабасы дейтұғын ауданда көргенбіз. Жазғандарын түк қоймастан, бас алмастан оқитындардың біріміз ғой. Өзімен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездесе қоймаған секілдіміз. Сөйлесе қоймаған сияқтымыз. Əдетте, Алматы жақтан ат басын бұратындардың, арзитындау бірдеңе жазатындардың талай-талайы танауларымен аспан тебіңкірейтіні аян емес пе. Ол жылдары. Қазір де. Ал Жанболатыңыздың алтын басы да, танауы да тым-тым төмен түсіп тұрады екен. Өте қарапайым. Танысып, сырттай жақсы білетінімізді, жазған дүниелерінің дымын қалдырмайтынымызды айтып жатырмыз. Сəл-пəл жымиды да бізді тіпті асырыңқырай бағалып, біраз жерге жылжытып тастады.
Той кезі тұғын. Тұғыры биік тұлғаларымыздың мерейтойы өтіп жатқан. 90-жылдары ғой. Меймандарды шапандандыру басталған. Сонда өзіне шапан жабылғанына Жанболаттың қатты ыңғайсызданғанын байқағанбыз. Ал Абылай қалпақ кеңірек келіп, Жанболаттың мұрнына келіп тірелгенде, өзі бала мінезбен күліп те жіберген.
Жанболат Аупбаевтың шалдықпас шаруаторылығы, ерінбес еңбексүйгіштігі, түн қатып жүріп, түсі қашпайтындығы, білгір басшылығы мен сезгір қосшылығы – айтып та, жазып та таусылмас таудай-таудай қасиеттер. Қаншама қыруар, қымбат қазыналарды қаламынан жаратқан Жақаңның «Ашылмаған аралдары» – дара дүние. Айтып та айтпай не керек-ай, Аупбаев дегенде кез келген оқырманның ойына алдымен «Ашылмаған аралдар» деген айдар оралатыны анық. Біздің осы Оңтүстіктегі қаламгерлердің жасамыстары да, жастары да Жанболат Аупбаевты атасаңыз не дейді? «Е-е, білеміз. Оқимыз. «Ашылмаған аралдар» ма?» – деседі.
Жақаңмен «Егеменде» жүргенде жақтырыңқырамай қалатынымызды да жасырмаймыз. «Ержұман Смайыл бір үтірін бүлдірмей шығарушы еді. Мына Жанболат Аупбаев аямайды-ай», – дегендей ғой біздікі. Газет дейтін әлемде өзіміз де ширек ғасыр шып-шып терлегенімізбен, «түсінгіміз» келмейді. Екі-үш күн өкпелеңкіреп жүріп, қайталай оқимыз. Жазғанымызды. «Бүлдірмей қайшылағанына рахмет», – деп сабамызға түсеміз. Телефон соғамыз. Сирек жағдайда. Көкейде не тұрғанын біліп қояды. Алдыңды да, артыңды да түгел қамтып, бәрін баян етіп, жайбағыстап, қымтап үлгереді. Жақаң. Дітіңді де, датыңды да шығара алмай, дымың құрып, жасыңның егделікке қарай әлдеқашан асып кеткенін еске түсіріп, есің кіре бастайды-ай.
Ал, Жанболатыңыз жетпіске енді ілікті. Қайбір жолы, «Егеменнің» 100 жылдық торқалы тойына барғанымызда ше, бір үлкен марапатқа ие болып отыр екен. Құттықтап, қуанғанымызды білдірсек, ол тұнжырап, төмен қарап: «Ой, қойыңызшы, орден-медаль алғанды жақтырмаймын. Жауды көбейтіп… Дұшпанды арттырып…» де-е-еп отыр.
Жүзбе-жүз, телефонмен де тілдескенде ше… Қаншама шешіледі-ақ, ағынан жарылады-ақ дегеніңізбен, Аупбаевыңыздың арғы жағында ашылмаған әлдене қап қоятындай сезінесіз. «Ашылмайтын» адам деуіміздің себебі осында. Түгелімен ашылса, жұмбағы тұтас шешілсе, онда адамда қызық та қалмас. Дейсіз. Бәлкім, бұ Жақаңның «Ашылмаған арал» боп қала тұрғаны һәм жөн шығар.