БАБАЛАР АҢСАҒАН БАҚ
20.12.2021
652
0

Еліміздің Тәуелсіздік алған уақыты біздің мектепті аяқтап, жоғарғы оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған тұсқа сәйкес келді.  Енді ғана ес біліп, ел тани бастаған, оның үстіне, кеңестік кезеңнің білімі мен тәрбиесін алған, студенттік өмірдің қызықты да шыжықты күндері мен жоғарғы оқу орнының талабына бейімделуді бастан кешіріп жатқан біздер үшін «тәуелсіздік» деген ұғымның не екенін терең түсіне қою екіталай дүние еді. Тіпті, дәл Тәуелсіздік жарияланған күні Семейдей ірі шаһарда оқып жатсақ та, елдің «Тәуелсіздік алдық» деп мерекелеп, бұхара боп қарсы алғаны, оны қуанышпен тойлағаны есімізде қалмапты. Сол себептен бе екен, Тәуелсіздіктің қашан, қалай келгенін біз сезіне алмай қалдық десек болады.

Осыған дейін де, осыдан кейін де қоғамда әртүрлі «Сана», «Азат», «Алаш», «Ана тілі» секілді ұйымдар мен қозғалыстар құрылып, олармен әртүрлі кездесулер ұйымдастырылып, тілден бастап, өзгеде ұлттық құндылықтар, ел, жер тақырыбындағы айтылған сөздер мен ойлар біз секілді жастардың саяси санасының ашылуына өте көп ықпал етті. Бұрынғымызға бұрылып, бүгінгімізге үңілгеніміз, «бұрын кім болдық, бүгін кім болуымыз керек?» деген секілді сауалдар туғызып,  кез-келген жастың санасына ой салды деп ойлаймын.

Алғашқы 10-12 жылда халық көптеген ауыр күндерді бастан өткеріп, бірталай қиындықтарға кезікті. Экономика құлдырады. Халықтың тұрмысы құлдырады. Оны ата-аналарымыздың тұрмыстағы күреңсал сызды қабақтарынан-ақ  байқадық.

Дегенмен жаңадан құрылған бір мемлекет түгілі бір отбасының аяқтан тұрып кетуі біршама уақытты керек етеді десек, отыз жылда біздің мемлекет қиын кезеңдерді бастан өткере отырып, экономикалық жағынан болсын, мәдениет пен өнер жағынан болсын әл-ауқатын көтеруде бірсыпыра істер атқарды деп ойлаймын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жемісі деп Қазақстанның Тәуелсіздігін Түркиядан бастап басқа мемлекеттердің мойындауын, еліміздің рәміздерінің бекітілуін, төл теңгеміздің шығуын, шет мемлекеттерге есіктің ашылуын, осы арқылы «Болашақ» стипендиялық бағдарламасының жасалуын, шетелдердегі қандастардың елге оралуын,  Алаш арыстарын ақтау, олардың шығармаларын насихаттау ісінің Тәуелсіздікке дейін (1988-1989 ж.ж.) басталып, тәуелсіздік жылдары халықпен толық қауышуын, ұлттық құндылықтарымызға қайта оралуымызды, ең бастысы – шекарамыздың бекітілуін айтуымызға болады-ау деп ойлаймын.

Осы Тәуелсіздік жылдарында өнер саласында да біршама жетістіктер ойға оралады. Қазақстанның Мәдениет күндері аясында көптеген шет мемлекеттерде қазақ мәдениеті мен өнері күндерінің аталып өтуі – Тәуелсіздіктің жемісі деп айтуға тұрарлық. «Мәдени мұра» жобасы аясындағы жүз томдық, «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» секілді қазақ ән-күйлерінің аудиоантологиясы, «Ұлы даланың көне сарындары» аясында жасалған қазақ музыка мұраларының жинақталып жарыққа шығуы, Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы да – Тәуелсіздіктің  жемісі.

Десе де осы жылдар арасында атқарылу керек еді деген «әттең-ай» тұстар да аз емес. Орда бұзар жасқа жеткенде ондай істерді «көш жүре түзеледіге» салып, кейінге ысыра беру – қамал алар жасқа бет бұрған ел үшін үлкен сын болады. Ендеше, Тәуелсіздік – бабалар аңсаған бақ дейтін болсақ, осы бақтың баянды болуы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен де ауыр екенін болашақ ұрпаққа түсіндіру, аманаттау – біздің буынның міндеті мен парызы болу керек.

Еркін ШҮКІМАН, дәстүрлі әнші

ПІКІР ҚОСУ