Ол бір түсініксіз, тұман басқан заман еді
20.12.2021
757
0

Әдебиеттегі біздің буын, Кеңес Одағы күйреп, жас мемлекет аяғын қалт-құлт басып пайда болған кезде, мектеп бітіріп, студент атанып жатқан. Ол бір түсініксіз, тұман басқан, қарапайым күн көрістің өзі қиын заман еді. Қазір барлығы түс сияқты артта қалып-ақ кетті.

Отыз жыл деген – орта статистикалық адам өмірінің үштен бір бөлігі, тіпті шынын айтатын болсақ, көп адамның ғұмырының жарымы. Кәдімгідей салмағы бар уақыт. Балалық шағы Кеңес Одағында, ересек кезі Тәуелсіз мемлекетте өткен өз буыным туралы айтар болсам, біз осы Тәуелсіз елде саналы өмірімізді кешіп жатырмыз. Керемет болып кеттік десем, ешкім сенбес. Кеңес Одағының құрамында болған уақытпен салыстырғанда жақсымыз десем, тағы олай емес тәрізді көрінеді. Анау ше, мынау ше деген сияқты бір нәрселер алдымыздан көлденеңдеп шығып, айтқызбайды. Бәлкім, қазіргі өзімізді еш нәрсемен және ешбір елмен салыстырудың қажеті жоқ та шығар. Бұл біздің өзіміздің жеке, қандай болса да өзіміз ірге тасын қалаған, өзіміз қалыптастырған мемлекет. Осы отыз жыл үшін тек өзіміз жауаптымыз. Жақсысы үшін де, жаманы үшін де. Көп жағдайда жүрек сыздап, көзге жас үйіріледі. Бірақ өз саусағыңды өзің қайтіп кесесің? Кейде мақтанасың, қуанасың. Әйтеуір халық аман, заман тыныш. Кеудесінде жаны, тіршілігі бар жандар үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Соңғы жылдары білімге ұмтылыс жақсы, биліктің назары осы салаға мықтап ауған тәрізді; өліара туғызған сауатсыздық, надандық осылай бірте-бірте солғын тартып, шын мәнінде өркениетті елдер қатарына қосылып кету мүмкіндігіміз зор болып көрінеді.

Көпбалалы отбасыларын жан-жақты қамсыздандырудың, отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын шешудің жаңа, тиімді тетіктері жасалып, тезірек іс жүзінде қолданысқа енгізілсе деп тілеймін. Үйде отырған, өз құқығын білмейтін, эмоциялық тұрғыдан күйзелісте жүрген жандарды әлеуметтік қорғау, оларды ерте бастан танып, көмек қолын созу схемасы жасалса… Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекет барынша өз жауапкершілігіне алса… Биік мінбелерден: «Бала туар алдында билік басындағылармен ақылдастың ба?! Енді неменеге көмек сұрайсың?» деген шаңқылдаған дауыстар естілмесе… Өкімет халықтың жоғары білімді, зиялы болуына шын мүдделі болса… Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы жалған құндылықтарды дәріптеп, елде рухани геноцид жүргізбесе… Қазақтың бар генофонды ауылда, сол ауылға өтірік емес, шын көңіл аударса – жақсы болар еді.

Мадина ОМАРОВА, жазушы-драматург

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір