ҚИЫН ШАҚТА «ЖОҒАЛҒАН ҰРПАҚТЫҢ» БУЫНЫ ҚАЛЫПТАСТЫ
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда мен екі жастан енді асқан, аяғын апыл-тапыл басқан сәби екенмін. Есімде нақты ештеңе жоқ. Әлде бес, әлде алты жасымда үлкендерден еміс-еміс ести бастадым. Бұлай болуының да қисыны бар. Біріншіден, санасы әлі орнығып болмаған ойын баласымын, екіншіден, әрі ең негізгі кілтипан біз ол кезде Тәуелсіз Қазақстанның территориясынан тыс, Қытайдың Шыңжаң деп аталатын ең шеткері батыс өлкесінде, Жоңғар ойпатының бір қолтығында өмір сүріп жаттық. Сол себепті де «ақ түйенің қарны жарылған» ұлық күннің сүйіншілі хабары біздің ауылға кешігіңкіріп жеткені анық. Кейіннен үлкендерден сұрап қанықтым, біздің құм ішіндегі аядай ауыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын кешкі астың үстінде радиодан естіпті. Ертесі қуанышты хабарды бір-біріне асыға жеткізіп, көңілдері марқайып қалған көрінеді. Көрші ауылда бір ақсақал радиосын өңгеріп алып, қыстау қыстауды атпен аралап қуанышты хабарды жалпақ жұртқа таратыпты. Ал, Бейжің, Үрімжі секілді ірі қалаларда жұмыс істейтін, университеттерде оқитын қазақтың зиялылары жасырын жиналып, ақсарбас атап сойып, жүректері жарылардай қуанған екен, мұны да кейін есітіп білдік.
Анық есімде қалған бір оқиға, төртінші әлде бесінші сыныпта оқитын кезім. «Жағрапия» деп аталатын сабақта Орта Азия елдерін, оның ішінде Қазақстанды жан-жақты таныстырды, Қазақстанның картасын алғаш сонда көрдік, территориясының кең, жер асты байлығының да мол екенін оқып білдім. Сол күні кеудемізді бір түрлі мақтаныш сезімі кернеп, мектептен желпініп қайттық.
Қалай десек те, Қазақстанның Тәуелсіздік алуы – шеттегі қазақтардың рухани, мәдени, саяси өміріне үлкен серпіліс алып келді. Ең бастысы, бір қауым ел көштің басын Атажұртқа бұрды. Өздерінің байырғы мекенінде отырған қазақтар да күні бүгінге дейін Қазақстанға шаң жуытпайды, арқа сүйер Алатауындай көреді.
Қазақстанға 2008 жылы келдім. Ол кез елдің еңсесі сәл де болса көтеріліп, етек-жеңін жиып қалған шағы екен. Бірақ 90-жылдардың сызы, табы жүректерден әлі өше қойған жоқ деп ойлаймын. Себебі, сол бір қысталаң, қиын шақта «жоғалған ұрпақтың» буыны қалыптасты. Менің құрдастарым, 90-жылдары өмірге келген ұрпақ үлкен психологиялық соққыға ұшырады, балалығын ұрлатты. Н.Ораз ағамыздың «Ақ тырналардың ұясы» дейтін әңгімесіндегі немесе Ұ.Есдәулет ағамыздың «Қара пимасындағы» кейіпкерлер әр ауылда әкелерінің жолына қарап қаздиып тұрды. Үнемі үмітін күдік үрлеп өшірді. Табанынан ызғар өтті, маңдайын суық қарыды, түлкі құрсақ таң атырып, күні бойы көшеде ержетті. Міне, осылайша заманның ызғырықты өтінде қалып, мейірімге, жылылыққа зәру болып өскен ұрпақ үлкен өмірге араласқалы қашан. Алайда, түйткіл тіпті де шиеленісе түсті. «Жоғалған ұрпақтың» жанын сыздатқан жара біртіндеп қоғамның дертіне айналып бара жатыр.
Жалпы, 90-жылдарда өскен ұрпақтың тағдыры, олардың ішкі ойы тереңірек зерттелуі тиіс деп ойлаймын. Әлеуметтану тұрғысынан, психология тұрғысынан, өнер тұрғысынан жан-жақтылы сараланып, түрлі еңбектер жазылса, өз дертімізге өзіміз үңіле түсер едік. Себебі бүгінгі берекесіздігіміздің, жалтақтығымыздың, жемқорлығымыздың бір ұшы осында жатқандай сезіле береді.
Тәуелсіздік мені Атажұртқа жетелеп алып келді. Мені ғана емес, қиыр жайлап, шет қонып жүрген қандастарды бір шаңырақтың астына жинады. Шет елдегі қазақтарды этникалық отанына шақыру – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең игілікті істердің бірі деп ойлаймын. Көшке ілесіп келген қаншама білімді, білікті қандастар ғылымда, өнерде хал-қадірінше еңбек етіп жатыр. Бұл да – Тәуелсіздіктің жемісі.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ, ақын