ПІКІР АЙТУ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ЕРТЕ БІЛДІК
20.12.2021
661
0

Тәуелсіз ел атанған жылы мен  мектепке бардым. Ел басынан өткен құбылыстардың кейбірін сол кезде  түсінсем, кейбірін  енді ғана  түсініп, сараптаймын. Бала бір кезде  куә болған, түйсінген, сезінген бар оқиғаны  көкейіне түйіп сақтайды. Ал уақыты келгенде  әр оқиға  сана түкпірінен шығып, жаңаша қорытуды талап етеді. Біздің танымымыздың негізі де – осы оқиғалар.

Ата-анам қоғамда болып жатқан оқиғалардан бізді алшақтатып, оқшаулаған жоқ. Күн сайын бір тақырыпты  түсіндіріп, пікірімізді сұрап отыратын. Меніңше, осы пікір білдіру,  айту құқы – өмірдегі кез келген мәселеде  даусымыздың бар екенін шегелеп берді.  Біз осылайша еркін, тәуелсіз болып өстік. Бұл бізге еліміздің тәуелсіздігі арқылы келген рух екенін кейін ұғындым. Осы еркіндік рухы мені әдебиет дейтін тылсым әлемге жетелеп әкелді.

Шығармашылық ойдың шегі жоқ. Еліміздің осы бағыттағы мүмкіндігін ашу – ендігі ортақ межеміз деп білемін. Қазақ өнері әлемдік ақыл-ой кеңістігінде интеллектуалдық әлеуетімен танылғанын қалаймын. Осы жолдағы менің тәуекелшіл істерім өзімнен кейінгі буынға қанат бітіріп, жол көрсетеді деп сенемін.  2019 жылы Ұлыбритания астанасы  Лондонда «Ауа» деген атпен поэтикалық-музыкалық  кеш өткіздім. Бұл сапар шығармашылық ойымның деңгейін бағамдауға, әлемнің әдеби кеңістігіндегі қазақ адамының  ойы қандай болмақ, соны зерделеуге жол ашты. Ең маңыздысы, осы жобам арқылы «ауа» ұғымының құндылық ретінде жаңа  қоғамдық мәнге ие боларын болжадым деп есептеймін. Пандемия – соның дәлелі. Карантин кезеңінде Германия музыканттарымен бірлесе «Қолыңды бер» жобасын жүзеге асырдым. Бұл жобам арқылы адамзатқа ортақ көңіл-күйді, алаң мен көкейкесті сұрақтарды ортаға салғым келді. Бұл поэтикалық-музыкалық талқыға неміс достарымыздың қатысқанын қаладым. Өйткені, өнердегі, музыкадағы жаңашыл қадамдар солардың  кеңістігінен  басталып жатады. Дәл осы тарихи шақта сол толқынның ішінде болу мен үшін аса маңызды болды. Нәтижесінде, әлемнің екі нүктесінде отырып, философиялық ойларға  толы,  салмақты жоба жасап шығардық. Бұл – қазақ ойының әлемдік кеңістікте өз орны бар екенін растайтын мысал деп санаймын.

Бүгінде жас буынның шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдайтын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға атсалысамын. Жас буынның алдында жауапкершілік сезіну, жол көрсету – табиғи әрі рухани құбылыс. Сол үшін де негізгі қызметіммен қатар, бос уақытымда өнердің түрлі бағытындағы қоғамдық жобаларға үлесімді қосамын. Тәуелсіздік менен түрлі мамандықтар мен дағдыларды игерген тәуекелшіл маман жасап шығарды. Сол тәжірибені  қайтадан елге беру – парызым. 

Мақпал ЖҰМАБАЙ, ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір