Жалған дерек– жай пікір емес
04.08.2026
49
0

Жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған жаңа заң еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Енді азаматтар шындыққа сәйкес келмейтін, қоғамда үрей тудыратын немесе беделге нұқсан келтіретін мәліметті таратқаны үшін айыппұл арқалауы мүмкін.

Бұл шешім азаматтардың ақпарат таратудағы жауапкершілігін арттыруды көздейді және цифрлық кеңістіктегі ретсіздікке тосқауыл қоюға бағытталған.
Жаңа заң аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне 456-2-бап енгізілді. Бұл бап «шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарату» деген жаңа құқықбұзушылықты анықтап берді. Егер таратылған мәлімет қоғамдық тәртіпке, ұлт­тық қауіпсіздікке, жеке немесе заңды тұлғаның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірсе, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал заңды тұлғаларға – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Бұл талап тек кәсіби журналистерге немесе бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, интернет қолданушыларына, яғни кез келген азаматқа қатысты. Демек, Facebook, Instagram, TikTok, Telegram, YouTube сияқты платформаларда жалған немесе тексерілмеген мәліметтерді жариялау – енді жай ғана моральдық қателік емес, нақты құқықтық салдары бар әрекет.
Мысалы, кейбір желі қолданушылары «банк жүйесі күйрейді» немесе «қалада су тапшылығы болады» деген жалған хабарламаларды таратып, халық арасында дүрлігудің туындауына себеп болған жағдайлар тіркелген. Мұндай ақпараттар кейде алдын ала ойластырылған арандатушылықтың құралына айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, фейк-контент тек әлеуметтік желі арқылы емес, мессенджер топтар, чаттар мен анонимді арналар арқылы да таралуда. Ал бұлардың бәрін бақылап, дер кезінде жауап беру – мемлекет үшін де, қоғам үшін де үлкен сын.
«Қоғамда кейде «бұл жай ғана пікір» деген қате түсінік бар. Алайда жалған дерек – жай пікір емес. Ол – шындықты бұрмалау арқылы қоғамдық санаға әсер ету, тіпті кейде адамдарды адастыру әрекеті. Сондықтан жаңа заң тек жазалау құралы емес, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың бір жолы».
Заңның күшіне енуі – мемлекет тарапынан ақпараттық кеңістікте тәртіп орнатуға деген нақты талпыныстың көрінісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір