18 ЕЛГЕ ТАБАНЫМ ТИДІ
20.12.2021
580
0

Балалық шағым ауылда өтті. Шалдың баласымын. Атам жылқышы еді, бізді соған баулыды. 7 жастан 14 жасыма дейін бәйгеге шаптым. Ауыл балалары көшеде ойнап жүретін. Менің де ойнағым келеді, бірақ атам «аттың терін ал, бәйгеге дайындауымыз керек» деп, таудың етегіне қарай тартатынбыз…

Есімнен кетпейтін бір бәйге бар. Малшылардың бәйгесі. Аламанға ат қоса барғанбыз, бір ақсақал тұр екен. Атбегілер бір-бірімен жақсы араласады ғой, ол кісі атама: «Менің баламның іші ауырып тұр, құнан бәйгеге балаңды бере тұрсаң», – деді. «Жарайды», – деді де, шалекең маған «мін» деп бұйырды. Сөзін қайтарып көр! Құнан бәйгеге шауып келсем, сол жерде тағы біреудің баласын ат теуіп кетіпті. Бәйге баласы болып тағы да топ бәйгесіне шауып бердім. Содан кейін өзіміздің аламанда топ жардым. Ол кезде өзің кішкентайсың, тақымың толмайды. Бірақ бір қуанарлығы, сол күні кермеден қатар шыққан топтан суырылып, бәрінде де жүлделі орындар алдым. Мүмкін бәйгенің не екенін алғаш рет сонда сезінген шығармын. Иә, бәйге баласы – қазақтың өзі. Шаршы топты көргенде шаршағанын, ауырғанын ұмытып, барын салатын, мәреге бірінші боп келе жатқанда күллі дүниені ұмытатын қазақ. Қара көрініп, қиқу естілгенде болдырып, құлайын деп келе жатқан тұлпарыңа ерекше бір күш бітеді. Сол сәт тұлпарың пыраққа айналып, ал өзің оның қанатында отырғандай сезінесің ғой…

Елім де сөйтті ме деймін. Мен Тәуелсіздік алғаннан 3 жылдан кейін дүние есігін аштым. Ес кіріп, айналамды таныр шақ тоқырау жылдарына тап келді. Қазір олай болмауы мүмкін, алайда дағдарыс кезінде жетпеген жерімізді көршілер жамайтын. Екі-үш үй кіріп-шығып жүріп, бір-біріне нан-тұзын бөліп беретін, сұрап алатын. Оның бәрі артта қалды. «Тұлпарымыз болдырды-ау» дегенде, ғайыптан күш бітіп, осы күнге аман-есен жеттік. Қазір қара үзіп, мәреге бірінші келе жатқан бәйге баласының күйін кешіп жүрміз.

Бұ күндері 7 жастағы баланың атқа мініп жүргенін көрмедім. Әлемдік каскадерлер тобында жұмыс істеймін ғой, көп уақытым ипподромда өтеді. Өкінішке қарай, балаларын атқа мінгізіп, баулығысы келетін қазақатарды кездестіру мүмкін емеске айналып бара жатыр. Ол енді басқа тақырыптың тұздығы.

Әңгімеге оралалық. Біздің буын асық ойнап өскен соңғы толқын шығар. Қазір дүниеге үйінен қарыс қадам аттап баспайтын ұрпақ келді. Соның арқасында «асық ойнаған азбайтынын» түсіндім. Дұрысы, есейе келе асық ойыны физикалық қозғалыс қана емес, оның үлкен пәлсапасы, мағынасы бар екенін білдім. Жауынгер халықпыз ғой, бабаларымыз асықтың мергендікке тәрбиелейтінін дәл білсе керек. Сондықтан да бізден мергендер, қол мергендер өте көп шыққан. Қай асықты сақаңның жұлып түсіретінін есептеп, қалай ату керек екенін үйрену көшпелі өмірде де мол пайдасын тигізген. Тіпті, сөз өнері де солай ғой – сөзді таңдап алып, дәлдеп тигізуің керек. Өйтпедің бе, жел сөзің – құр ысырап. Ал асық ойынын ел ісімен салыстырып көрсек, тіпті өзгеше түрге енеді. Меніңше, әр саяси қадам – бір ойын. Шетелдегі қазақтарды  Отанымызға шақыру және оларды қолдау бір ойындағы сақаның алшысынан түскені шығар деп ойлаймын. Әрине, кемшін тұстарымыз да жетерлік, бірақ тиісінше озған жайымыз да баршылық.

Көп адам бала кезде әрнені армандайды ғой. Онысы түсінікті, бала қиялы құбылмалы, айнымалы келеді. Мен мамандық жайлы армандап көрмеппін. Жалғыз арманым болды: ауылымыздың сыртында тау тұратын, соның арғы жағында не бар екенін көру ғана. Сөйтсем, таудың арғы жағында әлем бар екен. Жеті атам көрмеген жерлерде жұмыс істедім. Он сегіз елге табаным тиді. Бұл-дағы бір Тәуелсіздіктің тартуы да.

Тәуелсіздік туралы көп дүниелер айтылады, бірақ менің білетінім де, бұл –  мемлекеттің ғана емес, адамның тәуелсіздігі. Шетте жүрген қаншама қандасымыз басқа аспанды жамылып жүрсе де, «тәуелсіз тарихи отанымыз бар» деп айтса – олардың да өздерін тәуелсіз сезінетінінен деп ойлаймын.

Бұрын қыс болса жабағы, тайларды үйретіп, аттан қанша құлап жатсақ та бетім қайтпайтын. Кейін, атам өмірден өткен соң бізде жылқының тұқымы бірден жоғалды. Мен де атқа мінбей кеттім. Одан кейін қалаға келдік.

«Номад» каскадерлық тобындамын. Түсіру алаңдарында алған жарақат қанша жерден жанға батса да, білдірмеуге, сездірмеуге тырысамын. Себебі мен – батыр оғыландардың ұрпағымын. Мағауин айтқандай, «күллі дүние қара жаяу жүргенде біздің бабамыз ат баптап, жер-жаһанды аяғынан тік тұрғызған». Менің де аяғымды нық басып, тік тұрудан басқа амалым жоқ. Басқаша болуы мүмкін де емес. Еліміз де солай!

Ғалымбек ҚАРАТҮРІК,

актер, «Номад» каскадерлық тобының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір