ҚазҰУ 2021 жылды қорытындылады
13.12.2021
165
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Салтанатты шараға Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, оқытушы-профессорлар, білім алушы жастар қатысты.

Мерейлі жылды қорытындылаған жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендік тарихындағы және Қазақстанның қалыптасуындағы ерен еңбегін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерейтойы аясында жастарды отансүйгіштікке баулу, тарихи құндылықтарды қастерлеу мақсатында университетте бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді.

«Универсиет аумағында Елбасы саябағы мен Ғалымдар бағы ашылып, 1000-нан астам көшет отырғызылды. Мемлекетіміздің дамуына, отандық білім мен ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан түлектеріміздің, танымал тұлғаларымыздың Көшбасшылық дәрістерін өткізу – оқу орнымыздың айнымас дәстүріне айналды. Жақында білім ошағында Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүлмен үлкен кездесу болып өтті. Түркітілдес халықтарға ортақ тұлға – Жыр алыбы–Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай университетте рухани-мәдени шаралар  өткізілді. Өткен аптада ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі қорытындыланды. Осы онкүндік аясында оқытушылар мен студенттеріміз Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды»,- деді университет басшысы.

Мерекелік жиында оқытушы-профессорлар мен үздік қызметкерлер «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» үлкен Алтын және Күміс медалімен, «EREN ENBEGI USHIN» медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректорының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, университеттің ағымдағы жылы жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, биылғы оқу жылында 119 жаңа білім бағдарламасы ашылды. Оқу ғимараттары мен  жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Ағымдағы жылы университеттің барлық қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге өсті. Енді оқытушы – 285 мың, аға оқытушы – 312 мың, қауымдастырылған профессор – 389 мың, профессор – 500 мың теңге жалақы алады.

Салтанатты шара танымал қазақ эстрадасы жұлдыздары мен университеттің талантты студенттері дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жиын соңында қатысушылар «Мен Қазақпын!» патриоттық әнін хор болып бірге шырқады.

Айта кетейік, салтанатты шара аясында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі

 

 

ПІКІР ҚОСУ