АУҚЫМЫ АРТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АУДАРМА
02.12.2021
1448
0

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі


 Көркем аударма – әдебиет пен мәдениеттің көпірі. Өзгені түсіну һәм тану аудармадан басталады. Өзіміз оқыған және мәліметі жеткен аударма кітаптар хақында баяндама жасау бізге тапсырылған екен, онда соған кезек берелік.

Ең әуелі Александр Бектің «Волоколамское Шоссе» романының жаңа аудармасы туралы айтуға болады. Бұған дейін жетпіс жыл бұрын аударылып, жарық көрген Құрманбек Сағындықовтың «Арпалысын» оқып келдік. Одан бері үш ұрпақ ауысыпты. Енді, міне, жазушы, тәржіман Құлтөлеу Мұқаштың жаңа аудармасы – «Волоколамск тас жолы» қолымызға тиіп отыр. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтың сөзімен айтқанда,  «Көркем аударма сәттілігінің бір сыры тәржіма авторының қолға алған тақырыппен етене таныстығында шығар. Сол секілді кейіпкерге деген ересен құрмет пен сүйіспеншілік те аз міндет атқармайды. Құлтөлеудің бауыржантану ісіне ертеден араласып, қалам толғап жүретінін білетін едім. Түйіп айтар болсақ, «Волоколамск тас жолы» кітабының жаңа аудармасы арқылы ел руханиятына ерліктің, қаһармандықтың оқулығындай тағы бір тұщымды дүние қосылды дегіміз келеді».

Роман Кеңес одағы заманында, соғысы туралы жазылғанымен, оның құндылығын мүлде басқа жағынан қарастырған жөн. Роман адам табиғатын барынша ашып, ішкі жандүниесінің қарама-қарсылықтарын жеткізе отырып, тұлғалық жетілудің нәзік сырларын көрсетеді. Егер «неміс фашистері» деген атауды өмірде кездесетін кедергілер деп танысақ, адамның қиыншылық, бөгеттермен бетпе-бет келген кезіндегі шынайы келбеті суреттелгенін алақанға салғандай анық байқаймыз. Шығармаға соғыс тақырыбы арқау болған дегенімізбен, ол психологиялық тартыс, ақыл мен сезімнің, намыс пен ездіктің, күйреу мен жеңістің арасындағы арпалысты дәл жеткізген. Үрей атты жылымға жұтылып кетпей, өзіңді қалай сақтап, алып шығуға болатынын осы роман үйретеді. Кітапты тұтас қоғам мүшелері оқып, түпкі мәнін, терең философиясын танитын болса, берер тәлімі мен ғибраты мол. Қ.Мұқаш «Волоколамск тас жолын» жаңаша қырынан, бүгінгі буынның көзқарасымен, түпнұсқаға барынша құрметпен қарай отырып аударғанын аңғардық. Осы бір кесек туынды арқылы Бауыржан Момышұлының аңызынан гөрі, ақиқатын анық білеміз.

Көзі қарақты оқырманға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тәржіман Мәлік Отарбаевтың түрік тілінен көптеген кітаптар аударып жүргені мәлім. Ал соның ішінде соңғы кезде жарық көрген «Юнус Эмренің жырлары» атты еңбегін ерекше атауға болады. Бұл кітаптың таныстырылымы ҚР Ұлттық кітапханасында, содан соң Анкара қаласында екі елдің біріккен іс-шарасы – «Түркістан декларациясының» мазмұнына сай тұсауы кесілді. Сондай-ақ, М.Отарбаев Жамбыл Жабаевтың «Көроғлы» кітабын қазақ тілінен түрік тіліне тәржімалады. Бұл дастан – түркі халықтарына ортақ дүние, алайда кітапта Ж.Жабаевтың өзінше жырлаған нұсқасы жарық көрді. Кітап Анкарадағы «Бенгу» баспасында беттеліп, ХVI  халықаралық Анкара кітап көрмесінде таныстырылымы өтіп, түрік оқырмандарына жол тартты. Күні кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Жамбыл апталығы» аясында тағы да арнайы тұсаукесері жасалды. Кітапқа Жамбыл жырлаған «Көроғлы» дастаны және бір топ өлеңі, қазақ, түрік ғалымдарының Жыр алыбы туралы айтқан пікірлері топтастырылған. Сонымен қатар, М.Отарбаев түріктің классик жазушысы, ақын, драматург Нежиф Фазылдың «Стамбул новеллалары» атты эсселері мен толғаныстарын аударып, «Қазақ университеті» баспаханасынан шығарды. Белгілі түрколог-ғалым Омар Өзденнің «Түркі ойының тарихы» (немесе «Тұран тұлғалары») атты кітабы басылып шықты. Кітапқа бүкіл түркі әлеміне белгілі тұлғалардың портреттері енгізіліп, өмірбаяндары, өнербаяндары баяндалған. Олардың қатарында Юнус Эмре, Әлишер Науаи, Қожа Ахмет Йассауи, Мәулана Жалалиддин Руми, Яхия Кемал секілді тарихи тұлғалар бар. М.Отарбаев келесі жұмысты Әзірбайжан ақыны Мәмет Исмаилмен бірлесе отырып орындапты. Осылайша Түрік ағайындар Қазақстанның түркиядағы елшілігінің тапсырысымен жасалған Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдер жинағымен «табысып», жанының шөлін басты.

Ақын, белгілі ғалым Дүкен Мәсімханұлы қытайдың классик жазушысы Ба Цзиньнің «Әулет», Мао Дунның «Түн» деген романдарын қытай тілінен аударды. Екі кітап та 2019-жылы «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрді. Д.Мәсімханұлы қытай қоғамы жан-жақты суреттелетін осы романдарды аудару арқылы әдеби көкжиектің кеңеюіне ғана емес, көршіміздің көп қырлы, терең сырлы ел екенін тануымызға тағы бір жол салып беріп отыр десек артық айтқанымыз болмас.  

Жиырма бес жылдың бедерінде жазушы Серік Нұғыманның ағылшын және қытай тілінен аударған көптеген еңбектері үздіксіз жарық көріп келеді. Ол әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығын алған қытайдың әйгілі жазушысы Мо Янның «Қызыл гаулияң» атты алғашқы романын аударыпты. Кітап «Ан-Арыс» баспасынан жарық көрді. «Қызыл гаулияң» – Мо Янның атын кең жайып, танылуына себеп болған, 1986 жылы жарық көрген атышулы еңбегі. Аудармашы Мо Янның жазу мәнерін толық білетіндіктен, автордың стилін сақтай отырып, жаңа қырынан, «модернистік» сипатымен жеткізген.  

Ақын, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақын туралы да сөз шығарудың реті келіп тұр. Дүйсенәлі әр жылы Дүниежүзілік даңқты бәйгенің жеңімпаздары жариялана салысымен жаңа есімдердің сұхбаттарын, мақалаларын, ағылшын тілінен тіке аударып, әдеби ортаға ұсынып келеді. Оның Жәйірбек Мұхаметханұлымен бірлесе отырып аударған Мо Янның «Өмір мен өлім азабы» деген романы көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Кітап «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Д.Әлімақынның тағы да «Фолиант» баспасының тапсырысымен Ауған текті Американдық жазушы Халед Хосейнидің «Батпырауық қуған бала» атты романын ағылшын тілінен қазақшалады. Ал, қазір Жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның «Бақбақ» атты романын аудару үстінде.

Аудармашы Амангелді Құрмет Орхан Памуктың «Ақ қамал» романын түрік тілінен қазақ тіліне аударды. Одан өзге Айнаш Қасым деген аудармашымыз әдеби шығармаларды парсы тілінен тіке тәржімалап жүр. Талантты жас қаламгер осылайша мәдениеттердің арасында алтын көпір болып, әдебиет үшін сан салалы еңбек етіп жатыр.

Айта кететін бір мәселе: «Егемен Қазақстан», т.б. басылымдарда жарияланып келе жатқан зерттеулерге сүйене отырып, келесі кезектегі мәселелерді қадап айтуды жөн санап отырмыз. Осы уақытқа дейін ұлт әдебиетінің жанашырлары Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» шетел тілдеріне дұрыс тәржімаланбай жүргенін айтып дабыл қағуда. Ұлтымыз туралы үлкен эпопия саналатын «Абай жолының» өзге тілдерге дұрыс жетпеуі көркем аударманың үлкен олқылығы. Оның басты себептерінің бірі – тілді толық меңгерген қазақ аудармашыларының жетіспеуінен.

Өлең өрнегі өзгеше ақын Төлеген Меллаттың аударма саласында бағын сынап, шеберлігімен шепке шығып жүргені қуантады. Ол аударған Халед Хосейнидің «Жарқыраған мың күн» романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Халед Хосейни – ғасырымыздағы ең көп оқылатын атақты жүз жазушының қатарындағы әйгілі қаламгер. Кітапта Ауғанстан елінің көмескі де, тұңғиық өмір шындығы, тыныс-тіршілігі боямасыз бейнеленген. Қоғамдық ортасы күрделі, саясаты сан құбылған, соғыстан көз ашпаған ауған елі туралы білгісі келген адам романды қолына алса, біршама көз жеткізе алады. «Жарқыраған мың күн» жарыққа шыққалы сұраныс артпаса, кеміген емес. Ол туралы ой талқыларды көптеген басылым беттерінен оқып та, айтылған жерде естіп те жүрміз. Аударма тілі – жатық та, көркем. Аталған роман автордың ғана шеберлігін танытып қоймай, тәржіманның да қазақ тілінің уызына жарып өскенін, құдіретті қаламды қастерлеп ұстап, киелі қазақ сөзін орнымен жұмсайтынын дәлелейді. Тіпті, оқып отырып, туындыгердің тегін, ұлтын ұмытып кетуіңіз ғажап емес.

Башқұрттың жас жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы ана», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» деген еңбектері бүгінге дейін үш рет қайта басылып, әр кітап он бір мың данадан шығып, оқырман қолына жетіпті. Оны сөйлеткен – белгілі ақын, баспагер Саят Қамшыгер. С.Қамшыгер осы еңбектері үшін Башқұртстан Мәдениет министрі Әмина Шафиқованың алғыс хатымен марапатталды. Уфа қаласынан Саяттың «Тебе… Һиңә… Саған» деген атпен орыс, башқұрт, қазақ тілдерінде жаңа жыр жинағы жарық көріп, Ресей Федерациясының оқырмандарымен қауышты.

Бұдан бөлек өзімнің (Дәулетбек Байтұрсынұлы – ред.) Саят Қамшыгермен бірлесіп аударған «Қазіргі қырғыз поэзиясы» және «Жүрек – Қоныс» (Қожагелді Күлтегіннің жыр жинағы) деген екі кітабым қазақ тілінде басылып шықты. Осы жинақтардың ішінара өлеңдерін Кәдірбек Құныпияұлы, Әділғазы Қайырбеков, Ержан Жұмабек, Гүлбақыт Қасен аударды.  Белгілі драматург, қырғыз ақыны, халықаралық сыйлықтардың лауреаты Алтынай Темірованың өлеңдер жинағын да қазақ тілінде «сөйлетуге» тырыстым.  

Аудармамен талмай айналысып келе жатқан қаламгердің бірі – Ләйла Асқар. Ол орыс жазушысы Павел Санаевтің «Еденкемердің арғы жағында» кітабын қазақ тіліне аударып, «Мир» баспасынан шығарған екен. Бұл шығарма сиясы кеппей жатып экранизацияланды да,  сахна лайықтандырылып театр репертуарларында да жүрді. Міне, осындай таңдаулы туындыны Ләйла Оразақынқызы өте түсінікті, көркем тілмен қазақ оқырмандарына жеткізді.  

Түйіндей айтар болсам, аударма саласы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр.  Бұлай дейтін себебіміз, бұрын аударма аудармадан жасалса, қазір түрік, қытай, ағылшын, парсы және, т.б. тілдерден тікелей аударылуда. Мұның жақсы құбылыс әрі туындының өз тілінің табиғатын сақтауға өте қажет дүние екенін айтқым келеді. Әйтпесе, екінші немесе үшінші тілдердің мүддесі аудармадан көрініп жатқан кездері аз болмағаны сізге де, бізге де мағлұм ғой…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір