АҒАРТУШЫЛЫҚ АУҚЫМЫ
25.10.2024
141
0

Арғы-бергі қазақ тарихына үңілсеңіз, небір марқасқа тұлғалар мен толағай істерді тындырып, халқы үшін жанын сала еңбек еткен қабырғалы қайраткерлер болғанын көзіңіз шалады. Әрине, аз ба, көп пе, ұлт тарихында атқарылған ұлық істердің әрқайсысының басында тұрар мұндай тұлғалар туралы сөз қозғап отырса, еш сөкеттігі жоқ. Себебі бүгінгінің жастары кешегінің көргенді ұрпағы, көшелі азаматтарынан тек осындай жазба дүниелер арқылы ғана өнеге-сабақ алары сөзсіз.

Әнеугі бір кездерде «қазақтың көзін ашып, көкірегіне сәуле түсірген – ұлы халықтың өкілдері» деген үгіт-насихаттың өршіп тұрған шағында сол сөзге өзіміз де кәдімгідей иланып, «шынында, солай екен-ау, біздің бабаларымыз «ит көзі түтін танымас», әйтеуір, таңы атып, күні батқанына мәз болып жүре берген ғой» деп қабылдап келдік. Расында, қалай болғанына енді ғана көз жеткізіп жатырмыз.
Терістіктегі жұрттың арасында «қазақтың сайын сахарасына Ресей иелік еткенге дейін бұл даланы мал бағып, ит жүгірткеннен басқа кәсібі жоқ, білігі төмен, білімсіз надан, мәңгүрт халық мекендеді» деген шындыққа қиыспайтын сұмпайы сөз де айтылып жүргені хақ. Алайда «мәңгүрт» халықтың ұшы-қиырсыз сол даланы осы кезге дейін қалай сақтап-қорғап келгендігіне өздері ешқашан жауап тауып көрген жоқ. Табылмайтынына да сенім кәміл!..
Ұлы даланың перзенттерінің қайсысын алып көрсеңіз де, жоғарыда айт­қандай жетесіз, «мұрны иіс алмас» сауатсыз емес еді. Тым құрығанда, кең сахарада өскен әрбір қарадомалақ қаршадай күнінен алдындағы бағып жүрген төрт түлігінің қысыр-буазын, арық-семізін, сырқат-сауын көз ұшынан байқайтын зерделі-тұғын. Ал одан ілгергі тобы малдың жайылымы мен жәндік атаулының әрекетіне қарап, жер танабын танып отырған. Желдің бағыты мен құстың ұшуына қарап, ауа райының құбылысын аңдаған ақсақалдардың орны бір бөлек. Бұлттың орналасуы мен жыл маусымдарында болатын өзгеріс-құбылыстарды салыстыра келіп, келер қыстың қаһарына көз тігіп отыратын ақылман жандарды да ауыстыратын адам бүгінде аз.

Арғы дәуірден әпсана

Арғы тарихтан қозғасақ, әлімсақтан бері ілім мен ғылымның түп-төркіні Шығыс ойшылдарынан шыққаны мәлім. Әсіресе әр жерде жазылып жүргендей, Еуропа ғалымдары шығыстық үлгіні көшіріп алып, барлық жауһарды өздері ғана ойлап тапқан ыспатты кеуде керуі дұрыстыққа жата қоймас. Өйткені «Рабғузи» деген лақап атпен танылған ХІІІ ғ. аяғы мен XIV ғ. басында өмір сүрген түркі ойшылы, жазушы Бурһан әд-Диннің баласы Насыр әд-Диннің «Қисса-с-ул әнбийя» атты дидактикалық еңбегі қазақ әдебиетінің ежелгі нұсқаларының бірі саналатыны соңғы дәуірде ғана айтылып жүр. Ал ғұлама мұны 1309–1310 жылдар шамасында жазғанымен, XV–XVI ғасырларда қолжазба нұсқасында ғана жетті.
Кеңес заманында «қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, яғни ХVIIІ ғасырдан басталады» деген жаңсақ пікірді ұлыорыстық идеологияға қарамастан теріске шығарып, Орхон-Енисей жазбаларынан басталатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеген атақты ғалым, түркітанушы, аудармашы Бейсенбай Кенжебаев (1904–1987) болатын. Дәл осы пікір дұрыс болды да. Себебі аруағы риза болғыр Бұқар жырауға дейін де біздің қыруар құнды жауһарларымыз болғанын, олардың небір асыл-жақұттары қолды болып, қолға тигенінің өзі пәре-пәресі шыққан аз ғана бөлігі десек те, соның өзінен бірнеше ғасырлық тереңдіктегі мәдениетіміз бен мәністі өнерімізді жинақтап теріп алып жүрміз. Әйтпесе жоғарыда айтқан Рабғузидың «Лұқман Хакім», «Қарлығаштың адамға достығы» басқа да қиссалары мен «Түркіше Гүлстан» деген кітабын тарихтан мүлде өшіріп жіберер едік. Рабғузидің өзі Қоразымдағы (Хорезм) «Рабати Оғыз» деген шағын шаһарда дүниеге келіп, түркі тілінен өзге араб және парсы тілдерін жетік меңгереді. Елі қастер тұтып, оны туған жерінің атына сай «Рабғузи» деп атап кетеді. Кейін ол әділдігі асқан қазы да болады.
Туған және дүние салған жылдары анық болмаса да, өмірі шамамен болжанған Рабғузи ойшыл «Түркіше Гүлстан» атты еңбегінде табиғат жаратылысының пайда болуы, әулие-әнбиелер, пайғамбарлар мен діни қайраткерлер жайында баяндайды. Ғажабы сол, Адам ата мен Хауа ананың топырақтан жаралуынан бастап, Нұх, Ыдырыс, Ыбырайым, Смағұл, Жақып, Жүсіп, Дәуіт, Сүлеймен, Мұхаммед пайғамбарлардың өмірінен алынған ғибратты әңгімелер мол. Шығыста бұрыннан да көп айтылып, кең тараған естеліктерді Рабғузи түркі тілінде жазып шығады. Өзі де ақындық шығармаларын жасырып қалмапты.
Әрине, мұндай ұлы ойшылдың ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегі жөнінде бұған де­йін де ғылыми дәлелдеулер болды. Алайда, «проза жанры Орхон-Енисей жазбалары, тіпті VIII ғасырдан басталады» деген профессор Б.Кенжебаев тұжырымының ақиқаттан аттамайтынын бұлтартпай, пысықтап келтірген әл-Фараби атындағы Қазақ ҰМУ аға оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали екенін екінің бірі біле бермес.
Профессор Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиеті ғылымында ашқан тағы бір жаңалығы – проза тілімен жазылған тұңғыш қазақ романының 78 беттен тұратын «Жүсіп-Зылиха» хиссасы екендігі. Ғалым мұның бәрін өзінің ғылыми ой-тұжырымдарымен дәлелдей отырып, КСРО дәуірінде айтты. Бірақ неге екені белгісіз, Рабғузи өзбек тілінде танылды.
XVI ғасырда өмір сүрген әйгілі тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулати жазған 500 беттен астам көлемді «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі де ұлт тарихының арғы тамырынан хабар береді. Тағы да сол түркі оқымыстысы, ақын әрі жазушы Захиреддин Бабырдың «Бабырнама» романының жарық көрген уақыты да сол XVI ғасырдың іші. Бірақ ашығын айту керек, бұлардың қай шығармасы да Батыс әдебиеті туындыларынан еш кем емес.
Жылнаманы жүйелеп көрсек, мұсылман ренессансының негізі Орта Азияда жатыр. Бұған қазіргі заманның па­йымымен дәлел келтірейік. Өзіміз күнделікті қолдан түсірмейтін ұялы телефон мен компьютер, ноутбуктардың түп-төркінін сонау орта ғасырлық ғалым, математик, жұлдызшы (астроном), тарихшы, географ әл-Хорезмиден іздеген әбден орынды. Толық есімі – Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми (780–850 жж. өмір сүрген) деп аталатын ғалымның өмірі туралы мәліметтер тым аз болса да, саналы ғұмырын Бағдаттағы академия іспетті «Даналық үйі» кітапханасын басқаруға арнағаны тарих құжаттарынан мәлім. Оның әйгілі «Әл-джабр уал-мұхабалла» деген еңбегін қазақшалап көрсек, «Қалпына келтіру және қарсы қою туралы кітап» болып шығады екен. Демек, біз қолданып келген «Алгебра» оқулығы мен геометрия, тригонометриялық кестелерді Шығыстың жеті жұлдызының бірі – әл-Хорезми қазіргі дәуірдің басында-ақ көзге көрсетіп, қолмен ұстатып кеткен көрінеді. Ол өмір сүрген Үргеніш, Қоразым ойпатында қазақтың XVIII–XIX ғасырда жасаған ғұлама-оқымыстылары, қазір хазірет, молда, ишан т.б. жалпы атаумен айтып жүрген ойшылдар таусылмас білім нәрінен сусындаған екен-ау!..

Сахараға сәуле төккен

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күнге дейін Ыбырай Алтынсаринді «Дала қоңырауы» деп масаттанып жүрміз. Шындығында, қалай еді? Тарих қалай сөйлейді? Оны ойланып жатқан пенде бар ма?..
Әріге бармай-ақ, қарапайым ғана қисынға жүгінейікші,
. 1841 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғайда өмірге келіп, 1864 жылы ғана Торғай даласында төрт сыныптық орыс-қазақ мектебін ашады. Алайда бұл қазақ даласындағы тұңғыш ағартушылық қызмет емес еді. Ыбырай атамыз дүниеге келген жылдың 6 желтоқсанында Ішкі қазақ Ордасында екі басқышты орысша-қазақша мектеп ашқан Жәңгір (Жиһангер) Бөкей баласы болатын. Оны белгілі этнограф, Орыс География қоғамының мүшесі Мұхамбет-Салық Бабажановтың жазбалары да растайды. Жәңгір хан Ордада мектеп ашпас бұрын имандылық нұрын себу үшін мешіт салғызған.
Сосын, Санкт-Петербургтегі Орыс География қоғамының Ботаника бағының бөлімшесін ашуға мұрындық болады. Оған айғақ – Жасқұста сымдай тартылып жайқалып, төңірекке саф ауа беріп тұрған қарағайлар. Жәңгірдің осы бір игі қадамының өзі оның қаншалықты зерделі, келешекті ойлайтын сұңғыла қайраткер болғанын дәлелдейді.
Айталық, Жәңгір мектебінің шәкірт­тері қатарында М.С.Бабажановты айтпағанда, ағартушы-қайраткер Мақаш әкім (Мұхамеджан) Бекмұхамбетов, Бақтыгерей Құлманов, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Шәкір Жексенбаев т.б. есімдерді атауға болады. Бұлардың әрқайсысы оқуын Ресейдің ірі қалаларында тереңдетіп, айналасындағы қаншама жұрттың көкірегін оятқанын санап тауысу мүмкін емес.
Осы мектепті ашпас бұрын Жәңгір хан 1826 жылы Қазан университетінің ректоры, сан саланың білгірі К.Ф.Фукске «өз ордасында мектеп ашып, ғылым ісіне қазақ баласының да қолын жеткізу арманы барын» айтыпты. Бұған таңырқап әрі сүйіс­пеншілік білдірген К.Фукс: «Өзінің жас кезінде, хандығының бас кезінде, тіпті Ордада әлі бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде, оның білімнің пайдасы жөнінде осы бастан ойлануы қандай ғанибет?!» деп жазады. Содан кейін хан тыным көрместен жан-жаққа өзінің бұлтартпас ұсыныс-пікірлерін жолдай жүріп, ақыры арманын өз күшімен жүзеге асырады. Көзкөргендерден жеткен естеліктерге қарағанда, қарағайдан қиып салынған мектеп сол тұстағы Ордадағы әдемі де еңселі үйдің бірі болған көрінеді.
Әбілқайыр шөбересі, Нұралы немересі, Бөкей баласы Жиһангердің Еділ-Жайық аралығына хандық құрған ширек ғасырға жуық кезеңінде көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танылғаны өз алдына, заман талабына сай туған үлкен колоритті тұлға есебінде Ішкі Орданың мемлекет құрылымы болып қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Сонымен қатар кіші жүзде тұңғыш жәрмеңке ұйымдастырып, Кіші жүз жұртының шежіресін құрастырды. 1845 жылы Қазан қаласынан «Мұқтасар» («Мюхтесерюль-вигкает» – «Заңдардың қысқаша жинағы») атты араб тіліндегі мұсылман заңдарының жинақ кітабын шығарды.
Мұның бәрін елеп-ескерген Ресей империясы өз тарапынан Жәңгір Бөкейұлын І дәрежелі «Әулие Анна» орденімен марапаттап, «генерал-майор» әскери шенін тақты. Ал әр қадамын есепке құратын айлакер татар жұрты Қазан университетінің Ғылыми Кеңесінің Құрметті мүшелігіне сайлаған Жәңгір хан – мұндай жоғары мәртебеге ие болған тұңғыш қазақ.
Ордадағы еңселі үйдің бірі – ханның қарағайдан қиып салдырған екі қабатты мектеп үйінің іші-сырты бірдей аса көрнек­ті еді. Оқушы партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, сынып тақтасы, шығыстық нақышта оймышталған буылтық ағаш баған да ғимарат ішінің жоғары талғаммен безендірілгеніне дәлел. Халық санасын ашудағы қызметін түсіндірмек болған Жәңгірдің өзі былай деп жазады: «Біздің балалар қоғамға ізгілікті түрде қызмет ету үшін білім ала отырып, барлық ғылымды біле алады деп жар саламын. Осының бәрі мені қатты қуантады, себебі білімге қолы жетуі – менің халқым үшін ең үлкен бақыт!..»

Бәйбішелік мектептің маңызы

Қазақ даласына білім нұрын шашып, отырықшы өмірді, оқу-ағарту ісін ұлықтаған хан Жәңгірдің қайраткерлігі қаншалықты зор болса, оның екінші әйелі Фатима Мұхамеджанқызы Хұсайынованың (1809–1845) да ұлт тарихындағы ағартушылық рөлін елеусіз қалдыру ауыр күнә. Бұған қарап, ханның бәйбішесі Жүзім мен аққолтығы Айсұлудың ақылы төмен деген кемсітушілік тұрғыдағы ұғым қалыптаспауы тиіс. Фатиманың дәуір талабына саналылықпен қарап отырғанын атап көрсеткен жөн. Заманында мұсылманша және еуропаша жақсы білім алып, тәрбие көрген зиялы әрі ақылды әйел бірнеше тілді еркін меңгерген. Ханға кеңесші ретінде көптеген істерді ақылдасып шешіп отырады.
Фатима тоташтың ерекше жақсылығы – оқу-білім тарату, отырықшы өмірге көшу жөніндегі ханның ойын жақтаған. Орданың салынуына ықпал етіп, Жәңгір ашқан мектепте сабақ та береді. Кейін Нарын құмындағы қазақ қыздарына би мектебі мен арнайы үйірмелер ұйымдастырған, бәйбішелікті тәлім беріп үйреткен Фатима тоташтың бұл еңбегінің арғы төркіні, оның Өбенің (Уфа) атақты мүфтиі Құсайыновтың қызы екенінде жатыр. Ендеше, «қарына тартпағанның қары сынсын» деген сөз осыдан қалса керек.
Қараңызшы, бәйбішелік мектеп!..
Атауының өзі бөлек естіледі, халық үшін терең мағыналы тәрбиелік құралдың бірі бұл. Шынында, осының өзі ағарту емес пе?! Қазір ақпарат құралдарында сөз байласып, ресми некеге тіркелгендердің көп ұзамай-ақ ажырасып кететіні жөнінде статистикалық мәліметтер келтіріледі. Оның себебін түсіндіріп берер ешкім жоқ. Өйткені бұған мән беріп, зерделеген құрылым түгілі ой жүгірткен адам көрінбейді.
Ал жұбайлық өмірдегі әдемі сыйластық әйелге байланысты екенін ұғынған Фатима тоташ пен қайын сіңлісі Хұснижамал Нұралыханованың бұдан екі ғасырдан астам уақыт бұрын салып кеткен бәйбішелік мектебін қайта қалыптастыра алмай отырмыз. Ащы да болса, шындық осы!..
Дәм-тұздың жараспау себебін жастардың өздері «мінезіміз келіспеді» деп түсіндіреді. Өкінішке қарай, оның ар жағында тәрбиеге қатысты талай нәрсе жатқаны анық. Елге де, ерге де пайдасы жоқ тікбақай қыздар үй ұстап жарыта ма?! Тәрбиеден, ата-әженің ұлағатынан ажырап қалған олар отбасылық сыйластық дегенді білмейді, сол себепті де сөздің парқын ұғынбайды. Дарақы ұл мен сорақы қыздан күтер болашағымыздың түрі мәлім ғой. Демек, Фатима тоташтың келешекке қалдырған аманат-парызын, бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған борышты сезіну – зор жауапкершілік.
Ал Бөкей Ордасында кейін ашылған қыздар гимназиясында сол асыл тәрбиені үйреніп, бәйбішелік мектептің әдістемесін игерген, соңынан Санкт-Петербург, Москва қалаларындағы оқу орындарын бітірген қазақтың 9 қызы қайда екенін де білетін адам жоқ.
Жасыратыны жоқ, қазақ даласындағы білім беру жүйесінің пайда болуы бұған дейін Ыбырай Алтынсариннің есімімен байланысты аталып келді. Кейде осы салаға қатысты Шоқан мен Абайдың есімдерін де естіп қаламыз, алайда қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтан – 34 жыл, тұңғыш кәсіби қазақ ұстазы Ыбырай Алтынсариннен – 40, ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтан 44 жыл бұрын қазақ даласында ағартушылықтың қадасын қаққан – Жәңгір хан Бөкеев. Бұл – қалтқысыз ақиқат.
Бір жұтаса жоқ болар мал-дәулеттің байлығынан гөрі күннен-күнге көп болатын, еш жұтамас оқу-білім байлығын артық көрген қазақ иен даланың негізгі нүктелерінен ұрпағына әріп танытар ұлағат ұяларын ашуды, әу бастан көздегені рас. «Қызмет қылсын, шен алсыннан» гөрі, баласын медресеге біл деп берген көзі ашық азаматтар «дүниеде әптиектен де терең оқудың» барын шын сезінді, оқыған ұлдың намысы тапталмасын көкірек көзімен көре білді. Сондықтан, ағарту орындарын көбейтіп қана қоймай, біртіндеп ондағы жүйені жетілдіруге де қарқын қосты.

Жәдитшенің шуағы

Тарихтың ақиқатын екшеп көрсек, бұқараны иландырар бір шындық бар. Ол – жәдит жүйесі арқылы халықтың көкірегіне нұр құйып, жүрегіне сәуле түсіруді Ысмайыл Гаспринскийден де бұрын ойластырған Жәңгір ханның ағартушылық болмысы. Халқын тақта отырып басқаруға қабілеті жете тұрса да, күш-жігерін ұлттың келешегі жолында сарқа жұмсаған қазақтың соңғы ханы Ордадағы мектептен қаншама шәкірт түлетті. Кейін солардың көпшілігі мемлекеттің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Білім саласындағы қысымшылықтан құтылу үшін жаңа ілім – жәдит жүйесі арқылы математика, физика, тіл, тарих т.б. негізгі пәндер оқытылды. Діни сабақтарға құрылған «хадим мектептеріне» қарағанда, Ислам оқуларымен қатар дүния ілімін меңгертетін «жәдит жүйесінің» аса қажеттігін ұққан түрік оқымыстысы, қырым татарларының ағартушысы Ысмайыл Гаспринский түрлі тақырыпқа қалам тербеп, газет шығарды, баспа ісімен шұғылданды. Елдің көзі сондай ұлы істер арқылы ашыларын болжай білді. Өнер мен мәдениеттегі ілгерілеу де ағартудың бір тәсілі деп ұғынды.
Негізінде, жәдит – новаторлық, жаңашыл қозғалыс. Бұл тек қана мектеп реформасына қатысты емес, саясат, экономика, руханият тәрізді барлық саламен сабақтас нәрсе. Мұсылман ренессансы дәуірінің басты оқиғасы – нақшбандийа тариқатының муджаддидийа қанатының ішіндегі жаңаша оқыту тәсілі. Керек десеңіз, мұның түбірінде де жәдит деген сөз тұр. Демек, бұл – революция!..
Осы жерде «1917 жылы Кеңес өкіметі жағына өз еркімен шыққан Ғұмар Қараш, Сейітқали Меңдешев, Нұғыман Залиев, Темірбек Жүргенов, басқа да ғалымдар неге ойланбай-ақ, еш бұлтақсыз коммунистер өкіметін қабылдады?» деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Оған себеп – аталған қайраткерлердің арман-мүддесі мен тұғырнамасында түйісетін тұстар, атап айтқанда, халықшылдығы, төңкерісшілдігі, егер өзгеріс жасаса «тізеге салып қиратып бірден жасау» тәрізді қасиеттері арқылы мүдде ортақтығы бар болатын. Сондықтан «неге коммунист болып кетті?» деп, басқа да оралымсыз сауалдар тастаудың еш жөні жоқ. Қазір «қазақты кеңестендірген – өткен ғасырдың 20–30 жылдары, тек сол ғана Кеңес Одағына тән мәдениетке көшірді» деуге де себеп жеткілікті.
XVIII ғасырда муджаддидийамен басталған революциялық қарекет – жәдитшілдік ХХ ғасырдың 30-жылдары Кеңес өкіметінің игілікті ісімен ұштасып, тиянақталды. Қазақтың тез сауаттануына мұның тигізген әсері зор болды. Әйтпесе қазақ онсыз да осы процеске келе жатқанымен, Кеңес өкіметі құрылмағанда сауат ашу мерзімінің әлі де отыз-қырық жылға созылуы мүмкін еді. Мына жағдай жиырма жылдың ішінде тарих дөңгелегін шапшаң айналдырып жіберді.
Тіпті әрілесек, қазақ – аса сауатты халық. Бізді сауаттан тыс қалуға тек кешегі алағай-бұлағай замандар мәжбүр етті. Себебі күнкөріс қажет. Соның кесірінен оқуға мүмкіндік болған жоқ. Мұндай қиын замандарда қалың бұқараның ішінен тек ілуде біреуі ғана оқитын.
Демек, қазақ даласында мектептер Қазан төңкерісіне дейін де болған. Қазіргі Атырау облысы бойынша 70-тен астам мектеп, бір ғана Қызылқоға ауданының аумағында 10-нан астам мешіт-медресе жұмыс жасапты. Олардағы оқу бағдарламасы, білім беру жүйесі мен тәртібі орыс-қазақ мектептеріндегі әдістемеден әлдеқайда өзгеше еді. Бірақ бұл мектептердің пайдасы сол, дәстүрлі ислам дінін насихаттаумен қатар, араб, парсы, өзбек, әзірбайжан – жалпы түркі тілдес халықтар классиктерінің шығармалары оқытылып, сондай білім берілді.
Тарихи құжаттарға қарағанда, қазан төңкерісіне дейін жұмыс жасаған діни мектептер жәдит және қадим мектептері болып екі түрге бөлінеді. Атырау жерінде көбірек болған қадим мектептері діни пәндерді оқытуға басымдық берген. Атап айтқанда, Құранға дейінгі соның бөліктері – Құранның жетіден бір бөлігі әптиек, одан басқа бадауам, ахирзаман, исфаки сияқты пәндер оқытылды. Бірақ мектеп мұғалімдері заман талабына қарай біртіндеп еуропалық білімді енгізу мәселесін де көтереді. Мысалы, қазіргі Индер ауданының аумағындағы Толыбай құмында Әйіп қажы Бекенұлының Көкмешітіндегі жұмыс бағыты өзгеріп, кеңестік оқу бағдарламасына саналы түрде ауыстырылған. Ал, Қызылқоға өңірінде Хасан хазірет, Самалық қажы, Қарабала имам деген ағартушы-қайраткерлер болыпты. Қарабала салдырған мешіт қазіргі Қарабау ауылынан қашық емес, он екі аталы Байұлы тайпасына қарасты Беріш руының Қаратоқай атасының қоныс қылған жерінде екен. Өкініштісі сол, бұл мектептерде жұмыс жасаған мұғалімдердің өзі түгілі, оқыған балалары да Кеңес өкіметінің қаһарына ілігіп, қуғын-сүргінге ұшырады.
Задында, қазіргі Атырау облысының аумағында жұмыс жасаған оншақты «Қызыл үй» мектебінің алғашқы іргетасы Жайық өзенінің бұқар бетіндегі Есбол жерінде, қазіргі Ақжайық ауылының шығыс бүйірінен 1881 жылы қаланған болатын. Оның құрылысын осы аумақтың старшинасы болған, руы – Есен-Беріш Зұлқарнай Шәкілікұлының өзі ұйымдастырады. Облыс халқына белгілі дәрігерлер Тұрар, Серік Шәкіліковтердің атасы Орал қаласынан Жайық арқылы құрылыс материалдарын жеткізіп, қажетті тасты жергілікті жерден бастырып, ауа райына қолайлы болу үшін оны күйдіріп, еңселі ғимарат тұрғызған. Қаланған тастың сырт пішіні қызыл болғандықтан, мұндай мектептер «Қызыл үй» деп аталған екен.
Дәл осындай үлгімен ХХ ғасырдың басына дейін Атырау өңірінде 11 «Қызыл үй» мектебі ашылды. Атап айтқанда, оның үшеуі – Қызылқоғада, бір-бірден – Махамбет ауданының Сарайшық және Есбол ауылдарында, Құрманғазы ауданының орталығы – Ганюшкинода, басқа да аумақтарда бой көтерген. Ондағы оқытушылардың кейбірінің есімдері де белгілі. Бұл жөнінде жан-жақты зерттеген педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымовтың бірнеше мақаласы мен кітабы жарық көрді. Сол мектептердегі мұғалімдердің көпшілігі 1877 жылы Гурьев қаласынан ашылған оқытушылар дайындайтын екі кластық орыс-қазақ мектебінің түлектері екен. Мұны академик Төлеген Тәжібаев өзінің еңбектерінде келтірген. Өйткені төрт жыл оқытатын бұл оқу орнында білім беру жақсы жолға қойылған көрінеді. Небір тарлан мұғалімдер оқып шыққан осы мектепті бір кезде атақты Х. Досмұхамедовтің немере ағасы Дәулетүмбет Машақұлы басқарыпты. Оралда білім алып, атаққа шыққан зерделі азаматқа Мұрат ақын Мөңкеұлының «Оқудан қайтқан азаматқа» деп өлең арнағанын біз классикалық әдебиет арқылы білеміз.

Тоқетер түйін…

Муджадидийа тариқатынан шыққан ағартушы-ұстаздар саясатқа араласуды да парыз санаған, мәдениет және мәдени көркейтуді борыш деп білген. Тек қирағат­тап Құран жаттатып, сүрелетіп иманшарт­ты оқыту емес, баланың санасын, зейінін ашу, талабын ұштау, қиялына қанат бітіру тәрізді Орталық Азия оқу жүйесіндегі ерекше тәсілдерді қолданады. Мұндай ағартушы-ғұламалардың ішінен қазақ даласының батыс өңірінен шыққан бірнешеуінің ғана есімін атаған абзал. Мәселен, Орал өңірінен Қуанай хазірет Қосдәулет­ов, Ақтөбе жағында аты жайылған хазірет Сағидолла Ізтілеуов, Мәулімберді ишан, Атыраудың Тайсойған құмынан шыққан Хасан хазірет Нұрмұхамбетовтер өз заманының көрнекті ғалым-қайраткерлері еді. Бұлардың бәрі де Бұқардағы Мир-Араб, Хиуа медреселерінен тәлім алған. Одан әрі оқуларын жалғастырып, Таяу Шығыс пен құбыла елдеріндегі ірі діни оқу орындарын тамамдайды. Мысалы, Қуанай хазіреттің баласы Ғалым Қосдәулетов Бағдат университетін бітірсе, Сағидолла Ізтілеуов – Медина университетінің түлегі. Ал, Хасан хазіреттің 1922 жылы Женевадағы Ұлттар Лигасының мәжілісіне қатысқан тұңғыш қазақ екенін белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұрат та растайды.
Осындай Азия құрлығындағы жоғары дәрежелі оқу орындарын бітірген оқымыстылар барда, қазақты сауатсыз деп айтуға қалайша ауыз барады?! Тіпті Қазан төңкерісінен бұрын ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 21 жасында-ақ, өзі жазған «Еңлік-Кебек» трагедиясын киіз үйден сахна құрып, халыққа көрсетуі – мәдениет пен өнерге деген ұлы талап. Оның тәрбиелік, ағартушылық мәні жоқ деп кім айтады?!
Шындығында, «хат жаздым қалам алып сізге, еркем…» деп сызылта ән шырқаған бозбала мен қалаған жігітіне кестелі орамал сыйлаған бойжеткеннің сауаты болмады деген не, тәйірі. Мұның өзі бөлек мәдениет, ерекше талғам!..
Демек, қазақ халқына оқу-сауат күні кешегі Ыбырай Алтынсаринмен келген жоқ. Оның түп төркінін бірнеше ғасыр әріден іздеген жөн. Біздің айтпағымыз да, діттегеніміз де сол еді.

Назарбек ҚОСШИЕВ,
жазушы-публицист.
Атырау қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір