ЖАМБЫЛ ҰРПАҚТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ
25.11.2021
502
0

 Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студент жастары Жамбыл ұрпақтарымен жүздесті. Кездесуге жазушы, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы мен белгілі әнші Ержан Қосбармақов бастаған ақын ұрпақтары келді.

Университет ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев кездесуді ашып, ұлы тұлға есімін ұлықтау жайлы ой-пікірін ортаға салды. Жыр дүлділі Жамбылдың бай мұрасын жастарға насихаттай отырып, тағылымын санада сақтауға, ғибрат алуға кеңес берді.  

Жиынның алғашқы бөлігінде білім алушы жастар «Құрмет» орденінің иегері, жамбылтанушы, ҚазҰУ түлегі Нағашыбек Қапалбекұлымен сыр-сұхбат жүргізді.

Жамбыл туған топырақта дүниеге келген қайраткер поэзия алыбының ерекше ақындық қасиетіне тоқталып, қазақ ауыз әдебиетіндегі қайталанбас мәңгілік тұлға екенін атап өтті. Әрқашан халықпен бірге болып, ұлтының арман-тілегі мен мұң-зарын шынайы жырлаған ақынның артына 10 мың жол өлең жазып қалдырғанын жеткізді. Тек соғыс жылдары үш мың жол өлең шығарып, жауға қаламмен қарсы шыққанын ерлікке теңеді. Абыз жырау «Ленинградтық өренім!», «Аттан, батыр ұрпағым!», «Ата жаумен айқастық», «Отан әмірі», «Қамал бұзған қаһарман» сынды қуатты жырымен халыққа демеу, жауынгерлерге жігер берді.

Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл мұрасын зерттеу және насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да шолу жасап өтті. Ғасыр жасаған ақынның шығармашылығы жайлы көптомдықтар шығарудағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының үлесін айрықша атап көрсетті. Өзі жастайынан ақынның жасампаз жырларын жадына түйіп өскенін, олардың адам бойына өшпес рух беріп, қайтпас қайсар мінез қалыптастыратынын айта келе, Жамбыл туындыларының құндылығы арта беретінін жеткізді.

Сонымен қатар тағылымды кездесуде Жамбыл Жабаев атындағы №161 мектеп-лицейінің оқушылары алты тілде ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Белгілі әнші Нұржан Жанпейісов, күйші Мұрат Әбуғазы өнер көрсетіп, оқу орнының талантты жастары би билеп, ақын әндерін шырқады.

Кездесуді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, абыз ұрпағы Ержан Қосбармақов қорытындылады. Әнші ақын өмірінен қызықты да тағылымды оқиғалар айтып, кеш ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Сондай-ақ кездесу соңында қатысушыларға университет басшысы Жансейіт Түймебаевтың атынан Алғыс хат табысталып, Жамбыл шығармаларының жинағы сыйға тартылды.

Шара ақынның 175 жылдығына орай оқу орнында өтіп жатқан Жамбыл апталығы аясында өткізілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір