Тәуелсіздік – тағдыр тартуы!
19.11.2021
1295
0

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Қазақ халқы сан ғасырлық қиын-қыстау жол, тар жол тайғақ кешу замандарды өткеріп, бүгінде тәуелсіз елдер қауымдастығы қатарынан табылып отыр. Қазақстан Республикасы тәуелсіз кемелді мемлекетке айнала отырып, отыз жылдық мерзім ішінде кең көлемді өзгерістер енгізді. Осы уақыт аралығында қазақ халқының ұлттық санасы кемелденіп, ежелден қалыптасқан тамыры терең тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, сарқылмас рухани қазынасын жаңғыртып, әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. «Білімді ұрпақ кемел келешек кепілі» — демекші, білім саласында да реформалар жүргізіліп, елеулі өзгерістер орын алды.

Мемлекеттің болашағы, оның рухани әрі интеллектуалдық даму бағдары білімнің сапасына, білім беру мекемелеріне және ондағы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Бүгінгі таңға дейін Қазақстанда «Білім туралы» үш заң қабылданып, осы заңдар мен жүргізілген реформалар арқасында білім беруді басқаруда демократиялық сипаттар орныға түсті, білім мекемелерінің өкілеттіліктері кеңейіп, жалпы, орта және бастапқы кәсіптік білімнің тегін жүргізілуі кепілдендірілуде, тілдердің үштұғырлылығы, яғни көптілді білім беру жүйесі  жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге, тарихи отанында тек қана ҚР азаматтары ғана емес, өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың білім алуына кең мүмкіндіктер ашылып, мемлекет тарапынан аса қажетті мамандықтарға білім гранттарының желісі ұйымдастырылып, олардың саны жыл сайын ұлғайып отыр. Осындай білім саласындағы жаңғыру нәтижесінде соңғы отыз жылда: білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; шет ел азаматтарына Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат берілді; кредиттік жүйе мен білім беру гранты бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді.

Жылдам әрі өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы игі қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. XXI ғасыр – ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік не­гізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Тек сапалы білім ғана жаңа өркен жайған мемлекеттің қуатты экономикалық және байқуатты қоғам болашағының кепілі бола алады.

Қазіргі уақытта мемлекеттің эко­но­микалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, ма­ман­дардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады. Яғни, әлеуметтік саясат­тың басты бағыттарының бірі ретінде — білім беру жүйесі танылуда. Тәуелсіз елдің туын берік ұстап қана қоймай, ата-бабаларымыздың ерең еңбегінің нәтижесінде келген егемендіктің қадірін жете түсініп, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын– білімді ұрпақ. Ал тәуелсіз елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосуға дайын, ұлт тұтқасын берік ұстар ұрпақ тәрбиелеуге үлесін қосып келе жатқан үздік білім ордаларының бірегейі, ол  – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қай кезеңде болмасын уақыт көшімен ілесіп, әр заман талабына лайықты білім беру жүйесімен ерекшеленіп отырды. Бүгінде ол ХХІ ғасыр жаңа заман талаптарына сай, жаңа ізденістерге жол ашып, әлемдік деңгейдегі білім беру ордаларымен иық тіресетін дәрежеге лайықты даму үстінде. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлы бабамыз әл-Фара­би есімімен ата­латын бұл уни­вер­ситет – еліміздегі жо­ғары оқу орын­дарының көшбасшысы. Осы жыл­­дарда тамаша ұстаздар шоғырының бір­­неше буыны жемісті еңбек еткен бұл уни­­верситетті мыңдаған білікті мамандар бі­ті­ріп шықты», — деген еді. Елбасы еліміздегі нөмір бірінші орынды иеленіп отырған ҚазҰУ-ды «көшбасшы» деп атау арқылы оқу ордасына алдағы таңға жауапкершілігі жоғары міндеттерді жүктегені сөзсіз. Ал бұл міндетті ҚазҰУ абыроймен атқарып келеді деуге әсте болады. Оған мемлекет мін­деттеген бі­лім беру жүйесін сапалық жа­ғынан жақ­сар­туға, ғылымды басқару мен қаржы­лан­дырудың құқықтық-заң­намалық базасын қалыптастыруға күш салғаны анық дәлел.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. QS жаһандық рейтингісіне сәйкес университет 175-ші орында тұр.  Бұл ұлттық рейтингтерде де  үнемі көшбасшылық ұстанымдарды ұстанғанның көрінісі. Алдымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі ықпалдасуға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан жоғары оқу орындарының Бас рейтингісінің көшбасшысы, ел тарихында тұңғыш рет «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, Өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының дипломанты.

Екіншіден, ҚазҰУ-дың әлемдік аренада жоғары деңгейде танылуы оның инновациялық жобаларымен байланысты, олардың ішіндегі ең маңыздысы — «Университет 4.0» моделін енгізу. Ал оның іргетасын инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозы негізінде Al-Farabi University Smart City құрылысының тұжырымдамасы  құрайды.

Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бізге мамандықтардың кең таңдауын ұсынатын тұтас оқу-ғылыми кешен болып табылады.Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, технопарк жұмыс істейді.

Білім ордасы әрбір білім алушының жеке тұлға болып қалыптасуына барынша ықпал ете отырып, білімнің әділ жолмен игерілуін басты назарға ұстайды. Осы негізде «Жемқорлықтан ада университет» жобасы аясында түрлі жұмыстар жоғары деңгейде атқарылуда. Бұл жобаның басты мақсаты: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жемқорлыққа қарсы әлеуметтік ортаны қалыптастыру және жемқорлыққа қарсы технология енгізу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте атқарылатын негізге шаралардың қатарын оқытушылар мен қызметкерлердің ұжымдық мәдениет кодексін әзірлеу, студентті ар-намыс кодексімен таныстыру, ҚазҰУ оқытушылары мен студенттеріне арналған ережені жүзеге асыру құрайды. Аталмыш құжаттар маңызды этикалық стандарттарды енгізуге, жоғары кәсіби талаптарға сай, ұжымдық адалдықты нығайтуға бағытталған. Барлық факультеттерде арнайы комиссия жұмыс жасайды, олар аталған кодекстің орындалуын бақылап, ұжымдық этиканы бұзғаны үшін әлеуметтік және тәртіптік іс-қимыл шараларын әзірлейді. Бұл орталық әлеуметтік, құқықтық, экономикалық, басқа да тәртіп бұзушылықтар, ықтимал жағдайлардың алдын алу, оның ішінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған жедел сипаттағы тұтас кешенді шараларды жүзеге асырады. Университет шеңберінде осындай олқылықтардың алдын алу үшін,  жедел әрекет тобы қызмет етеді.

Қорыта келе, тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан сәттен бастап тәуелсіз ұрпақ үшін – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті білім берудің озық үлгісін көрсетуде жоғары оқу орындарының көшін бастап тұр. Осы жолда кемел басқарушы университет басшылығының, білікті ұстаздар қауымының, білімге құштар студенттердің қосып жатқан үлесі зор. Инновациялық технологиялар дамыған заманда тұғырлы тәуелсіздігімізді өз биігінде сақтау үшін білім мен ғылым әлеуетін арттыра отырып, дамудың даңғыл жолында аянбай қызмет етуіміз қажет.

 

 Заң факультеті, қылмыстық құқық,

қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы

PhD докторы, доцент м.а. Избасова А.Б.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір