Достоевскийдің өмірі: азапқа толы махаббат
09.11.2021
3453
0

«Махаббат – әйел өмірінде тарих,

ал еркек өмірінде эпизод қана».

Жан Поль Сартр.

Адам үшін өмірдің бар мақсатын шөлдеп  кезерген ерін мен суалмайтын бұлаққа  айналдырғаннан асқан сый жоқ. Бірақ оны денеге молынан сіңіріп,  елтімеу  керек. Оның балынан  бір рет дәм татқан  адам өзін де,  өзгені  де  ұмытады. Мақсатына жету  үшін оның  есігін де бұзады, есінен де айрылады.  

«Ол ұзын бойлы,  сымбатты  болатын.  Денесінің  кез келген мүсіні қыл бұраудай өте жұқа, қалаған тұсынан  түйіндеп кетуге болатын … Шашының  бояуы қызыл реңге бөленген, бір тал шашы өз ұясынан шықпаған күйі аса тартымды таралып қойылатын. Көздері  мысықтың көзіндей өткір, әйтсе де, сол көзбен тәкаппарлықпен қалай қарауды білетін және оны  мақтаныш ете алатын», – деп жазады Достоевский  «Ойыншы» романында, өз  өмірінің қараңғы тұстарына енген әйелдің портретін суреттей келе. 

Аполлинария Суслова … Бұл  сылқым  ұлы орыс жазушысының тағдырына жойқын құмарлық планетасы сияқты жарық жұлдыздай енген әйел.  Жазушы  оны бір көргеннен  өмірдің бар бояуын өзіне сіңіріп, ешқашан  оның  майда-шүйдесін еске алмай, танауына сіңген иісті өз бойынан шығара алмай әрі-сәрі  күйге түседі.  Ессіз  махаббат жазушыға адамгершіліктің шегінен шыққан құмарлықтың барлық ләззаттарын жұқтырып барып, оның моральға жатпайтын азабының барлық қиындықтарын басынан өткізіп, мастық  пен эпилепсия дертіне  ұшырауына  әкеліп соқтырды.

Алақанының қыртысын қытықтайтын дірілі бар, соншама әсерге толы, қызба ашу мен қуанышқа  толы  сәттерді   ұмытпауға не кедергі?

Артта  каторгадағы ауыр еңбек, кісі өлтірушілер мен оларды зорлаушылар тұратын өлі үй, жүйке сырқатына шалдыққан   нәзік жанды  Мария Исаеваға деген махаббат және  оның соңында  үлкен алдау мен үмітсіздікке толы балғын жас өмір тұрды. Ол кезде болашақ ұлы жазушы жас емес-ті. Жасы – 40 жаста еді, яғни қарттыққа енді түспейтіндей жолға билет алып, бой түзеген жаста болатын.  Көңілі соқса, барлық  қыз аларын үстіне іліп, жадырап  қалатын. Әйтсе де, оның қолында әдеби журналдың редакторы лауазымы бар еді. Жастық боз бала шағынан бойға сіңген мұңлы мінезі мен эпилепсия ұстамасын жасыруға жер таппай аласұратын. Жас кезде адам бойында не болмайды. Оның жастықпен бір шаруаның қызын зорлауға қатысуы – үнемі ұмтылмастай  бойын қорқыныш билейтін. Ал енді бұл жолы оны тағдырдың отты найзасы түйреп  отырған – Аполлинария  бір кездегі шаруа қызы емес, ол  граф Шереметевтің  қызы-тын. Бұл жолы  оны  ойландырған  осы  үрей.

 

Арбалу

 Ол 1839 жылы Нижний Новгород губерниясының Панино селосында дүниеге келген. Оның әкесі графтық жылжымайтын мүлік басқарушысы дәрежесіне көтерілген крепостной шаруа болатын. Соның арқасында ол қыздарына Смольныйдағы текті қыздар мектебіне тәрбие алуға беріп, оларға тамаша білім берген еді. Әсем бойжеткен  шаруа қызы  әйелдерге арналған университеттегі дәрістерге еркін тыңдаушы ретінде қатысып, анархистермен және революционерлермен достасып, студенттердің алғашқы демонстрациясына қатысады.  Полина өзінің ерік-жігерге  толы қайтпас темпераментімен айрықша ерекшеленіп көрінетін. Ол сол тұстағы барлық тыйымдарды бұзып, адамгершіліктің барлық шекарасын кесіп өтіп, батыл мінезімен көзге ерте түсті. Ұнжырғасы түсіп,  жерге қарап қорқып қалған  жандарға  мысыққа тән  көзқарасымен айбат беріп отыратын.  Әдебиетке қоңсы қонып, аңсары шығармашылықта болды. Көзбен  көргенін  оймен қорыта білген  оның повесьтері мен әңгімелері әдеби журналдарда жарияланып жатты.  Солардың бірінің редакциясында Полина сол кезде аты аспандап тұрған  әйгілі жазушы Достоевскиймен кездеседі. Шын мәнінде  оның кескін-келбеті кісі қызығарлықтай емес еді. Кішкентай, еңкіш,  сарғайған көнерген  жүзді, иек астындағы сақалы жұқа болатын. 

Махаббат өлімнен де, өлімнен де, үрейленуден де күшті. Оны іздесеңіз, одан ештеңе шықпайды.  Махаббат қашан да біздің  ішкі дүниемізде, ол – сыртқы көрініс емес.  Өмірді ұстап тұрған да, оны қозғалысқа түсіретін де тек махаббат екенін ол жақсы сезіне білді.  Әйтсе де, ол Л. Толстойдың «Махаббат өлімді жоқ қылып, оны құр елеске, ал өмірді мағынасыздықтан  әлдебір  мағынаға  айналдырады, бақытсыздықтан  бақыт жасайды» -деген сөзіне табынып өсті.

Махаббат – өмір категориясында ең негізгі құрылым, егер оның жүген-тартпасы бүтін болса, өзге қателіктер көзге  көрінбей қалады. Адамдар  махаббатты  соқыр сезімнің  бірі деп ойлайды, оны  өз  қалауынша  бағындырғысы келеді.  Ол жер шарын  құшақтап  тұр, ал біз оның шекарасын бұзғымыз  келеді. Оған жекеменшіктік пиғыл  жүрмейді.  Федор Михайлович махаббат  пен достықтың бір жақты болмайтынын, достықты  адамның өзі таңдап алатынын, ал махаббат  көбіне  ұрын келетінін  сезбеді. Жүрек қылын үргедек еткен аңсары Аристотельдің «достықтың  көбісі сұхбаттың  жетімсіздігінен  ыдырайды» дегенін де қаперіне алмады.

Күнә  үшін  жаза  алу, сұхбаттасу  қиналысы.  Байланыс символы, сезіну  органының дімкескә  ұшырауының  басы. Онда өмірге  ызалану мен  өкіну бар,  оған  өзіңді  ешкім  қолдамайтын секілді сезінуді  қоссаң, қорқыныштың  қысымы  сонда  болар. Ашығын айтқанда бұл невралгияның  басталуы.  Махаббат өмірімізде  күтпеген  жерден  пайда болады. Егер махабатты  іздеп  шықсаңыз,  одан ештеңе де өнбейді.  Ол біздің  ішкі  дүниемізде, ол – сырт  көрініс емес.  Ал шынайы  махаббат адамға ешуақытта қолайлылық сыйлаған емес.  Тарихта да, әдеби аңыздарда да шын махаббат қосылмағандардың еншісіне  жазылғанын  ұмытпағаны  абзал  еді.

Оның отбасы болса да, одан бөлек тұрып, жеке түтін түтетіп жүрген. Федор  Михайлович  романдарында қайғы-қасірет пен жанқиярлықты көтерсе де,  өз әйелі туралы алаңдаушылық танытып, өзіне көп ауыртпалық түсірмеген. Әйелі қан түкіріп, өліммен арпалысып жатқанда да, ол өзінің  көңілін күйттеп  жылы аймақтарда жүрді. Италияға, Францияға барып, табиғаттың сұлулығын тамашалады және өзінің сүйікті рулеткасын ойнап, түске кіретін қомақты ақшаларынан ұтылды. Ол орыс ғажайыбымен сәйкес келетін өз мінезіне қарама-қайшылықта өмір сүрді және оны сездірмеуге тырысты.  Бірақ оның өміріне бейтаныс болып енген   сымбатты   ару   оның бүкіл болмысын  өзгертіп жіберді. Жазушы өмірдің  үнемі толассыз қуаныштан тұрмайтынын да, оның дауылы мен бірге тасуы болатынын  білсе де, одан арыла алмай, сағағынан  ауға түскен балықтай  шырматылды да қалды. Адамды  өмірге байлап қоятындар – оларға сүйеу болатын жандар. Сүйген сұлу ұлы жазушыға сүйеу  бола алмады.

         Адамның тағдыры  қос алақанының арасында.  Біреулердің ойы мен қолының қалай  қимылдауына  өзінің  ғана емес, бүкіл  адам баласының  тағдыры  тәуелді.  Менандрдың «Адамның  Құдайы – өзінің  ары» деген  сөзіне  мойынсұнып, әр кісінің  өз Құдайы – ары биік  болуын  тілей жүргеніміз жөн.

         Дауыл мен тасқынның тасасында тұрып махаббаттан бас тартуға бола ма? Оның  шалшығына аяғыңды  малып тұрып,  ерлік жасауға итініп тұратының бар. Бірақ  оған барлығы бірдей бара бермейтіні анық. Махаббатқа сатқындық осы шекарада жасалады.  Кейбір жандар  оны ай қараңғысында бұқпантайлап, ұрлықпен  жасайды. Белгісіз элементсіз өмір деген  ойынның  мағынасына  сонда не шара?

Адамның бойында  ұдайы қатысып тұратын өз соты бар, оның аты – ұят.

Көпшіліктің жүрегі  көбіне адамның  бүкіл өмірін  толтыратын  қос тежеусіз билігі бар шүйкедей ойдың бел ортасында  мәңгілікке бөлінген: оның теоремасы – қайткенде дүние жинап өзім үшін өмір сүрсем, басқаша айтқанда,  өз жүрегімді, өз дүкенім мен  өз ас  қорытуыммен  шектесем деген ой. Жазушыда  осы тәкаппар ой басым болған іспетті. Адам тамақтың желінгенімен  емес,  қорытылғанымен  өмір  сүреді. Оның  ақылға да, денеге де  қатысы бар. Жазушы  осының екінші  жағына  жантайып,  ойысып алады.

Иә, армансыз  өмір сүрген жан өте аянышты. Оны басынан өткерген адам ғана сезіне алады.  Адамда бір-біріне ынтықтық, жақын тұту сезімі қатты  қалыптасқан.  Әйтсе де, ол тұрақты болмайды, өзгеріп, айналысқа түсіп тұрады.  Ол махаббаттың  азайғанынан емес, көңілден шықпаудан  болады.  Бұл жерде  Федор Михайловичтің  өз әйелінен  жан жылуын көрмегенін  байқаймыз. Ал әдеби  өмірде  ол басқаша  бейнеленеді.   Махаббат –  ол тек бір адамның  екінші бір адамға  сүйіспеншілігі ғана емес.  Онымен бірге жезөкшелік деген  ұғым қабаттасып жүреді, ал ол  өз кезегінде  махаббаттың  мойнын бұрап, жер жастандырады. Кей  адамдар  махаббаты  қайнап  тұрған сияқты көрінгенімен жанының жезөкшелігін  жасыра алмайды. Мұндайда, ғалым да, шенеунік те, ақын-жазушы  да, саясаткер де  жезөкше  болуы  мүмкін. Жаны қалаған  сәтте үрлеп сүйіп,  қаламаған  күні  көңіл аудармау да – жан жөзекшелігі  болып табылады.  Достоевскийдің  көңіл  ауынында  мұндай  сәттер  көп  кездескен.

Семейде ауыр каторгада  жүрген жазушы Полинаны  ұзақ күтеді, таң шапағы шаңға асылып тұрған сәттен бастап, бір  көруді армандайды. Қорқынышты ұстамалары алдындағы эпилепсиялық аурадан шыға  алмай қиналғанда да  оның таңғажайып және сымбатты бейнесін көреді. 

Қорлана тұра, оған жауап бермей, оны жайбарақат қабылдай алған  адам  өмірде ұлы жеңіске жетті деуге болады.  Иә, ол үлкен азаппен жеңіске жетеді.  Бірақ уақытша алданыш.

Адамның миында  үш қабат бар. Олар,  бейнелеп айтсақ – аң,  құс,  үй жануары мінездес. Бұлай  бөлінудің  арасында  айқын айырма  болмауы да  мүмкін.  Біреу  тәрбиеге, ортаға байланысты  аңға  ұқсайды,  яғни  сол секілді өшпенді, енжар, болып келеді.  Керек  кезінде  ғана  ұмтылатындар бар. Дұрыс тәрбие  оны  құс іспетті еркін,  өзімен-өзі болу  дәрежесіне  өсіреді,  мұндайда  мидың  екінші  қабаты  іске  қосылады. Тағы бір  қабатында,  адам үй  жануарына ұқсап,  аузына  бірдеңе  тастауды  ғана күтіп  отыратын  болады. Жазушының  өмірінде  мұндай  сәттер  көп болған. 

         Ұлы жазушының  жүйке сырқатымен ауыратынын  білетіндер оның неден болғанына осыған  дейін зер салған емес. Ал медицина мұндай сәтте сезімді басып, жаншып тастау жабығуға алып келетінін  айтады.

Депрессия – бұл  ішке қарай терең бойлап енген  ашу. Байланыс сезімінің әлсіреуі,  өмірге ызалану мен өкінуден туатын әлсіздік. Ол – ашып көрсетуге дәтің бармаса да, жөпелдемеде  көрініп қалатын  ауру.  Оны тығып ұстай алмайсың,  жеңіл   құтыла  алмайсың.  Ол – сөзіңнен,  көзіңнен, ісіңнен  көрініп қалады.

Библияда «Болезнь не дает людам грешить» -деген сөз бар.  Ең бастысы, ашуды жинамау, ашуланған жанға  ойыңдағыны айтып салу. Осыған әдетсеңіз, шыншылдыққа үйренесіз,  бертін келе ол мінезден  рахат  табасыз. Одан қуат аласыз. Ол үшін сізді Құдай  жек көрмейді.

Қорқыныш махаббатқа   тұтастай қарама-қарсы нәрсе. Ол сол кезде  қорқынышты  жеңбесе, өзін-өзі жеп қоятын еді.  Ұлы жазушының  осы тұстағы  талғамы  жоғары қабаттарда болатын.  

 

Бір теріде  періште мен шайтан

 Ол оны бірден таныды және өзін ұстай алмады…  Полина  оған қарсылық танытпады, мейірімділікпен өзіне ие болуға рұқсат берді, содан кейін бірден ғашығынан кек ала бастады, оның өмірін сол сәтте-ақ, отты тозаққа айналдырып жіберді. Ол оны мазақ етті және азаптаудан барынша ләззат алып,  оны барлық жағынан азапқа салды. Ол осыдан  соң мастық шылауында, қажетсіз  күйде қалды. Жыны  оянды, осы  күйде  өзінің ең татымды романдарын, ең күшті әйел образын жасады. 

Өмір әрдайым байсалды болып көрінгенімен, бірақ үнемі байсалды өмір сүруге  болмайтынын  көрсетіп берді.  Достоевский шын мәнінде сүйіктісінен қатты қорқатын, кейде оны жек көретін. Мұндай кезде   шприцке қол созған нашақор мен рулетка ойнайтын ойыншыға айналып кететін. Бақылаусыз қалса болды әрнәрсеге қолын созып, аласұратын.  Сонда  өмірдегі барлық ұсақ түсінбестіктерді күшті махаббат қана жуып-шая алады деген пәлсапа қайда қалды?  Полина  Францияға кетіп бара жатқанда,  ол оның аяғына жығылады.  Өксігін баса алмай солқылдап  жылайды.  Сол бір күндер  туралы Аполлинария:  «Ол менің аяғыма құлап, тіземді құшақтап, қатты  өкіріп жылады. Мен сені жоғалттым, мен оны білгенмін!» – деп жазды  өз күнделіктерінде. Федор Михайлович сол күндері өзінің  қара періштесін, сүйікті  азаптаушысын жоғалтпау үшін бәріне  дайын  еді.

Ол оны өзіне жақын  тұтқан  болды, содан кейін оны аяусыз кеудесінен итерді. Жанына жақындатпай, жақындатса болды құшағында тұншықтыратындай қатты азапқа салды. Бірде оның мықтылығын мойындаса, енді  бірде  даналығын жоққа  шығарды. Әйелді жеңудегі еркектің тәсілі – жеңілген бола қалу. Ал әйелдің айласы – еркектің осалдығын, әлсіздігін пайдалану.

 Ол біраз уақыт аңсарын құмар ойынға салып, көңілін сонымен  суарды.  Ақша мұқтаждығын  баса  алмады. Қолы босаса,  қалам мен қағаздан ашуын алды. Жабайылықтың тысымен көмкерілген құмарлығын қанағаттандыру үшін  жазған үстіне жаза түсті. Баспагерлер де жазушының ақшаға зәру екенін сезіп,  оны зыр жүгіртіп қойды.  Мұқтаждық қысымымен ол азғана уақытта данышпандыққа барабар туындылар жазды. Ал Полина ай сәулесі түспейтін жырақта жүріп, оғаш жұлдыздың суық жарығымен жыпылықтап, оған шабыт, сурет, сюжет беріп жатты …

 

Ит қорлық

 Жақын  күннің де бір кездері  алыс тартатыны анық. Жазушы  оны  алғашқы күннен-ақ, сезе білді. Полина өзінің менінен ауытқымай, өз орбитасында қозғалды. Адамдардың  бір-біріне ынтазарлығын, жақын тұту сезімін өшіру өте қиын процесс. ол тұрақты  болмайды, өзгеріп  тұрады. Өзгерген  кезде, оны бақылап-байқаған  адам,   адамдардың  бір-біріне  махаббатының  азайғандығынан емес,  көңілден  шықпауынан болғанын түсінуі  тиіс. Өмір сүру  формуласы – жеңіс пен жеңілістен  тұрады дегенде осыны  айтсақ та болады.

Федор Михайлович  Марияны  тастап, Аполлинарияға үйленуге де дайын болды. Бірақ Полина мұндай некеге қарсылық білдірді.  Ол үшін  ең бастысы, бас бостандығы  қымбат еді.

Ақырында Аполлинария Достоевскийден кетіп тынды. Әбден шаршаған, тапталған және қорланған ол бір мезет тыныштық табуға үміттенді. Бірақ Полинасыз  өмірдің  мәні жоқ   екенін сезді. Көрмесе – сағынатын, көрсе – жалығатын болды. Тіс тосқауыл бола алмаса, тіл сумаңдап ерінге  еміне  түседі.  Тозақ емінің ащы дәмі үшін жанын сатуға дайын мас адам сияқты, бірде оны  «мәңгілік досым» десе, бірде  «суық, өзімшіл эгоист» деп міңгірлеп,  үмітсіз, былжырақ мәндегі  хаттар жазды.  Ал ол болса, өзінен  алыстай берді…

Сүйгендер  үшін жазаның ауыры  – ақыр-тақыр  айрылып кету емес, үзіліп кете алмай, үздігіп жете алмай әрі-сәрі күйге түсу. Бұл әзәзілдің әккі  тәсілінің айласы.

 

Қара дақ

 1868 жылы желтоқсанда Полина ауылға кетіп, сол жерде қыздарға арналған пансионат ашады. Бұл өлмеші аңғал ауыл тұрғындарына кішкентай да болса үміт сыйлады. Бірақ бір жылдан кейін пансионатты Шуй қаласының басшысы  жабуға бұйрық берді. Ал Аполлинарияға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Полина өзінің  тәжірибесінің әлсіздігін оңай ұмытып, қайтадан әдеби ізденістерге бой алдырды. Бірақ Достоевский редакциялаған журналға баратын жол  оған жабық еді. Федор Михайлович шабытсыз кезде шабытты сәттен туған ой-толқынында тербелген кездері көп болды. Адамның  сезімі ортаймай, жаны қартаймайды. Сондай шабытты күндерінің бірінде  сүп-сүйкімді  Анна атты періштеге үйленді, бірақ ол өз қожайынына айналған тәкаппар   Полинаны ұмыта алмады. Ол оған жаңа некеде өте бақытты екенін айтып, хат жазды, кейде тіпті олар  бір-бірін көріп те жүрді. Әйтсе де,   енді бірге болмасына сене алмады. Достоевский өзінің  мауқы басылмаған құмарлығының бар күшін сарқа, қарғыс атқыр рулеткаға аударды. Құмар ойын үшін  тазадан алған  әйелінің соңғы ақшасын тартып алуға дейін барды.  Ақша  үшін оның жанын жеп, қорлады. Бір кездері сүйіктісіне айналып оның әдемі мүсінін аялап жүрген жазушының қолы енді  әйелінің  тамағын қылғындыруға дейін барды. Ең ауыр эпилепсиялық ұстамалары бірінен соң бірі  жалғасты. Осы бір жан күйзелісі  кезінде де оның  көз  алдынан  әлгі  Аполлинария шықпады.  Мейірімдінің дерті – жүректе, қайырымдының  сырқаты – білекте деген осы болар, ұлы жазушының  қиналысы одан бетер  сыздықтай түсті.

 

Кексе  сылқым

 Ал ол не істеді? Ол өз өмірін жалғастыра берді. Оның жұлдызды сәтінің  қара жарығы 20 жастағы қызғылт жүзді бозбала студент Вася Розановты  қызықтырды. Оны өзінің кумирін өртеп тынған өлім құмарлығы бір орнында арбап алды.   Вася бірден Полинаға үйлену туралы жүрегін суырып берердей ұсыныс жасады және ол ұсыныс бірден оң қабылданды. Басқаша болуы мүмкін емес  еді, өйткені бұл кезде Аполлинария аяқ киімінің  өкшесін жеп тастаған,  40 жастағы ыстығы  басылған  кексе  сылқым  еді!

Махаббат – биік ұғым, ол тек бір адамның екінші бір адамға сүйіспеншілігі ғана емес.  Сүйіспеншілікпен жезөкшілік  деген  ұғым қатар жүретіні бар,  оныңыз махаббатты  жер жастандырады. Қажет тұста жақсы  көргендей болып, керек болмаған күні теріс айналудың өзі  де – жан  жөзекшілігі.

Кей әйелдер махаббатты қызғанышпен  қорғап  қаламын  деп дәмеленеді. Ал оны бір ғана қызғанышпен қорғап қала алмайтынын сезбейді. Ондай жандар қызғанышпен махаббатты емес, көрсеқызарлықты, жеңілтектікті қорғап  қалатынын  ұқпай қалады.  Аполлинария осы дертпен ауыратын-ды. 

Алайда олардың «бақытты» некелері ұзаққа созылмады. Құмарлық пен жыныстық қатынастың  ыстық  азабында олар 6 жыл бойы құшағы ажырасқанша бірге өмір сүрді. Ол күндер  қорқыныш пен ауырсыну және  жеккөрушілікпен өтті. Розанов та оның алдында әлсіздігін танытты.  Полинадан жылылық  көрген өз  төсегіне қайтып оралуын өтінді.  Оған Аполлинария  «Ыңыранба», – деп жалғыз ауыз сөзбен үн хатты, бары сол. Кейін атақты  орыс  философы  оны  «Хлистовская Құдай ана» деп атап кетті.  

Розанов ыңыранып өлгеннен, күңіреніп өлгенді  жеңіл көрді. «Мен бұған дейін  бақытсыз болдым,  жиі өлгім келетін, енді оның өмір сүргенін, ауырмағанын қалаймын», – деп жазды. Бірақ Полина ешкімге және ештеңеге мұқтаж емес болатын, ол өз әлемімен, өзінің биіктігінде жалғыз жанын бағып қалғанды  қалады.

Ашуға  ерген  адам не істемейді? Ол Розановқа  қарсы болбыр,  жүгенсіз  әйелдің әуселесін  көрсетті.  Тәкаппар әйел жақсы  көруді  зорлықпен  жасау  мүмкін емес екенін білді. Бірақ өзінің сүйікті болып қалуын жаны  қаласа да, өз менін аттап кете алмады.  Ол сүйікті адамының жанын жаралаудан ләззат тауып, бірақ  жараны жазуға ұмтылмады. Өзін өте жақсы көретін жанға сезімін өлтіріп алғанын сездірмеуге тырысты. Сондықтан өзін құлай сүйген жанның  қолына кісен,  аяғына  тұсау салмаса да, ұзақ  уақыт бас бостандығын бермей оны әуре-сарсаңға салды. Бойынан  қуат,  көңілінен  шуақ кетсе де, оның өзінің көлеңкесіне  шырматылып  қалғанын тіледі.  Өзгемен азаматтық некеге  тұрып, сәбилі  болса да,  ажырасу рұқсатын бермей әңкі-тәңкі  етіп  қойды.

 Амал достың төрінен,  адал достың  босағасы  қадірлі.  Аполлинария өзінің ақтық  демі бітуге  тақағанда күні кеше өз махаббатымен ауыздықтандырған   бұрынғы  тәкаппар студентіне    ажырасу туралы  келісімін  берді.  Бұл  кезде  кешегі  бозбала  шаштан  шаш  қалмай, әбден  қартайып, бет бейнесі   солғын тартып,  қажып  кеткен  тірі  өлік  болатын.

Полина 1918 жылы Севастополь  қаласында  революцияның   қайнап  тұрған  кезінде азап  бесігінде  жаны  жай тапты.

«Өмір – пияз іспетті: бір қабатынан соң бір қабатын сыпыра бересің, соңында  іші қуыс екеніне  көзің жетеді» (Хьюнекер) деген осы болар.  

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір