ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРІМІЗ ЖАҢҒЫРДЫ
20.10.2021
46
0


Әр халықтың сан ғасырлық тарихы бар. Ал біздің қазақ халқының тарихы сонау тереңде жатыр. Адам өткен тарихын жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды.

Біздің жастарымыз да өз ұлтымыздың , еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін , әдет-ғұрпын ұмытпай, қастерлей білуге тиіс.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық жадыны, тарихи болмысты түлету
халқымыздың салт-дәстүрлерін жастар санасына ұялату мақсатында Текелі қаласында ұлттық құндылықтар насихатталған сіргежияр дәстүрі өткізілді.

 

Игі шараға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертай Дүйсебаев, Текелі қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмаділов, «Nur Otan» партиясы Текелі қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марғұлан Ботантаев, «Қазақстан Еріктілер лигасы» ҚҚ Алматы облысы филиалының өңірлік директоры Шоқан Болатбеков,
Текелі қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Қалиахмет, сондай-ақ, Текелі қалалық «Абзал ана отауы» халықтық ансамблінің мүшелері, ақсақалды аталар мен әжелер, құсбегі, атбегі, қолөнер шеберлері, көкпаршылар, қала жастары қатысты.

«Файзолла» шаруа қожалығының аумағында өткізілген шара барысында «Шарапат-Сауап» корпоративтік қорының төрағасы, белгілі құсбегі, ұлттық салт-дәстүрлерді нәсихаттаушы, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Бүркітбай Файзолла жастарға сіргежияр дәстүрі туралы, сонымен бірге, қыран құс, жүйрік тазы, ат баптау өнері және осыған байланысты тілдік қорымыздағы атаулар жайында баяндады. Құлынға ен, атқа таңба салу дәстүрін таныстырды. Қолөнер шебері Құрмет Ақанұлы ағаштан, металдан және қайыстан ат әбзелдерін дайындау жолдарын түсіндірді. Ақсақалды атадан бата сұрау, қонаққа арналған сыйтабақтарды атпен тарту салттары көрсетілді. Ат құлағында ойнайтын көкпаршы жастардың теңге ілу, аударыспақ, көкпар ойындары көпшілікті өзіне баурады.
Мерекелік шарада ата дәстүрімізден сыр шерткен ұлттық ойындарда оза шауып, жеңіс туын желбіреткен палуандарымызға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

Өткен ұлы көшпелі өркениетті нақты тану қазіргі заманғы Қазақстанның дамуына қанат бітіріп, ұлттық мұрамыздың барлық маңызын терең түсінуіміздің көрінісі болады.

Елбасымыз: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін.

Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» ,- деп атап өткендей, тарихымызды ұмытпайық, өткеніміз бен бүгінімізді бағалай білейік! Болашағымыз сонда ғана жарқын болатыны сөзсіз.

Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ