Алатауда Мұқағали жырлары жаңғырды
11.02.2026
146
0

10 ақпанда Алматы қаласы ОКЖ Alatau Creative Hub кітапханасында қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай тағылымы мол поэтикалық марафон ұйымдастырылды. Рухани кешке елге белгілі ақындар арнайы шақырылып, жырсүйер қауымға әсерлі әдеби бағдарлама ұсынылды.
Кештің құрметті қонақтарының қатарында ақын, философ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Мұратхан Шоқан болды. Ол Мұқағали поэзиясының тереңдігі мен адамзаттық болмысын айшықтай отырып, ақын мұрасының мәңгілік құндылық екенін атап өтті.


Сондай-ақ Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың, халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Әліқожа кештің көркін қыздырды. Ол Мұқағали рухына арнаған жырларын оқып, жастарды поэзияны сүюге үндеді.
Поэтикалық марафонға ақын, «Сырлы Әлем» Жазушылар одағының мүшесі, 2025 жылдың екі дүркін үздік ақыны Шынар Асылтайқызы да қатысып, нәзік лирикасымен көрермен ықыласына бөленді.
Поэтикалық марафонға қала жастары мен ұстаздары белсенді түрде қатысты.


Атап айтқанда, №201 мектептің оқушылары, Д.А. Қонаев атындағы колледж студенттері, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенттері, П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері және аталған оқу орындарының оқытушылары кештің көркін қыздырып, рухани шараға ерекше серпін берді.
Жастар Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын рухына тағзым етті. Ал ұстаздар қауымы поэзияның тәрбиелік мәні мен Мұқағали мұрасының ұлт руханиятындағы орнын атап өтті. Кешке қатысушылар әдеби ортада еркін пікір алмасып, жыр арқылы жүректерін тоғыстырды.

С.Ж. Апсалықова,
Alatau Creative Hub
кітапханашысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір