Қайым-Мұнар Табеев. Алаштың асқақ рухты арулары
11.10.2021
1345
4

Алматы қаласында 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда болған оқиғаларға байланысты түпкiлiктi баға беру жөнiндегi Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумы комиссияның қорытынды материалдарында алаңға, көшелерге шығып,  демонстрацияға қатысқандар саны 24 мыңға дейiн жетті деп көрсетілген. Iшкi iстер министрлiгi, МҚК, прокуратура органдарындағы мәліметтер негізінде, оның 8 мыңдайы қамауға алынды, тергелді, сотталды, оқудан, жұмыстан шығарылды.

Ал, осы Ұлы Желтоқсанды ұзақ уақыт бойы зерттеп келе жатқан менің есебім бойынша, шерушiлердің саны одан да көп. Себебі, облыс, аудан орталықтарында болған бас көтерулердің санатқа қосылмай қалғанын айтпағанның өзінде, дүние жүзі алдында масқара болмауды көздеген билік Алматының бас алаңына шыққандардың есебін тым кемітіп көрсеткен. 90-шы жылдардың соңында, ел астанасы Сарыарқа төсіне ауысқан кезеңде, қалалық әкімшілік қазіргі Республика алаңындағы үлкен экран арқылы Елбасымен тікелей эфир өткізген болатын. Сонда бір мезетте алаңға 15 мыңдай адам емін-еркін сыйып кеткенін өз көзіммен көрдім.

Яғни, үш күнге созылған аласапыранда бұл жерде шамамен 60 мыңдай адам келіп-кеткенін шамалауға болады. Солардың басым көпшілігі – студенттер мен жұмысшы жастар. Намыс отына күйіп, күресерге дәрмен жоқ, жалаңаш қолмен БТР-ға қарсы шығып, жандарын шүперекке түйе арпалысқан қазақтың жігіттеріне сол кезде рух берген, ақ орамалдары желбіреп, жүректері қан жылаған бұрымды қыздарымыз бен аяулы қарындастарымыз еді. Бұл естеліктер сол Алаштың асқақ рухты аймаңдай аруларына арналады.

ЛӘЗЗАТ ДЕСЕ, ЛӘЗЗАТ ЕДІ-АУ!..

Дүрбелеңге толы Желтоқсанның ызғарлы күндерінiң бiрiнде, дәлiрек айтсақ, 25 желтоқсанда сол кездегі Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы Ақжазық ауылына суық хабар жеткізген екi жеделхат бiрiнiң соңынан бiрi түстi. Таңертегiлiк 8.29-да «Тезiрек жолға шығыңыздар. Қыздарыңыз Ләззат әл үстiнде. Сұлтанова» деп қол қойылған бiр жапырақ қағазды ұстап, жылсап-сықтап, жанұшыра, айнала көлiк iздеп жүрген қыздың анасы Алтынайға поштадағылар бiр сағаттан соң, екiншi жеделхатты көрсеттi. Онда: «Келмей-ақ қойыңыздар. Ләззатты сiздерге өзiмiз жеткiземiз. Кенжебаев Б.К.» деген сұрапыл жазу тұр екен. Басын тауға да, тасқа да соғып, жанұшырып жүрген ана жүрегі тоқтап қала жаздады.

Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищенiң бiрiншi курсында оқитын он алты жасар қызының қандай тосын жағдайға ұшырағанын бiлмей дал болған, көңiлi алабұртқан шеше байқұс қала жақтан келетiн жолға үрейлене, біресе үмiттене көз тiктi…

 Сол  арада: «Ойбай, көршi ауылда тағы бiр студенттiң сүйегiн алып келiптi!» – деген сыбыс тағы шығып, онсыз да үрпиiскен жұрттың жүрегін ұшырды. Ленин атындағы совхоздың №2 бөлiмшесiне сүйегi жеткізілген студент Ербол Сыпатаевтың аты-жөнін баспасөзде («Қазақ әдебиеті» газетінде) арада үш жылға жуық уақыт өткен соң барып, жариялай алдық.

Ал, оған дейiн ойдан-қырдан еш тию көрмеген дақпырт осы үш жыл iшiнде өз дегенiн iстеп, таудан аққан селдей жолындағысын түгел қиратып үлгерген едi. Ең ауыры – қаншама адам тағдыры күйреді.

Бұл уақытта орталық, республикалық баспасөз беттерiнде Алматыдағы “бiр топ бұзақы жастар” мен “жүгенсiз, ұлтшыл пиғылдағы элементтердiң” “маскүнемдер мен нашақорлардың” көшелерге шығып, тәртiпсiздiк жасағаны туралы бұлыңғыр, әрi, қысқа ғана хабарлар жарияланып, өткен-кеткендердiң аузынан, ұзын-құлақтан дүмпу-дүмпу, естiр құлаққа тосын тиер лақаптар тарап, жұрт дүрлiгiп жатқан кез едi. Иә, желтоқсан желi бүкiл Қазақстанды ұйқысынан оятқан болатын. Қарағанды, Семей, Қызылорда, Шымкент облыстары мен Өскемен, Лениногор, Алға қалаларында, аудан орталықтарында намысқой қазақ жастары қарап жата алмады. Мысалы, Талдықорған облысындағы Сарыөзек поселкасының 100 қаралы жiгiтi жартылай жаяу, жартылай атқа қонып, әскери бөлiмдер орналасқан қалашыққа бет алып бара жатқан жолда милиция жасақшыларының тосқауылына тап болды. Екi арадағы қамшы, жұдырық сiлтесуден кейiн 4-уi қамауға алынды, қалғандары қашып құтылды. Талдықорған қаласының өзінде де Мұғалiмдер даярлайтын институттың 200-дей студентi қала ортасындағы алаңға өтуге әрекеттендi. Алдын-ала хабарланған милиция бөлімдері тосқауыл қойып, алаңға тышқан жорғалап өте алмайтындай шеп орнатты. Қалалық iшкi iстер бөлiмiне 15 студент (4-еуi қыз бала) әкелiндi. Дереккөздер осылай дейді.

Ал, ресми органдар да, баспасөз де болған оқиғалар мен шындықты бүркемелеп, ақиқатты ашып айтпағандықтан, алыс ауылдағылар тұтас ел аумағын шарпыған бас көтеру барысынан бейхабар еді. Ләззаттың жансыз денесiн сонау астанадан екi-үш бейтаныс кiсi мырыш табытпен алып келгенде, бұл қазаны iштей сол оқиғаға қатысы бар-ау деп жорамалдағанымен, ештеңенің анық-қанығын білмейтін.

Білмейтін де жөнi бар едi. Республикалық прокуратура мұрағатындағы шаң басқан сол кездегi iспен танысқанда, мына бiр жұмбақтау жайттың бетi ашылды. Прокуратураның арнайы тергеу тобының мүшесi, милиция аға лейтенанты А.Андреев 1970 жылы туған Ләззат Асанованың iсiн ол қайтыс болған соң “Қылмыстық белгiлерiнiң болмауына байланысты қысқартылсын” деген сылтаумен жауып тастапты. Көп ұзамай жұрт арасында “Ләззат бiрге оқитын курстасынан ақша ұрлаған екен, соған намыстанып секiрiп өлiптi” деген лақап тарады. Осы бiр асығыс жабылған iске қарап отырып, өсек-аяңның кiмдер тарапынан таратылғанын шамалауға болады…

— 17 желтоқсан күнi алаңда студенттер ереуiлге шығыпты деген соң, мен де барған едiм, — дейдi ауылдас құрбысы Гүлзат. – Сонда Ләззатты көріп қалдым. Бiр мектепте оқығанбыз ғой. Қысқа амандықтан соң: “Не жағдай? Не болып жатыр?” деп едiм: “Қонаевтың орнына қайдағы бiр орысты қойыпты, соның орнына қазақ азаматы болсын деп талап етiп жатырмыз!” дедi ол өзiнше түсiндiрiп.

Алаңда біз сияқты жастар шоғыры көп екен. Танитынымыз бар, танымайтынымыз бар, сапырылысып жүрдiк те қойдық. Бiр кезде жан-жағымыздан милиция, әскер дегенiңiз қаптап кеттi. Минут сайын қарасы көбейiп барады. Мен бiр сойқан болатынын сездiм де, сытылып сыртқа шығып кеттiм. Ләззат өз қыздарымен қалды. Сол-ақ екен, ортада қалғандарды жалаңдаған әскерилер қоршауға алып, айнала опыр-топыр болды да кеттi. Содан қайтып мен оны көрген жоқпын. Кейiн Ләззаттың жағдайы не болды екен деп, таныстарымнан сұрастырып көрiп едiм: “Ұсталып қалыпты. КГБ тексерiп жатыр” деді біреуі. Тағы бір күні «Бесiншi қабаттан ұшып өлiптi» деген сұмдық хабарды естідім…

Гүлзаттың бұл айтқандарын тәуелсiз комиссия қорытындысы толық растайды. Екі күндік аласапыраннан кейін, 19 желтоқсан күнi құпия органның адамдары алаңға барған Ләззат Асанованы фотосуреті арқылы ұстап, үстiнен қылмыстық iс қозғаған. Сол кезде республикалық тергеу тобының құрамында қызмет атқарған қалалық Прокуратураның тергеушiсi С.Алдыбаев пен Совет ауданының бұрынғы прокуроры Ж.Ысқақов өз түсiнiктемелерiнде осылай деп көрсеткен. Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Э.Басаровтың қолы қойылған құпия (қосымша) тiзiмдегi 87 адамның арасында да Алматы музыкалық училищесiнiң студентi Ләззат Оразханқызы Асанованың аты-жөнi 76-шы болып тұр. 65-баппен қылмыстық iс қозғалып, басқы бетіне “Қазақ КСР Прокуратурасының тергеу тобы” деп, белгi соғылған осы құжат қаршадай қыздың соңына қаншама тергеу органдарының (МҚК, Прокуратура, Iшкi iстер министрлiгi) шам алып түскенiн айғақтайды. Өкiнiшке қарай, замана лебi өзгере бастағанын елден бұрын сезген қандықол жендеттер өз қиянаттарының iзiн жасыру мақсатымен, iске қатысты көптеген қағаздарды жойып жiберген.

Сол жойылған құжаттардың ішінде Ләззатқа қатысты архивте сақталған №30484-шi боп тіркелген қылмыстық iс те бар. Көп тарауы жоғалған (бәлкім, әдейі жұлынған) бұл істе 16 жасар студент қыздың алаңдағы оқиғаға қатысқаны екіұшты ғана айтылған. Шындықтың бар ұшығы жойылған парақтарда кеткені анық. Бұл іс – тергеу органдарының кез-келген фактiнi өз қалауы бойынша бұрмалап, қалай құбылтамын десе де, құзіреті жететiнiн айғақтайтын қитұрқысы көп iс.

Ләззаттың осынау iсiнде тiгулi тұрған анасына жазған хатқа сенсек, оның өлiмi бір қарағанда, Желтоқсан оқиғасына мүлде қатыссыз сияқты әсер қалдыратыны рас: “Бөлмеде жоғалған 90 сом ақшаны менен көрiп, жиналысқа салды. Менiң ешқандай кiнәм жоқ, ақша ұрлады дегендерi жала, менi қорлап отыр курстастарым. Бұл қорлыққа шыдай алмаймын. Қош бол, мама!..” деп қинала жазыпты ол қоштасу сәтінде. (Бәлкім, жаздыртқан?)

Панфилов ауданындағы Ақжазық ауылындағы мектепте кiтапханашы болып iстейтiн анасы Алтынай училищеге бiрнеше рет келiп, бұл әңгiменiң ұшығына жете алмағанын айтады. «Ләззат ақшамды ұрлады деп жала жапқан әлгi Гүлсара деген бөлмелес қызы менiмен беттесуге шыдамай қашып кеттi» дейдi ол бізбен әңгімесінде көзiне жас үйiрiлiп.

Ана байғұстың шарасыздық шырмауынан шыға алмай, iштей қатты қиналуына “Желтоқсан эпизодына” қатысты құжаттардың ұшты-күйлi жоғалуы керi әсерiн тигiзгені байқалып тұр. Аңдап қараған жандар ақ нәрсенi қара жiппен тiккендей кiлтипанды бірден аңғарады. Ол кiлтипан мынада: Ләззат Асанованың қазасына байланысты жүргiзiлген тергеу iсiмен алғаш шұғылданған тергеу тобының мүшесі Ю.Чуприлин бұл оқиғаға ССРО Прокуратурасының тiкелей назарында болғанын өз түсiнiктемесiнде қуаттайды. Не үшiн? Милиион тұрғыны бар қала үшін қатардағы қылмыс саналатын тұрмыстық кикілжіңге Мәскеудің соншалықты шүйлiккенi неліктен? Демек, Ләззаттың өлімі қатардағы жай ғана қылмыстан бөлекше жағдай болып тұр ғой? Оның «Колбин, долой!» деген плакат ұстап, алаңға шыққанын тиісті мекемелер жақсы білген. Бар мәселе сонда! 16 жастағы «халық жауының» образы дүниеге осылай келді.

Ләзаттың алаңға барғанын бірге оқыған курстасы да растайды. Соның бірі белгілі композитор Рамазан Тайманов. «Екеуміз бірге оқыдық, — дейді ол сол бір тұманды күнге күдікпен қарайтынын білдіріп. – Ол қобыз класында, мен үрмелі аспаптар бөлімінде. Ағалы-қарындастай сыйластық.  18 желтоқсан күні бүкіл училище оқушылары болып алаңға шықтық. Арамызда Ләззат та болды. Түнгі сағат 1.30-дар шамасында бәріміз жатақханаға қайтып оралдық. Кейін екі-үш күн көріспей қалдық. Ал, 23 желтоқсан күні Ләззат маған жылап келді. «Аға, органның адамдары мені күнде шақырып алып, Колбинге қарсы көтеріліске қатыстың, — деп «допросқа» алып, қорқытып жатыр. «Егер, сен өзіңнен басқа 5 оқушының аты-жөнін айтсаң, біз сені еркіңе жібереміз» дейді. Мен бірақ олардың қыспағына көнбедім. Ешкімді айтпадым, — дегені есімде. Одан соң, қайтып Ләзатты көрмедім. Тағдырдың талауына ұшырайтынын білгенде, бәлкім, қасымнан шығармас па едім… Қайтеміз?».

Жалындап өткен жас ғұмыр…

Өрлiк пен ерлiк…

Қолаң шашы желбіреп, екі беті албырап, енді ғана өнер жолын бастаған Ләззаттың қолындағы бебеулеп күй төгілген қоңыр қобызының қылы кілт үзілді.

Оның мектептес құрбысы, журналист Бейбiтгүл Мәметқазықызының жүрекжарды сырын тыңдап көрейік.

«Ләззат! Сол бiр қаралы желтоқсанның күндерi дәл бүгiнгiдей көз алдымда. Ол кезде бiз бала едiк. Екеумiз туып өскен ауыл қандай қарапайым болса, адамдары да дәл сондай қарапайым, мейiрiмдi едi ғой, шiркiн. Сенiң өлiмiң алғаш естiлгенде, бүкiл ауыл азан-қазан боп шулап, еңсесi түсiп кетiп едi. Табиғатынан сұлу анаң Алтынайдың қап-қара боп түтiгiп, мектептен почтаға, почтадан үйiне қарай теңселе басып, еңiреп бара жатқанын көрiп, кластас қыздармен бiрзе көзiмiзге тұнған жасты жасыра алмай, үнсiз шығарып салып едiк… Иә, ол қаралы оқиға талайдың жүрегiне жара салып, талайдың жүрегiне от тастап кетiптi-ау!

Ләззат! Мен саған мектепте оқып жүргенде-ақ қызыға қараушы едiм. Сен мектептегi пионер ұйымының председателi болғанда, мен класымыздағы отрядтың председателi едiк. Талай рет сенен тапсырма алып, кейде орындамағанымыз үшiн ұрыс та естiп қалушы едiк. Жып-жинақы, тап-таза, әп-әдемi боп жүрген жүрiсiңе, сөйлеген сөздерiңе, салған әнiңе ұйып, көз алмай қарап тұра беруден жалықпайтынбыз. Бiрде аудан пионерлерiнiң слетi болған едi. Бiрде-бiр орыс жанұясы жоқ кiшкене ғана ауылдан келiп, 42 мектептiң пионерлерi қатысқан үлкен жиында өз пионер ұйымы туралы баяндаманы орыс тiлiнде жасағаның есiмде. Сонда жүлделi орын иемденiп, бағалы сыйлық алған сен едiң! Сол арқылы бiр мектептiң ғана емес, ауданның мақтанышы болып едiң-ау! Бұның бәрi сенiң бiлiмдiлiгiң, туа бiткен қайсар мiнезiңнiң белгiсi ғой.

Сенi соңғы рет көрген сәтiм әлi көз алдымда. Онда, Алматыда оқитын жастарға қызыға қарайтын кезiмiз. Сол кездегi айтулы мерекенiң бiрi — 7 қарашада кластас құрбыларымен тұрған сенi көрдiм. Сол кезде маған, ақындар көп жырлайтын Алматының аруы сен секiлдi көрiнiп едi. Ұзынша келген ақсарының әдемiсi, қараған адамды тайсалтардай отты, сұлу жанар… Қызға тән қылығың мол, нәзiктiгiң тағы бар. Керемет көркем едiң ғой, Ләззат!..»

Милиция атаулының өмірінде есігін ашып көрмеген Ләззаттың КГБ сияқты аса қорқынышты мекеменің тас қапасында түнімен қалтырап шыққан халiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi! Қамауда ұстағанмен қоймай, жанын қинап: «Алаңға неге барасың?» деп шүйлiккенде, шынашақтай қыздың үрейі ұшпауы мүмкін емес. Соңғы хатында жазған «…Менi мыналар тыныш таптыратын түрi жоқ» деген жұмбақ жолдар қағазға осындай үрейлi сезiмнен кейiн түскен секiлдi. Бөлмеде ақша «жоғалуы», құрбыларының сенiмсiз iс-қылығы, алаңда бiрге болған кейбіреулердің опасыздығы – бәрi қосылып келiп, Ләззаттың жүйкесiне салмақ түсiргенi хақ. Сөйтсе де, ол басын ешкімге игісі келмеді. Имеді де!

Училищенің сол кездегі мұғалімі Балтабай Мәтбұсәұлы былай деп еске алады: «Мен осы училищеде 13 жылдай ұстаздық қызмет атқардым. Студент-жастардың ұлттық санасының оянғанына куә бодым. Қаршадай ғана Ләззат Асанованың азаматтық танытып, Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқандығын толық растаймын». («Азат» газеті, 10 наурыз, 2004 жыл).

Ия, Ләззат ұсталған уақытта заман күйіп тұрды. Байқаусыз айтылған бір сөз үшін бас кететін сәтте тайсақтап, бұғып қалған басқа мұғалімдерге «Неге Ләззатты қорғап қалмадыңдар?» деп, кінә тағу дұрыс па? Бірден жауап беру қиын.  Өйткені “Ләззаттың Желтоқсан оқиғасына қатысқаны рас” десе, сол сәтте талай бастың домалайтыны анық еді. Сондықтан, Ләззатты күйкi тiршiлiктiң құрбаны етiп көрсету – көлеңкесiнен қорыққан оқу орнының басшыларына да, істі жылы жабуды көздеген тергеу органдарына да тиімді болғанында сөз жоқ. “Менiң кiнәсiз екенiме сенiңiздер, мама…” деп жазған жолдарын оқып отырып, оның қаншалықты дүлей күштердің қыспағында болғанын сезінесің, адалдығына шәк келтірмейсің…

Сол себептен, ақиқатты жақтаушылар басым еді және Ләзаттың алаңда болғанын айғақтайтын ресми құжаттар да жеткілікті болатын. Алматы қаласындағы сол кездегі Совет ауданының прокуроры Ж.Искаковтың комиссияға берген түсініктемесінде «Құқық қорғау органының өкілдері Ләззат Асанованың 1986 жылдың 19 желтоқсанында ұсталғанын хабарлады» деп атап көрсеткен.

1990 жылы 12 ақпанда Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Э.О.Басаров қол қойған  «Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысушылар тізімі» атты №12/11-171 құжатта Ләззаттың аты-жөні 76-шы болып тұр: «Ләззат Оразханқызы Асанова, 1976 жылы туған,  ВЛКСМ мүшесі, Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің студенті, Чапаев көшесі 11, жатақханада тұрады, Қылмыстық кодекстің ІІ бөлімі, 65-бабы, 13-тармақшасымен жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін айып тағылған. Тергеген орган: Қазақ КСР Прокуратурасының тергеу тобы (Ю.Чуприлин, А.Андреев, А.Алтыбаев)».

Бұл арада енді, айтарға сөз жоқ. 16 жастағы қаршадай қыз мемлекетке қауіп төндірген «жапон тыңшысы» ма еді? Атпалдай тергеушілердің оң-солын танымаған бейкүнә жасөспірімді үш жақтап қыспаққа алуын немен түсіндіреріңді білмейсің. Алматы қалалық прокуратурасының тергеушісі А.Алтыбаев комиссияға берген түсініктемесінде: «Алаңдағы оқиғаға қатысып, Колбиннің тағайындалуына қарсы әрекет білдіргені үшін Ләззат Асанованың тергеу ісін Ю.В.Чуприлин басқарды» деп көрсеткен. Яғни, Ләззаттың алаңға барғаны ресми құжатта тайға таңба басқандай айқын жазылған!

Осы арада Ләззаттың әкесінің аты-жөнінің әртүрлі жазылуына байланысты жұртқа белгісіздеу бір мәліметті ұсына кетуді жөн көріп отырмын. Анасы Алтынай Асанова да «тарих үшін қажет» деген уәжімізге тоқтап, бұл шындықты ашып айтуға қарсы болған жоқ.

«Мен Ләззатқа ауыр аяқ кезімде әкесі Ахметтің басқа бір әйелмен көңіл қосып жүргенін естідім. Естідім де, есімнен танып қала жаздадым, — деген еді ол көзіне жас іркіліп. – Кейін ол әйелі ұл туды. Мен қыз тудым. Тағдырдың осы бір сынағына шыдамай, жолымыз екіге айырылды. Кейін Ләззат ес білген кезде «Әкең сені ұл туған әйелге айырбастап кетті» деп, бар шындықты жайып салып, көз жасымды тағы бір көлдетіп алдым. Ашуға ерік беріп жүріп, Ләззатты өгей әкесінің атына жаздырып жіберіппін. Оған іштей өкіндім де. Ләззат та бұл шешіміме іштей риза емес екенін байқайтынмын. Бірақ, ол менің бетіме тіке келіп, ешқашан ішкі ойын айтқан емес. Туған анасы болғандықтан, оның не ойлап, не қойып жүргенін жүрекпен ғана сезетінмін. Ол өзі де нәзік, сезімтал, сурет салуға, өнерге бейім балапан еді ғой. Әншілігі де, музыкаға қабілеті де тура сол туған әкесіне тартқан сияқты. Жас кезінде Ахмет Жаркент өңіріне белгілі домбырашы, әнші болған еді…».

Тағдыр тәлкегімен құжаттарда «Асанова Ләззат Оразханқызы» атанып кеткен бойжеткеннің есімі Мәскеу генералдарының тергеу хаттамаларында да дәл осылай таңбаланды.

Ең сұмдығы, Қазақ КСР Прокуратурасының тергеушісі Ю.Чуприлин Ләззат Асанованың 1986 жылғы 18 желтоқсанда алаңда соққыға жығылып, 25 желтоқсанда қайтыс болуына байланысты қозғалған №3048Х қылмыстық іс КСРО Бас Прокуратурасының ерекше бақылауында тұрғанын ашық мәлімдейді.

“1986 жылы 25 желтоқсанда менi Қазақ ССР Прокурорының орынбасары А.Мызников кабинетiне шақырып алды. Онда КСРО Бас прокурорының көмекшiсi В.Стрельников, республика Прокуратурасы тергеу бөлiмiнiң бастығы В.Волтунов және МҚК, Iшкi iстер министрлiгiнiң басшылығынан өкiлдер отырды. Мызников маған 24 желтоқсанда Совет ауданындағы Алматы музыкалық училищесiнiң жатақхана шатырынан секiрген студенттiң iсi Мәскеудiң ерекше назарында тұрғанын айта келiп, 18 желтоқсандағы демонстранттарды ұрып-соғуға қарсылық ретiнде студент қыздың өзiн-өзi өлiмге қиғаны туралы қауесет тарағанын ескерттi”. 

Чуприлиннің осылайша ашық мойындауы Ләззаттың мезгiлсiз мерт болуына тәртiп қорғау органдарының толық қатысы бар екендiгiнің бұлтартпас дәлелі.

Желтоқаннан кейін іле-шала Қазақ КСР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Эрнест Басаровтың құпия тапсырмасын шұғыл орындап қайтқан Алматы қалалық iшкi iстер басқармасының жедел уәкiлi Н.Аблезов: “Ләззат Асанованың денесiн Панфилов ауданындағы Ақжазық ауылында тұратын ата-анасына апарып тапсырып, жерлеуге қатысқаны туралы” қысқаша рапорт түсірген. (Қазақ КСР Iшкi iстер министрлiгiнiң 1990 жылғы 22 мамырдағы №А-459 анықтамасы). Бір кішкентай ғана қазақ қызының соңында осыншалық жоғары биліктегі шенділердің топырлап жүргені нені аңғартады? Жауап біреу-ақ. Өз әрекеттерінің әшкере болуынан қатты қорықандарын аңғартады!

Тағдырдың ауыртпалығын онсыз да аз көрмеген отбасын түскен азалы күндердің елесін Алтынай Асанова былай деп еске алады:

— Түскі кез болатын. Есіктің алды түстері суық «қызыл жағалы» адамдарға толып кетті. Қолдарында екі парақ қағаз бар: бірінде «Қыздарыңыз нашар жатыр» делінген, екіншісінде «Қыздарыңыз қайтыс болды» деп жазылған.

Бұл тосын хабарды естіген ауыл жұрты дүрлігіп кетті. Бір күн бұрын ғана көрші ауылға Желтоқсан көтерілісінің салдарынан қыршын кеткен Ербол Сыпатаевтың денесі Алматыдан жеткізілген екен. Оны да «нашақор, маскүнем, алаңда бұзақылық жасап, таяқ жеп өлді» депсоңынан сөз ергізссе, енді мына жақта Ләззатты да «Мінезі тік, дөрекі екен, бөлмесіндегі бірге тұратын қыздармен сөз қақтығысып, жоғарғы қабаттан ұшып өлді» деп айыптап, адам сенбес жалақорлық кінә таққан. Шын мәнісінде, не болғанын іштей сезгенімен, «үш әріптен» қатты сескенген жұртшылықтың ауыз ашуға шамасы келмеді.

— Менің де аузымды қақпайлап, мәйіт салынған табытты аштырғысы келмеді. Бірақ мен оған көнбедім, аштырып көрдім, — дейді анасы сөзін жалғап.  – Байқағаным, төрт мүшесі түгел сау, тек желкесінен жоғары тұста, шүйдесі ойылған екен. Мылтықтың дүмі  ме, қатты бір заттың ізі екені анық. Менің санамда «Бесінші қабаттан құлаған адамның басы жарылып, қол-аяғы сынуы мүмкін еді ғой» деген алғашқы күдік пайда болды. Жоқ, ондайдан дін аман! Сол күні ұйықтамай, таңға дейін көзімнің жасын тия алмай, оң жақта жатқан Ләззатыммен қоштастым шықтым».

Ертеңінде Алматыдан келген әскерилер жерлеу рәсімін тездетуді асықтырады. Мұздай қару асынған «қызыл жағалылылардың» сұсты кейпінен жасқанған ауылдастары Ләззатқа арналып жайылған дастарханнан дәм татуға да бата алмапты. Иә, дәл солай! Бірге оқыған үш-төрт кластасы мен көрші-қолаңдары ғана келіпті. Ащы да болса шындық осы!

Осындай үрейге толы көріністер 1991-ші жылға дейін жалғасты. Қазақстан тәуелсіздік алатын жылдың қыркүйегінде Алтынай Асанова Желтоқсан көтерілісінің 5 жылдығына орай ұйымдастырылған, қырғыз бен қазақ елдерінің Президенттері қатысқан үлкен кездесуге шақырылады. Алаңдағы мінберде ол КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты, ақын Мұхтар Шахановтың қасында тұрды. Біз де осы шараның басы-қасында жүрдік. Сол кездесуден кейін ғана ауылдастарының Ләззатқа деген көзқарасы күрт өзгергенін байқайды. Әрине, заман ықпалымен көпшіліктің назарынан барынша тұмшаланған ақиқаттан еш хабары болмаған қарапайым жандарды бүгінде жазғырудың реті жоқ.

— Ауылға келсем, бес жыл бұрын үйімнен дәм ауыз тиюге қорыққан ауылдастарым Ләззатқа өздері нәзір беріп, құрмет көрсетіп жатыр екен. Тағы бес жыл өтті – Желтоқсанның 10 жылдығы да келді. Бірақ, Ләззатым ақталмады. Осы бір жайт жанымды жегідей жеп, ақыры Алматыға біржола көшіп келдім. Содан бастап қызымды заң жүзінде ақтап алуға бел шешіп кірістім.

Өкінішке қарай, жоғарыда айтқанымдай, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Ләззаттың №3048Х қылмыстық ісіндегі із-түзсіз жоғалған 20 беттей құжаттама сол беті табылмады. Бұл да орынсыз жаланы ұйымдастырғандардың өз бастарын арашалау үшін істеген амалы екені күмәнсіз. Мiне, сол жағдайлардың кесірінен бейкүнә қыздың жұмбақ өлімі туралы жел сөз көп уақытқа дейін қалмай, соттан сотқа бірге ілесіп жүрді.

Ақиқат үшін белсене іске кіріскен анасының қажырлы еңбегі мен жанашыр қоғам белсенділерінің қолдауы нәтижесінде,  Ләзаттың оқиғаға қатысқаны заң жүзінде анықталып, сол үшін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан ерекше бақылауға алынғаны да дәлелденді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығына сүйене отырып, Алматы қалалық прокуратурасының 1997 жылғы 21 мамырдағы №16/108-97 жылғы қаулысымен прокурор Ерғали Мерзадинов музыкалық училищенің бірінші курс студенті Ләззат Асанованы Желтоқсанға қатысушы ретінде толық ақталды деп тану туралы анықтамаға қол қойып, анасына тапсырды.

Осылайша кәрі тарихта талай рет дәлелденгендей, ақыры кешігіп болса да, Шындық жеңді!

Ләззаттың көз жасын көлдете отырып жазған: «…Ләйла, Ерлiк, Берiк! Жақсы оқыңдар, адам болыңдар. Мама, менің кінәсіздігіме сеніңдер!» деп, ең соңғы хатындағы әлсіз үміті орындалып, желтоқсандық ару қыздың абыройы ақталды!

Бірақ, әз ананың бұл қуанышы көпке созылмады.  Желтоқсан құдіретін әлі күнге дейін мойындағысы келмейтін, керітартпа бір күштердің бас көтеруімен Алтынай Асанова тағы бір мәрте сотқа шағымдануға мәжүбір болды. 2004 жылы рулық деңгейден аса алмаған саржағал газеттердің бірінде «Ләззат Асанова Желтоқсан көтерілісіне қатыспаған» деген мазмұндағы жалақорлық мақала жарияланды. Бұған қатты қамығып, ширыққан Алтынай апамыз мақаланың авторы мен газеттің бас редакторын сотқа берді. Ұзаққа созылған, жүйкені жұқартар сот процесінде батыр ана тағы да жеңіп шығады! Оған бүкіл қоғам, училищенің адал ұстаздары мен кешегі бірге оқыған шәкірттер кеңінен қолдау танытты.

Солардың бірі, замандасы Дариға Шпақова былай дейді: «Мен 1986 жылы Чайковский атындағы училищенің 1-курсына оқуға түстім. Мамандығым – қобыз класы болатын. Ләззаттың сол күндері алаңда Колбинге қарсы шығып, КГБ-ның тергеуінде жүргенін жақсы білемін. Оған жатақханада бірге тұрған бүкіл студенттер куә. Мен құрбым Ләззат Асанованы еліміздің тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болған нағыз батыр қыз деп есептеймін!».

Сөйтіп, көпшіліктің шапағатымен екі дүниедегі тағдыр-талайы шырғалаңға толы қайран Ләззат екінші мәрте ақталды!

 Бұл күнде Жаркент қаласының орталығында бой көтерген Желтоқсан көтерілісінің құрбандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа арналған ескерткішті сол қалың елдің көрсеткен құрметі мен қайсарлығына берген биік бағасы деп білеміз.

P.S. «Ләззаттың қыршын кеткені маған өте ауыр тиді. Қайғыдан екінші топтағы мүгедек болып қалдым. 1991 жылға дейін сөйлей алмай қалған кездерім болды. Содан Ләззатым ақталғаннан кейін ғана есімді жиып, еңсемді тіктеп, өмірге қайта келгендей болдым» деп, жан сырын бүкпеген, талай шырғалаңды жеңген Алтынай Асанова пандемия құрсауына ілігіп, 2021 жылдың 10 қыркүйегінде 70-тен асқан шағында фәниден бақиға озыпты. Бала боп қызық көрмеген, бойжетке болып бой түземеген Ләззатының жанына барып жайғасқан асыл ананың рухы пейіште шалқысын!

Жалғасы бар

ПІКІРЛЕР4
Қонақ 11.10.2021 | 19:14

Көп қыртылбайдан Тәбеевтің мынасы артық. Өмір бар, қазақ бар, өнеге бар. Фантазия жоқ. Жалғасы бар.

Қонақ 17.10.2021 | 01:29

Адамның жанын қозғайтын сұмдық мақала екен. Неткен тағдыр! Апыр-ай, он алтыдағы қорғансыз бəйшешекті жапырған сұмдар арамызда əлі жүр-ау тайраңдап.

Қонақ 17.10.2021 | 10:59

Желтоқсанның осы бір аруы Ләззат туралы алыпқашпа сөз көп еді. Соған нүкте қойған Қайым-Мұнар Табеев замандасымызға мың да бір алғыс. Қазақ қыздарының рухы мықты ғой қашанда. Тек соны бағалай білмейміз

Қонақ 17.10.2021 | 13:24

Менің шешем 2010-шы жылдыры күнкөріс қамымен Алматыдағы Көкбазарда қымыз, айран-сүт сатты. Қазір сексенге таяды, үйде өз қолымда. Сонда Ләзаттың да анасы Алтынай апамыз да бірге сауда жасағанын айтып отыратын. Кеше мына дүниені анама оқып беріп едім, көзіне жас алды. «Өмірден түк қызық көрмеген екен ғой, байғұс-ай! Бізге қалай білдірмеген?» деп жаулығының ұшымен көзін сүртіп, ұзақ отырып қалды. Жазықсыз аналар мен балаларды зар илеткен желтоқсан шындығы толық ашылу керек деп ойлаймын. Гүлсім Қайырболатқызы, Алматыдағы «Зерде» мектебінің мұғалімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір