«Дала дауысы» көрмесі Алматы музейінде
28.09.2021
484
0

Мүсіндеме тарихы ертеден бастау алады. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде жауынгерлерді, балалы ананы бейнелейтін тас мүсіндер кеңінен тараса, біздің заманымыздан бұрын 8-2 ғасырларда дамыған «Аң стилі» ежелгі мүсіндеменің көрнекті мысалы бола алады.

Түпкі тамырын тереңнен алған бұл өнер түрімен еліміздің белгілі мүсіншілері айналысып келеді, таяуда қала әкімдігінің қолдауымен тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Алматы қаласы күні аясында, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Көркемөнер академиясының академигі, мүсінші Тілеуберді Мелдешұлы Бинашевтің 65 жылдығына орай «Дала дауысы» көрмесі Алматы музейінде ұйымдастырылып отыр.

Тілеуберді Мелдешұлы Бинашев – «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Ресей көркемсурет академиясының құрметті мүшесі, суретші-мүсінші. 1956 жылы Түркістан облысы, Арыс ауданы, Байырқұм ауылында дүниеге келді. Алматы көркемсурет училищесін мүсін мамандығы бойынша 1981 жылы бітірген. Содан бері басқа суретшілер сияқты өз ізденістерімен сурет көрмелеріне қатысып, шеберлігін шыңдап келеді.

Шығармашылық дарыны кең Т.Бинашевтің мүсіндік композицияларының тақырыбы ауқымды. Оның терең мазмұн мен терең ой-толғауға толы әрбір туындысы форма, пластика, шеберлік жағынан дара туындылар. Тілеуберді Мелдешұлының мүсіндері Алматы қаласының, өзі туып өскен Түркістан өңірінің де көркін келтіріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

Мүсінші туралы ақын Қадыр Мырза-әлі: «Тілеубердінің қолтаңбасынан қазақ даласының иісі аңқып тұрады» деген екен. Тілеуберді Мелдешұлының — «Дала дауысы» (2016 жыл), «Қажымұқан» (2020 жыл), «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би» (1991 жыл), «Отан от басынан басталады» (1982 жыл), «Баба батасы» (2020 жыл) сынды туындылары әр қазақтың жүрегіне жылы тиіп, рухтандыратын ойы терең, тамырлы тақырыптары өзіндік, философиялық шеберлігі мол шығармалар.

Әнуар Үмбетәлиев,

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір