ҚҰРАН – ӘДЕБИЕТ ЕМЕС, МҰҒЖИЗА!      
20.09.2021
1067
0

Ілім – ғайыптан. Мен ғайыптан өзіме түскен бұл ілімді өз түсінігіммен оқырманға жеткізгім келіп отыр. Несін жасырамыз, қазіргі қоғам адамдарының көпшілігі заман ағымымен өздерін діннен алшақтатып алды. Ондай жандарға дін туралы, Құран тілімен (!) сөз айтып түсіндіру оңай шаруа емес. Ал Құран мен әдебиет жайлы күрделі тақырыпта сөз бастау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

 ҚҰРАН СӨЗІ ҚАРАПАЙЫМ ӘДЕБИ ТІЛ МЕ?

 Діннің жолы – әрі нәзік, әрі күрделі дүние. Дін туралы айтқанда Құран қағидаларынан еш ауытқуға болмайды. Өйткені Құран жанды дүние және ол адамға тәуелді емес, адам Құранға тәуелді.  «Құранның адам баласына әсері бар ма? Аят деген не? Аят іштен яки сырттан келетін дүние ме? Сен сонымен құралып тұрсың ба?» — деген сауалдар қазір әркімнің-ақ көкейінде. Мен бұл мақалада соны іліммен көрсетуді мақсат тұттым. Тағы бір ерекшелік, ілім иесі дін туралы  әңгіме жазғанда, оны деңгейіне қарай тірі Құран өзі жетегіне алатындығын да алдын ала ескертемін.

 Міне, қазір де солай болып отыр. Бұл – ерекшелік. Мақаламызды  бастауға  «Муминун» сүресінің «Шынында біз адамды балшықтың маңызынан жараттық», – деген аяты әсер етті. Аятта Алла тағалам не деп айтып отыр, «Шынында да біз адамды балшықтың маңызынан жараттық» дейді. Енді осы аят  ары қарай біздің айтпақ ойымызды қалай жетелер екен?

Әлемде кітап көп. Осы кітаптар қатарына қосып Құранды «Құран – әдебиет» деп айтуға бола ма? Шынында, Құран сөзі қарапайым әдеби тіл ме? Бәріміз білеміз – Құран Құдайдың сөзі. Құдай мәңгілік тірі болған соң, оның сөзі де мәңгі тірі. Мына келген  аят  алғашқы сөзді неден бастады? Алла Тағала  Адамды топырақтан жаратқанынан бастады. Ондай болса, құдіреті күшті Құдай, осы аятта кітап мәселесінде, Құран туралы әңгіме айтқан болса, жеткізген аятында: «Ей, бұрын жаратылған пенде» дейтін еді.  Демек Алла Тағала өзін айтпас бұрын, аятта адамды неден жаратқанын айтып жатқан болса, онда біз Құранға кіріп тұрмыз. Құран адамның неден жаратылғанын айтуда. Енді осы сөзге мән берелік. Құдіреті күшті Құдай бізге бұл аятта, өзінен бұрын алдына аятты қойып, сосын адамды айтып тұр. Ондай болса, Құран әдебиет емес, жай кітап та емес! Қазір Алла адамды неден жаратқанын құрани сөзбен бастап, онда Құран адамнан бұрын жаратылғанын айтты.   Енді  «Жын» сүресінен келген мына аятты қабыл алайық: «(Алла бұйырды) Егер олар (жындар мен адамдар) дұрыс жол ұстанған болса, оларға мол су нәсіп етеміз».

Алла Тағала алдымен: «Сені мен топырақтан жасадым» — деді. Алла адамды Құраннан кейін жаратқанын, оны өз сөзінен кейін жаратқанын дәледеп айтумен бірге, осы жаратылыстың ішінде Құранды адам мен жынға бұйырғанын есептеп айтты. «Оларға мол су нәсіп етеміз» дейді. Алла тағала: «Ей, бұрын жаратылған, мен саған бұны кейіннен бердім» деп айтып жатқан жоқ қой. «Бұйырдым, бұйырылды оларға» дейді. Ондай болса құдіретті күшті Құдай, адамды Құранның ішінде жаратқанын айта тұрып, адамға осы Құран бұйырғанын, Алла өзінің сөзін адамға  бұйыртқанын айтуда. Мұндай жағдайда адам шектен шыға алмайды.  Осы сөзбен  құдіреті күшті Құдай адамды сүйіспеншілікпен жаратқандығы соншалық, өзінің осы сөзінің ішінде бақыт та мол болатындығын  адам мен жынға сеніммен айтып отыр. Осы жерде  «Құран әдебиет пе? Құранды оқу керек пе?» деген сұрақ қойылу мүмкін бе?  Жоқ.  Ілімде ондай әбес сұрақ қойылмайды.  Егерде Алла сені Құранның ішінде жаратқан болса, бұл аятта құдіреті күшті Құдай өзін алдыға қойып жатыр. Сенің жаратылғаныңды, бірақ осы сөзбен сенің адам болатындығыңды құдіреті күшті Құдай жеткізуде. «Ілім не?» деген адамға берер жауапты меңзеп түсіндірген. Аяттың адамға қандай жақындығы бар. «Аят адамға сырттан келе ме, әлде сенің ішіңнен бе? Я сен сонымен жаратылғансың ба?» деген үш дүркін мәселені қатар көрсетіп тұр.  Бұл – «Құранды тек жаттау керек, ол маған сырттан келетін көмек немесе іште тұрған дүние» деп қателесіп жүргендерге де жауап. «Сен қай кезде түзелесің, сол аяттан құралғаныңды мойындасаң ғана»  деген сөз.

    Енді кезекпен түскен «Рағыд» сүресінің  мына аятына құлақ асалық. Аят «Құран – әдебиет пе?» деген сұраққа жауап береді. Не болмаса осы мәселеде салыстырмалы түрде өте үлкен ілім түсіреді.  «Алла қалаған адамының ризығын молықтырып та, тарықтырып та қояды. Олар (мүшіріктер) дүние тіршілігіне мәз болып жүр. Дүние тіршілігі дегенің ақыреттегіге қарағанда аз күндік қана күн көріс». Кәпірлер: «Раббыңнан оған (Мұхаммед пайғамбарға ) неге мұғжиза түспейді?» дейді. (Ей, Мұхаммед!). «Шынында, Алла кімді қаласа соны адастырады, өзіне (шын) берілгенді тура жолға салады  де». 

Алла Тағала не деді: «Ей, құл, мен сені топырақтан жараттым» деп Алла өзі бұрыннан бар екендігін  айтып, Бір өзі, Бір тал ғана екендігін бұл аятта тағы қайталап отыр.  Өзі жалғыз болған соң, сені адам қылып топырақтан жаратқанын ескертеді. Сенің жаратылысыңа тән  Алла әлі де саған сөзінің бар екендігін, сен сол Алла: «Бол!» деген соң жаратылғаныңды ұғындыру мен осы аяттың ішінен адам болып жаратылғаныңды көрсетуде.

 

БІЗ ҚҰРАННЫҢ СӨЗІНЕН ЖАРАТЫЛДЫҚ

Құран – әдебиет емес. Бұл жерде Алла Тағала «бұл аятты жатта» деп тұрған жоқ. Саған осы аяттың ішінде тұрғаныңды көрсетсе, екіншіден сенің ғана емес, жынға да бұл қуанышты хабарды айтуда. Бұл сөзімен Алла тағала күмән тумас үшін, сенің аяттан жаратылғаныңды және Алланың сөзінен  жаратылғаныңа күмәнді болмас үшін, соған сенбейтіндер мен сенетіндердің кім екенін айқындап беруде. Құран – ол кейбір білімсіз ғалымдар жазып жүргендей «Арабтың әдеби кітабы» болатын болса, бұл жерде сен өз жүрегіңді оқитын болсаң, онда «сенің жаратылысыңда Құранның қажеті не еді?» деген сұрақ туған болса, соған: «Адамның жаратылысына Құран кітабының  әдеби кітап болып келуінің қажеті не еді?» деген жауап аласың. Жоқ, Алла Тағала бұл кітапті саған тірі өзінің тілімен, сені «Бол!» деп айтып, Құранға кіргізіп жаратқан болса, бұл кітап әдебиет емес. Бұл сені тәрбиелеп жатқан жоқ, бұл сені үйретіп жатқан жоқ, бұл саған бірдеңені көрсетіп жатқан жоқ. Бұл сенің кім екеніңді, қандай дүниеден жаратылғаныңды айтып отырған кітап. Ондай болса сол дүниеден жаратылған пенде қандай болуы керек екенін тағы айтуда. Ол адамға  тәрбие беріп жатқан жоқ, сен содан бүтін нұр болып жаратылғаныңды көрсетуде. Бұл жерде адам үйренбейді, бұл жерде адам  оны қабыл алады, бойына сіңдіреді. Алла адамды осы Құранмен, өзінің сөзімен жаратқандығын, жаратып отырып оған шексіз нұр бергендігін, осыны мойындағанда ол адамдар екіжүзділерді көздерімен көрсін, өздері де екі жүзді болып қалмасын, «өмір тірлігі» деп Құранға қарсы шыққанда, оның түкке тұрмайтын дүние екендігін айтсын деп менің тіршілікте басымнан өткен дүниеге құдіреті күшті Құдай бүгін өте үлкен ілім ашқанын жеткізді.

Енді келесі түскен «Ахзап» сүресінің 15-ші аятын оқылық: «(Олар) мұнан бұрын артқа шегінбеу туралы Аллаға уағда берген еді, берген уағдасы жөнінен сөзсіз сұралады».

    «Алланың алдында уәде берген еді олар» дейді. Алла Тағала адамды топырақтан жаратты. «Жындар» деді мұнапықтар.  Ондай болса Алла Тағала екіжүзділерге сөз бергендігін айтады. Екіжүзділер неден туды?  Оны да Алла жаратты ғой. Алла оны да топырақтан жаратты. Оларға да осы мәселені жеткізді. Бірақ олар Құранға қарсы шыға отырып, басқаша дүниені қабыл алды ма? Жоқ. Олар содан «Екіжүзді» деген ат алды. «Уәдесіне тұрмағандар. Алланы алдағандар» деген ат алды. Құран әдебиет болған болса, Алла тағала оларды жікке бөліп, бұларды басқаша түсінетін жолмен жаннатқа баратын адамдар деп айтар ма еді?! Жоқ. Құран өз заңдылығын көрсетіп тұр, ал бұл әдебиеттің заңына жатпайды. Бұл тікеден тік адамзаттың  Патшасы – Жаратушының заңдылығына жатады. Ондай болса Құран нағыз мұғжиза.

 «Олар» деді Алла тағала. «Олар» деді де, бөліп тастады, бірақ оларға басқаша жол көрсетті ме? Жоқ. Олардың екіжүзді екендігін анық айтып тұр. Құран екі-ақ жол көрсетеді. Я сені тозаққа шығарады, я сені осы кітапта қалдырады. Кітапта қалдыру деген не? Алланың адам баласына берген Жаннатын қабыл алады.  Ондай болса Алла тағала адамға – жаныңда емес екенін, ішіңнен шықпайтынын, адам бүтін Алла сөзінен жаратылғандығын айтуда. Алла сөзінен бөлініп шыққандар – екіжүзділер. Сен Алланың сөзінен бөлінбе, өйткені сені Алла өз сөзінен жаратқан. Құран сырттан да келмейді, ішіңнен де шықпайды, сен сонымен жаратылғансың. Сол жаратылыстан бас тартқаның үшін ғана сен кәпір аталасың. Осындай кезде «Құранды  оқу керек» деген сөздің орнына, «біз – Құранбыз, біз Құран жолымен жүруіміз керек» деген сөзді айтуды ұйғарып тұр. «Құранды оқу керек» дегеннің орнына, «біз Құранды түсініп, ағарамыз» деу керек. Себебі біз содан жаратылдық.  Құран Алланың сөзі болғандықтан, біз Алланың сөзінен тұрамыз. Міне, Құран бізге қаншалықты жақын.

Ары қарай «Каһф» сүресінің 16-шы аяты жетті: «(Олардың ішінде де біреуі айтты) Елдеріңнен және олардың Алладан өзге табынғандарынан қол үзген екенсіңдер, енді үңгірді паналаңдар. Раббыларың сендерге рахымын жаудырады, сондай-ақ істеріңе сәттілік береді».

Алла тағала адамды қайтадан өз панасына алды. Алла өзінің рухынан адамға рух берген екен, соған орай оны сақтайды. Ол адамды өз сөзінен құралғанын, қасиетті Құран сөзінен тұратындығын айтып, оны мойындамағандарға ауру бекітті. Сөйтті де өзін паналатты. Ондай болса Алла «Бол!» деп айтқан адам затының қылығы, Алла сүйгендей ғана болуы керек. Оған басқа жол жоқ, ойлап, күмәнданып, басқа жол салған болсаң кеттің. Әдебиет сияқты жіктеп салар басқаша жол жоқ бұл жерде. Бірақ айтылды: «Сен ол жерден кеткенсің. Иә, содан өнгенсің».

 

СЕН — КІТАПСЫҢ

 Келесі «Уақиға» сүресінің екінші, үшінші, төртінші  аяты Құранның қаншалықты адамға жақындығын айтады: «Оның болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл (кейбіреуді тозаққа кіргізіп) төмендетеді, (кейбіреуді  ұшпаққа шығарып) жоғарылатады. Жер қатты сілкінген».

Алла тағала тағы не деп жатыр? Сен оны жоққа шығара алмайсың. Кітапты да жоққа шығара алмайсың. Жаратылысты да жоққа шығара алмайсың. Өйткені, сен «Бол!» деген дүниеден жаратылдың. Одан басқа жаратылыста емессің,  екіншіден, «сен осы жолға бекітілдің, осы  жолмен сен баруың керек қайтадан Жаннатқа» деген сөз. Оның соңғы белгісін «адам шошитындай қатты жерді жыртып, төртке бөлген кезде көресің» деп ұқтырады. Бүгінгі күнге, көзді ашып осы ілімге қарайтын болсақ, Алла басқа нұсқа беріп жол көрсетуде ме?  «Сен менің мына таңдаған жолыммен жүре алмасаң, саған басқа да аяттар бар, сол жолмен жүруіңе болады» деп тұр ма Алла тағалам?  Жоқ. Ондай жағдай болса, әр жерге әртүрлі аят, болмаса әр жерде әр түрлі Құдай отырмай ма? Құран әдебиет пе екен? Жоқ.

Адам барған сайын Құраннан бүтін өзін көреді. Жаратылысың да өзіңсің. Алланы ұқпаған адам ғана бауырын екіге, бүйрегін екіге, жүрегін екіге бөледі. Екіге бөлінген тірі жан аман қала ма? Ал екі ойда жүрген адамнан адам ақыл ала ма? Ақыл алмайды. Екі ойда жүрген адам мемлекет басқара ала ма? Басқара алмайды. Екі ойда жүрген адам дінді таза ұстай ала ма? Ұстай алмайды. Екі ойда жүріп ас пісірген адамның тамағы дәмді бола ма? Болмайды. Сондықтан Алла тағала сенің жаратылысыңды екіге бөлмеген. Сол себепті де Құран – тірі. Алла сенің тірілігіңді, таза дініңді осы Құранмен берді. Алла Өзін және сенің кім екеніңді осы кітаппен көрсетті. Ондай болса иман кітабы – Құран болса, сен – осы кітапсың. Сен – Алланың сөзісің. Осыны мойындасаң, сен – жаннаттықсың, мойындамасаң – тозақтықсың. Басқа жол көрсетіліп тұрған жоқ. «Мұғжиза, бұл кітаптың әр тамшысы сенің күмәніңді өшіріп, сені осы кітапқа жақындатудан басқа, я сені жоғалтып, жоққа шығарғанан басқа ештеңе  істемейді» деді Алла. Я сені құрдымға тастайды бұл кітап, я жоғарыға, Жаннатқа апарады. Әдебиет солай істей ме? Жоқ.

Келесі келген «Нәжім» сүресінің 7-ші аяты:  «Биік кеңістікке».

Биік кеңістікке. Алла Тағала «сені топырақтан жараттым» деді. Бірақ сен бүгінгі топыраққа ұқсамайсың. Алла жаңа аятта: «Мен сендерге мол су беремін» деді. Көктен беретін жаңбыр сенің өмір тіршілігіңді жалғастырады. Таза ауа, таза су. Ал енді құдіреті күшті Құдайдың бар екенін сен осы бір жағдайда мойындап, сол бір кеңдікпен өмір сүрсең ғана, сол рахатты көресің. Себебі биік те, кеңістік те, кеңдік те – сенің кеңдігіңде. Алланың кеңдігінде шек жоқ. Себебі сені солай жаратқаны соншалық, сен сол топыраққа да ұқсамайсың.  Бірақ сені сол топырақтан, бір тамшы сумен қосып жаратты. Сол тамшының өзіне Алла тағы қаншама тамшы су береді өнуің үшін. Тамшы сусыз сен өмір сүрмейсің. Ал енді Алла бүгін биік биіктіктің қандай жерде екенін айтып жатыр. Кеңдік – биіктікте. Ал енді бар дүниені құрдымға шығарып, «Құраннан тыс, Құрансыз да өмір сүремін» деу – тарлық. Құрансыз өмір сүру – тарлық, керексіздік, жоқшылық,  жоқ болу деген сөз. Құрансыз өмір жоқ. Сенің өзіңді топырақтан жаратқан, жоқтан бар еткен Алла тағала, сенің күнделікті өміріңе тамшы су беріп, содан нұр беріп, ас беріп бағып жатқан Алла. Осының бәрін көріп тұрып, Құранның ішінде тұрып, Құранды сен кітап қылып,  әшейін «жай әдебиет» деп қараған болсаң, құрыдың! Сенің қарның тоқ кезде, жаның тынышталғанда «ақша жинағанша, ашып оқи тұратын кітап»  деп ойласаң құрыдың. Яки басыңа күн туып, жаның қиналған кезде «есім жиған соң қараймын» деген кітап десең тағы да құрыдың. «Сенің жаның қиналса да, байысаң да, сен бір керемет бір жақсылыққа жетсең де, осы Құранмен ғана нәрленесің» деп тұр Алла. Сол себепті де Алла: «Жынға да, адамға да мен мол байлық, тамшы су беремін» деді. Ал енді бір кереметі жынды оттан жаратқан Аллам, оған да су беремін деп тұр. Себебі адам өз жаратылысыңда кім болып тұрғанынан  ұялуы керек. Сен содан тыс кетіп бара жатсың ба? Құраннан сен шығып кетіп бара жатсың ба? Құран сені құрдымға алып бара жатыр ма? Жоқ. Ендеше сен бетін ашпасаң, Құран да сені керек етпейді.

 

МҮМІНДЕР ЖАҚСЫ КӨРГЕНДІ ҚҰДАЙ СЫЙЛАЙДЫ                                    

Онда Құран сырттан ба екен? Жоқ. Құран іштен бе екен? Жоқ. Адам Құраннан  жаратылды. Егерде Құран сырттан болса, «Мен сені қабыл алдым» дейтін еді. Алла тағала саған  сенбегендіктен «Екіжүзді болдың» деп айтпас еді. Іштен болған болса, «Сен ойлан, өзің талдайсың» дер еді. Ал бүтін болғасын Алла не деп тұр? «Тек мен саған бердім, ол сендерге бұйырды» деп тұр. Саған берілді. Сен онда содан шықтың. Бұл – мұғжиза.

Әдебиет адамның өміріне мұндай дүние бере алмайды. Құран жай оқитын кітап емес. Егер де жай оқитын кітап болса, әр жерге, әр елге бір-бір Құдай сайланып кететін еді. Оны есін жия алмаған да, жиғанда жазатын еді. Онда  жер дүниені дерт басып, бәрі бүтін тексерусіз, өлшенбей тозаққа кететін еді. Құран – Сен. Құран – Адам баласы. Жаның да, жүрегің де осы кітапта. Қайғың да, қасіретің де – Құран. Құрдымға да жіберетін, Жаннатқа да апаратын осы кітап.  

Бұл сөз патшасы – Құран сөзі. Бұл орайда да Құран; «Ақылмен ойла» деп ескерту береді.  «Құран ашып оқу» деген мәселе оны ашып оқу ғана емес, одан нәр алу, түзелу, тазалану, нұрлану, көтерілу, берекетіңді қабыл алу дегенді білдіреді. «Оқы» десең, әдебиет болып қалады.

 «Нәміл» сүресінің 6-шы аяты: «(Ей, Мұхаммед,) Расында, саған бұл Құран хикмет иесі, бәрін білуші (Алла Тағала) тарапынан түсірілді».

Бұл – ақылмен ойлану, баспен түсіну, мимен ұғыну  деген сөз. Алла тағала  пайғамбарымызға не деп айтты: «Ей, Мұхаммед, Расында саған бұл Құран хикмет иесі, бәрін білуші, Алла тағала тарапынан түсірілді».

   Бәрін білуші. Әдебиетті, жай кітапты, сол бір деңгейде оқыған адам дәлел  үшін жазады. Ол басқа дүниені біле бермейді. Ал адамды жаратқан, оған не керек екенін біліп тұрған Жартушының кітабы – Құран. Ақылмен ойлансақ, Алла «Ей, адамзат» деп жатқан жоқ қой. «Ей, Мұхаммед» деп пайғамбарына айтып жатыр. Адамдардың ішінде Пайғамбарға айтылды. Себебі ол біреу болса да,  мыңға айта алады. «Ей, адамдар, бас-басыңмен соны ұғыңдар» деп айтып жатқан жоқ әдеби кітап сияқты, «Ей, пайғамбар» дейді. Расында да, бұл кітапты Жаратқан ием, «барлық дүниені  жаратқан» дейді. «Бәрін білетін, бәрін беретін осы кітапты жаратты» дейді. «Құранды ақылмен қарау керек» дейді Құдай. Ондай болса Құранның өзі ақылды пайғамбары арқылы айтып тұр. Құранның қасиетін білмесең, шолақ шешім айтуға болмайды. Бұл – Құдайдың сөздерін қабыл алу. Өзіңді ақылмен мойындау. Кім екеніңді өз ақылыңмен мойындау. Құранда ақымақтыққа бастайтын  дүниенің жолын да көрсетеді. «Ахзап» сүресінің 6-шы аяты: «Пайғамбар мүміндерге өз бастарынан да аяулы».

Ақылға сиымды дүние ме? Дінді ұстануда биік тәрбие керек. Ақыл иесі керек. Алла тағала ақылға сиымды дүние айтады. Адам баласы арқалай алмайтын дүниені айтпайды.

Ақылмен ойлау. Аллаһ тағала дінді кімге ұстатуды айтты, ақылды адамдарға берді.

Демек құлшылық жасаған адам өте бақытты. Құлшылықты күмәнсіз, шынайы ақылмен, Алла айтқан жолмен ұстанған адамдар өте бақытты. Олардың көрген қиындығы да оларға бақ алып келеді. Өйткені Алла Тағала адамды жаратқанда өз шапағаты һәм кеңдігімен жаратты. Сол шапағаты болғандықтан адамды Құранның ішінде сақтап тұр. Осы сәтте де  жанымызда отырып, «сен ақылмен ойлан» деп жол көрсетіп отыр «Сен мұнапық емессің, сен менің құлымсың»деп айтады Құран. Ондай болса, Алладан басқа кім бар адамды ұғатын? Алла пайғамбарды сүйіп, биік қойған себебі, оны мүміндер жақсы көреді. Мүміндер жақсы көргенді Құдай сыйлайды. Бүгінгі түскен аяттар күмәнды кетіріп, бүтін Құранмен жаратылғанымызды көрсетсе, Алла айтқандай  Адам болайық. Өйткені Алла адамды осындай дүниеде жаратты.

     Міне, жазылу тәсілі ерекше бұл мақала да өз мәртебелі мәресіне жетті. Мәртебелі болатыны,  түптеп келгенде, мақала – қазақ әдебиетшілері ғана емес, әлем әдебиетшілеріне де ескерту берген кесек дүние. Мақалада келтірілген аяттардан адам баласы Құранның қасиетін, кереметін алумен бірге, діннің не екенін ұғынды деп білемін. Дін – өзің! Діннің діңгегі – дінді ұстанатын, мойындайтын адам, иесі – Құдай. Құдайға қарсы шығуға болмайды.

                                                                 

 Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

                                                                                    Ілімгер-жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір