Қатерлі сапар
(АШТЫҚ АЗАБЫН ТАРТҚАН КУӘГЕРДІҢ АУЗЫНАН)
Бұл әңгімені 97 жаста дүние салған Айтмұхамбет атамның аузынан естіген едім. 1931-33 жылдардағы ашаршылық нәубетіне ілігіп, өлім аузынан әзер аман қалған жігіттің бастан кешкені ұзақ жылдар бойы санамда жатталып қалды…
…Ол кезде баламын, өз басымнан өткерген бір әңгімемді айтып берейін. 1932 жылдың ашаршылығы Кіндікті өңіріндегі елге де ауыр тиді. Ол кезде біздің үй Қауқар қорасында еді. Сол жылы қар қалың түсті. Мал дейтін мал да жоқ, өткен жылғы қатты қыс пен жазғы қуаңшылық елдің қолындағы малын селдіретіп тастаған. Енді қас қылғандай, биылғы қыстың түрі мынау: «Жұтайтын малың жоқ болса, өзіңді алам!» дегендей. Бізде мал дегенде жалғыз лақты ешкі қалған, оны үйде, бұрышта ұстаймыз. Өйткені, қасқыр қатты, қораға түсіп жеп кетеді, үретін ит те жоқ, оны қар алғаш жауған күні-ақ, топ қасқырлар үйдің іргесінде құйрығын қарға шаншып, түк қалдырмай жеп кеткен. «Енді жейтін ештемесі жоқ» деді ме екен, көптен бері қасқырдың өзін қойып, ұлыған даусын да естімейтін болдық. Мен 1916 жылы туғанмын ғой. Демек, 1932 жылы он алты жасқа келсем керек. Іргеде биік тау, сай-сайға өскен қайың, теректер, қашқан-пысқан аң-құсты қалыңына жасырып, іздегенге мұнда келген ешкімді көрген жоқпын дегендей, өтірік мүлгіп тұрғандай көрінетін. Бірақ сол жылы ақ қояндар көп болды. Қолыма құлаштан артық таяқ алып, қоянның кеуегін аңдимын. Қоян бірақ соқпақпен жайылымға шығып, сол соқпақпен кері қайтады. Мен сол соқпақпен кеуегіне қарай барамын. Заты қоян дегенді қорқақ дейді ғой, шын батыр – қоян. Ол кеуегіне тақағанша қашпайды. Мен соқпақпен келген соң ол еріксіз жанына қарай ырғиды. Қалың қарға шоршып түскенде таяғымды жіберіп қалам. Кейде дәл тигізіп алып қайтам, көбіне бос оралам.
Бір күні шешем Қазижамал шай үстінде әкем Ахметке:
– Мына Айкенді Бөкедегі қыздыкіне жіберейік. Сандай барады деп естідім, соған ілестірейік. Үлкен адам жол біледі ғой. Және Бекбаудан тараған ұрпақтың бірі – бауырым емес пе? Қыс болса мынау, жазға дейін кім бар, кім жоқ? Ең болмағанда Айкеніміз тірі қалар. Күйеу бала Абзалбек те жақсы ғой, бір баланы ауырсынбас. Ол жақта шахтада ақша береді, тамақтан тарықпайды деп естідім. Жарайды десең, Сандайға қосып жіберейік. Алдағы айда кетеді екен. Оған дейін ана иленген теріден киім тігіп, дайындап берейін, – деді.
Әкем біраз ойланып барып:
– Қази, оның да жөн шығар, бірақ мына қыста атты да емес, жаяу адам төте жүрсе елу-алпыс шақырым жер, қалай жетер екен? Қасқыр болса анау, аштықтан қорадағы иттерді жеп жатыр, – деп, екі ұштылау жауап қатты.
– Әй, Ахмет, сен не деп күмілжіп отырсың? Үшеуміз қораның үш бұрышында аштан бұратылып өлгенімізді қалап отырсың ба? Еркекке 16 жас – аз жас емес, дәрменсіз болып аштан өлгенше, қарсы келген қасқырмен алысып өлгені артық. Сен қолына кепкен қайыңның түзуінен жуантықтау етіп таяқ дайында! Шаршаса сүйеу, жауына қару болады. Мен жаздай ана ешкінің сүтінің бетін жиып, бір қарыс бүйенге май жиғам, ана бір шелек бидайдан талқан түйіп, дорбаға салып берем, үнемдеп жесе, бес-алты күнге жетеді. Осымен сөз бітсін! – деді анам.
Шешем жарықтық тәуекелшіл, бірбеткей адам еді ғой. Сонымен, ақпанның 19-ы күні Сандай екеуміз жолға шықтық. Екеуміздің қолымызда екі таяқ, басқа жүгіміз жоқ. Сандайды Төлеубек Смағұлов шежіресінде «Солдат» деп жазған екен, негізгі Сандай Бекбаудан бері Отыманнан үш ұл – Домай, Ысқақ, Қарасай. Осы Қарасайдан Түсіпжан, Сандай, Шоқымбай. Бұл үшеуінің Түсіпжаннан басқасында ұрпақ жоқ. Сол кезде Сандай алпыстың жуан ішінде. Анам Қазижамал таңертең жолға шығарып салып тұрып:
– Балам, оңбайын деген отызында баламын дейді, болайын деген он үшінде данамын дейді. Өмірдің ағысына қарсы жүзбесең, тағдыр ешкімге қажеті жоқ салындыдай жағаға шығарып тастайды, – деп тағы бір сөзді бастап келе жатты да, аяқтамай шұғыл бұрылып, бірдемесін ұмытқан адамдай, артына қарамастан үйге еніп кетті.
Анадан бергі мені батылдыққа баулыған қатал мінезі бір сәтке боркемікке айналып, дәрменсіз ананың күйін кешкендей еді. Анам төркінінен келген, екі басы қайқы, бет жағы сүйекпен оюланған ағаш төсегінде етбеттей, жастығын құшақтап, көз жасына ерік беріп егіліп, тіпті дауыстап та жылап жатқанын көз алдыма елестеткенде жас жүрегім қан жылап, төгіліп келген көз жасымды әкеме көрсетпеуге тырысып, онсыз да өзі әрең келе жатқан әкемнің уайымын одан әрі асқындырып алмайын деп мен де теріс айнала бердім. Әкем көп сөзге жоқ адам еді, едәуір жерге дейін бірге ілесіп барды да:
– Ал әрі қарай өздерің кетерсіңдер. Санду, мына Айкенімді алдымен бір Құдайға, одан кейін саған тапсырдым. Алла жолдарыңды оңғарсын! – деп мені бауырына басып, біраз тұрып, маңдайымнан иіскеп: «Тірі көруге жазсын!» – деп үйге қарай беттеді.
Қайран әке! Сол сәтте оның ойына не келіп, не кетпеді дейсің?!
Біраз жер жүріп барып, артыма бұрылып қарағанымда, әкемнің жүріп бара жатқаны, я тұрғаны белгісіздеу, сырт қарағанда қапсағай денесіне жараса біткен жауырыны бір уыс болып бүрісіп көз алдымда шөгіп бара жатқандай болып көрінді. Шешем көрінбей кеткенде, үйден кеткендей күй кешіп едім, әкеммен айырылысқанда өзімді елден кеткендей сезіндім. Ендігі жерде сенерім де, сүйенерім де жоқ, тек өзіме ғана сенуім керек. Жолдың қандай да болса қиыншылығына төтеп беріп, діттеген жеріме жетуім кажет.
Беталыс бағытымыз солтүстік-батыс тұс. Бұл жақтың бораны жиі соғады. Жотаның қарын сайға тығып тастаған, қарын ұшырған қыраттардың үстімен жүріп келеміз. Кейде еріксіз сайдағы қалың қарды кесіп, төтелей жүріп өтуге тура келеді. Қардың кей жері көтереді, кей жерлері ойылып түсіп кетеді. Омбылай қарсы бетке шыққанда «Уһ» деп бір дем аламыз.
Алғашқы күні қозыкөш жер жүріп өттік, бұл шамамен 14-15 шақырымдай болар. Қысты күні күн қысқа ғой, ұясына енуге де арқан бойы қалды.
– Айкенжан, бүгінге осы жетер, анау ұйысқан қалың бұтаны көрдің бе? Әне, үстінен қар жүріп кеткен, осының астына түнеп шығамыз. Қардың асты жылы болады. Астын ін сияқты етіп қазып, қарын сыртқа шығарып, тобылғы төсесек астыдан сыз өтпейді. Тоңбай түнеп шығамыз, – деді Сандай.
Бұл таң атқалы бірге жүріп келе жатқандағы үнсіздікті бұзған алғашқы естіген дауысым еді.
– Мен тобылғы шауып әкелейін, жарықта от жағып, қар ерітіп, ыстық су қайнатып ішіп тамақтанып алайық, – деп Сандай белбеуіне қыстырған кішілеу шаппашотымен бір қолтық тобылғы шауып әкелді де, от орнындай жердің қарын теуіп қарайтып от жақты. Екеуміз екі темір кружкаға қар ерітіп, әрқайсымыз өз тамағымыздан мөлшерлеп жеп, жылы сумен талқанымызды ары айдап, дорбамыздың аузын буып, енді жатар орынның қамына кірістік. Мен төсенішке тобылғы шауып әкелгенше Сандай да тобылғының бүрінің астын қардан тазалап, ауыз жағын бір кісі еңбектеп кіретіндей, арғы жағы кеңдеу, екеуміз сиятындай етіп орын дайындап қойыпты. Ең тәуірі – таулы жерде қараған тобылғы қалың. Әкелген тобылғыны астыға жайып, үңгірімізге жайғастық. Сандай көп ұзамай ұйқыға кетті, жасы келіп қалған адам шаршады ғой. Менің көзім талайға дейін ілінбеді. Өткен күнді көз алдымнан өткеріп жатырмын. Бастаған әңгімесін аяқтай алмай, шұғыл бұрылып үйге еніп кеткен анам, әкемнің шарасыз қалпы… Алды бес жаста, арты құйрығын басып отырған жасында бірі шешектен, бірнешеуі қызылшадан шетінеп, жер томпайтқан жеті баланың күйігінен енді арыла бердім дегенде, «Тірідей кеткен менен көз жазып қалам ба» деген шешемнің зар дауысын естімейін деп, әкем үйге де кірмей жүрген шығар… Ойды ой қуып жатып, ұйықтап кетіппін. Қанша ұйықтағанымды кім білсін, оянсам денем тоңазып қалыпты, жанымдағы кісіні оятып алмайын деп, шегіншектеп далаға шықтым.
Қыстың түні ұзақ қой, таң белгісі білінбейді. Ай туған жоқ па, әлде батып кетті ме екен, аспан шайдай ашық, жұлдыздар жамырап тұр. Аяз аса қатты болмағанымен, шыңылтырлау. Бойым жылынғанша бір ізбен әрі-бері жүріп, қайтадан келіп орныма жаттым. Қанша сақ қимылдайын дегенмен тар жер емес пе, Сандай оянып кетті. Әлде, бұрын ояу жатты ма?
– Айкенжан, немене тоңдың ба? Таңнан белгі бар ма екен? – деп маған қарай аунап жатты. Мен әлі таңнан белгі жоқ екенін айтып, қырын қарап жатып едім, өзіне қарай тарта:
– Бері тақау жат, тақау жатсаң тоңбайсың, таң да таяу қалған шығар, – деп, демін ішіне тарта қатты бір «уһ!» деген дауыспен тыныс алып, – жата тұрайық, – деп қайта үнсіз қалды.
Ұйқым қанып қалды ма, дөңбекшіп жатып әйтеуір бір уақытта ұйықтап кетіппін. Сандайдың қозғалғанынан оянып:
– Не аға, жүреміз бе? – дедім.
– Жоқ, әлі қараңғылау шығар, мен тоңазып қалыппын. Сен тоңбасаң жата бер. Өзім оятамын жүрерде, әрі-бері жүріп кішкене қозғалмасам болмас, – деп шығып кетті.
Таңғы ұйқы тәтті емес пе, қайта ұйықтап кетіппін. Бір кезде Сандайдың «Айкежан!» деген даусынан ояндым.
– Жерге жарық түсті, енді жүрейік, түндегідей емес, аяз қыса түскен екен, – деді.
Таңның шыңылтыр аязы біздің де жүрісімізді ширықтыра түскендей. Күн арқан бойы көтерілгенше бірталай жер өндіріп тастағандаймыз. Аяздың беті қайтты, күн көтерілді. Өзіміздің де денеміз қозғалыстан жылынды. Енді дем алып, асықпай отырып тамақтанып алмақпыз. Қу тобылғы теріп әкеп, маздатып тұрып от жағып, ыстық суымызды қайнатып іштік. Бұл күні көңілді көншітерлік жол ұттық. Кешкілік түнемелік жатын орын жасап, жайғастық. Дегенмен, жолға үйреніп қалдым ба, иә болмаса, шаршадым ба, тез ұйықтап кетіппін. Түс көрген екем. Түсімде Сандай екеуміз биік тауды қиялап, жалғыз аяқ жолмен жүріп келеді екенбіз. Төменге қарасаң – бас айналатын терең, құз-шатқал, алдымда Сандай, мен соңындамын. Сандай маған дауыстап: «Төмен қарама, қарасаң басың айналып құлап кетесің, алдыңа қарап жүр» дей бергенде, аяқ басқан тасы қопарылып кетіп, Сандай төмен құлап бара жатты. Мен жанұшыра: «Сандай аға!» деп айғайлаған өз даусымнан шошып ояндым. Сандай да менің даусымнан оянды ма екен:
– Айкенжан, қорқынышты түс көрдің бе? Дауысың қатты шықты ғой. «Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың» деген түс жорушылардың сөзі бар, ұйықтай ғой, – деп, әрі қарай не түс көрдің деп қазбаламады.
Мен де көрген түсім туралы жақ ашпадым. Үлкендерден естігенім бар. Биіктен құлау жақсы нышан емес, сондықтан көңіліне «әлдеқандай болар екен?» деген қаяу түсіргім келмеді.
Әлгі түстен кейін қандай ұйқы болсын?! Байқаймын, Сандай да ұйықтап жатқан жоқ. Осы бір сөзге сараң, өз ойына қамалған тұңғиық адамнан сыр тартайын деп:
– Аға, ол жақта сіздің кіміңіз бар? – деп сөзге тартпақ болдым.
Сөзімді естімегендей, біраз үнсіздіктен соң, қатты бір күрсініп алды да:
– Шырағым, Айкенжан ойыңды сеземін. Бұл не қылған сөйлемейтін адам деп келе жатқан шығарсың. Мен сөйлеймін, кейде түсімде де сөйлеп жатамын, бірақ тірі адамдармен емес, о дүниелік болып кеткендермен.
Мен «о дүниелік болып кеткен адаммен қалай сөйлеседі?» деген таңданысымды жасыра алмай:
– Қалай? – деппін.
– Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын сен сұрап жатқан әйел де, бала да болған.
Тез білуге асыққан балалық құштарлығымды жасыра алмай.
– Олар қайда? – деппін.
– Сен білесің, Үмбеттің өзені жайшылықта таяз, балалар түсіп ойнап жүреді. Ал көктемде тасқыны қатты. Себебі, басы бірнеше терең сайдың еріген қарынан құралып, селі Үмбет өзеніне құяды. Бұл тасыған кезде ылдиға қарай ағысы қатты, кесек тастарды ағыза, жолында не тұрса да қопарып әкетеді. Менің де көз жасым жиырма сегіз жыл бойы осы Үмбет өзенімен бірге ағып келеді. Тіпті, кейінгі кездері көзімнен жас та шықпайтын болды. Іштей жыламайтын күнім жоқ, жылаймын да жүремін, Айкенжан! Сол бір құрғыр көктем кезі еді, қар еріп жатқанымен, тасқын әлі келе қойған жоқ болатын. Өзеннің қарсы бетінде бір ағайынымыз баласын сүндеттетіп, соның сүндет тойына әйелім – Қазила алдына үш жастағы баламыз Арманды отырғызып алып жуас атпен тойға кетті. Өзім мал өргіздім. Түстен кейін оңтүстіктен ескек жел тұрып, еріген қар суының екпіні сай-сайға құйылып, қатты ағысқа айналды. Кешке малмен өрістен оралсам, ауыл у-шу, жасынан кәрісіне дейін тасыған өзен бойымен әрі-бері жүгіруде, енді әрі қарай айтып не қылайын?! Осы аяқ астынан келген тасқын менің барлық үмітімді кесіп, Арманымнан айырды ғой. Қазіргі күйім не өлі емес, не тірі емес. Тамақ ішеді демесең, тіріден гөрі өлінің күйін кешудемін. Міне, солай, қарағым, – деп үнсіз қалды.
Сандайдың басындағы қоламтаға айналған қайғысын қозғап алғаныма өкініп, өзіме-өзім ренжулі қалпымда ұйықтап кетіппін. Үйден шыққанымызға бүгін төртінші күн. Дегенмен, алғашқыдай емес, Сандайдың қарымы азайып, жиірек дем алатын болдық. Менің жастығым ба, көбінесе жол бұзып, артымнан жүргіземін. Түс ауа терістіктен жел тұрып, арты қарлы боранға ұласа бастады. Жер жағдайын білетін үлкен адам ғой, әрі қарай жүруімізге болмайтынын, ертерек орын дайындап алуымыз керек екенін ескертті.
– Сонау қалың бүргенге жетіп, соны паналайық. Жақсылығына бақса, ертең осы уақытта басылады, әйтпесе екі күн соқпай тоқтамайды, – деп бүргенге қарай беттеді.
Қалың қар астынан үй тұрғызу біз үшін түкке тұрмайтын болған, орнымызды дайындаған соң тамағымызды жеген боп қаужаңдап жатырмыз. Талқанымыз да бітуге айналды, бір қарыс ішекке тыққан майымның соңын талқанға қосып аузыма салып, ішекті қар үстіне тастай салдым. Оны байқап қалған Сандай:
– Ана ішекті неге тастадың? Бері әкел! – деп жанып жатқан тобылғының жалынына әрі-бері қарсалап, бүрісіп қалған ішекті маған ұсынды. Аузыма салып көріп едім, май сіңген ішек мұндай дәмді болар ма? Тісіммен бөліп жартысын Сандайға ұсындым. Әлгі «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген сөз осындайдан қалған шығар.
Түнге қарай боран күшейіп, үстімізден қар жүріп кетті. Енді не болса да боран басылғанша далаға шығу жоқ. Ұйқы дейтін ұйқы да емес, қашанғы ұйықтайсың? Үстіңнен жел соқпағанымен, жамбастан өткен ызғар шыдатар емес. Қанша жатқанымызды кім білсін, бір кезде боранның дыбысы бәсендегендей болды. Үстімізден жүріп кеткен қарды аршып далаға шықсам, боран саябырлапты. Шығыстан күн қызыл шапағын шашып келеді екен. Әрі-бері жүріп келіп:
– Аға, боран басылыпты, ары-бері жүріп бойыңызды жазып алыңыз, – деп дыбыстап едім:
– Жоқ, – деді.
Күн шықты. Айнала түк болмағандай тып-тыныш. Қайта келіп:
– Аға тұрыңыз, тоңып қалдыңыз, – десем: «Кішкене жата тұрайын», – деп қозғалмайды.
Біраздан кейін тұрмағанынан қауіптеніп:
– Жүріңіз, – деп далаға сүйрегендей алып шықтым. Шыққан соң, екі-үш рет ұмтылып, тұрмақшы болып еді, аяғын баса алмайды. Иығыма қолын артып, әрі-бері жүргізейін десем, тізесі бүгіле береді. Жүре алмаған соң, отырғызып қойып, соңғы сіріңкенің шырпысымен от жағып, ыстық су ішкіздім. Ол ішкен ыстық судың да пайдасы болмады. Сонымен, денесі қызса жүріп кетеді ғой деп алыса-алыса күнді де еңкейттік.
Бір кезде Сандай:
– Әнеу бір дөңеске жеткізші, – деді.
Бізден 15-20 метрдей жерде маңай көрінетіндей биіктеу дөңес бар еді, әупіріммен сүйретіле оған да жеттік. Біраз демалып отырған соң бара жатқан бағытымызды нұсқап:
– Сонау көлбеу жатқан таудың ең биік шоқысын көресің бе? – деді.
Нұсқаған жағын барлап:
– Иә, көрдім, – дедім.
– Иә, көрерсің, жассың ғой. Сол биіктің бергі бауырында жол бар. Сол жолмен батысқа қарай жүрсең, арғы жағында апа-жездеңнің үйі. Бөке алыс емес. Мұны көрсетіп тұрғаным, мен енді ары қарай жүре алмаймын, Құдайдың маңдайға жазғаны – жеткен жерім осы шығар. Адам ажалдан қашып құтылмайды, – деп сөзін одан әрі жалғады.
– Осы жерден топырақ бұйырды дей алмаспын. Көріңді қазып, көпшілік жаназаңа тұрып, жер қойнына тапсырып салған топырақ, міне, сол топырақ. Маған бетімді жасыратын тас та бұйырмайтын болып тұр ғой. Бұл сүйегім ит пен құсқа жем болатын ит өлім болды.
– Мұны қалай айтып отыр екен? – деп, өңіне барлай қарасам, алдында жатқан жұмыр қара тасқа тесіле қарап қалған, жүзінен қорқыныштың, не үрейдің ізі байқалмайды. Терісі сүйегіне жабысқан, құдды бір жансыз мүсінді көргендей болдым. Біраз отырғаннан кейін:
– Жә, енді мені қуысымызға енгіз, қар еріп кеткенше үйім де, көрім де осы ғой. Күн кешкіріп кетті, таңертең ертерек жүріп кетсең, ел орынға отырғанша жетіп барасың. Алладан аман жетуіңді тілеймін. Кетеріңде осы дөң белгі болсын, тұрған жеріңе тас қарайтып кетерсің. Дәм тартып ел жаққа қайтар жолың түссе, осы белгі арқылы танып, шашылған сүйегімді жинап, таспен жасырып кетерсің, – деп сөзін үзіп-үзіп аяқтады. Сөз осымен бітті дегендей, бетін теріске бұрып жатып қалды.
Енді мен де не істей аламын? Қолымнан не келеді? Әрі-бері дыбыстап «аға, бірдеме десеңші» деп жылағандай болам, оным өліп қалмаса екен дегенім. Ұйықтап кетіппін, бірдеме деп сөйлегеннен ояндым. Байқаймын, сөзі ұғынықсыз сандырақтап жатқан адамның сөзі.
– Аға, не бірдеме дейсіз бе? – деп қолымды бетіне тигізіп едім, ыстығы көтеріліп күйіп жатыр екен.
– Су, – деді.
– Япыр-ау, суды қайдан таптым? От жағып қар ерітетін сіріңкенің соңғы шырпысы бағана таусылған. Шөл қысып, қаңырығы түтеп әл үстінде жатқан адамның аузына бір тамшы су тамыза алмағаныма өзімді-өзім түкке тұрмайтын адам ретінде іштей сөгіп, қорландым.
– Су, – деді тағы да естілер-естілмес әлсіз дауыспен.
Не істедім, қалай шөлін қандыра аламын? Жаным үзілердей аласұрып жатырмын. Қар! Иә, қар! Алақаныма бір уыс қарды қатты сығымдап, қараңғыда аузына апарып едім,сықпа қардан қомағайлана тістеп кесіп алды. Есеңгіреп жатқаны ғой, әйтпесе қанша жесе де қардың ішінде жатырмыз. Әлгіден кейін тынышталып қайта ұйықтап кеткен сияқты еді. Сәлден соң қайта сандырақтай бастады.
– Не айтып жатыр? – деп, сөзіне құлағымды тостым.
Ұғымсыздау, үздік-үздік шолақ сөз, ұққаным, біреуге қамқор болып асты-үстіне түсіп, үзіліп елжіреп жатқан сияқты.
– Жаным, қарашығым, сағындың ба? Міне, мен де келдім, көп тостың ба? Тоңып қалыпсың ғой. Кел, келе ғой, кірші қойныма!..
Арғы жағы ұғынықсыздау. Қозысына еміренген қойдай мейірлене, созылыңқы дауыспен тынышталды. Арманымен табысып жатыр-ау деп ойладым. Ұйқы қашқалы қашан, көрер таңды әзер дегенде көз ілмей атқыздым. Ары-бері жүріп, жерге жарық түскеннен кейін қайта келіп қозғап:
– Аға, сыртқа шығып, тағы да жүріп көрейікші. Жүріп кететін шығарсыз, – дегеніме, басын шайқады. Неше күнгі қасымдағы жолдасым, қалай болса да тірі адам ғой, көзін бақырайтып қалай тірідей өлімге қиып тастап кетемін?
– Аға, көрейікші, қане!..
Көзімнің сорғалаған жасын тыя алмай, кеудесінен құшақтап көтерейін, – деп едім, ұмтылмады. Құшағындағы қолымды алақанымен өзіне қысып:
– Бар. Кеш болып кетеді, – деп қысқа қайырды.
«Қош бол» дегендей, кірпік қақпай тесіле қараған көзі мұндай өткір болар ма? Қайтейін, қолдан келер шара жоқ, жүрегімді Сандайдың жанында қалдырғандай, құр сүлдерімді сүйретіп шықтым. Енді бар қолымнан келетіні – тастан белгі қойып кет деген өтінішін орындау. Қолыма түскен тасты шоқайтып, маңайға көз жіберіп, табиғаттың тағы да бір-екі белгілерін көңіліме түйіп, артыма қарай-қарай кезең астым. Бағытым – кешегі Сандай аға көрсеткен шоқы. Мақсат – күн жарықта көлденең өтетін жолға шығып алу, бұрынғыдай қарайлайтын емес, жүрісім жіті. «Қараңғыға қаламын ба?» деген қауіп те жоқ емес. Әне, күн ұясына енбей жолға да іліндім. Енді жүрек орнықты, жол дегеніміз шана жол, дегенмен жаяуға тас жол сияқты, жүргенге жеңіл, құр атқа мінгендей жүріп келем. Артқы жақтан шыққан дыбысқа бұрылсам, бір ат шана келіп қалыпты. Жол беріп тоқтап едім, жігіт ағасы жасындағы кісі екен.
– Кел отыр, қайдан келесің? Қайда баратының белгілі. Мұнда кімдердікіне келе жатырсың? – деп сұрақтың астынан алып келді.
Мен жөнімді айттым.
– Бұл жақта апа-жездеме келе жатырмын. Жездемнің аты Абзалбек, апайым Сақыпжамал, – деп едім.
– Иә, білем. Бұл жер бірін-бірі білмейтін қала емес қой, – деп атына бишігін иіріп қойды.
Өзінің атының Қасым екенін, осында бастықтардың мініс атын күтетінін айтып салды.
– Жұмыс істеймін десең, менің қасыма кел, көмекшім боласың, – деп, махорканың ысы сіңген сап-сары күректей тістерін ақсита күліп қойды.
Заты ашық, ақкөңіл, жақсы адам сияқты. Көшеге келген соң:
– Міне, мына үй Абзалбектікі, – деп түсіріп кетті.
Мұндайды кім көрген, көшеде де электр шамы, үйлердің терезелері де жарқырап тұр. Жездем жұмыста, апайым Сақыпжамал үйде екен. Мені бас салып құшақтап жылап жүр. «Бұл көріп тұрғаным шынымен өңім бе?» деп бауырына басып, қысып-қысып қояды. Мауқы басылған соң ел жақтың амандығын, әке-шешеміздің қал-жағдайын естіп, Құдайға тәубә етіп, көзінің жасын сығып-сығып алды. Шай үстінде:
– Қашан шықтыңдар, бірге келген кісілерің кімдер? Мұндағы туыстарын мен танитын шығармын. Өзің тонып қалған жоқсың ба? – деп, асты-үстімнен түсіп жатыр.
– Әпке, бірге шыққан кісім осыдан бір түстік жерде, жүре алмай тірі өлік болып жолда қалды.
– Тірі өлігі қалай?
– Білмеймін, ауырды ма, болмаса буынын суық алып қалды ма, аяғын баса алмай қойды. Тірідей тастап кете алмай жүргізем бе деп, бір күн әуре болғанымнан ештеңе шықпады, енді келесі түнге қалсам, өзім де өлетіндеймін. Жолға алған тамағым кеше біткен, – деп кемсеңдеп жылап жібердім.
– Жылама, енді не істей алушы едің, ол кісінің алдында сенің қарызың жоқ. Бір сөтке алысқан екенсің, енді бір күн қалсаң өзің де не үсініп, не өліп қалар едің, Құдай сақтап қайта аман есен жеттің ғой, – деп жұбатып жатыр.
Байқаймын бірінші баласына аяғы ауыр сияқты. Ертеңінде еңбек ауысымынан жездем келді. Жездем де мына қыста жалғыз жүріп аман-есен жеткеніме қуанышын айтып, жеткізе алмай жатыр. Біраз күн дем алған соң жездеме:
– Мен де жұмыс істесем, – деген ойымды айттым.
– Оның жөн ғой. Бірақ шахтаға түсуге сені алмайды. Жасың жетпейді, басқа қандай жұмыс бар екенін білейін, – деді.
Мен анау күнгі ат күтушінің қасына көмекші керек екенін құлаққағыс еттім. Ертеңінде жездем күліп кірді:
– Өз жұмысыңды өзің тауып келіпсің ғой, – деді.
Жұмыс жеңіл. Жиырма аттың шөп, жемін салып, астын тазалайсың. Төлейтіні 15 сом ақша. Бес сомға бағалап азық-түлік береді.
Бұл дегеніңіз, біз үшін телегей-теңіз байлық, қолыма ақша ұстап көрмеген менің бақыттан басым айналып жүріп қысты өткізіп, көктемнің келгенін де байқамаппын. Шаруамды тиянақтап тастап, әдеттегідей түс кезінде үйге келсем, күндегідей емес, апайымның бір жері ауыратындай, ара-тұра қабағын шытып қояды.
– Апай, бір жеріңіз ауырып отыр ма?
– Толғақ қой деймін. Жездең де жұмыста, ертең келеді. Шайыңды өзің құйып іше бер, мен дәрігерге барып, көрініп келейін, – деп, киініп шығып кетті. Сол кеткеннен апайым Сақыпжамал үйге оралмады. Екі күн қиналып жатып баладан қайтыс болды. Арғы жағын айтты не, айтпады не, бақ байланған төбемнен бұлт айналды. Енді бұл жақта жүре берудің жөні жоқ екенін шай үстінде жездеме айттым:
– Ана жақта әке-шешем не күйде? Ренжімесеңіз, үйге қайтайын.
Жездем көзіне жас ала отырып:
– Көз қуаныш болып жүр едің, енді сен кетсең бұл үйге қайтып сияр екем? Жарайды, ата-анаңа сәлем айт. Апайыңнан айрылып қалғанымызды сенің аузыңнан есту ол кісілерге қандай қиын болар екен. Мына азық-түліктен көтергеніңше ал. Қыс емес, жаз шықты ғой. Шөлдемейсің, әр жылғалардан су ағып жатыр, – деп жолға шығарып салды.
Ендігі ойым – алғаш келген жолды адаспай табу. Өйткені, Сандайдың аманатын орындауым керек. Күн ұзақ қой, діттеген жеріме сәскеде адаспай жеттім. Жатқан жерінде түлкі, қарсақ сүйреп тастаған, шашылған сүйегін жинап, жер қазатын құрал жоқ, таспен бастырып кеттім. Ол кезде әр жерде ондай шашылған адам сүйектерін кездестіре бересің. Көп қиналған жоқпын, екі түнеп үйге жеттім. Әке-шешем мені тірі көргендеріне қуанып, Құдайға мың қайта шүкірлік етіп жатыр. Бір кезде ана жүрегі сезімтал ғой:
– Әй! Сен осы келгеннен бері сұрағанға «иә», «жоқтан» басқа шешіліп бір жауап айтпадың. Ол жақтағылар аман ба? – деп сұрағын көлденең тартты. Енді шегінер жер қалған жоқ.
– Апайым баладан қайтыс болды, – дедім.
– Не дейді? Шын айтып отырсың ба?
Басымды көтерсем, маған тесіле қарап тұр екен, «өтірік деші» дегендей.
Мен үмітіне балта шапқандай:
– Рас, дегендей басымды изедім. Тік тұрған шешемнің тізесі бүгіліп құлап бара жатқанын байқап: «Апа», – деп ұмтыла бердім. Әкем екеуіміз сүйемелдеп төсегіне жатқыздық. Сондағы анамның «Құдайым-ау! Құдай! Қайсы қылығыммен жақпадым, неге аямадың? Неге мұнша қорладың, сорлаттың?», – деп зарлаған үні күні бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Сол жатқаннан келесі күні сол уақытқа дейін теріс қарап жатып қалды. Тақау маңда келіп көңіл айтып жұбатар ел де жоқ, ауыл арасы алшақ. Әкем байғұс анда-санда барып:
– Қази, басыңды көтеріп бір-екі шыны шай ішсеңші, кешеден нәр татқан жоқсың. Құдайға өкпе жүре ме? Түрегел, – деп, тұрмаған соң, қасында біраз тұрып, далаға беттейді. Әйтеуір далада шұқынып бірдеңе істеген болады, байқаймын не істеп, не қойып жүргенін өзі де білмейтін сияқты. Әкеме де жаным ашып жүр. Мен ол кісілердей емес, арада бірнеше ай өткендікі ме, көңілім суып қалған болуы керек, бұл қайғыны аса ауыр қабылдамайтын сияқтымын. Әкем шығып кеткен соң шешемнің қасына отырып:
– Апа, басыңды көтеріп, дастарқанның шетіне келші. Әкеме бұл жатысың қайғы үстіне қайғы жамағандай ауыр тиіп жүр. Тұрыңыз, қане, – деймін.
Анам шерін сыртқа шығырғандай ауыр бір күрсініп алып:
– Иә, ол сорлыға да обал болды, – деді де, жанып тұрған оттың қасындағы бізге шай құйып беретін өз орнына жайғасты: – Бар, әкеңді шақырып кел, байғұс шайын ішіп, бойын жылытсын, – деді.
Мен орнымнан тұра бергенше әкемнің өзі ішке қарай табалдырықты аттай беріп:
– Қази, тұрғансың ба? – деп дастарқан шетіне жайғасты. Алдындағы құйған шайын ала отырып:
– Қази, – деді.
– Ау!
– Өзіңді-өзін іштей жей берме. Қайғы деген қамау, қамалын бұзып шықпасаң, жазылмас дертке, не адам өзін-өзі жоғалтуға дейін апарады. Сонау бір жеті баланы жерге бергенде де, аруанадай боздап жүріп, есіңді жиғаның мына жарық дүние тұрғанда, өмір бар екенін, өмір бар жерде үміт бар екеніне сенгендіктен шығар. Сонда мен өз бойымнан таба алмайтын қайрат-жігерді, өмірге деген құштарлықты сенен көріп, іштей тәнті болып едім. Бұл айтып отырғанымды жыртық көңілге жамау жапсырғаны ғой деме. Алла пендеме бергенімнен берерім көп деген екен, ертеңімізден үміт үзбейік, – деп, кесесін төңкеріп бетін сипады.
Мен әкемнің ойындағы сөздерін бұндай түйіндеп, жып-жинақы етіп жеткізетінін бұрын-соңды естіген емеспін.
Алланың алда берері көп дегені рас екен. Менен кейін бір қыз, екі ұл дүниеге келді…
– Ол кездің адамдарының қуанышынан қайғысы басым еді. Өзімен кетсін, сендердің бұл күндерің жақсы ғой. Халық іргесі тыныш болса, бақыттысыңдар! – деп қатты бір күрсініп барып Аймұханбет (Айкен ата) әңгімесін аяқтады.
Тілеуберді Демеуұлы,
зейнеткер.
Семей қаласы.