Көз алдымдағы бір сурет
«Көшпенділер» трилогиясы тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, мұқым қазақ ұлты үшін үлкен жаңалық болып келген шығарма. Бодандықта отырған елдің еркіндігін, ерлігін есіне салып, рухын қайраған тарихи құнды дүние. Бірінен соң бірі жарық көрген үш кітапты сол бір жылдардағы қалың оқырман қауымның бірінен-бірі сұрап, іздеп, ат-түйедей қалап алып жүріп оқығанын жақсы білеміз. Кім-кімге де қалың ұйқыда жатқан қазақ тарихы кенет көзін ашып, үн қатқандай таңғажайып тылсым әсер еткені анық.
Осы бір таң-тамаша тарихи шығарманың авторы Ілияс Есенберлиннің аты атала қалған жерде көңіл түкпірінен жылт ете қалатын бір сурет әлі күнге дейін көз алдымда.
…1980 жылдың көктемі болатын. «Көшпенділер» трилогиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылып, әне-міне, алады деп күтіп жүрген шақ. Біз оқитын КазГУ-дің журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев, әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстазымыз, белгілі әдебиет сыншысы Дандай Ысқақов өзара ақылдаса келіп, аталған трилогия туралы курс жұмысын бекітіп және оны зерттеп, жазып, қорғап шығуды маған, яки, үшінші курстың енді-енді көркем жанрларға қалам тартып, көріне бастаған студентіне тапсырған уақыты еді.
Енді міне, сол жұмысты қорғайтын күн де келіп жетті. Қала шетіндегі КазГУ қалашығынан бүгін ертелеу келіп, бас корпустың жанындағы фонтанның жиегіне отыра қалдым да, сөмкемдегі қолжазбамды тағы бір рет пысықтап, қарап алдым. Содан соң… Сол кездегі студенттердің күн сайын бір рет бас сұғып шықпаса, көңілі көншімейтін ең сүйікті мекемесі – Бас поштаға қарай жүрдім. Өйткені, ауылдан келетін ақша, хат-хабар, сәлем-сауқаттың бәрі осында келіп түседі.
Кенет… Қарсы алдымнан ақырын ғана аяңдап өтіп бара жатқан орта бойлы, ақ шашты, үстінде сұр плащы бар, бет-жүзі өте таныс бір кісіні көріп, қалт тоқтай қалдым.
Иә, бұл сол, өзім күнде кітабынан суретін көріп жүрген жазушы – Ілияс Есенберлин еді…
Жалғыз өзі. Қасында ешкім жоқ. Аяғын асықпай басып, жоғары қарай өрлеп барады. Өзімен-өзі оңаша серуендеп қайтуға бет алған сияқты. Тротуардың шетіне қарай ығысып, жол беріп жатқан жастарға қарап жымиып, сәл ғана басын изеп қойды.
Мен ол кісінің соңынан сүйсіне қарап, біраз жерге шейін көзіммен ұзатып салдым. Шіркін-ай, қандай мәдениетті, ұқыпты, кішіпейіл жан. Мына өмірде мұндай да бақытты, дарынды, атақты адамдар болады-ау, ә, деймін ішімнен…
Арада бір сағаттай уақыт өткенде біз курс жұмысын қорғайтын аудиторияның алдында топырлап тұрдық. Неге екені, күн сайын күліп сәлемдесетін Дандай ағайдың жүзі бүгін сынық сияқты. Декан да қабағын түйіп, қатуланып кірді ішке. Бірінші болып мінбеге шақырылған маған қарап: «Баста!», – деді қысқа ғана.
Міне, мен өз жұмысымды мәнерлеп оқып тұрмын. Әйтсе де, алдыңғы қатарда, деканның жанында отырған ұстаздардың бүгін мені тыңдауға мүлде құлқы жоқ сияқты. Бір-бірімен өзара күбір-күбір сөйлесіп, бастарын шайқап, төмен қарап, әлденеге тұнжырап отыр. Маған тіпті, қосымша сұрақ та қойған жоқ. Деканымыз ақырын ғана қолын сілтеп: «Жақсы», – дей салды. Содан соң, төңірегіндегілерге қарап: «Иә-ә, сола-а-ай! Ілекеңді өткізбепті ғой!», – деді даусын созып. «Ойпыр-ай, сонда кімге беріпті?» – деп қалды ұстаздарымыздың бірі аң-таң болып. «Әлгі-і, грузиннің жазушысына», – деді декан.
Әңгіменің Лениндік сыйлық туралы болып отырғанын біз енді бірден түсіне қойдық. Сөйтсек, бүгін теледидар мен радиодан таңертеңгі жаңалықтар айтылған кезде әдебиет пен өнер саласы бойынша сыйлық алғандардың да аты-жөні аталып өткен көрінеді.
Көз алдыма бірден жаңа ғана Бас поштаның алдынан өтіп, тау жаққа қарай серуендеп бара жатқан жазушының түр-тұлғасы елестей қалды. Япыр-ай, неткен сабырлы, неткен салмақты кісі еді деп ойладым іштей таңғалып…
Кейін, рас, әр түрлі әңгімелер болды. Солардың ішінде: «Лениндік сыйлықты беретін комиссияға Грузиядан және Қазақстаннан екі вагон барыпты. Біріншісінің ішінде – грузиннің шарабы мен кәуабы, жүзімі мен алмасы, ал екіншісінде – үйіліп жатқан арыз-шағым, пәле-жала болған көрінеді», – деген бір анекдотқа бергісіз алыпқашпа сөз көпке дейін айтылып жүрді.
Бірақ қалай десеңіз де, қазақ жазушысының қайғырып, еңсесі түскен кезін көргеніміз жоқ. Сол күні ол тау жақты бетке алып, өзімен-өзі оңаша серуендеп бара жатты. Бәлкім, іштей Еркіндік туралы жазылған шығармасына Бодандық сыйлығы берілмегеніне қуанған да болар, кім білсін…
Нұрғали ОРАЗ.