Қилы замандардың шежірешісі
Қазақ әдебиетінің тарихы еліміздің жоғары оқу орындарында түркі халықтарына ортақ ежелгі кезеңнен, VІІІ ғасырдан бастап оқытылып келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Мың жылдан астам дәуірді алып жатқан қазақ әдебиетінің тарихында халықтың, елдің басынан өткен қилы замандардың шындығы жинақталған. Ол шындық мың жылдан астам тарихтың өзі сияқты алуан қырлы, сан салалы. Сол мың жылдық дәуірді алып жатқан әдебиетте көрініс тапқан алуан қырлы, сан салалы шындықтың өзегіндегі нәрде бір-ақ мән бар. Ол – азаттық, тәуелсіздік. Мың жылдан астам уақыт кеңістігіндегі тарихта, мың жылдан астам уақыт кеңістігіндегі тарихтың бейнесі көркем жинақталған әдебиетте тарихи есіміздің, қоғамдық санамыздың, рухани әлеміміздің баға жетпес асыл құндылықтары сақталған.
Турасын айтқанда, біздің тарихи есіміз, қоғамдық санамыз, рухани әлеміміз – біздің осы тарихымыз бен осы әдебиетіміз. Тарих – халық тағдырының тарихы, халықтың ақыл-ойы мен абыройының, ар-ожданының тарихы. Әдебиет – халықтың тарихи тағдырының бейнесі, халықтың ақыл-ойы мен абыройының, ар-ожданының бейнесі. Мұндай тарих, мұндай әдебиет халықтың интеллектуалдық қуатының артуына, қоғамдық сананың дамуына, мемлекеттің нығаюына өлшеусіз зор ықпал етеді.
Ілияс Есенберлиннің көркемдік әлемінде халықтың тарихи тағдыры, ақыл-ойы, абыройы мен ар-ожданы жалпыхалықтық құндылық ретінде нақтыланып, бірбүтін құбылыс түрінде көрініс тапты.
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық мұрасы – көп қырлы, алуан түсті күрделі көркемдік әлем. Ол – бөліп-жаруға болмайтын тұтастық. Бұл тұтастық мезгіл мен мекен шегінде мызғымас негіз тапқан үш құрамдас бірліктен тұрады. Оның біріншісі – Алтын Орда дәуірінің шындығына негізделген, екіншісі – Қазақ хандығы дәуірінің оқиғаларын қамтиды, үшіншісінде – кеңестік кезең келбеті бейнеленді. Оларды эпикалық өрісі мен кеңістігі, танымдық және тәрбиелік мәнінің тереңдігі жағынан алып қарағанда, жазушы қаламынан туған романдардың қалың қатары ерекше көз тартады. Солардың ішінде «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» сияқты тұлғалы туындыларды жер шарын мекендеген басқа халықтардың әдебиетінен іздеп табу оңай емес.
Ілияс Есенберлиннің үлкен көлемді, кең құлашты эпикалық шығармалары – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістіктері, ал Ілияс Есенберлиннің өзі – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ романының дамуына, қоғамдық санамыздың, тарихи есіміздің жаңғыруына ерен еңбек сіңірген аса ірі шығармашылық тұлға.
Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірлеріндегі қайбір шындық оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуге, қайбір тарихи ірі тұлғалардың аттарын атауға кеңестік билік қатаң тыйым салғанына қарамастан, Ілияс Есенберлин батыл шығармашылық шешім жасады және нақты нәтижелерге жетті:
• халық тарихын, халық тарихындағы тәуелсіздік пен азаттық идеясын тануға барар жолға уақыт, заман қойған тоспалар мен тосқауылдарды, бұғаулар мен құрсауларды бұзып-жарып өтті;
• Алтын Орда тарихының көркем шежіресін жазды;
• Қазақ хандығының құрылуынан жойылуына дейінгі, қазақтың алғашқы ханының өмірі мен соңғы ханының өліміне дейінгі аралықтағы ірі тарихи оқиғаларды, халық өмірінің шындығын өнер шындығына айналдырды;
• тәуелсіздік пен азаттық жолында жауларымен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысып, қара терін тамызып, қызыл қанын ағызып өткен ата-бабаларымыздың естен кетпес ерлік істерін суреттеді;
• қазақ халқының ғасырлар кеңістігінде теңіздей шалқыған елдік рухын, күндей балқыған ақыл-ой қуатын көрсетті.
Уақыттың, заманның санаға салған саяси тоспасы мен тосқауылын, бұғаулары мен құрсауларын бұзып-жарып өту, сөйтіп халықтың ғасырлар кеңістігінде телегей-теңіздей шалқыған елдік рухын, күн көзіндей балқыған ақыл-ой қуатын табиғи қалпында шынайы көрсету – ерлік, ердің ерінің ғана қолынан келетін ерлік. Ілияс Есенберлин өз шығармашылығымен ердің ерінің ғана қолынан келетін ерлік жасады.
Қаламгердің шығармашылық мұрасының рухани асыл діңгегі – халық тағдыры, азаттық, тәуелсіздік идеясы. Автор хандар мен билердің, ақындар мен жыраулардың, сардарлар мен сарбаздардың, қарттар мен жастардың елдің тәуелсіздігі мен азаттығын, ынтымағы мен бірлігін қолдау, қорғау жолында өткізген өмірінің шындығынан халық тағдырының көркем бейнесін сомдады.
Жазушы халық тағдырының, тарихи тұлғалар өмірінің жаманын жасырмады, жақсысын асырмады: барын бардай, жоғын жоқтай көрсетті, тарих шындығын өз тарапынан өзгертуге, толықтыруға, өңдеуге бармады. Тарихи тұлғалардың өміріндегі, халық тағдырындағы ірі оқиғаларды сұрапыл, сұраусыз күштердің жөнсіз тасқыны емес, қалыптасқан жағдай аясында халықтық мүддеге сай жүзеге асырылған мақсатты шешімнің нәтижесі ретінде саралады. Халық тағдырындағы, тарихи тұлғалар өміріндегі мақсат пен мұратты, қозғаушы күштерді, олардың мәні мен мәнісін тарихи ойлау тұрғысынан пайымдады, тарихтың қайшылықты, күрделі шындығын тұтасқан қалпында шынайы бейнеледі. Суреткердің халық тағдырының көркем бейнесін жасау жолында өмір құбылыстарының тереңіне бойлаған ойы мен шығармашылық ойлауына тән ыстық қайрат тарихи таным қалыбында осылай көрініс тапты.
Тарихи таным – жазушының шығармашылық еңбегінің асыл негізі. Тарихи өткен дәуір шындығы – жазушы үшін тәуелсіздік, азаттық идеясының, ұлттық рухтың қазыналы әлемі. Қаламгер оның қасиетті қақпасына тарихи ойдың тереңіне бойлау арқылы ғана бара алады. Ілияс Есенберлин тарихи дәуір шындығын, тарихи тұлға өмірін, халықтың тарихи тағдырын суреттеуде тарихи-эпикалық ойдың байтақ кеңістігі мен тебіреністі тереңін, шығармашылық еңбектің нәзік сырлары мен қиын қырларын бірдей бағындырды.
Қаламгер тарих тереңінен теріп алған әрбір құбылыс сырынан, әрбір дерек мазмұнынан қазақ мемлекеттілігінің құрылу, қалыптасу, даму кезеңдерінің жарық шашқан жанды шындығын тапты. Халықтың тарихи тағдырының түрлі кезеңдері мен дәуірлерінде сыннан өтіп, сұрыпталған, сөйтіп халықтың ұлттық қасиетіне айналған рухани құндылықтарының бүгінгі қоғам үшін өмірлік мәні бар заманауи қағидалар мен ұстанымдарға жалғасқан асыл арнасын ашты. Осы бір инемен құдық қазғандай қиын істе жазушы ғылыми және көркемдік таным заңдылықтарын бірдей ұстанды, халықтың азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресін сындарлы пайымдаудың үлгісін жасады.
Жазушының шығармашылық мұрасынан оның халық тарихына, халықтың тарихи тағдырына, рухани асыл қасиеттері мен мұраттарына деген зор құрметі мен ыстық ықыласының нұры таралады. Халық тарихының, халықтың мемлекеттілігі тарихының бірнеше ғасырды қамтитын ұлан-ғайыр шындығын, халықтың адамгершілік әлемінің дәуірден дәуірге асқан асыл құндылықтарын кеңестің «демалысы – үскірік аяз бен қар» қиын-қыстау күндерінің өзінде аса үлкен құрметпен, аса ыстық сүйіспеншілікпен суреттеу, елдің өсер өркенінің қолына тапсырып, бойына сіңіру – кемел һәм кемеңгер кісінің ісі. Ілияс Есенберлин кемел һәм кемеңгер кісінің ісін істеді: халықтың телегей-теңіз тарихын, рухани әлемінің асыл құндылықтарын, ақыл-ойының нұрлы қазынасын, асқақ абыройын, судан таза, сүттен ақ ар-ожданын зор құрметпен, ыстық сүйіспеншілікпен толғады.
Елі де, өзі де сыртқы сұрапыл күшке тәуелді бола тұра оған қарсы өз халқының тарихындағы, өз елінің тағдырындағы қилы кезеңдердің ірі, іргелі шындық оқиғаларын, бір адамның емес, бар жұрттың, адамзат атаулының игілігіне айналғандай рухани асыл құндылықтарын мұншалық зор жауапкершілікпен және құрметпен суреттеу көкірек-көзінде күндей жарқырап жанған шырағы бар, рухы күшті жазушының ғана қолынан келеді.
Жанғара Дәдебаев.
• Темір қызған кезінде…
Атбасар қаласынан 40 шақырым жердегі Батауан көлі жанында қай кезде бұнда пайда болғандары белгісіз, өздерін қырғызбыз деп айтатын, бірақ қазаққа сіңіп кеткен қырғыздар тұратын. Солардың ішінде тамаша ән салатын, домбырада ойнайтын, көр жыраулар мен поэмалар білетін Қақбай деген ақын болды. Ілияс әсіресе, осы Қақбайды тыңдағанды жақсы көретін. Ол Атбасарға жиі келіп тұратын. Қақбай келгенде мен Ілиясқа хабар жіберетінмін. Ілияс бізге сол уақыттарда үзбей келуші еді. Бір бұрышқа жайғасып алып Қақбайды бар ынтасымен тыңдайтын. Ілиястың Асанқайғы, Бұқар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, тағы басқа да «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогияларының кейіпкерлерін алғаш рет сол Қақбайдан және басқа да ақындар мен шешендерден естігенін өз көзім көрді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» хикаясын да Ілияс алғаш рет осы адамдардың аузынан естіді. Әрине, халқымыздың ұмытылмайтын, қасіретке толы, ұлы сазы «Елім-айды» да сол кезде ұйып тыңдаған болатын. Осы бір аттары тарихқа беймәлім қарапайым ақындар бүлдіршіндей жас Ілиясқа бүкіл саналы өмірінде есінен кетпейтін қазақ фольклоры мен өз халқының тарихына деген ыстық ықылас пен шынайы қызығушылық шоғын тұтатып берді.
Раунақ Есенберлин,
інісі.
• Ағынан жарылу
Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен-бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдыменен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Нені көтергің, нені ашып айтқың келеді. Кей нәрсені ашып айтпасаң да, соған кішкене дүдәмал болсаң да, келесі ұрпаққа жол салғың келеді. Осындай материалдар бар. Соны тереңдеп ізденіп, өзім ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын. Ойша жазамын. Не жазу туралы алдымен білуім керек. Бұрынғы қазақтың аңызын, ертегісін көп естіген адамдардың осындай бір қасиеті болады. Ал содан кейін жазуға отырамын. Жазуға отырған уақытымда күн-түн демеймін, бәлен сағат демеймін, әйтеуір соны жазып шыққанша соның үстінде боламын.