Қазақстандық қалыпта ақпараттық қоғам қалай түзіліп жатыр?
07.09.2021
316
0

Күллі әлем бойынша технологиялық дамудың аса маңызды факторы – ақпарат болатынын әлеуметтанушы ғалым Даниел Белл 1973 жылы жарық көрген «Алдағы постиндустриалды қоғам» еңбегінде болжаған еді. Оның ізін жалғастырушы британдық әлеуметтанушы Фрэнк Уэбстердің «Ақпараттық қоғам теориясы» кітабы көп талқыланып, өз уақытында сынға да ұшырады. Соған қарамастан болжамдар дәл келген: технологиялар мен телекоммуникациялардың дамуына байланысты дәстүрлі һәм аграрлық кезеңнен кейін үш ғасыр үстемдік құрған индустриалды дәуір құлдырады да, орнына білім мен ақпарат жетекші рөл атқаратын жаңа типтегі ақпараттық қоғам келді. Бүгінгі өзгерістердің тереңдігі мен ауқымын, компьютерлендіру мен ақпараттандырудың технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салдарын ескере отырып, трансформациялық процестерді зерттеушілер адамзат дамуының бұл төртінші кезеңін «ақпараттық төңкеріс» деп атап жүр. «Күшті де қуатты құрал табылғаннан кейін адамзат күрт дамып кетті» деген Билл Гейтс жаңа дәуірді «ақпараттық магистраль» деп атады. Рэй Курцвейл, Митио Каку, т.б. футурологтардың 1990 жылдардан бері қарай жасаған болжамдары да жүзеге асты: бұл күні әртүрлі қызмет түрлерін интернет арқылы оп-оңай пайдаланып жүрміз.

Анар КАБДУЛЛИНА, әдебиеттанушы

Бір айта кететіні, ақпараттық қоғам сипаты өз ортасының ерекшелігіне қарай әртүрлі дамитыны дәлелденген. Ақпараттық қоғамның жетекші теоретигі Мануэль Кастельс: «Ақпараттық технологиялар мен жаһандық экономика арасында адамдардың «алуан түрлілігі» жатыр», – дегенде, осы нәрсені меңзесе керек. М.Кастельс «Хакер этикасы» манифесін жазған финн әлеуметтанушысы Пекка Химанен екеуі мысал ретінде ақпараттық қоғамның мынадай айқын көріністерін ұсынады:  Силикон алқабы моделі – өнімдерін нарыққа шығаруды мақсат еткен ашық ақпараттық қоғам; сингапурлық модель – авторитарлық ақпараттық қоғам; финн моделі – адамдардың бақуаттығын көздеген ашық ақпараттық қоғам. Сол сияқты, бұл ғалымдар Қиыр Шығыс өркениеті қалыптасып жатқан Азия континенті елдеріне де осындай талдау жасайды.

ЖЕМҚОРЛЫҚ. ОНЫМЕН КҮРЕСУГЕ БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫҢ ӨЗІ ЖЕМ БОЛАДЫ

Жаһандық өзгеріс қазақ елін де айналып өтпегені рас. Біздегі қоғамның нақты көрінісін сипаттап,  сыни бағасын берер болсақ, ең алдымен, қазақ елінің отыз жылға созылған дағдарысты жағдайын тағы да ауызға алуға тура келеді. Осы уақытта білім мен ғылымның академиялық деңгейі төмендеді, қоғамдық сананы жаңғыртатын әлеуметтік институттар қалыптаспады, жемқорлық қалыпты нәрсеге айналды.

Ендеше, осы қалпымызда ақпараттық қоғам қалай түзіліп жатыр? Біз қайда бет алып барамыз? Бұдан былай  нені көздеп, нені мақсат етуіміз керек?

Бұл туралы «Aspandau» ғылыми-білім беру қорының Президенті, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Нұров өзінің «Ақпараттық қоғам ағартушыларының манифесі» еңбегінде талдап, ақпараттық қоғамның қазақстандық моделінің сипатын айқын көрсетіп береді. Ақпараттық қоғам идеологиясы бойынша адам өз-өзін үздіксіз жетілдіріп, ақпарат алмасып, жан-жағымен қарым-қатынаста ашық болуы керек. Дене еңбегінің дәуірі өткендіктен, ендігі жерде таланты мен интеллектуалды қабілетінің арқасында нәпақысын тауып жей алатын болуы керек.

Бұл еңбегінде автор ақпараттық қоғам көрінісін анықтап беретін барлық критерийлерді анықтай отырып, біздің қоғамның қазіргі ахуалымен байланыстырады. Бұдан былай қызмет көрсету, ақпараттық сектор мамандарының білімі мен тәжірибесін қалыптастыру, адами капитал, кәсібилік пен білімнің маңызы ерекше болады. Алайда, барлық ізгі бастамаларды алға бастырмай отырған бір үлкен кедергі бар. «Кез келген ортақ іс, мемлекетті қоса алғанда, жеке мүдделерді іске асырудың қажетті шарты болып табылады. Алайда, ортақ іс ортақ мүддеге пайдаланылмай, жеке пайданы көздесе, онда ол баянды болмайды», – деген автор қоғамдық өкілеттіктерді өзінің жеке мүддесіне пайдаланатын сыбайлас жемқорлықтың  қауіптілігін айтады. «Жүйелік масштабқа жеткен сыбайлас жемқорлыққа ешнәрсе өздігінен қарсы тұра алмайды. Заңды қатайтудың да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің де, осы күреске жаңа бюджет бөлудің де қауқары болмайды», – дейді ғалым. Мұнда жемқорлықпен күресуге бөлінген қыруар қаржының да қоғамның жүйесіне сіңген жемқорлықтың «құрбаны» болатынын меңзейді.

Бұл кедергіні еңсеретін бір ғана нәрсе бар, ол – қоғам санасын өзгерту. Ол үшін ғалым жаңа серпіндегі ғылым-білімге басымдық беруді ұсынады.

Сол сияқты ақпараттық қоғам мәдениетін қалыптастыру да өз нәтижесін бермек. Мұның бәріне автор ұсынған құндылықтардың объективті жүйесін түсіну және қолдану арқылы қол жеткізу маңызды болмақ.

АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ ИДЕОЛОГИЯСЫ

Ақпараттық қоғамға аяқ басқан кезден-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының дәуірі туғаны рас. Медиа саласының жүктемесі артып,  ақпараттық ықпалдың күрт өскені байқалды. Әртүрлі мәдениеттер өзара әрекеттесіп, соның ішінде, Батыс мәдениеті басқаларынан гөрі кең тарала бастауы ұлттық ерекшеліктерімізге әсерін тигізбей қалған жоқ. Сөйтсе де қазақ халқының ақпараттық қоғамдағы ұстанымы, ұлттық идеологиясы қандай болуы керек?

Автор ұлттық салт-дәстүр, ерекшеліктерімізге кеңінен тоқтала келе, қазақтардың ұлттық ерекшелігі антропологиялық, генетикалық және мәдени-географиялық жағынан алып қарағанда әртүрлі болғанымен, олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бір екенін, еркін, қонақжай, дархан халық болғанын айтады. Батырлық, еркіндік, әнші-серілік, өнер, барлығы о бастан қазаққа тән. Қазаға ел болып қайғырып, қуанышты ел болып тойлайтын халықпыз. Жаһандану үрдісі бойынша осы кезге дейін Батыстың «жабық еркіндігі» принципімен көбірек әуестеніп кеткеніміз рас, алайда, ақпараттық қоғам жан-жағыңа «ашық» болуды насихаттайды. Ал бұл біздің қанымызда бар. «Ендеше, осы ерекшелігімізді неге алға тартпасқа?» деген идея айтылады.

Толыққанды ақпараттық қоғамда биотехнологиялар, робототехника, гендік инженерия жетістіктері адам игілігіне пайдаланылып қана қоймай, тән мен сананың дамуын психофизикалық технологиялар үйлестіретін «ақылды адам» саналы эволюциясы да жүзеге асырылуы мақсат етіледі. Соның нәтижесінде, адамның өмір сүрудің сапасы, формасы мен ұзақтығы неғұрлым өзгермек. Мұнда ғылым мен білімге, интеллектуалдық, шығармашылық дамуға басымдылық берілуі тиіс.  

   Өкінішке орай, елімізде ақпараттық қоғам идеологиясы мемлекеттік деңгейде әлі қалыптаспай жатыр. КСРО ыдыраған кезден-ақ рухани салада пайда болған бос кеңістіктің орны әлі толтырылған жоқ. Мұның себебі посткеңестік қоғамда белең алып, кейін өршіп кеткен діни, жалған діни және басқа да ғылыми емес рухани ілімдерден дер кезінде қорғалмаудан туындағанын автор жоққа шығармайды. Оның ойынша, о баста мемлекет таңдау жасаған капиталистік бағыт та өз деңгейінде дамымаған. «Дәлел-дәйекпен мойындайтын болсақ, классикалық нарықтық нұсқадағы жеке кәсіпкерлік арқылы капитализмнің дамуы елімізде саяси бұғатталған», – деп атап көрсеткен ғалым көп жылдар бойы батыстық кәсіпкерлік даму моделін енгізуге тырысып келе жатқан отандық реформаторлардың әрекетін сынға ала отырып, бұл ретте «Қазақстанның этникалық, исламдық және посткеңестіктік дәстүрлерін ескермей тұрып», бұл істі жүзеге асыру екіталай екендігін айтады. Көш басындағы лауазым иелерінің ортақ мүддеге басымдық бермей, жеке мүддені көздеп кетуінен ел дамуында көп олқылық орын алғандығын жасырмайды.

 АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ЖАҢА ТҰЛҒАСЫ КІМ?

«Сонда біз қандай қоғам құрып жатырмыз? Егер зайырлы қоғам болып қалғымыз келсе, елді неге үйретеміз? Қандай моральды басшылыққа аламыз?» – деген автор: «Ақпараттық технологиялармен бірге қоғамда тиісті мәдениетті дамыта алсақ қана Қазақстан суырылып алға шыға алады. Бұл үшін білім беру жүйесінде ақпараттық қоғамның жаңа тұлғасын қалыптастыру қажет», дейді.

     Ендеше, мұндай тұлғаның моделі қандай болмақ, соны қарастырып көрейік.

Технология ғасырында адам дене еңбегінен қол босатып, неғұрлым өз-өзін шығармашылықпен дамытуға бетбұрыс жасайды. Жаһандық ақпараттық қоғамдастықтағы үздіксіз өзгерістерге дайын әрі белсенді, ақпарат алмасуға әзір, ортақ келісімге келуге бейіл. Елдегі, я әлемдегі күтпеген өзгерістерге ашық, ғылымға қайшы сыни емес ойлаудың догматикалық формаларына тәуелді емес, рухани жағынан және терең болып келеді. Мұндай тұлға  жалпыазаматтық ұлттық идеяны ұстанады, өз Отанын біртұтас ел деп танып, ерекше мәдениет ретінде жақсы көреді. Ол еркін құқықтық санаға ие, еркін құқықтық категорияларға сүйене отырып ойланады, жеке және көпшілік ортада өз-өзін қорғай алады. Ақпараттық қоғам адамында әр істе ішкі мотивациясы болуы маңызды. Ол эмоционалдық дағдарысты еңсеруге, жаһандық ақпараттық қысымның күйзелістеріне төтеп беруге әркез дайын болуы керек. Тек осы кезде ғана адам бұл қоғамдағы өзіне лайық рөлін, өзіндік орны мен өмірдің мәнін таба алатын болады.

Еліміз адами капиталға инвестиция сала бастағанда ғана білім экономикасына көшу тиімді жолға қойылмақ. Мәселен, дамыған елдерде адам капиталы прогрестің негізгі факторы болып табылса, біздің елде бұл жолға қойылмаған. Тәрбиеге сүйенетін, ғылыми негізді білім арқылы қоғамды модернизациялау жоғары білікті адами ресурстарға сүйенбей, жүзеге аспайды. «Білім беру мекемелерінің академиялық еркіндігін және өзін-өзі басқарудың автономдылығын сақтай отырып, үздіксіз академиялық білім берудің бірыңғай ұлттық моделін орнату қажет», – деген «Ақпараттық қоғам ағартушыларының манифесі» атты еңбектің авторы Қ.И.Нұров елімізде зияткерлік ортаның сапасын арттыратын жоғары білікті адами ресурстарды «ағартушылар» деп атайды және оларды ақпараттық қоғамды қалыптастыратын тұлға ретінде көреді.  

Манифестің мақсаты – құқықтық мемлекет, танымның дамыған жедел компоненті, объективті құндылықтар жүйесі, жалпыазаматтық ұлттық идея және еркін құқықтық сана-сезімі бар ашық азаматтық қоғам ретінде Қазақстанда ақпараттық қоғамды құруға замандастарымызды шабыттандыру болып табылады.

Расында да, бізге ең алдымен, ақпараттық жүйеге қадам басқанымызды түсініп алу маңызды. Ендігі жерде қай бағытта, қандай принциптермен дамимыз? Ғылыми, әдеби, публицистикалық шешімдердің өзегіне не жатуы керек? Бұл – осы сияқты көп сұрақтарға жауап беретін аса керекті ғылыми еңбек.

                                                                        Анар КАБДУЛЛИНА,
әдебиеттанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір