Грузия сахнасындағы қазақстандық премьералар салтанаты
06.08.2023
544
0

Бүгінгі таңда Қазақстандық театр өнері әлемнің сахналық үдерісінен қалыспай жұмыс істеп жатқанын түрлі фестивальдарға қатысуымен ғана емес, сол шараларда өзінің келбетімен, жоғарғы деңгейімен көзге түсіп жүргенідігімен де айқындап отыр. Соңғы кезде елімізде өткен халықаралық Орталық Азия елдерінің, эксперименталды «Балауса», «Ортеке» қуыршақ театрының фестивальдері отандық театрдың көрші елдерден едәуір жоғары деңгейде дамып жатқанын дәлелдеді. Жас режиссерлердің форма мен мазмұнды ұштастырудағы батылдығы, классикалық қойылымдарды жаңаша оқуға талпынуы – шетелдік мамандар мен театр қайраткерлерінің назарын өзіне аударып отырғаны да жасырын емес. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымының әлемге әйгілі Чехов фестиваліне қатысуының өзі – ұлттық театрдың көш ілгері жылжығанының дәлелі.   

Шілде айының 5-15 күндері Грузияның Озургетти қаласында Нодар Думбадзе атындығы халықаралық театр фестивалінде Қазақстаннан қатысқан екі театр қанжығасына 4 номинацияны іліп, еліміздің қазіргі театр өнері жоғары деңгейде дамып жатқанын тағы бір дәлелдеді. Фестиваль-байқауға 7 мемлекеттен (Грузия, Португалия, Испания, Украина, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан) қатысқан 16 қойылымның ішінен Құддыс Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр музыкалық драма театрының «Войнушка» қойы­лымының режиссері – Гауһар Адай «Үздік режиссер» атанса, ал Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облысының қазақ драма театрының «Кукарача» спектаклінің режиссері – Барзу Абдуразақов «Нодар Думбадзе шығармасының үздік интерпретациясы» номинациясына ие болды. Сондай-ақ екі театр да фестиваль ұйымдастырушыларының арнайы сыйлықтарымен марапат­талды. «Войнушка» Еуразия театр ассоциациясы қорының «Үздік интерпретация» үшін сыйлығын қазақстандық танымал суретші Сергей Щеголихиннің қызы, қазіргі таңда Грузия тұрғыны Мария Щеголихина Себуның қолынан алды (сыйлыққа әкесінің жазған суретімен) және «Кукарача» қойылымындағы Инга рөлі үшін шетелдік әділқазылардың «Үздік актриса» арнайы номинациясын Жанар Насырова жеңіп алды. Яғни фестиваль ережесімен бекітілген 7 номинацияның екеуі, сонымен қатар екі арнайы жүлде Қазақстанның еншісіне бұйырды. Бұл еліміздің театр өнері заманауи сахна кеңістігін игерудегі бағытының айқындығын көрсетіп отыр. Екі түрлі жанрдағы, пластикалық-хореографиялық, психологиялық бағыттағы қойылымдардың режиссерлік ой-тұжырымы, авторлық ойды нақты жеткізуі, актерлік шеберлігі халықаралық деңгейдегі қазылар алқасы мен көрерменнің көңілінен шықты. Ал бас жүлде отанында қалды. Тбилисилік «Liberty Theatre» ұсынған «Мачеха Сабенашвили» қойылымы қазылар алқасының ортақ шешімімен фестивальдің үздік қойылымы ретінде танылды. Давид Клдиашвилидің атақты шығармасын сахнаға шығарған режиссер Георгий Маргвелашвили – қазақстандық театр қауымдастығына етене таныс тұлға. Біріншіден, ол талай жылдар Шота Руставели атындағы мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры қызметін атқарды, біздің өнер саласындағы ЖОО-на түрлі комиссиялардың мүшесі ретінде келіп, студенттер мен жас режиссерлерге шеберлік сыныптарын өткізген, республикалық театр фестивальдерінде қазылық та жасаған. Екіншіден, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында Маргвелашвили режиссурасымен қойылған Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» және Тадеуш Слободзянектің «Сыныптастар» спектакльдері репертуар төрінен түспей жүріп жатыр. Сондықтан оның қолтаңбасымен жақсы таныс біз де бұл қойылымның фестивальдің үздігі болғанына дау келтірмедік. Повестегі оқиғаны ХІХ ғасырдан бүгінгі күнге әкелген режиссердің интерпретациясында шығарманың өзектілігі қоюлана түсіп, қазіргі замандағы ақша мәселесі, мұрагерлік тақырыбының тереңдігі ашылған. Режиссердің көркем ой-тұжырымы мен кейіпкер мінезін ашудағы психологиялық дәлдігі мен актерлердің сахнадағы өмір сүру нақтылығының ұштасып жатуы қойылымды жоғарғы деңгейге көтеріп тұр.
Байқау бағдарламасына қатысқан 16 қойылымнан тыс 15 дүние көрсетілді. Жалпы бұл фестиваль грузин прозасының сахналануына арналғандықтан классикалық және заманауи шығармалар бойынша спектакльдерді көруге мүмкіндік алдық. Ауқымды шараның басты идеясы да – осында, әлемге грузин әдебиетін театр арқылы насихаттау. Жылдан-жылға фестиваль географиясының кеңейіп жатуы да ұйымдастырушылардың көздеген мақсатқа қол жеткізіп отырғанын байқатады.
Еліміздің көптеген театрларының репертуарын жоғарғы деңгейдегі спектакльдермен толықтырып жүрген режиссер Барзу Абдураззақовтың есімі шетелге де кеңінен танымал. Оның әр қойылымының жаңалық болып келетіні де жасырын емес. Мұның алдында да С.Мұқанов атындағы театр басшылығының Б.Абдураззақовты бірнеше рет шақыртып қойдырған спектакльдері өнер ордасының репертуарын байытып, еліміздің үздік дүниелері санатынан шығып отырды. Осы жолы қойылған «Кукарача» да маэстроның қолтаңбасын айқындай түсті. Повестегі оқиға тек Тбилисиде ғана емес, өткен ғасырдың – Кеңестер дәуірінің әр қаласында, әр ауылында өткенін дәлелдейтін сахналар көрерменге ностальгиялық сезімді ұялатты. Ақсу ауылының тентек балаларының тығылып шылым шегуі, мектептегі ұстаздарын келемеждеуі, қарты бар, баласы бар дүйім жұрттың үнді киносын қарап, ондағы оқиғаға бірге күліп, бірге жылауы – Кукарача мен Инганың арасындағы таза да пәк сезім көпшілікті бей-жай қалдырмады. Камералық сахнада қойылған бұл шығарманың оқиғасын көрермен жәй ғана қарамайды, ол сол кейіпкерлермен бірге өмір сүреді. Осындай атмосфераны Б.Абдураззақов өте қарапайым әрі кәсіби нақтылықпен жеткізе алған. Актерлік ансамльдің бір демде болуы, темпоритмнің бәсеңдемеуі қойылымның жоғары баға алуына септік етті.
Қ.Қожамияров атындағы академиялық ұйғыр музыкалық драма театрында заманауи грузин драматургі Баса Джаникашвилидің «Войнушка» пьесасын қойған режиссер Гауһар Адай мәтіннен бас тартып, пластика, хореография тілімен шығарманың түпкі ойын түсінікті де нақты жеткізген. Қай елде, қай ғасырда болса да, соғыстың зардабы әрдайым ауыр. Режиссер бір отбасының тағдыры арқылы бейбіт өмір мен соғыстың кесапатын көрсетіп, дәл қазіргі уақытта әлемдегі талай адам басынан кешіріп отырған ауыр трагедияны бейнеледі. Қойылымның басында бірдей қимылдап, жүгірген адамдардың ішінен бір-бірін көріп, ұнатып қалған екеу іркіліп шығып, өз бағытымен жүгіре бастайды. Дүниеге сәби келеді, бақытты отбасының өмірі түрлі тұрмыстық мәселелерге ұласады. Кенет жылдар бойы жанұяның махаббатпен іргесін көтерген шаңырағы жау қолына түседі. Жаулап алушылардың еш құндылықты мойындамайтын қатыгез әрекеттері бейбіт өмірдің талқанын шығарады. Қожамияров театрының актерлері өткен тарихтың осынау қасіретті қатыгездігін сезіне отырып, бүгінгі күннің өзінде дүниежүзінде болып жатқанын қилы оқиғаларды терең ұғынып, тек дене тілімен зұлматты кезеңнің трагедиясын түйсіндіре алды. Айта кететін жай, қойылымдағы бақытты отбасын құрған әке рөліндегі Мухитдин Варисов пен ана образындағы Эмина Рахметжан ғана – драма актерлері, ал қыздарының рөліндегі – Ажарбуви Халимова мен басқыншыларды орындаған Таир Тохтибакиев, Иьхам Исраилов, Рамил Варисов, Елдар Абдуллаев – театрдың «Рухсана» балет труппасының бишілері. Осы артистердің пластикасы арқылы тұтас қойылымның мәні ашылған. Адамның тағдыры, өмірі, сол өмірге кенеттен соғыстың енуі бірден «атылатын» қозғалыстармен суреттелген. Әр ойдың, мизансценаның өз жүйесімен толығымен аяқталып, оқиға желісінің жалпы ағымын бұзбайтыны да ұжымның кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Жігіттердің солдаттарша синхронды қимылы, келесі сахналарда әрқайсысының тұлғалық сипатын ашатын өзіндік билері және психологиялық жағдайын көрсететін ым-ишаралары да сауатты құрылған.
Қойылымның музыкасын жазған Серікжан Айтқалидың сахна төрінен домбыра, жетіген, қылқобыз, т.б. ұлттық аспаптармен сүйемелдеп отыруы актерлердің әрекетін, кейіпкерлердің мінезін ашуға септігін тигізген. Серікжанның қолындағы добыраның ырғағы бейбіт өмір мен соғыстың келуін, кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысын дәлме-дәл бейнелеп отырды. Ал жетігеннің үні актердің әр қимылымен үндестік тауып, кейіпкер мен әуенді біртұтас ағзаға айналдырғандай. Қойылымның басынан аяғына дейін үзіліссіз ойналған әуен оқиғаның дамуына үлес қосып, актерлердің бір ырғақта жұмыс жасауына көмектессе, екінші жағынан шетелдік көрерменді қазақтың ұлттық аспаптарының үнімен таныстырып, таңдандырды.
Гүлдана Алинаның сценографиясы пластикалық спектакльге ыңғайлы ойластырылып, актерлердің костюмін қызыл, қара түсте шешуі де режиссердің ой-тұжырымын аша түскен. Барлығын бірдей киіндіруі арқылы суретші адам дүниеге бір-біріне ұқсас болып келетінін жеткізсе, заман, қоғам, т.б. өмірлік факторлар ғана оның мінезіне әсер етіп, біреулерін жәбірлеуші, екіншілерін жапа шегуші етіп бөлетінін актерлердің қолына кигізген түрлі түстегі қолғаптар арқылы келтірген.
Жалпы Гауһар Адайда пластикалық аллегорияға құштарлық бар, оған әңгіме немесе метафорадан гөрі, дәстүрлі емес поэтикалық рифмаға ұқсас көңіл-күй маңызды. Заманауи жаңалықтарды қалт жібермейтін режиссер өз қойылымдарында пластикалық инсталяцияларды сәтті қолданып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді.
Думбадзе фестиваліне қатысқан қазақстандық екі қойылым да ұжымның көркемдік кеңесіне тапсырылып, премьераларын Грузияда өткізді. Әрі табысты өтті деп сеніммен айта аламыз. Әр қойылым соңында фестивальдің арт-директоры Васо Чигогидзе театрға алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тілеп отырды. Қазақстанның сахна өнері заман ағымына ілесіп, жан-жақты дамып жатқанын тілге тиек етіп, болашақта екі елдің мәдени байланысы нағая түседі деген үміт білдірді.

Анар
ЕРКЕБАЙ,
театртанушы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық
өнер академиясының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір