ҚЫЗЫЛ ЖАНСА, ТҰРАСЫҢ, ОҢҒА МОЙЫН БҰРАСЫҢ.
10.07.2021
760
0

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА

 

АҚ НЕМЕРЕМ АҚЫЛДЫ    

«Апа, — дейді, жақындап, —

Ертегі айтып бер маған».

Ақ немерем ақылды-ақ,

Алтыға әлі толмаған.

 

Хабары бар суреттен,       

Бәрін жақсы көреді.

Бала бақша үйреткен,

Әндер айтып береді.

 

АҚЫЛДЫ БОП ӨСЕЙІК

Бір үйде екеу ғанамыз,

Өспеген әлі санамыз.

 

Таласамыз кәмпитке,

Таласамыз фантикке.

Ренжісе анамыз,

Түсінгендей боламыз.

Біздер әлі баламыз,

Өсіп, әлі толамыз.

 

Шаршатпайық әкені,

Шаршатпайық ананы.

Сенімдерін ақтайық,

Азамат боп саналы.

 

АЛМА БАҚ  

Бақшамызда алма бар,

Әкем баптап өсірген.

Жағдай жасап талға бар,

Жеміс алған өсіммен.

 

Ақ алма бар, көк алма,

Қызылы бар – көп алма.

Өзі: «ал» деп тұрады,

Піспегенін сен алма!

 

Дәмі тәтті бал шырын,

Шекер сеуіп қойғандай.

Жуасың да, бар шыным,

Жей бересің ойланбай.

 

Тіл үйірер дәмі — бал,

Әкем еккен алмасы.

Түсіп қалар түрі бар,

Кел, кешігіп қалмашы!

 

CУДЫҢ  ДА СҰРАУЫ  БАР  

Сүреміз өмір суменен,

Тіршілік көзі – су деген.

«Сұрауы болар судың да»,

Ағаттық мұны білмеген.

 

Тамшыдан теңіз құралар,

Сусыз кім өмір сүре алар?

Ағызып қоймай бекерге,

Үнемде суды, балалар!

 

ЕҢ ЖАҚЫН АДАМ  

Ешнәрсеге болмай алаң,

Еркінсимін, батылданам.

«Әже» деген бір мен үшін,

Бәрінен де жақын адам.

 

Маған әркез көңілі алаң,

Дейтін құшып: «жаным, балам!»

Мейірімін аямайтын,

Болса екен әжем аман!

 

***

Сүйсінесің ісіне,

Қамқор өзі кішіге.

Бір сөз айтсаң, екі етпей,

Ала қояр түсіне.

 

Жүзінде тұр иманы,

Әдепті де, ибалы.

Ата-анадан бойына,

Тек жақсылық жиғаны.

 

АҚ ЛАҒЫМ 

Ақ лағым, лағым,    

Қандай жұмсақ құлағың.

Секеңдеме бекерге,

Міне, тағы құладың.

 

Шығып кетпе қорадан,

Ит-құс қуып кетеді.

Деген сөзім «бол аман»,

Саған қашан жетеді?!

 

БАҒДАРШАМ    

 Барлығы да біледі,

Жасыл жанса, жүреді.

Қалып қойсаң орныңда,

Бала біткен күледі.

 

Қызыл жанса, тұрасың,

Оңға мойын бұрасың.

Асықпа еш, балалар,

Білмегендер сұрасын.

 

Қалсын жолда ойындар,

Сары жанса, дайындал!

Ережені білмесең,

Үйде анаң уайымдар.

 

Тыныштығын өмірдің,

Күзетеді бағдаршам.

Тез үйреніп аласың,

Ықыласпен қолға алсаң.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір