Айдың алтын бұтағына асылып…
04.12.2015
1860
0

6268_Morskoy_zakat_2789x19801Гүлнәр Салықбай

 

***

Бір уыс күн түсті көктен үзіліп,

Жердегі түн кетіп қалды бұзылып.

Қара түсті шаппай алған Қызылға

Бүкіл әлем қарап тұрды қызығып.

 

Қара аяздың басылғандай арыны,

Жайлап алды жылылықтың сарыны.

Бір уыс күн –

 жүректерді аралап –  

Тек ұрыға ұнамайтын жарығы.

 

Той өзгеріп, жерден басын көтерді ой,

Кетті нала, көрсеттім деп бекер бой.

Қараңғылық билік құрған бұл жерге

Бір уыс күн болса жетеді екен ғой…

 

***

Сені күту – балға бұрыш қосқандай,

Күлім қағып, күндіз Айды тосқандай…

Сені күту – жалынға мұз салғандай,

Қамшыменен осқандай.

 

Сені күту – бұлттың соқыр көзіндей,

Қуанғандай ештеңені сезінбей.

Сені күту  – жоққа  қолды созғандай,

Торғай  қонған гүлдің сынған кезіндей.

 

Сені күту – суды құмға шашқандай,

Құбыжыққа есігіңді ашқандай.

Сені күту – қарағандай айнаға,

Сосын тұра қашқандай.

 

Сені күту – мұздан шырақ жаққандай,

Жалтыраған тұздан алқа таққандай.

Сені күту – жылап тұрып оңаша,

Күннің дәмін татқандай.

 

Сені күту – бір ғажайып өмірдей,

Көк аспанда  тұратұғын төгілмей.

Сені күту – көлеңкемен соғысу,

Ешқашан да жеңілмей.

 

Сені күту – адасқандай ішіңде,

Не болмаса  нан көргендей түсіңде.

Сені күту – аппақ  тасқа айналу

Күліп, әлде жылап тұрған пішінде.

 

Сені күту – күтулердің қызығы,

Тілектің де ең әдемі, түзігі.

Күтем сені қара көзім  талдырып,

Дүниенің   біткенінше қызылы!

 

Күтем сені. Көзім өткір, сөзім шын.

Мұндай бақтан қалай адам безінсін.

Күтем сені, жан тағынан тайғанша.

Өйткені,  сен – өзімсің!

 

***

Жаныңа жай таппай лайық,

Ешкімге таға алмай бір айып.

Жүресің жүгенің сүйретіп,

Мұз басқан мұхиттай мұңайып.

 

Айырып ала мен құласын,

Ақыры ішіңнен тынасың.

Талтүсте адасып-адасып,

Шіріген ағаштай сынасың.

 

Не сүймей немесе жерінбей,

Ертеңге баруға ерінбей,

Сөзіңе бір шуақ төгілмей,

Көзіңе ештеңе көрінбей.

 

Не тоқтап,

немесе шаба алмай,

Не керек екенін таба алмай,

Тұмаудан тұрғандай салбырап,

Тым құрса өзіңе жаға алмай.

 

Болмашы нәрсені сұрайсың,

Болмашы нәрсеге жылайсың.

Биікке ұмтылсаң, тайғанап,

Тағасыз жорғадай құлайсың.

 

Қызыққа  көзіңді сүзбейсің,

Қайтадан бір өмір іздейсің.

Киімін уақытқа ұрлатып,

Ұялған жалаңаш күздейсің…

 

Немесе тойдағы аштайсың,

Жүректен алынған тастайсың.

Көңілің көз ашпай қамшыдан,

Есігіңді ешкімге ашпайсың.

 

…Түн қара гүлдей боп ашылған,

Бір сәуле қалдырмай қасыңнан.

Толқындай соғасың жағаны,

Жинап ап күшіңді шашылған.

 

Құрғатып көзіңнің ұясын,

Қайтадан қалыпқа сыясың.

Бір сәуле жылт етсе, өзгеріп,

Осының барлығын қиясың…

 

***

Қап-қара түн көзі қызыл,  тісі аппақ…

Жарығыңды   шайнап жатыр ұсақтап.

Ұйқыға кет , тыныштыққа оранып,

Айдан түскен аш сәулені құшақтап…

 

Жерді ұмытып жапырағын жамылған,

Шерді ұмытып  жастан алқа тағынған.

Ұйықтап кет дүниеден алыстап,

Желді ұмытып бағытынан жаңылған.

 

Сенде қалған – тегін қиял, тек тілек,

Содан кейін жауыр болған ет-жүрек.

Ұйқыға кет үмітіңді жастанып,

Терезеңді қара жаңбыр тепкілеп…

 

***

Салқын күзде салқын ойлар балалап,

Арман қашып бара жатыр ағалап.

Жылытатын сөз іздеймін сөреден,

Алыстағы үмітімді сағалап.

 

Бір күлімдей күлкің болса, лақтыршы,

Есігімнен бір қуаныш ап кірші!

Суықторғай секілденіп, бүрсиген

Жаман біреу болсам-дағы жақтыршы…

 

Аяп мені, үзбей-ақ қой түк тамшы,

Қуандырып, арқамдағы жүкті алшы,

Тек әйтеуір мына салқын әлемнен

Құтқаршы!

 

***

Кешірімшіл жүрегіне тігілген

Кестелері  сетінеп.

Жол  бойында бір әйел тұр бүгілген

Жүрегі бар,  беті жоқ…

 

Қолшатырлар жүзеді кеп көшеде –

 жүзімізді жасырған.

Мен білмеймін оның жасы нешеде,

Келгенін  қай ғасырдан…

 

Қызық емес жаңбыр оған, сор ғана,

Алматының бақтары.

Қолындағы  нан салынған  дорбада –

Жібермеген хаттары…

 

…Ақ жауынның арасымен ағылған

Не жетеді бұ күнге!

Шатырыңа – қорғанатын жауыннан

айналармын түбінде.

 

***

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар…

Қара атаулы түгелдей қырылды бар.

 

Қалғаны тек қап-қара көзім ғана,

Ақ қағазға құлаған сөзім ғана.

 

Сен де бұрын осындай ақ едің ғой,

Жақсылықтар жайғасқан тақ едің ғой…

 

Қонып жатыр қураған талға қаптап

Ерекше қар… елжіреп, қалбалақтап.

 

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Енді нені ол бізге ұғындырар.

 

Ақ қағазда еріді қара сөзім,

Үміт болса, үңіліп қарашы өзің.

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Саған ғана арнадым жырымды бар.

 

Салқын көктен саулайды қар ағыны

Жылы  ғой жер…  болмаса қаралығы.

 

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар…

 

***

Сапарымды тоқтата алмай,  қалықтап,

Саған қарай алмадым-ау анықтап…

Кетер ме екем айтарымды айта алмай –

Батып  кеткен Күн сияқты байқалмай.

 

Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

Іздесем бе? Не шығады онымнан?

Жаман ағаш көктер ме екен – жонылған…

Жуасы бар, жындысы бар, тарпаңы –

 Биіктесем, қанатымнан тартады.

Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

Жердің тарту күші қалар төмендеп,

Бір қоңырау жете қалса сенен кеп.

Қара жер мен көк аспанның елесі,

Қайыра кеп қанатымнан демеші.

 

 Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

***

Құламаймын деп тырмыстым,

Жыламай жүрсем – жеңісім.

Келемін  кәрі  тұрмыстың

Сүйретіп ескі кебісін.

 

Жүрегің кейде ауырлап,

Қойғандай құйып қорғасын.

Тартасың жасың  сауылдап,

Тірліктің тесік дорбасын.

 

Ұқсайды тұрмыс жендетке –

Қоймасы ауыр  жазаның.

Ұша алмай қалдым мен көкке

Қайнатып жердің қазанын.

 

Іздейді кезін жасырақ,

Елесін тауып әрқайдан,

Асылын ойдың асырап.

Гүл іздеп күлден қартайған.

 

Біте ме бұл ән біздермен.

Түңіліп көктем, жазынан.

Сенуге себеп іздеумен.

Сергелдең болып, қажыған.

 

***

Сезіп едім осы күннің келерін,

Күтіп едім жыл санап.

Бұзақы жел көрсетем деп өнерін,

Тереземді тұр сабап.

 

Күтіп едім осы күнді асығып,

Қонар ма деп қолыма.

Айдың алтын бұтағына асылып,

Қарап едім жолына.

 

Ойларымның шуағына жылынып,

Артық тастан  арылып.

Күннің нәзік шашағына ілініп,

Күтіп едім зарығып.

 

Шетсіз-шексіз сағынышқа ие ғып,

Өмір солай жалғасқан.

Жұлдыздардың жарығына сүйеніп,

Күттім сені талмастан.

 

…Жетті сол күн – үзілгенде үмітім,

Түскендей боп төбеден.

Нені күтіп жүрмін енді күні-түн?

Қуанбаймын неге мен?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір