Ақерке АСАН, әдебиеттанушы: КЛАРА және КҮН
16.06.2021
1042
0

Ақерке АСАН

«…Аматэрасу, күн патшайымы, шеті мен шегі жоқ көк аспанда өз тағына отырды.
Оның сәулесі бар құдіреттің жақсы белгісіндей еді…»
Жапон әфсанасы

 «В реалисте вера не от чуда рождается, а чудо от веры».
Ф.М.Достоевский
«Ағайынды Карамазовтар»

 

 

Алғаш рет 2012 жылы «Жоғалтып алма сен мені» романын оқығаннан кейін, Исигуроның шығармашылығымен біртіндеп таныса бастадым. Батыста ол қашаннан белді жазушылардың бірі еді. Танымалдылығын арттырған «The Remains of the Day» романы қазіргі таңда ағылшын әдебиетінің ең үздік туындылары қатарына жатады. Алайда әсіресе ТМД аймақтарында, Исигуроның шығармашылығы Нобель сыйлығын алуына орай кеңінен тарай бастады. Жалпы қаламгер туралы азды-көпті дерек қазақ тілінде де жоқ емес. Кейбір шығармалары ана тілімізде сөйлеп, жақсы қабылданып келеді. Кадзуо мырзаның романдарын студенттік кезден оқып жүргеннен кейін, оның шығармашылығынан түйгендерімді өзімше пайымдай алатын сияқтымын. Мәселен, Исигуро дәл мен сынды қазақ оқырманы үшін атақ-даңқтары болмаса да жағымды жазушылардың бірі болар еді. Исигуро біріншіден – билингв, екіншіден – сөзсіз бименталды тұлға. Түп тамыры – жапон, тұла бойы ағылшын тәрбиесінен өткен Исигуроның әдеби-көркем стилі, бәлкім өмірге деген философиялық көзқарастары – отаршылдыққа ұрынған немесе әртүрлі мәдениеттер тоғысқан құрлықтарда өзінің шынайы оқырмандарын табатыны сөзсіз. Мәселе Исигуроның тәжірибесінде емес, себебі ол мәжбүрлікпен жер аударған жоқ. Зиялы ортада өскен Исигуро – екі түрлі мәдениетті қыспақсыз қабылдаған адам. Десек те, мұндай құбылыстың шығармашылықтан көрініс табуы – бізді оған жақындата түсетіндей. Бұл тақырып Л.Н.Гумилевтің Еуразия даласында ғұмыр кешкен адамдардың қарым-қатынас ерекшелігі және мәдениеттер ықпалы туралы ізденістерінде жақсы талданған. Ал қазіргі таңда адамзатқа тым қатты ұнайтын «жаһандану» процесі бименталды (қос мәдениет) тұлға тақырыбында ізденудің талаптарын жоғарылатып тұрғандай.

Келесі мәселе – Исигуро ағылшын мәдениетін ең нақты, ең әдемі жеткізген романның авторы деген пайымдаумен келісу қаншалықты дұрыс? Оның «The Remains of the Day» романы, әрине, ағылшын әдебиетіндегі үздік образдардың бірі – сарай қызметшісін (дворецкий) әлемге танытты. Алайда әдебиеттегі ағылшын мәдениетінің ең үздік болмысы дегенде ойымызға алдымен Джон Голсуорсидің Форсайттар әулеті туралы қалам тартқан шығармалар тізбегі келетіні анық және дұрыс. Исигуроның жан бітірген кейіпкері – сарай қызметшісінде шығыс елдеріне тән сабыр және бойұсынушылық байқалады. Бірқатар зерттеушілер атап өткендей, мұндай бойұсынушылық жапон мәдениетіндегі самурайларға тән қасиеттерден хабар беретіндей. Сонда бұл романның басты жетістігі – ағылшын мәдениеті мен тарихын көркем сипаттаған жапон авторының туындысы дегенге ғана сайып келуі мүмкін. Роман көпшіліктің көңілінен шыққанымен, Исигуроның ең сәтті шығармасы деуге тартпайтын сияқты.

Менің ойымша, жазушының ең сәтті шығармасы деп «The Buried Giant» («Жерленген алып») романын атауға болады. 2015 жылы жарыққа шыққан туынды тақырып жағынан да, әдеби-көркем әдістерді қолдану, стильдік ерекшелік жағынан да шебер өрнектелген. Бүгініміздің теңдессіз көркем метафорасы ретінде де, ертеңіміздің әдебиеті ретінде де «Жерленген алып» туындысы әзірге замандастарынан озып келеді.

Ал қазір қолымда көптен күткен туындылардың бірі, араға 6-7 жыл салып (бұл – К.И. қаламына қалыпты жағдай) қайта жаңа романмен оралған – Исигуроның «Клара және Күн» (Klara and the Sun) романы. Кітап 2021 жылы наурыз айының басында ағылшын тілінде жарық көрді. Шамамен 2 айдан кейін, мамырдың басында Леонид Мотылёвтың аудармасымен Мәскеуден орысша нұсқасы жарыққа шықты. Әлеуметтік желіде Исигуроның жаңа романы жайлы рецензия бірен-саран. Шетелдік баспаларда да жаңа шығарма әлі кең көлемде талқыланып үлгермеді. Көлемі шағын. 350 беттен тұратын романды бір-екі күнде асықпай оқыдым.

Исигуро «Клара және Күн» сюжетін әуелбастан балалар әдебиетіне бағыттағысы келген екен. Мұны YouTube арнасында жариялаған бейнероликте автордың өзі атап өтеді. Қаламгердің айтуынша, романды енді бастаған кезде алғашқы ойларын өзінің қызы – қазіргі кезде танылып қалған жазушылардың бірі – Наомиға (Наоми Исигуро) әңгімелеп айтып берген екен. Сол кезде Наоми бұл сюжеттің балалар үшін тым ауыр болатынын айтады. Балаларға арналған ертегіге ұқсас әңгіме сонымен үлкен философиялық романға айналады.

Біраз сюжетке тоқталсақ. Тақырыпта белгіленген Клара – жасанды сана иесі, робот. Оқиға антиутопиялық уақытқа байланған: келешектегі адамдармен бірге роботтар да «өмір» сүретін уақыт жайлы сөз қозғалады. Десек те романдағы «болашақтың» бейнесі фантастикалық түрде емес, керісінше қазіргі уақытқа сай сипатталған. Яғни, қазіргі оқырмандар үшін сюжетте құрастырылған әдеби-көркем кеңістікті елестету қиын емес.

Оқиға бас кейіпкер, робот Клараның атынан баяндалады. Бірінші бөлімде Клара басқа роботтармен бірге дүкенде өзінің сатып алушы «қожайындарын» күтеді. Баяндалып отырған уақыт үшін бұл – қалыпты жағдай, адамдар қалауынша балаларына қамқоршы ретінде «Жасанды Дос», «Жасанды Құрбы» сатып алады. Клара сынды роботтардан бөлек дүкеннің терезесінің ар жағында бейнеленген көріністерге назар салсақ, жалпы адам еңбегінің басым бөлігі техникамен ауыстырылған: зауыттарда, көшелерде қара жұмыстың көбін «ақылды» машиналар жасайды. Өзге роботтарға қарағанда Клара ерекше болып көрінеді: ол айналасын бақылағанды ұнатады, ал бақылағанын түсінуге талпынады. Былай алып қарасақ, дүниені тануға ұмтылған сәби сынды. Исигуро роботтардың нақты сипатын бермеген, бірақ сөз арасында роботтардың бейнесі адамдарға ұқсас етіп жасалғаны байқалады. Романның басында Кларамен бірге дүкенде болған тағы екі робот – Рекс пен Роза туралы да бір-екі ауыз сөз қозғалады. Рекс – сабырлы, дүкенде біраз уақыт бойы «қожайынын» күткен робот. Роза болса болмысынан аңқаулау робот ретінде сипатталады. Дүкенде сатуға қойылған роботтардың саны көп болғандықтан, оларды апта сайын орындарымен ауыстырып отырады: кейде алдынғы қатардағы көрмелерге қойылған роботтар сатылмай жатса, артқа, көз ілікпейтін қатарға шегіндіріледі. Романның алғашқы бөлімінде оқиға осы дүкеннің ішінде дамиды. Роботтар мен сатушыдан бөлек, романдағы ең маңызды кейіпкерлердің бірі – Күннің образы кітаптың әр бетінде аталып өтеді. Роботтар Күннен ерекше энергия алатынына сенеді. Ал Клара Күннен жоғары күш, тіпті Жаратушының бейнесін көреді. Күннің алтын шапағы қонған сәттерді бақытқа балайтын Клара, оның адамдарға да қуат беретініне сенеді. Бұл сенім дүкен терезесінен бақылап тұрғанда көрген оқиғаларға қарай туындай бастайды.

Түр-әлпеті француз бикешіне келетін Клара ақырында өз «қожайынын» табады. Джози есімді жасөспірім қыздың назарына ілігіп, өз үйіне көшеді. Оның басты міндеті – Джозиға қамқор болу. Осы сәтте тағы бір шындықтың беті ашылады – Джози генетикалық редакциялаудан өткен жасөспірім екен. Исигуро жандандырған әлемде техниканың басымдылығы артқан сайын адамдардың қажеттілігі әлсірегенін байқаймыз. Сондықтан роботтардың қатарына ілігу үшін балаларды жастайынан «жетілдіру», генетикасын «редакциялау» сынды операция қатардағы қажеттіліктердің біріне айнала бастайды. Әрине гендік редакциялау бірін күшейтсе, басқаларына жақпай, бала өлімі де қалыпты жағдайға айналған. Ең сұрапылы (менің ойымша) – «генетикасы жетілдірілген» балалардың өліміне медеу іздеген ата-аналар олардың тірі кезінде клон, яғни баласына ұқсас робот жасауға тапсырыс бере алатыны жан түршіктіреді. Романда «жетілдіруден» өтпеген баланың да образы бар. Қарапайым балалар қоғамнан аластатылып, олардың өмір сүру мүмкіндіктері кеми түскені анық. Мәселен, Джозидің бала күннен махаббаты, жақын досы Рик – генетикасы жетілдірілмеген қарапайым бала. Риктің адамгершілік қасиеттері басқа балалардан артығырақ көрінеді. Дегенмен оның да сүйікті ісі – дрон жасау болып шығады… Рик –дрондардан бірнеше құсты қолдан жасай алатын тумасынан дарынды бала. Бірақ оның кемшілігі, яғни жетілдіруден өтпегені болашағына көлеңке түсіргенін байқаймыз. Құстардың бейнесі көркем әдебиетте еркіндік мотивіне меңзейтінін ескерсек, Риктің темірден соққан дрон-құстары – романдағы кейіпкерлердің ұғымындағы «еркіндіктің» жасанды екенін астарлап көрсеткен…

Джози гендік редакциялаудан өткенмен, өкінішке қарай, оның ағзасы өзгерістердің алдында әлсіз болып шықты. Күн санап солып бара жатқан Джозидің жанында болған Клара жасөсіпірім баланы құтқару үшін Күнге табынады. Клара шынымен Джози үшін барлығын жасайды, түрлі қиындықтардан өтеді. Ал Джозидің анасы болса баласының ауыр халін көрген сайын оның тірі кезде көшірмесін жасап үлгеруге тырысады. Сол үшін арнайы «3D фотографқа» тапсырыс береді.

Роман сюжетінің бір-екі көрінісі осындай. Қалғанын оқып, өзіңіз түйсінгеніңіз абзал. Мен тек келесі мәселелерге тоқталып өткім келеді.

Біріншіден, шығарма толықтай көңілімнен шықты, ұнады. Көптен күткен роман болғандықтан және Нобель сыйлығынан кейінгі түскен салмақпен бірге жарыққа шыққан романның алдында тек екі түрлі жол бар сияқты: шығарма не өте сәтті, не тым сәтсіз болуы мүмкін еді. Исигуро «Жоғалтып алма сен мені» сюжетінде бастап, «Жерленген алыпта» түрлендіріп әкелген «антиутопиялық» метафорасын дәл осы «Клара және Күн» романында әдемі жалғастырған. Басында «Клара және Күнді» оқып отырғанда, жазушы өзін қайталағандай боп көрінді. Алайда жаңа романның өзімен бірге әкелген салмақты жаңалықтары баршылық екенін атап өткім келеді. Мәселен – жанр. Кадзуо Исигуро сұхбаттарының бірінде жанрлық сипаттамаға нақты көзқарасын білдірген еді. Оның шығармаларын көбіне антиутопия, фантастика, тіпті фэнтезиге немесе магиялық реализмге де балап жатады. Бірақ, жазушының өзі атап өткендей, мұндай жанрлық сипаттамалар жақсы шығарманың потенциалын әлсіретіп жібереді. Әрине, әдебиет теориясында жанр термині жан-жақты зерттеліп, әдебиеттануда өзінің нақты орнын тапқан. Әр жанрдың өз оқырманы бар екенін ескеретін болсақ, жанрлық сипаттаманы нақтылау Исигуро сынды авторлардың шығармаларына қолдан жасаған тосқауылдай болады. Расымен, жоғарыда аталған шығармаларды фантастикаға жатқызсақ, оның философиялық байыптылығы мен реализмге деген жаңашыл көзқарасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл – шын әдебиет үшін үлкен әділетсіздік. Осы романды оқығаннан кейін ғана Исигуроның жалпы шығармашылығына Ф.М. Достоевскийдің әйгілі «Реализм в высшем смысле» деп түйінделетін көркем әдісі жарасады деп ойладым. Жазушының шығармаларын фантастика жанрына байлап қойып, оның қаламынан қуат алған реализмнің жаңа мүмкіндіктерін көзге ілмеу – үлкен қателік. Яғни, Исигуроның тақырыптық батылдығынан бұрын, әдеби-көркем әдіс пен шығармашылық жаңашылдықтарының бір кілті осы өзіне тән реализмді жасай білуінде жатыр. Тағы да Достоевскийге оралып, әлем әдебиетінің үздік классикасы «Ағайынды Карамазовтар» романындағы мына бір ойды еске алайық: «…если реалист раз поверит, то он именно по реализму своему должен непременно допустить и чудо» – байқағанға өте құнды пікір. Мәселен, реализм мен ирреализмнің әдемі тоғысқан нүктесін «Клара және Күн» романының негізінде зерттеп, тура атауын таба білсек – антиутопия мен фантастиканың қаншалықты тар ұғым екенін бірден түсінер едік. Қазақ прозасында да мұндай әдіс, меніңше, О.Бөкей, Т.Ахметжан, Т.Әбдік сынды жазушылардың шығармашылығында көрініс алады.

Стильдік, жанрлық жаңашылдықтарын алда әлі талай сөз етуге болады. Қазір екінші маңызды тұсына тоқталайық: Исигуро – сөзсіз модернист. Оқырманды жаңа тақырып, дәстүрлі баяндау және заманауи контекспен баурап алатыны да содан. Адам және робот арасындағы қарым-қатынас бізді түрлі сюжеттерге жетелеуі мүмкін. Бұл жерде көбіне діни мәтіндерден бастау алатын Жаратушы мен Жаратылыс арасындағы тылсым жайлы сұрақтар бой көтереді. Көркем кеңістікте «жасанды адам» образын ең танымал әдеби кейіпкерге айналдырған Мэри Шеллидің «Франкенштейн немесе Заманауи Прометей» романы да «Клара және Күн» сюжетіне арқау болған алғышарттардың бірі болса керек. Маңыздысы – «жасанды интеллект» тақырыбы қазіргі кинематография кеңістігінде, жастарға, қалың бұқараға бағытталған әдебиет, мәдениет құбылыстарында (массовая литература/культура) әбден талқыланса да, әлі де пайымдауларға дайын тың дүние болып қала беретінін ұмытпауымыз керек. Исигуроның алғашқыда ойлаған балаларға арналған әдеби шығарманың арқауы ретінде ең танымал анимациялық фильмдердің бірі «Ойыншықтар хикаясы» да роман контексті үшін қолданылған шығар. Терминатордан бастап робот кейіпкерлер туралы түсірілген фильмдерді қазір санап бітіру мүмкін емес. Сонда Исигуроның жаңа романы бір жағынан өзінің мәнерлігімен, көркемдігімен, талғам және тереңдігімен классикаға жақын болса, екінші жағынан мультимәдени кеңістікті шебер қолданып, заманауи әрі заманынан озық көркем үлгілерге қол жеткізе алатын кешенді жұмыс деп атауға келеді. Шығармашылық үшін бұл – теңдессіз жеңіс.

Тағы бір ерекше атап өтетін дүние – «Клара және Күн» романындағы Күннің образы өте әсерлі. Латынша «Сlara» есімі – сәуле, жарық деген мағыналарға ие болуы тақырыпты одан сайын аша түседі. Ежелгі Грек мәдениетінде «Клэр» есімі күн құдайы Апполонның эпитеті (Аполлон Кларосский) ретінде қолданылған. Кейінгі антикалық дәуірде Апполон күннің символы ретінде танымал болатын. Славянша Светлана, грекше Фаина, қазақша Сәуле есімдерінің тамыры сол көне дәстүрлермен астасып жатқан секілді. Сонда романдағы Күн – Жаратушының немесе сенімнің символы ретінде қолданылса, жасанды интеллект иесі робот – Клара сол Күннің сәулесінен нәр алып, романдағы басқа кейіпкерлерге қарағанда жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болуына орай әдебиеттегі жаңа әрі қажетті кейіпкер деп түйіндеуге болады.

Романда тағы бір символ еріксіз назар аудартады. Клара бір күні далада үлкен қара бұқаны көріп, алғаш рет қорқыныш сезіміне беріледі. Оның ойынша, осыншама әдемі әлемде сұсты бұқаның тіршілік етуі – әділетсіздік. Романның соңында бір рет көрген бұқаның бейнесі Клараның есіне қайта оралып, жамандықтың белгісіндей елестей береді. Бұл метафора романды жоғарыда атап өткен реализмге жақындата түседі. Исигуро жақсы сипаттаған бұқаның бейнесін елестету қиын емес. Оқырман Кларамен бірге қорқыныш үрейін сезінсе де, өмірде одан да сорақы дүниелердің барын іштей сезу керек…

Сонымен шығарманың басты тақырыбын қалай атауға болар еді? Әлеуметтік, рухани, философиялық сипаттарды толық ашатын романның басты тақырыбы – жалғыздық және сол жалғыздық алдындағы қорқыныш екенін кез келген оқырман түсіне алады. Дәл осы мотив шығарманың бір шетін ұстап тұрғандай. Исигуроның ойларын жалғыздық тақырыбының шебері Маркеспен де салыстыруға болады. Қазіргі орыс прозасында Анатолий Кимнің «Радости рая» фиолософиялық романы да Исигуроның ырғағына ұқсас келеді. Одан бөлек, әдебиет үшін мәңгі тақырып – адам еркіндігі туралы ойлар да шебер көркемделген. Романды оқып отырып, адамзат еркіндікке қаншалықты ұмтылса, соншалықты бодандыққа да бас ұратынын байқаймыз. Бұл өте көне әрі өшпес тақырыптардың бірі деп білемін.

Шығарманы орыс тілінде оқығандықтан автордың тілдік шеберлігіне баға беру қиын. Ағылшын тіліндегі бірнеше фрагменттермен танысып, оқиғаның Англияда емес, Америкада орын алатынын тілдік ерекшеліктерінен-ақ байқауға болатын сияқты. Ал аудармада ол ерекшелік жоғалған: сюжет желісі Америкамен байланысты екенін романның мазмұнына бойлап қана байқауға болады.

Қорытындылай келе, «Клара және Күн» романы қазіргі әлем әдебиетіндегі үздік авторлардың бірі – Исигуроның шығармашылығын толықтырып, қаламгердің заңғарын асқақтата түсетіні анық. Бұл романды бірқатар оқырман 2007 жылы жарыққа шыққан автордың тағы бір үздік туындысы «Жоғалтып алма сен мені» шығармасымен салыстыратыны да – -табиғи заңдылық. Тақырып жағынан қайталау болып көрінсе де, жаңа романда Исигуроның әдеби-көркем қуаты артқанын мойындау керек. «Клара және Күн» жазушының одан бұрын жазған шығармаларымен байланыс тауып, болашақта ауқымды метамәтіннің бір бөліміне де айналатын сияқты. Он жылдан астам уақыт бойы шығармашылығын бақылап келген авторлардың бірі Исигуро жайлы келесі түйіндемеге толық сеніммен тоқталар едім: Ол – ағылшын ақсүйектеріндей талғамы жоғары, шығысқа тән байыптылықпен мыңжылдық балбал тасқа тіл бітірген шебер сынды шынайы дарын иесі. Жалпы, Исигуро шығармаларының қазақ оқырмандарына берері көп. Ал «Клара және Күн» сынды жаңа және озық туындыларды еліміздегі мектеп бағдарламаларының қосымша тізімінде ұсынуға болар еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір