Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ. КҮН ЕМЕС СУЫП КЕТКЕН… МЕН ШЫҒАРМЫН
08.06.2021
2481
15

Пері қызының ғазалы

Тау ішінде оянам таңсәріде,
Таңмен тұрған арудың аңсары не?!
Ақбоз атты жолаушы, мойныңды бұр,
«Жаныма кел» деп сосын салшы әніңе!

Жетегіңе мен мінер баранды алмай,
Шыққан мынау сапарың қараң қалғай!!!
Жо-о-о-жоқ, жігіт, жүре бер, жолың болсын,
Желге мініп, соңыңнан барам қалмай…

Жолың тосқан мұңлықты көзге ілмейсің,
Әлде жөнің айтатын сөз білмейсің…
Тіл қатпасаң тіл қатпа, назар салып,
Ишаратпен пейіліңді сездіргейсің.

…Тау ішінде жүремін кешкі ымыртта,
Атың басын бұра кет ескі жұртқа!
Шоққа көмген таба нан тартуым бар,
Қымыз құйған ана бір месті ұмытпа!

Өрмек құрар пенде-қыз емес едім,
Күңгірт тартып көрінер елес-өңім.
Арбайтұғын аярың бола алмаспын,
Ат шалдырар тұсың жоқ неге сенің?

Тау ішінде түс көрем…
түсім қандай!
Сені атыңнан түсірер күшім бардай…
Күміс тостақ толтыра сусын құйып,
Болам соны өзіңе ұсынғандай…

Тау ішінен көрерім өзің едің,
Бір сөз айтпай барасың сөзіме мың.
Аялдамай тарта бер Ақбозыңмен,
Түптің түбі өзіңмен кезігемін…

* * *
Тау бөктерлеп сағым жүр
келмей бері,
Жел шақырса, қашады көнбей,
кері…
Саясына сол таудың жетер едім
Сағына алса сарығып сендей мені…

«Мінім зілдей бір жанмын…
өкпелерсің,
Жек көрерсің, өшігіп, кектенерсің…
Мендей сені аялар кім бар екен,
Мендей сені ұғар жан жоқ», – дегенсің…

Асау сезім-өзеннен өттім аман,
Сөйте жүріп өзімді сөктім әмән…
Үркер жұлдыз сен едің
көкті тастап,
Жүрегіме шілдеде кеп құлаған…

Өкінішті сезсең ед жаным шеккен,
Құс үнімен жетті ме әнім шеттен?!
Қарашығым мұнартып, мұңға батып,
Тауға қарай беремін сағым шөккен.
Жақындасам – ығысып, шегінердей,
Алыстасам – амалсыз егілердей…
Жүрегіне сіңіріп болмысыңды
Сағына алар жан бар ма сені мендей?!.
***
Өрік ағашы жұтып ап көктемнің лебін,
Есіне алады баяғы-ы өткен күндерін.
(Өткен күндерім, өзіңді іздегенімде
«Сағыныш болып санаңа шөккенмін», – дедің).

Көктемі мынау сезбеді, білмеді мұңын,
Білмеді бірін… менің де бірге еді мұңым.
Өткен күндері жадында жаңғырып тұрып,

Өрік ағашы әппақ боп гүлдеді бүгін…
Әппақ гүлдерді келгені-ай әппақ мұң дегім,
(Өткен күн, маған өкпеңді сақтап тұр ма едің?!)
Жаңылыс басқан сәтімді ақтап тұр менің
әппақ гүлдерім…

Көлеңкенің Аймен мұңдасуы

«Түсімде сені көрем»
(Айдың үні)

«Түсіңе айналып кеткелі,
Соқпағың күркеме жетпеді.
Сөкпеші,
қараңғы бір тұсқа
Қалдырып кетші сол өкпені.

Түсіңе айналғам, ол – шындық,
Өңіміз алдады – сол сұмдық…
Өзімді өзіңе жеткізбей
Жоғалды тылсымға жол сүңгіп.

Түсіңе кірдім де шықпадым,
Шығуға құлқым жоқ – ұққаным.
Сол жақта – жоғалған сәттерім,
Сол жақта – жадыма тұтқаным.

Түсіңде қалғаным жөн болды,
Сол түсің жаныма дем берді.
Сағыныш дейтұғын сарайдың
Тұрғыны боламын мен де енді.

Тұрағың биікте… тұра бер,
Саған тар мен жүрген мына жер.
Сен кімсің,
Мен кіммін – ешкімге
Жауабы берілмес сұрақ ол…»

***
Құба інгенді іздедім белге шығып,
Сарып болғыр,
кеткен бе жерге сіңіп…
Сорқұдыққа қонған көш жүрді ілгері,
Уақытты әкетті жел көшіріп…

Жануармен серттескем анық қылып,
Жанарына жанымды жанып тұрып.
Іздегені табылмай, күткен келмей,
Жапа-жалғыз жұртымда қалыпты үміт…

Белімдегі орамал торғын еді,
Шешілерін қай күні ол біледі.
Боздап келіп кеудеме шөккен сезім
Оралмасқа амалсыз көндігеді.

Құба інген жоқ. Орамал шешілмеді.
Құлазыр жұрт. Кетіпті көш ілгері.
Жоқ іздеген көңілім бәрін тастап,
Естелікке мұң шақты есіндегі.

Құба белдің ар жағы мұнар екен,
Мұнар іші мен үшін, сірә, бөтен.
Серті қалған жанымның дерті қалған
Қоныс болар кімге енді мына мекен…

***
Санама қашалған таңбаның
Тағдырын сөз етіп таңдадым.
Таңдайдан үзілген тамшы-үннің
Тынысын тасқа әкеп жалғадым…

«Басам, – деп, – дәуірлік шөлімді»
Сіңірді ол бойына сол үнді.
Мәңгілік иісі аңқып демінен
Көзінен көне әлем көрінді.
Күн анау… тасқа кеп үңілген,
Жел мынау… тұсына сүрінген.
Тылсымға тіл қатар сәтті іздеп,
Мен келдім бағзыға бүгіннен.

Санама қашалған таңбаның
Қаладым со қалпы қалғанын.
Әзірге… аялдай тұрайын
Көрермін бұйырса… ар жағын…
***
Түптамырың қайда еді, тұңғиықгүл,
Түбіңді іздеп тереңге сүңгиік бір!
Күнге қарап күлесің… ол мекенді
Сен секілді пақырға кім қиып тұр?!

Толқын ғана өбеді желегіңді,
Әпсананы шертсеңші көне күнгі!
Топырақпен өн-бойын тұмшалап ап,
Түк айтпастан неліктен төбе егілді?!
Сол төбеде тұншыққан өткен шағың,
Өткеніңді келмей ме текке аңсағың?!
Сен білетін шындықты тұсаулайды,
Көкжиектің түбіне шөккен сағым…

Шымырлатып демімен шым-жағаны,
Сағағыңа сан сауал шырмалады.
Күн жантаяр іңірде төбеге кеп,
Сен ғана айтар шындықты тыңдағалы…

***
Тарпаң кетті бас бермей Жошы мінген,
Жеткен бізге бір күй бар осы күннен.
Құлан жүйткіп барады құла дүзде
Көне күннің керуен-көші жүрген…

Сайын дала… ұрғандай даңғыраны,
Баяғы кеп санамда жаңғырады.
Қашқан күннің жете алмай шалғайына
Бетпақ дала, бозғылт қыр – қалды бәрі…

Тарпаң кетті, үстінде Жошы кетті,
Суыт хабар жүректі осып өтті.
Құлан,
тарпаң,
құла дүз,
сырттан жігіт –
Күй баян ғып, жыр шертті осы кепті.

Төрт тірегі – төрт аяқ жүйрігіңнің,
Тәрк ете алар Тәңірдің бұйрығын кім…
Ақсап қалған құлан ба, әлде қаған –
Тұспалды ұғын, сонан соң күйді ұғынғын!

Теңіз бастан былғанса – Жошы бар-ды,
Терек түптен жығылса – Жошы бар-ды.
Кет-Бұғаға жүк қылмай, өзі біліп,
Ұлы қаған бастаған осы зарды…

Кім қияды ажалға мұндай жанды?!
Кім кінәлі… айтылмай тіл байланды.
Төресі бар, тағы да қарасы бар –
Сыр берместен жыр-күйді тыңдайды әлгі…
Пешенелі пенденің бәрі адасқан,
Тарпаң-тағдыр талайды ала қашқан…
Көз ұшында бұлдырап ащы шындық,
Қабарады үн-түнсіз қаралы аспан…
***
Ақша қардың үстінде алқаракөк түн көлбеп,
Қатарласып келеді, «өзіңді іздеп
жүргем» деп…
Жан жылайды тән атты көлеңкенің ішінде –
Жалын шарпып өзегін, өне бойын мұң кернеп.

Ақша қардың үстінде ізім жатыр тіл қатпай,
Жүрегімнен үн-түнсіз сырғып түскен
жұмбақтай…
Еріп келіп, кіре алмай, қалды іркіліп түн неге?!
Кете алмады, тағы да… есігімді тұр қақпай…

Жан өксуін доғарып, тұңғиыққа сүңгиді,
Есігімнің алдында есі жоқ түн мүлгиді…
Алқаракөк әлемнің өкініші мөлдіреп
Қараңғыға малынған кірпігімнен сырғиды.

Іздеді екен несіне…Ұмытты ма не дерін?!
Бір ғайыптан жетеді «есігіңді аш», –
деген үн.
Қалдыра алмай бұл түнді есігімді
қайта аштым –
Құшағында өйткені… өксіп отыр өлеңім…

***
Күз – сағыныш,
Қыс болса – мүлде ұмыту,
Жүрегімді қалдырдым қарлы әлемге.
Мезі қылды мені де күнде күту
Саған жетер бір амал бар ма менде?!

Қарды омбылап барады қайран жүрек,
Қайда жетіп тоқтайды – мәлім емес
Жасыл бояу ақ түске айналды деп,
Күбірлейді ол, арбайды тағы да елес.

Жүрегімнен жырақта жүрмін бүгін –
Қаламаймын біреудің түсінгенін.
Жұртқа тастап жалғанның бір мұңлығын
Қаңтар жылап барады ішінде оның…

* * *
Түн – мұхит, жүзеді сезімім,
Өзіме естілмес өз үнім.
Тұңғиық түбіне шым батқан
Мазасыз тірліктен мезі күн.

Жүзеді Ай менімен ілесіп,
Демінен сап-салқын мұң есіп.
Сіңеді ол бір мезет ғайыпқа
Қара жал толқынды түгесіп.

Мұхиттты шығады қақ жарып –
Дүние, дидары жап-жарық.
Жалғанның түр-түсін өзгертер
Қап-қара бояуға ақ жағып.

Түн демін Күн лебі жұтты анық,
Жарықты жағаға шықты алып.
Қарайды сол жарық қайрылып,
Көзінен мөп-мөлдір шық тамып.

Дүние… қалдырып бізді ұмыт,
Тірлікке қол созды үздігіп.
…Барады ақ қанат ғұмырым
Сезімді сағымға жүздіріп…

***
Қараңғыны тілгілеп қар ұшқыны,
Тыныштықпен жанымның жарысты үні.
Тереземді сызады саусағымен
Тылсым түннің сыры ортақ таныс мұңы…

Бұлт жылжыды Ай жүзін көлегейлеп,
Қармен бірге ғайыптан келеді ой көп…
Сәттер сіңіп барады бір тереңге,
Көлеңкеден киіп ап көне көйлек…

Өмірімнің мезетін үзіп алып,
Кеткендері-ай тылсымға жүзіп… ағып!!!
Көз алдымнан жоқ болды қас қағымда,
Көңілімде жап-жарық ізі қалып…

Қараңғыны түрткілеп қар ұшқыны,
Қара түнмен жанымның табысты үні.
Қия алмайтын ғажайып шақтарыңның
Қандай ауыр өзіңнен алыстығы…

ПІКІРЛЕР15
Аноним 08.06.2021 | 23:13

Қия алмайтын ғажайып шақтарыңның
Қандай ауыр өзіңнен алыстығы….
Рас ау… …

Аноним 08.06.2021 | 23:14

Ғажап өлеңдер, жан дүниені баурап алатын тылсым ой иірімдері! Керемет!!!

Аноним 09.06.2021 | 00:46

🌹🌹🌹

Аноним 09.06.2021 | 00:50

Сәттер сіңіп барады бір тереңге
Көлеңкеден киіп ап көне көйлек…

Аноним 09.06.2021 | 02:14

Санама қашалған таңбаның
Қаладым со қалпы қалғанын….

Аноним 09.06.2021 | 06:43

Сен кеткен қара жолға қарауыл боп,
Күн емес, мен шығармын суып кеткен…

Аноним 09.06.2021 | 06:49

Өкінішті сезсең ед жаным шеккен,
Құс үнімен жетті ме әнім шеттен?!
Қарашығым мұнартып, мұңға батып,
Тауға қарай беремін сағым шөккен…
Өлең сөзінің әр өрнегінде астарлы ой, нәзік иірім, «пері қыздың» ғазалы, сезімінің азабы, мұңы мен қуанышы, гүл жарған ақ үміті жанды суретпен ақынның өзгеден ерек даоа стилін танытып-ақ тұр.

Аноним 10.06.2021 | 10:42

Әдемі, жан дауысы, тылсым сезім! Сағыныш пен үміт.

Аноним 10.06.2021 | 21:04

Айналайын өзіңнен де, өлеңдеріңнен де.
Шын поэзияны түсінетіндердің жаны нәзіктіктің болмысын ұғар,
кейбіреуі дөңбекшіп ұйқыдан қалар…
Сақыпжамал деген апайың.

Аноним 13.06.2021 | 11:04

НАҒЫЗ АҚЫН ҚЫЗ. ШЫҒЫСТЫҢ ШЫНАР АҚЫНЫ. НӘЗІКТІК ПЕН СҰЛУЛЫҚ ҚАТАР ӨРІЛГЕН.

Аноним 13.06.2021 | 11:08

Шынашақтай Шынар ақын қыз… қас талант! Ризамын қарындасым-қарлығашым!!!

Аноним 13.06.2021 | 11:09

МОЙЫНДАҢДАР МЫРЗАЛАР!!! ҚАС ШЕБЕР ҒОЙ, ШІРКІН!!!

Аноним 16.06.2021 | 10:56

Поэзияға не қосты, ғылымға не қосты? Не ақын, не ғалым дей алмайсың.

Аноним 20.06.2021 | 16:01

Тамаша өлеңдер!
Естен шыға бастаған қазақ романтикалық. Аса пәрменді ақын дық қуат ой орамдарын, сезім иірімдерін ырқына алып, шынайы, біте поэзия етіп жасап шыққан. Құттықтаймын, құрметті құрдасым! Өрлей бер, өсе бер!

Аноним 19.07.2021 | 15:23

Ақын апай, сіз рушыл екенсіз, мұныңыз ұят емес пе? Қазір жиырма бірінші ғасыр ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір