Айзада САТЫБАЛДИЕВА: ӨМІР – ҒАЖАП!
08.06.2021
2698
1

Айзада САТЫБАЛДИЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

Театр және кино актрисасы Айзада Сатыбалдиева 2018 жылдың 29 желтоқсанында көлік апатына түсіп, өте ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің біліктілігінің және өзінің жігерінің арқасында ол таяуда сүйікті жұмысына оралған болатын. Біраз дайындықтан соң үлкен сахнаға қайта шықты. М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актрисасымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Араға екі жыл бес ай салып, үлкен сахнаға қайта шықтыңыз. Жатырқап қалмапсыз ба? Көңіл күйіңіз қандай болды?

– Сәлеметсіздер ме? Бірін­шіден, сіздерге рақмет! Мені ойлап, осылай сұхбатқа шақырғандарыңызға мың алғыс! Иә, біраз үзілістен кейін сахнаға қайта шықтым. Шүкір, тәубе! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Қара шаңырақ – Әуезов театрының басшылығындағы азаматтарға
көп рахмет!
Алдыңда ағаларың, өмір көрген апайларың болғаны қандай ғанибет! Сондай жанашырымның бірі – Гүлшат Тутова апайым күліп, көңілімді көтере отырып: «Шыға ғой сахнаға, ештеңе жоқ. Бұрын ойнап жүрген рөлің, неден қорқасың?» – деп дем берді. Содан «Нартәуекел!» деп үйде дайындалдым. Рас, «Қалай болар екен?» деген күмән бе, қобалжу ма болды. Әлі де уақыт керек, дегенмен белімді бекем буып, сахнаға шыққаныма өте қуаныштымын. Бір белесті бағындырғаныма шүкіршілік айтам.
Бір қызығы, спектакль кезінде біртүрлі әсерге бөлендім. Басқалардың бәрі бір үндестікте ойнап жатқан сияқты. Мен жеке бір спектакль ойнап жүрген сияқтымын. Ең бастысы – бұл ішкі әсер ғой. Қойылым аяқталғаннан кейін өз-өзіме таң қалдым: «Мен шынымен спектакль ойнадым ба? Шынымен сахнаға шықтым ба? Бұл мүмкін емес сияқты еді ғой. Тәубе!» – дедім іштей.

– Жол апатын, содан берідегі ауыртпалықтарды қозғамай-ақ қояйық. Дегенмен сондай қиындықтан кейін күнде екі спектакльде ойнау, мәтіндерін жаттау, образға ену қиынға соққан жоқ па?

– Иә, «екі күн қатарынан қалай болар екен?..» деп қобалжыдым. Бірақ бір ай бұрын айтылған соң, өзімді қайрап, жігерлендіріп, күніне пәленше шақырым жаяу жүрдім, өзімді қажытатын ойларға ерік бермедім. Содан көптен күткен күн жақындағанда «Күш-қуатымды сарқып алмай, сахнаға бір-ақ шығайын» деп, екі күн үйден шықпай, мәтін бойынша дайындалдым. Бірінші күнгі спектакльде – «Қаза мен жаза» қойылымының басынан аяғына дейін бір орында отыратын болғандықтан өзіме сенімді болдым. Екінші күнгі спектакльде, яғни «Ақтастағы Ахикода» кішкентай ғана эпизодта ойнадым. Бірақ сахнаға шыққан соң кішкентай эпизод, басты рөл, қосалқы рөл деп қарамаймын. Жауапкершілікті сезіну – табиғатыма жазылған қасиет. «Тұтқынға түскен әйелді сомдау, эмоциясын дәл беру қолымнан келер ме екен? Сөзді ұмытып қалмаймын ба? Жалпы, бұрын қалай ойнағам?» Ой жүйрік емес пе? Санам сан-саққа бөлінді. Бірақ енді шегінуге болмайды. Өзімді іштей қайрап, сахнаға көтерілдім. НКВД кызметкері менен сұрақ алғанда өзгеше күйге түсіп кеттім. «Маған жала жауып тұр ғой, «танимын» дейді, «көңілдесім» дейді, «ұры» дейді. Бұл – жала ғой» деп өзіммен-өзім арпалысып, не болғанын сезбей қалдым. Сахнадан шығып кеткеннен кейін де, өз-өзіме келе алмай біраз тұрдым. «Бұрын мұндай емес едім ғой, бірақ осылай болғаны да дұрыс шығар» деген ой санамды билеп алып, сабырға келдім де: «Бұл – неткен ғажап! Шүкір, әлі де ойнай алады екенмін ғой» деп қуандым. «Неге бұдан да ертерек шыға бермегем?» деген пенделік ойлар да келді. Жалпы, бір биікті бағындырғандай күй кештім.

– Алғашқы қадам жасалды. Өзіңізді сағынған, өміріңізге алаңдаған көпшілікке ендігі жоспарыңызды айтып берсеңіз…

– Осы қадам мені жаңа белеске көтерді. Осы кезеңді жан-жүрегіммен толыққанды сезіндім. Өмірдің ғажап екенін ұқтым. Дәл қазіргі уақытта өзімді жігерлендіру, шынықтыру, айналадағы жаңалықтарға, өзгерістерге ілесу басты мақсатым болып отыр. Ең басты байлық – денсаулық екеніне көзім тіпті жете түсті. Енді денсаулығымды күтуге, күшейтуге барымды салам. Сол жолда еңбек етем. Театрдағы жұмысымды пысықтаймын, ізденем, өзімді жаңа қырымнан көрсетуге тырысам. Вокалдық қуатымды қалпына келтіру, жаңа рольдерге дайындалу, дене бітімімді ретке келтіру, тағы басқа толып жатқан жоспарым бар. Одан кейін кино саласы, театрдағы міндетім, соның бәрінің бел ортасында жүруге белді бекем буып отырмын.

– Бұған дейін театрда ғана емес, кинода да бақ сынадыңыз. Үлкен концерт­терді жүргіздіңіз. Сол тараптардан шақырту түсіп жатыр ма?

– «Бісміллә» деп театрдың қасиетті сахнасына көтерілдім, шүкір. Ал 2019-дың жарты жылдығынан бастап, 2020 жылы да кино саласынан біраз шақыртулар түсті. Алғашында «Неге бармасқа?» деп ойладым. Бірақ «Ең негізгі байлық денсаулығым ғой, бірінші денсаулығымды дұрыстап алуым керек, одан кейін барып тіршілікке араласайын» деп өзімді тоқтаттым. Енді, Құдай қаласа, алға басуға болады. Өнердің қай саласы болса да, телевидение, кино, жүргізушілік, бәріне дайынмын.

– Күллі әлемді әбігерге салған індеттің кесірінен театр да былтырдан бері онлайн режимде жұмыс істеді. Оның үстіне, денсаулығыңызға байланысты сыртқа көп шыға алмадыңыз. Көп алдында жүрген өнер адамы үшін үйге қамалу оңай емес. Уақытыңыз қалай өтті?

– Иә, індет ешкімге оңай тиген жоқ. Бірақ мен бәріне сабырмен қарадым. Шынымды айтсам, Құдай шебер ғой, осылай бірер уақытқа дамылдап алғаныма ризамын. Біршама мезгіл үйден шықпай отырғанда қаншама іліммен таныстым, өзімді жетілдірдім, осыған шексіз қуанам. «Неге осыларды бұрын білмегенмін, неге бұрын оқымағанмын, неге зер салмағамын?» деп қайран қалдым. Рас, сол кездерде «далаға шығу керек, тіршілікке араласуым керек деген ойдың бәрін ысырып тастадым, өйткені білмегенімді білу, өзіме ой салу, оқу, жаңа дүниелерді тану арқылы жаным рахаттанды. Білмейтінім көп екен. Ғажап дүниелермен таныстым. Қысқасы, ешқандай өкініш болған жоқ.

– Бір сұхбатыңызда: «Арманы жоқ актрисалардың бірімін», – депсіз. Осыған қазір қосып-аларыңыз бар ма?

– Мен енді Айзаданы «нөмірі бірінші Айзада нөмірі екінші Айзада» деп танып жатырмын. Нөмірі бірінші Айзадада ол сөзді нақты қандай оймен айтқаным есімде жоқ. Қандай биікке көтерілсін, қандай марапатқа ие болсын, армансыз адам болмайды. Мен қазір «дәл солай айттым ба, оны қандай оймен айттым екен» деп ойланып отырмын. Енді сол сөзді ақтап алайын, өмірде бақытты сәттер болады ғой, соны сезінгенде айтылған болу керек. Ал қазір қосарым, денсаулық болса, өзің қалаған салада адал еңбек етсең, әлемнің сұлулығын, керемет ғажайыптарын, қызықтарын көре білсең, рахатына бөленсең, одан артық не керек?! Өмір деген ғажап қой, сол ғажапты сезінуге неге талпынбасқа? Қазір менің бірінші Айзадамнан да арманым өте асқақтап кеткен сияқты. Сол армандарға жетуге енді асығамын, талпынамын, көргім келеді. Көрмегенім не деген көп еді?..

– Көпшілікке өзіңіз туралы да айта кетсеңіз. Қай өңірде дүниеге келдіңіз, қайда оқыдыңыз, үйде нешеусіздер және отбасыңызға тоқталсаңыз…

– Үлкен әулетте дүниеге келдім, әке-шешем бақилық болды, рухтары пейіште шалқысын. Әкемнің әкесі Сатыбалды сол өлкеге танымал айтыскер ақын, сынықшы болған екен. Өз әкем Танатар жылқышы болды. Анам, Құдай көп көрмесін, көп құрсақ көтерді, мен – сол үйдің кенжесімін. Жалпы біздің әулет – өнерлі әулет. Бәрі шетінен әнші десе болады. Ішінде үлкен сахнаға шыққаны мен болдым. Өнер жолынан нәсібе бөлген екен, «ойбай, қиналдым» деуге болмайды. Тек алдыға жүру керек, соның бәрін толық қабылдадым. Қазір тағы да шүкір деймін. Бақыт Беделхан жарым. Үміт, Барысхан деген ұл-қызым бар, аман-есен тұрып жатырмыз.

– Сұхбатыңызға көп рақ­мет! Сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан
Елриза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Тұран университеті журналистика
мамандығының студенті

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.06.2021 | 23:11

Керемет, алла жар болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір