ШЫНДЫҚ ШЕКАРАСЫНДАҒЫ  ҚОС ҚАЛАМГЕР
12.05.2021
1144
0

Жақсы шығарманың бәрі «мені оқы» деп жар салмайды. Бұл – шындық. Осыған дейін жазылған классикалық туындылардың бәрі осы үрдісті басынан өткерген. Гомердің «Одиссеясы», Гюгоның «Аласталғандары», Сартрдың сан қырлы еңбектері ешқашан насихатқа аңсарлы болған емес. Осындайда «әдебиеттегі бірінші оқырман кім?» деген сұрақ туындайды. Мүмкін, әр шығарманың авторы соның алғашқы оқырманы деу ақылға қонымды шығар. Осыдан сан ғасыр бұрын прозалық шығармаларымен күллі Еуропа оқырманын жаулаған француз прозасы әлі күнге дейін өз биігінен түскен емес. Мұндағы себеп, шығарма тудыратын қаламгер, қағазға түскен туынды, оны өзіне сіңіретін оқырман арасында сапалық байланыс болды. Әрине, әрбір жақсы шығарманың насихатының жасалуы, оқырманға жетуі, дер кезінде оң бағасын алуы сол шығарманың екінші әлемі.

Біз1862-жылдардағы Францияға сая­хат жасап көрелікші. Бірде ұлы жазушы Виктор Гюго «Les Miserables», бізше айт­қанда «Аласталғандар» атты соңғы рома­нына нүкте қойып, демалысқа кетуге ыңғай­ланады. Ол келешекте жаңа кітабының қалай сатылатынын білгісі келіп, өзінің баспагеріне хат жазады, хаттың мазмұны тек «?» сұрау белгісімен аяқталады. Зерделі баспагер Гюгоның нені меңзеп тұрғанын аңғара қойса керек, талантты жазушының ең қысқа хатына «!» леп белгісімен жауап қайтарыпты. Хатты қолына алған Гюго өте қуанышты күйде болып, алаңсыз дема­лысқа кете барады. Демек, баспагердің леп белгілі жауабы «алаң болмаңыз» дегенді білдіретін сөз болса керек.

Т.Нұрмағамбетов

«Шал, мая және жел»

Шындығында, біздің әдебиетте де небір талантты жазушыларымыз бен олар­дың қаламынан туған биік деңгейдегі шы­ғармалар баршылық. Өкінерлігі, насихат аз. Жаңағы демалысқа кеткелі жатқан Гюгоның алаңы – біздің әр қаламгердің басында бар оқиға. Тынымбай Нұрмағамбетовпен бетпе-бет сөйлесіп көрген емеспін. Бірақ оның терең ойлы, не жазса да жеріне жет­кізе жазатын дегдар жазушы екенін жақсы білемін. Оның шығармаларын оқы­ғанымызда, уақытымызға ішіміз ашы­майды, еш өкінбейміз. Керісінше қуанамыз. Ешкімге ұқсамайтын даралығына тәнті бола түсеміз. «Айқайды», «Мешкейді» оқып отырып, Тынымбай Нұрмағамбетовтен үлкен әдебиеттердегі ешбір қаламгердің қол­таңбасын таба алмайсың. Толстой да, Мопассан да, Гюго да, қалаберді өзіміздің Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовтар да оның жазғандарынан кездеспейді. Тынымбай қаламгерлігі бұлармен еш түйіспейді. Өз қиялымыз арқылы Тынымбай Нұрмағам­бетов­тың ішкі әлеміне зер салып көрелікші, оның жан дүниесінде тек қана қазақы қалып, қазақы мінез бен өзгеше ойлау және соны қаз-қалпында жазу ғана бар.

Тынымбай Нұрмағамбетовтың повестері шындап келгенде кей романдардан биік тұр. Қаламгердің сәтсіз жазылған шығармалары аз, тіпті жоқ деуге де болады. Оның «Шал, мая және жел» деген хикаятын оқып отырып, совет заманындағы қазақы қоғам­ның сұмдығы мен пиғылын ақ қағаз бетінен анық көресіз. Көріністе қоғам ашық күндей «нұрын» шашып тұрады, ал шындығында – «қара боран». Саясат пен уақыт ағалы-інілі екеуін екі жағалауда жүргізеді. Бірі өз көзқарасында қалып, маясын бағып, қоңыр тірлік кеше береді, ал енді бірі колхоздың қолшоқпары болып, ардан аттайды.

«Шал, мая және жел» шығармасы бір сәт біздің қоғам болып сүрен салады, бірақ ешкімді ешкім тыңдағысы келмейді. Ең соңында, санаңа кіріп, өз қолыңмен жасаған қателеріңді алдыңа әкеп, тізбелейді. Заман екі айырған ағалы-інілі Құрышжан мен Көпірбайдың диалогын оқып көрелікші:

 «Көпірбай қамшысының сабымен әуелі қалпағының маңдайын бір көтеріп алды.

– Маяңызды қорға алмақпыз.

Осылай деді де фермебастық жүзін де оп-оңай суытып ала қойды.

– Қорға алғаны қалай? Бұл – өзімнің ақ адал малым емес пе?

– Колхозға арам мал жинап жатқандар ғана кіреді дегенді сізге біреу ұғындырып кеткен бе? Жұрттың бәрінікі ақ адал мал. Бірақ соны қорға беріп жатыр, жетелеп әкеліп…

– Ау, бермегеніміз аз болғандай…».

Құрышжан бір сәт ойланып қалғанын пайдаланып, Көпірбай да іріге көшті.

Маяны бермесең, колхоздан шығасың. Колхозға мүше бола алмай жүргендер де бар».

Автор мая мен Құрышжан қарияның әр қимылын суреттеу арқылы қазақтың тіршілік тынысы малдың да кері кеткен қоғамға наразы екенін, ботасын іздеп боздағаны арқылы мұңын шағуы, сыртта уілдеген желдің еміс-еміс қарияға естіліп, әлде бір жаққа жетелеуі – жай құбылыстар емес. «Адам санасы тордың арасынан ағып бара жатқан суды ұстап қалғысы келеді» депті Андре Моруа. Біз сөз етіп отырған «Шал, мая және жел» атты әңгімеде уақыт уысындағы адам тағдыры қайшылықтармен өріледі. Заманға қарсы жүрген адам мен соның ығына жығылған адамның күйі кімді болса да ойландырмай қоймайды.

Құрышжан маясына жаны ашып, оны өз қолымен сойып, етін ауылдастарына таратып береді. Былай қарасаң, шара­сыз­дықтан істеген «қылмыс» болғанымен, кейіп­кер осы әрекеті үшін өзін еш жазғыр­майды. Оның ішкі ызасы мен кегі жел болып уілдеп, қоғамға қарсылығын білдіреді, тіпті сойылған маяның елесі жел болып айналаны кезіп, бота болып ұзақ-ұзақ боздайды. «Жел кәрленді. Иесіне қиянат жасаған жандарға, тіпті бүкіл заман зорлығына оқыс тұра ұмтылған мая-жел біржола қаһарланып алған. Жер беті әлем-тапырық. Дүние түгел жел… Әлде жел дүние болып кеткендей». Шығармашылық әлемде екі жақсы қасиет болуы керек: ой еркіндігі, сосын әрекет еркіндігі. Тынымбай Нұрмағамбетовтың әр шығармасында ой еркіндігі салтанат құрады. Қоғам мен адам, адамзат өміріне уақыт пен саясат салған жара, оспадарлық, өкініш бәрі шығарманың арқауы болып, өзін-өзі дәлелдеп отырады.

Бізге үлкен әдебиеттердегі шығарма­лар­ды оқу керек-ақ. Бірақ өзіміздің жазу­шылардың жазғандарын оқу тіп­тен қа­жет­ті. Себебі, олардың шығармашылы­ғында өзіміздің жай-күйіміз, тағдырымыз, өміріміз сайрап жатады. Дәуірлер зырлап өтіп, бізден ары бірнеше ғасырлар сөйлейді. Сол тұста қазақ әдебиетінің проза жанрының туын ұстайтын шығармалар Тынымбай туындылары болары әбден мүмкін.

«Шал, мая және жел» шынайы өмірден алынған өміршең шығарма. Бір сөзбен айтқанда, бұл туынды біздің санамызды құл­дықтан, кісәпірліктен, үрейден құт­қара­ды, құтқаруға көмектеседі, әрине мая-жел арқылы. Сол үшін Тынымбай Нұр­ма­ғамбетовты шындық пен жалғанның арасындағы қалам ұстаған елші дегеніміз жөн сияқты. Ол әр шығармасы арқылы қазақ қоғамына дөп басып диагноз қояды, әрі онысы айна қатесіз. Ендеше, Тынымбай дәуірі – жазу дәуірі. «Әрбір француздың бойында Робеспьер бар» демекші, енді әрбір оқымысты қазақтың бойында Тынымбай шығармасы салтанат құрары шындық.

О.Ахмет

«Тұлпардың соңғы тұяғы»

Оразхан Ахмет – өз мұнарасын өзі биік­теткен жазушы. Оның «Тұлпардың соңғы тұяғы» атты хикаяты Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Шал, мая және желімен» сарындас. Бірақ оқиға екі түр­лі қоғамда, екі мемлекетте өрбиді. «Тұл­пардың соңғы тұяғы» бізге не айтады? Бұл – жауабы күрделі сұрақ. Бұл хикаяттағы бас кейіпкер бәйге атты жанынан артық жақсы көреді. Жүйрігінің аламандағы шабысын қызықтап, өмірін мәнді өткізгісі келеді, бірақ оның бұл арманына туысы Қамсыз кесе-көлденең болып соңына түсуден жазбайды.

«Иә, әр адамға бір нәубет деген сол, Қамсыз ағамыздың аты озбаса да, Дәулет­бай­­дан өзі озды. Осы көктемде ауылда «Шар­уалар қоғамы» деген құрылып еді, соған бастық болып сайланды». Оразхан Ахметтің бұл хикаятындағы жағымсыз кейіпкер Қамсыз бен Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Шал, мая және желіндегі» жағымсыз кейіпкер Көпірбайдың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Екеуі де күні үшін күлік жеп, туыстарына қастық жасаудан арланбайды. Біреуі колхозды сүйеді, енді бірі «Шаруалар қоғамының» буына семіреді.

«Тұлпардың соңғы тұяғында» қазақ пен жылқы қасіреті айтылса, «Шал, мая және желде» қазақ пен түйе түлігінің образы нанымды ұштастыралады.

Екі қалам­гердің шығармадағы үндестіктері осы екі туындыны оқыған адамды ойландырмай қоймайды.

«Бір күні Қамсыз қарақасқа аттың бар жүрісімен есік алдына бастырмалата келіп, тығыз бұйрық жариялады:

– Әй, Дәулетбай, салық малын бағуға адам керек екен, қазір соған жөнел!

– Бармаймын.

Қамсыз пәле іздегендей тебіте түсті.

– Неге бармайсың?

– Кеше ғана ағаш тасудан оралдым, құрығың менен басқаға түспей ме, тегі?

– Сенің ат-көлігің сай, сондықтан кезексіз барасың.

– Бұл – әділетсіздік, мен бармаймын.

– Бармасаң, мына атыңды бересің».

Қызғаншақ кейіпкер Қамсыздың туысына істеген бұл әділетсіздігі «Шал, мая және жел» хикаятындағы ағасының маясын колхозға зорлап қостырған Көпірбайдың әділетсіздігінен артық болмаса, кем емес. Осындай шағын диалогтар арқылы жазу­шы Оразхан Ахмет кейіпкер мінезін ашып, оның қандай адам екенін білдіреді. Оның жағымсыз кейіпкер екенін ұзынсонар сөйлемдермен суреттеу Оразхан Ахметтің стиліне жат. «Адамзаттың барлық жетістіктерінің ішінде ғылым ғана ең көп құрметке ие болады» дейді Андре Моруа. Бұған өз тарапымыздан сәтті шыққан әдеби шығарма да авторының беделін биіктетеді деген сөзді қосамыз.

«Тұлпардың соңғы тұяғы» – Оразхан Ахмет­тің паспортына айналған туындысы­ның бірі. Шығарма барысында кейіпкер бәйге қоңыр тайдан соң, айтөбел аталатын жүйрік аттың тағдырын баяндайды. Құлын кезінде жетім қалғандығы себепті есектің сүтін емген айтөбел өсе келе жат қылық көрсетеді. Кейде айғырша арқыраса, кейде есектің дауысына салып, озандайды. Автор айтөбелдің бұл сәтін: «…бар қылығы есек пен жылқы ортасындағы дүбәра. Көре қалса, күлге аунайды, тоқпақтап жатсаң, судан өтпейді. Қарап тұрып өзің ұяласың. Содан оны қораның түбіне тыққыштаумен болдық. Мақсатымыз – елге көрсетпеу, ұяттан қашу» деп суреттейді. Шығармадағы айтөбелдің тағдыры – өзгеше тағдыр. Мұнда айтөбелдің есектің сүтін емгені, оның қағынан жерігені – біз үнемі айтып жүрген тек мәселесіне келіп тіреледі.

Шығарманың аяқталуы да аянышты. Құнан шығар кезінде пішілген айтөбел пышақты көтере алмай өледі. Осылайша тұлпардың соңғы тұяғы құриды. Есектің сүтін емген тұлпардың етін жеуге батпаған олар: «Бұл сырды ауыздан шығармайық. Құлынды есекке теліпті деген сөз бала-шағаның сүйегіне таңба боп жүрер» деген бекімге келеді де, кейіпкер ағасы екеуі шұңқыр қазып, айтөбелді көміп тастайды. Қасірет пе, әрине, қасірет… Осы сәтте Тәкен Әлімқұовтың «Ақбоз ат» романыдағы кейіпкердің оққа ұшқан жүйрік аттың басын құшақтап «Дүниеден ұлы жүйрік кетті», – деп еңкілдегенін есіңізге түсіріңізші. Тәкен Әлімқұлов та «Ақбоз ат» арқылы қазақты айтып тұрған болар деген сенімді әрі үрейлі ой кеудеңізді меншіктеп алады.

Мен «Тұлпардың соңғы тұяғын» қай­талай оқығанымда, қоңыр тай да, айтө­бел де қайталай көз алдымнан дүркі­реп шауып өтті. Тұяғынан жел еседі. Анау кейіпкер бала секілді менің де сол тұлпарларға мінігім келді. Осы шығарманы оқып біт­кен соң, арманына жете алмаған бала кейіпкердің «Әкем болса, бәйгеге түсетін едім-ау», – деп, жылап тұрған көрінісі атқұмар қазақ баласының әлде бір ауыл шетінде үкілі жүйрікке тамсана қараған бейнесін елестетеді.

Жазушы Оразхан Ахмет осы шығармасы арқылы мал екеш малдың тегінен жеруінің өзі үлкен қасіретке душар еткенін айтады. Ал адам тегінен азса ше? Бұның соңы тіпті де үлкен қасірет пен аласапыран уайым ала келетіні түсінікті. Сартрдың «Кейіпкерім тауға шықты деме, тауға шығар» ұстанымы осы шығармада толық сақталған. Оразхан Ахмет айтөбелдің тегінен адасуын қағазға тү­сіру арқылы қазаққа ескерту жасайды. Себебі ежелден қазақ – жылқы, жылқы – қазақ.

Жоғарыда біз сөз еткен екі шығарманы философиялық повестер деп атағанымыз жөн сияқты. Бірінің мазмұнын бірі дамытқан шығармаларды талдау еш қиын емес. Бірақ біз бұл жазбамызда екі елде өмір сүретін қабырғалы қаламгерлердің оқырман сүйіп оқыған екі туындысын сөз еттік. Мейлі қайда өмір сүрсе де, қазақ қаламгерінің шығарма арқылы оқырманға айтары ұлтты ояту, қоғам мен заман шындығын ашып көрсету ғана. Тынымбай мен Оразхан шығармашылығын бір-бірінен ажырамас етіп жалғап тұрған жалғыз кілт – философия. Философия болғанда, кәдімгі ақыл айтқыштықтан гөрі өзіңе ойлау еркіндігін беретін ұлттық философия, яғни терең пайым. Осы екі жазушының шығармашылық танымдағы философия шарықтау шегіне жеткен соң, бір арада түйіліседі, айналып келіп ұлттың басындағы қасіретін сөз ету деген тұрғыда тоғысады да, бірін-бірі толықтайды. «Жақсы проза терезе әйнегі сияқты мөлдір болуы керек» дейтін Сомерсет Моэмнің өлшемін аталған екі хикаят ақтап тұр. Егер «Тынымбай Нұр­мағамбетов пен Оразхан Ахметтің шығар­маларын кімдер оқуы тиіс?» деген сұрақ туындаса, оған «Бүкіл ұлт болып оқуымыз керек» деген жауап бергеніміз абзал.

Егер сіз жақсы оқырман болсаңыз, әрбір жақсы шығарма үшін оны өзіңіз жазғандай қуаныңыз, себебі, сіз ұнатқан шығармада өлшеусіз биіктік, таза сезім, терең ой жатыр. Қам-қайғысыз, шырт ұйқыда жатқан қазақы қоғамды басқа ештеңемен оята алмаспыз, ол бір оянса, ұлы шығармалардың қамшысымен оянады. «Шал, мая және жел» мен «Тұлпардың соңғы тұяғы» әне сондай ұлы шығармардың бірі.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір