АЛЬФА-ҰРПАҚ. ТІЛ. ҰЛТ…
30.04.2021
1425
0

Тіл  –  ұлттың жаны.  Көркем сөйлеу мен  көрікті  ойдың негізі де төл тілдің табиғатымен бітеқайнасып жатады. Сонау тереңнен тамыр алатын қазақ тілінің құнарлы да шұрайлы лексикалық қоры тамсандырудан таңған емес. Дегенмен осынау бай тілдің зор мүмкіндігін жеткілікті түрде  пайдалана  алып  жүрміз бе? Одан бұрын, еліміздегі тіл мәселесінің оңтайлы шешілер күні көз шалдыра ма? Бүгінгі балдырғандардың ойлау жүйесін қайтсек оң бағытқа бағдарлай аламыз?  «Алқа»  жиынында осы және өзге де сауалдардың төңірегінде ой қозғап көрмекке жас ақындар – Тұрсынбек Башар, Әсел Кәрібай, Асылан Тілеген, Тілек Ырысбек және кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова сынды  өнер жолында  жүрген жастардың басын қосып,  сөздеріне  ден қойдық.  

Әр ұлт өз  тілінің мәртебесін өзі ғана көтереді

         Қ.Ә.: Адамдардың көпшілігі, әсіресе жазарман қауым тілдің, сөздің құдіретін ең алғаш  түйсінген сәтін естен шығара қоймайды. Сізде бұл процесс қалай жүрді? Қазақ сөзінің,  қазақ тілінің қадір-қасиетіне терең бойлай түскен сәттеріңіз туралы айтып берсеңіздер?

Тілек Ырысбек

         Тілек ЫРЫСБЕК: «Тіл болмыстың үйі» деген екен бір жақсы адам. «Тілдің таза күйі тек поэзияда ғана көрініс табады» депті тағы да.  Содан кейінгілері әлемді мәтін деп таныса керек. Содан бастап философияда болмыстың ақиқатын тілден іздей бастапты. Тіл мәдениетті жасайтын болса, белгілі бір тілдің жоғалуын  белгілі бір ұлттың өлімі деп топшылауға болады.  Тілдің құдіреті де осында, меніңше.

         Асылан ТІЛЕГЕН:  Қазақ сөзінің нәрлілігіне сәт сайын таңырқап, ұдайы сүйсініп жүретін болған соң шығар, оның қадірін алғаш шын түйсінгенім есімде жоқ, рас. Бәлкім, алғашқы шығарманы өзімше ұйқастырып, оны өзімше өлең  көрген сәтім шығар. «Сөздің қиюын келтірдім-ау» деп масаттанған кезімде, оның бір ұшығы – қазақ сөзінің бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі жетектеп тұратынын мойындаған да шығармын. Әйтпегенде, әрмен қарай жазып кетер ме едім. Әбіш атамыз айтқандай: «Қазақтың сөзі өзі сияқты – бірін-бірі құшақтағысы келіп тұрады». Бәлкім, сол сөзді орнымен қолдану, кетігі тұрған жерге дәл қалаудың жүгін сезінген кезім болар. Соңғысы дұрыс сияқты. Яғни, «жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады». Бұл – әлгі табалаушының ғана айтар сөзі емес. Қалам ұстаушының қаперінен өшпеуге тиіс сөз деп ойлаймын.

         Әсел КӘРІБАЙ:  Шынымды айтсам, бұл туралы мен де ойланып көрмеппін…  Мектепте оқып жүргенде достарыммен бірге ақындар үйірмесіне қатысатынбыз. Ол жерде бір тақырыпқа арнап немесе ағайымыз берген тіркесті жалғастырып өлең (тақпақ) жазамыз. Үй тапсырмасын орындағанда бір-бірімізге ұйқас айтып көмектесетін едік. Ұйқас іздеудің азартына кіріп кететінбіз тіпті. Сосын жазған дүниеміз ерекше болу үшін үнемі архаизмдер, балама сөздер, синонимдер, ерекше тіркестер тауып, ізденіс жасау ұнайтын. Мен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта оқыдым, сондықтан біз үшін бұл қалыпты оқу процесі болды. Тілдің құдіретін түйсіну дегенге келе ме, жоқ па, білмеймін, бірақ қазақ тілінің сондай көркем тіл екенін сезінетінмін. Сол үшін түрлі эксперименттер жасаған ұнайтын. Бірде әдебиет сабағынан шығарма жазғанда Мұхтар Әуезовке ұқсағым келіп, елу алты сөзден тұратын шұбыртпалы сөйлем құрадым. Сәтсіз эсперимент болды, әрине.

         Тұрсынбек БАШАР: – Әсілі тілге деген ғашықтығым жеті жасымда, алғаш рет әріп танып, батырлар жырын оқыған  кезімнен басталды. Қобыландының дүлдүл тұлпары Тайбурылды сипаттайтын:

«Айт, жануар, шу» деді,

Аршындап бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Тау мен тасты өрледі…

Көлденең жатқан көк тасты,

Тіктеп тиген тұяғы,

Саз балшықтай иледі… –  деген жолдарға қалай делебең қозып, тамсанбайсың? Немесе «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс сұлудың Қартқожаға: «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр. Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр»,  – деуі… Не деген тапқырлық, не деген теңеу?!

         Қазақ  –  ежелден сөзге тоқтаған халық, сөз құдіретіне бас иген жұрт. Қараша түгіл ханның өзі «Дат, тақсыр» дегенде: «Датың болса, айт», –  деп кез келгеннің арызын тыңдаған. Арыз айтушы орақ ауыз, от тілді шешен болса,  оның сөзіне құлақ асатын. Би-шешендер қаншама ғасыр қазақ сөзінің сұлулығын паш етіп келді. Қазақ тілінің  өзі – ұйқасты тіл. Асылан тілге тиек еткендей, Әбіш Кекілбаевша айтсақ, бір-бірін құшақтауға бейім тұрады. Сондықтан болар, би-шешендеріміз, жыршы-жырауларымыз мақалдатып сөйлеп, сөзді түйдек-түйдегімен ағытқан. Мысалы, қазақ әдебиеті прозасын қалыптастырушылардың бірі һәм бірегейі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» қалай басталады? Оны оқып отырып қазақ сөзінің сұлулығына қалай бас имейсің. Кезінде Бауыржан Момышұлы «қазақ сөзінің ювелирі» деп бағалаған Ғабит Мүсірепов тілінің шұрайлылығы, көркемділігі неге тұрады?!

         Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкейлердің  тілі қандай? Бейне бір поэзия оқып отырғандай боласың. Арыны қойып, берідегі Асқар Алтай, Дәурен Қуат жазушы ағаларымыздың прозасында да сол тіл шұрайлылығы алғашқы сөйлемінен-ақ қол бұлғап тұрады.

         Өкінішке қарай, кейінгі уақытта қазақтар, қазақ әдебиеті осы тіл шұрайлылығын жоғалтып алған сияқтымыз. Сөйлескенде де сөзді бұзып, қысқартып айтамыз. Жастар туралы тіпті айта алмаймын. Бәлкім, бұл – уақыт талабы шығар.

Дана Әмірбекова

        Дана ӘМІРБЕКОВА:  –  Ана тілі – кез келген ұлттың басты байлығы, баға жетпес қазынасы. Себебі  тіл – ұлт болмысын ұғындырып, жан дүниесін сезіндіретін рухани негіз. Қуанышыма орай, көпті көрген, сөз қадірін түсінетін, әр сөздің байыбына барып, саптарлап сөйлейтін, көнекөз әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Әжемнің бір ерекшелігі, менімен ешқашан тілін бұрмалап, балаша сөйлеспейтін. Оның жатқа айтатын жыр-дастандарын тыңдап, бала күнгі естеліктерін қайталатып сұрай беретінмін. Әншілік қасиеті де бар еді. Қосылып  алып тілі күрделі, мағынасы терең халық әндерін айтатынбыз. Өзге балалар ойнаймыз деп сыртқа шақырса, барғым келмейтін. Мен үшін «Қазақша ертегілер жинағынан» бір-екі ертегі оқыған әлдеқайда қызығырақ еді. Бір оқыған ертегіні сан қайталап оқи беретінмін. Сол үшін үйдегі ересектерден ұрыс еститін кездерім де болатын. Дегенмен, 5 сыныпқа ауысқанымда әке-шешем Алматыға көшуді ұйғарды. Осылайша, қаланың мектебіне келіп, жаңа ортаға тап болған мен алғаш рет өз тілін менсінбейтін, ана тілінде сөйлеуді намыс көретін, орысша араластырып сөйлейтін «шалақазақтар» ортасына тап болдым. Әжем сияқты көне сөздерді қолданып сөз саптауым қалалық сыныптастарыма ерекше күлкілі болып көрінетін. Сол кезде өзімді солар сияқты болмағаным үшін төмен санап, «өзгенің» (аутсайдер) күйін кешкенім есімде. Қазір ойласам, күлкілі, әрине. Орыс тілін білмегеніме намыстанып, қолыма орысша-қазақша сөздікті алып Лев Толстойдың «Анна Каренина» атты романын бүге-шүгесін қалдырмай, таныс емес әр сөзін теріп жазып, жаттаған едім. Ол кітап бүгінге дейін сөреде тұр. Осыдан болар, кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың ауылдан келген қазақ баласының қала мектебіне бейімделу барысында басынан кешкен сәттерін бейнелеген «Кардиограмма» фильмі өзіме ерекше ыстық. Дәл осы фильмнің көрсетілімінен кейін киноны көңіл көтеретін аттракцион емес, адам дүниетанымының нәзік иірімдеріне сүңгіп, жанының қатпар-қатпар сырларын суреттеуге қауқарлы, дара тілді ұлы өнер екенін түсініп, «Кинотану» мамандығын таңдаған едім.

         Меніңше, өзге тілді   меңгеру – биік белесті бағындыру ғана емес, өзің үшін құпия-сырға толы таңсық ғаламды ашумен пара-пар. Орыс тілін меңгергенде өзім үшін жарты әлемді ашқандай күй кешсем, ағылшын тілін үйренгенде бүкіл әлемді ашуға мүмкіндік алғандай болдым. Өкініштісі, ана тілімнің тазалығын бұзып алдым. Әңгіме барысында орыс немесе ағылшын тіліндегі сөздерді қосып, тілімді тістеп қалатын жағдайлар да орын алатыны қынжылтады.

          Өзге тілді үйрену өзге ұлт өкілдерін түсініп, өзіміздің білімімізді арттыру үшін қажет болса, өз тіліңді жетік білу өзіңнің кім екеніңді ұғынып, болмысыңнан, түп-тамырыңнан ажырамауың үшін, ұлт ретінде, адам ретінде басқалардан ерекшеленуің үшін маңызды. Жалпы қазір неше түрлі теориялар бар ғой. Солардың біріне жүгінсек, болашақта бүкіл адамзат бір тілде ғана сөйлейтін болады екен. Меніңше, бұл –  дұрыс емес. Себебі  әр адамның ерекше болмыс иесі болғанын қалаймын. Сол сияқты, әр ұлттың өзіне тән  тілі, діні, басқаларға ұқсамайтын дүниетанымы, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болатын дәстүрді  сақтау керек деп есептеймін. 

         Әр ұлт өз тілінің мәртебесін өзі ғана көтереді. Ағылшын, француз, қытай, орыс қатарлы тілдерді әлем мойындап, ерекше мәртебеге бөлейтіні белгілі. Алайда аталмыш тілдердің жоғалуға аз қалған немесе мүлдем жойылып кеткен тілдерден асып кеткен ештеңесі жоқ.  Оларды үстем еткен –  сол тілдерде сөйлейтін ұлт өкілдері. Осы тұрғыда біздің борышымыз – ата-бабамыз аманат еткен шұрайлы тіліміздің шырайын бұзбай, бүгінгі заман ағымына сай жаңа сөздермен байытып, мәртебесін арттырып, өз ұрпағымызға қалдыру.

Тұтынушы елден өндіруші елге айналуымыз керек

         Қ.Ә.:  Өкінішке қарай, елімізде тіл мәселесінің өршіп тұрғанын жоққа шығару мүмкін емес. Бұл мәселемен бетпе-бет келген жағдайлар болды ма? Қоғамда «Тіл мәселесі»  деген ұғым тумау үшін қандай амалдар жасалғаны жөн?

Тұрсынбек Башар

         Тұрсынбек БАШАР: – Осы Алматыға келгеніме 15 жылдай болса, сол уақыттан бері тіл мәселесімен күресіп келемін. Кез келген жерде сауалды қазақша  қойып, қазақша жауап беруін сұраймын. Тіл мәселесімен талай бетпе-бет келдік. Мысалы, жақында Қаржы Орталығымен соттастым. Судья сот отырысының  орыс тілінде өтетінін айтты. Себебі ҚО орыс тілінде арыз беріпті. Қазақстан Республикасының ЗАҢЫ бойынша, арыз беруші қай тілде арыз берсе, сот сол тілде өтеді екен. Мен орысша сөйлеуден бас тарттым. Олар:  «Аудармашы тағайындаймыз», –  деді. Сонымен, не керек, 3 қазақ аудармашы арқылы сөйлестік. Сол жерде біздің (бәріміз қазақпыз) қазақша сөйлеуімізге не кедергі? Соны түсінбей дал болдым.

         Қазақстанда тұрып, өмір сүріп жүріп, кейбіреулер  (қазақтар  да бар) осы елдің тілін, ділін һәм заңын сыйламайды. Оған қазақтар ғана кінәлі. Не деген сорлы ел едік. Тіпті, кейінгі кезде Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына, алдағы уақытта тәуелсіз ел  болып қалатынына күмәнмен қарай бастадым. Кейде, мүмкіндігінше жақын уақытта басқа елге қоныс аудару туралы ойланамын. Сол ойым дұрыс па деп те қоямын.

          Қазақстанның  тәуелсіздік алғанына 30 жыл болды. Осы уақыт аралығында тіл мәселесін шеше алмадық. Баяғыда, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Израиль мемлекеті құрылды. Еврейлер Ресейден, Франциядан, Шығыс Еуропадан ағылып, сол елге жиналды. Жиналды да барлығы өз ана тілі – иврит тілінде сөйледі, мелекеттік тіл етіп бекітті. Ал біз ата жұртымызда отырмыз ғой. Сонда да тіл мәселесі бар. Неге олай, түсінбеймін…

         Қоғамда тіл мәселесі бұдан кейін де бола береді. Себебі  жастарымыз – еліктегіш. Біреудің қаңсығына таңсық. «Қазақша сөйлесем, бейне бір «мәмбет» боп қаламын» деп ойлайды. Қате болса да орысша сөйлеуге тырысады. Түптеп келгенде біз – өлгенімен арапша, тірісімен орысша сөйлесетін елміз. Қазақ тілі үстемдік құруы үшін тұтынушы елден өндіруші елге айналуымыз керек. Өнер, техника т.б сұраныстарды қазақ тілінде бере алуымыз керек. Мысалы, кинотеатрға барасың, киноны орыс тілінде қояды. Қазақ тілінде қойылмауының себебін   сұрасаң, «бәрібір ешкім келмейді» дейді. Қарапайым ғана мысал. Сұраныс болғанда ғана қажеттілік өтеледі. Демек, бәрі өзімізге байланысты.

         Асылан ТІЛЕГЕН: Мұндай оқиғалар, бүгінгі Қазақстан жағдайында, бәрінің басында күнделікті болады. Оны кім байқайды? Мұның ұлттық трагедия екенін жаны қазақ қана байқайды. Ал қаны ғана қазаққа бәрібір болған.

         Қазақстанда қазақша өмір сүргің келеді. Қазақша жұмыс істегің келеді, қазақша демалғың келеді. Бірақ мүмкін емес. Мысалы, менің жұмысым – жасөспірімдерге (қазақ тілінде!) ақпарат ұсыну. Әлбетте, ол ақпаратты жерден қазып алмаймын ғой. Арнаулы мекемелерге барамын, сұхбат аламын. Міне, осы жерде қазақтығымды жоғалтып ап, адақтап кетемін. Себебі  кейбір мемлекеттік орындардың өзі қазақша ақпарат бере алмайды. Берсе – түсініксіз. Түсініксіз болатын себебі – шала аударма. «О, дау бар ма, дау бар ма, Кейбір елдің құдайы да – аударма» дегендей. Бұл – бір ғана мысал. Шынында, үйден шыққанда-ақ қазақтығымызды жоғалтатын кездер аз емес. Айталық, бұл мәселенің түгелдей шешілуі – қоршаған ортаның бәрі бірдей қазақша сөйлеп кетуде жатқан жоқ. Ол мүмкін емес те. Бастысы – өзге тілді жасөспірім шақтан бастап қана үйрену. Осы кезден бастаса, бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Ал оған дейін баланың жаны мейлінше қазақыланар еді. Ең бастысы, қазақша контентт қалыптастыру ауадай қажет.

         Ең сорақысы – ауылда өстім, өзге тілді меңгеріп кеткенім де шамалы дейтін менің өзім де кейбір сөзіме күмәнмен қараймын. «Осы мен аударма сөз сөйлеп тұрған жоқпын ба?» деген күмән болады. Мәселен, «мен ойлаймын», «болып табылады» деген сияқты «қаңсық» сөздер араласып кетпеді ме дейтін кездер аз емес. Осындай қаншама сөз төл сөзіміз сияқты кірігіп кетті.

Дана ӘМІРБЕКОВА: Көпұлтты мемлекет болғандықтан, бәріміз бір-бірімізді түсінейік деп орыс тілінің мәртебесін көтеріп қойған өзіміз кінәліміз.  Тіл білмей-ақ бизнес жасап, жұмыс істеп, қаржы табуға болатын жағдай жасалғанда өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге құлшынысы болмасы анық. Адамзаттың басым көпшілігі өзге тілді мұқтаждық туындағанда ғана үйренуге бел буатыны да аян. Ал қазір  қазақ тіліне қатысты ондай мұқтаждық жоқ. Керісінше, қазақ тілділер орыс немесе ағылшын тілін білмегендіктен жұмыстан қағылып жататын жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Кез келген мекемеге барсаңыз, алдыңыздан орысша сайраған қазақтар шыға келеді. Қазақша сұрақ қойсаңыз, өзі әзер сөйлеп тұрса да орыс тілінде жауап қататындарды да көріп жүрміз. Әуелі, жұмыс ұсынатын желілерге кіріп, жұмыс берушінің талабын оқысаңыз, «Орыс тілін білуіңіз шарт, қазақ тілін білгеніңіз өзіңізге + (плюс)», –   деп тұрады. Демек, «қазақ тілін білу қажет» деп ешбір мекеме шарт қоймайды. Осы ретте, қазақ тілді балабақшалар мен орта мектептердің санын арттыру, қазақ тілін жетік меңгермеген, еркін сөйлесе алмайтын адамды мемлекеттік қызметке алмау, қызмет көрсететін мекемелердің тек қазақ тілінде қызмет көрсетуі сияқты қатаң талаптар қойылуы керек деп есептеймін.

Біз өзімізді еркін, тәуелсіз  ұлтпыз дейміз. Алайда  нағыз еркін ұлттың  өз ана тілін екінші орынға ысырып, өзге ұлттың тіліне үстемдік бермесі анық.  Бұл –  Кеңес заманынан қалған құлдық сананың көрінісі, әрине. Бұл –  сол кезеңнің  біздің өзімізді өзгелерден төмен көруді  санамызға сіңірткен саясатының іске асқанының өкінішті дәлелі. Бұл –  біздің осы күнге дейін өзімізді өзгеден төмен санайтын комплекстен айырыла алмағанымыздың көрсеткіші. Біз –  торда отыруға әбден мойынсұнып, қожайын келгенде басымызды иуге әдеттеніп қалған халықпыз. Тордың есігі ашылса да  есіктен аттап басуға дәті бармайтын бейшара жағдайдамыз. Шындық осы.

Қаншама қазақты көріп жүрміз, баласын орыс балабақшасына беріп, тілін орысша шығару үшін барын салып, тырысып бағатын. Ана тілінде сөйлеуден ұялатын, қазақша сұрақ қойсаң, орысша жауап қататын ұлтымыздың өкілдері қаншама… Бұл тұрғыда, өз тілін білмейтін адам емес, білгісі келмейтін, үйренуге тырыспайтын  адам аянышты мен үшін.

Тілек ЫРЫСБЕК:  Бізде көп адам бай болу мен әлеуметтенудің ара жігін ажырата алмай жүр.Тіл мәселесінің шешімі де осы әлеуметтенуде тұр. Қазақ қоғамы  әлеуметтенбейінше, тіл мәселесі ешқашан шешілмейді.
Мәдениетке  және қоғамға араласу үшін қажетті ережелерді, тәжірибелерді және құндылықтарды үйрену процесі немесе өзін-өзі бағалау қағидаттары әлеуметтану негізі болып саналады.

Әсел Кәрібай

Әсел КӘРІБАЙ:    Отыз жыл бойы жырланып келе жатқан екі мәселе болса, соның бірі – тіл. Бір мәселе болса, ол да – тіл. Қос тілді қатар ұстанатын елде тіл мәселесі – күн тәртібінен түспейтін актуал тақырып. Бірақ осыдан 10-15 жыл бұрынғы күйімен салыстырмалы түрде алғанда, баяу болса да оң өзгерістің бар екендігін жоққа шығаруға болмайды.

Маған дәл қазіргі уақытта қазақ тілінің «ренессанс дәуірі» басталып жатқандай көрінеді. Және бұл қозғалысты жасаушылар тәуелсіздіктен кейін туған жастар деп ойлаймын. Өйткені олар, ең біріншіден, кеңестік ықпалдан ада ұрпақ. Олар үшін орысша сөйлеу «мода» емес. Олар үнемі өздерінің тілдік құқығын жасқанбай талап ете алады. Қазақтілді аудиторияның аясын кеңейтіп, қазақша контентке сұраныс жасай алады. Бірақ сол қазақша контентке қолдары жетіп жатыр ма – басты мәселе сонда. Мысалы, өз тәжірибемнен айтатын болсам, біз шағын командамызбен қазақша контент жасаумен айналысамыз. Инстаграм желісіндегі негізгі оқырмандарымыз – студенттер мен оқушылар. Оларға гуглдан орысша іздеп табатын қажетті ақпараттарын қазақша беруге тырысамыз. Мәселен, әлемде ең көп оқылатын кітаптардың тізімін ұсынсақ, міндетті түрде түпнұсқадағы атауы мен қазақша аудармасын ғана жазамыз. Сол кезде олар: «Кітаптың қазақшасы бар ма, аударылған ба, қайдан тапса болады?» деген сұрақтарды  жаудырады. Ал біз еріксіз: «Орысшасын оқуға болады», –  деп жауап береміз. Басқа елдің мәдениетін орысша қабылдап жүргеніміз өкінішті, әрине.

Десе де, БАҚ беттерінде «қазақ тілі, ұлт, рух» деп текке байбалам салудың жақсы үлгі емес екенін білетін жастар өздерінің қолдарынан келгенше тілдің өркендеуіне үлес қосуда және замандастарының қазақ тіліне деген қызығушылықтарын тудыруда. Атап айтар болсам, Qazaqsha Jaz қозғалысы 200-ден астам компанияның әлеуметтік желілерде қазақша жазуына әсер етті. Оның ішінде Burger King, Samsung, LG, Pepsi, Aviatа, т.б. бар. Kaspi банк қосымшасының да қазақшалануына ықпал еткен осы қозғалыстың белсенділері екенін үлкендер білмеуі мүмкін. Бұл қозғалыстың белсенділері – 15-30 жас арасындағылар. Jana sozdik – қазақша сленгтер, qazaqgrammar, kazakbubble – қазақ тілі грамматикасы, qonandoyle, kiyelitezek – қазақша мемдер, tnz.group – кино, аниме, дорамалардың қазақша дыбыстамалары, qazsoz_ – ұмыт болған, көнерген сөздер, т.б. ұмыт қалғандардан кешірім сұраймын, бірақ осындай жобаларды жасап, қазақтілді аудиторияға ұсынып отырғандар – жастар.

Одан бөлек, қазақ тілін трендке шығарған – қазақша заманауи әндер десе болады. Димаш, Ninety One, Молданазарларды айтпағанда, Aro, Jeltoksan, Darkhan Juzz, т.б. соңғы шыққан толқынның көптеген жас әншілері қазақ тілін сәнге айналдырып жүр.

Соңғы уақытта орыстілді қазақтардың қазақша үйренуге мәжбүр боп немесе ықылас білдіріп жүрген оқиғаларын өте көп еститін болдым. Кино, әдебиет, философия, медицина, техника, т.б. қай салада болмасын, қазақша аудармалар, сапалы контент көп болса, тіл мәселесі де күн тәртібінен түсер еді бір күні.

  …Ойланатын тілінің өкіліне айналуы ғажап емес

Қ.Ә.:  Өздеріңіз айтып отырғандай, түрлі жастағы ересектерді айтпағанда, кішкентай бүлдіршіндердің тілі, ойлау, ойлану бағдары орысша қалыптасуда. Осы кілтипанмен күресудің қандай жолдарын ұсынар едіңіздер?

Аслан Тілеген

         Асылан ТІЛЕГЕН:   Бұл мәселе балалардың барар жолының бәрі қазақша болғанда ғана шешілетін шығар. Аяғын әрпіл-тәрпіл басқан кез келген бала смартфонға үйір. Соның ішіндегі дүниенің бәрін қазақыландырып қойса, одан аттап қайда бармақ? Яғни, қазақша контент керек. Кейінгі он жылда бізде үлкен дүние қолға алынды. Кейінгі он жылда ғана! Ол – «Балапан» арнасы. Осы арнаның атқарып жатқан еңбегі орасан. Әрине, ондағы бағдарламалар мен мультфильмдерде, фильмдерде редактордың жұмысы соншалықты көріне қоймайды. Оған сараптамалық жұмыс жасап көрген соң айтып отырмын. Бірақ арнаның өнімдері балаларға арналған интернет желісіндегі бос кеңістікті толтырып жатыр. Бәріміз осыған ат салысуымыз керек деген ойдамын. Балаларға қызмет ететін орынның бәрі – балабақша, мектептен бастап кинотеатр, хайуанаттар бағы, демалыс орындары түгелдей дерлік қазақша өмір сүретін болса ғой!

Дана ӘМІРБЕКОВА: Біріншіден, біз XXI  ғасырда, демек, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін экран алдында отыратын, технологияның дамыған заманында өмір сүрудеміз. Бүгінгі адамзат түрлі гаджеттерді қолдану арқылы әлем жаңалықтарымен де танысады, білімдерін де арттырады, қалаған бағдарламалары мен таңдаған фильмдерін көре алады. Apple компаниясының негізін салған Стив Джобс дәл осы гаджеттерді шектен тыс пайдаланудың аса зиян екенін, туған балаларына шектеулі уақыт пайдалануға ғана рұқсат бергенін айтқан болатын. Алайда қазір ата-аналар  баласы жылап, мазаламасын деп, дәл сол гаджеттерді күні-түні бақылаусыз пайдалануға беруге еш қарсылық білдіріп жатпайды. Күйбең тірліктің соңында жүрген оларға да кінә арту орынсыз. Осының салдарынан, қазіргі балаларды ата-ана  немесе ата мен әже емес, көгілдір экран тәрбиелеуде. Таза қазақ тілді отбасының бүлдіршіндерінің тілі өзге тілде шығатыны да сондықтан.

Екіншіден, казақ тілді контент аз. Таңдау жоқ. Балалар сүйіп көретін анимациялық фильмдерге дубляж жасалмаған. «Болашақ» корпоративтің қоры мен «Меломан» компаниясының біріге жұмыс жасауының арқасында соңғы 10 жыл ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 36 туындыға сапалы дубляж жасалды. Дегенмен ол теңізге түскен тамшыдай ғана. Ал  «Балапан» арнасында көрсетілетін мультфильмдер сапасы тұрғысынан әлі де болса Батыс өнімдерімен бәсекелестік жасай алмайды. Осы ретте, балалар көретін шетелдік өнімдердің үздіктерін қазақ тіліне жаппай дубляж жасауды қолға алу бүгінгі таңда аса қажет. Сонымен қатар, мемлекет қаржысының басым көпшілігі негізінен балалар киносына және  анимацияға бөлініп, осы саланың дамуына ерекше назар аударылғаны жөн.

Шет тілінде туындылар көріп, кішкене күнінен өзге тілді меңгергенде не тұр дерсіз… Алайда өзге тілде сөйлеу бір бөлек те, өзге тілде ойлау мүлде бөлек. Бұл ретте, өзге тілде тілі шыққан бүлдіршіннің болашақта өзге тілде ойлайтыны айдан анық. Ал  өзге тілде ойлайтын адамның, ойланатын тілінің өкіліне айналатыны ғажап емес.

Тілек ЫРЫСБЕК:  Мектеп пен университеттерде әлеуметтану пәнін енгізу керек.

         Тұрсынбек БАШАР:  Жаңа айтып өткенімдей, жастар түрлі әлеуметтік желіден өздеріне керекті мәліметті, ойын-сауықты, киноны орыс тілінде алады. Себебі  қазақ тіліндегі контент жоқ, бар болса да аз. Оларға бәсекелестік керек. Тағы біраз уақыттан кейін орысшаны қойып, сәбилердің тілі ағылшынша шыға бастайды. Өйткені ағылшын тіліндегі контент өте көп. Жастар соған бет бұрып жатыр. Қазақ қоғамы осылай «ұйықтап» отыра берсе, ол күнге де жетеміз.

Әсел КӘРІБАЙ:   «Қолынан телефон түспейді», «Компьютерден ойын ойнағанша, кітап оқысаңшы»…  Осыған ұқсас сөздерді барлық ата-ана айтатын шығар, иә? Бір жағынан дұрыс, екінші жағынан –  абсурд. 2010 жылдан бері қарай дүниеге келген балаларды «Альфа-ұрпақ» дейміз. Өйткені бұл уақытта IPad пен Instagram пайда болып, балалардың цифрлануына тікелей әсер етті. Альфа-ұрпақ интернетсіз, гаджетсіз өмірді елестете алмайды. Олар туғаннан әлемді цифрлы технология арқылы таниды. Ғалымдар бұл балаларды футурологтар деп атайды екен. Оларды ескі тәсілмен тәрбиелеу мүмкін емес. Шын мәнінде, альфа-ұрпақ әлі зерттелмей жатыр. Ата-аналар да, педагогтар да бұл балаларды немен қызықтыруға болатынын,  назарын қалай аудартуға болатынын әлі толық түсіне қойған жоқ. Ал олардың ойлау жүйесінің қалыптасуына тікелей әсер ететін дүние – ютубтағы мультфильмдер, видео-ойындар, комикстер, т.с.с. Олай болса, баланың сұранысын қанағаттандыратындай қазақ тілінде видео-ойындар, комикстер, мультфильмдер қажет.

Қоғамда балалар мен жасөспірімдер тобы өмір сүретінін ұмытып кеткен сияқтымыз. Оларға арналған не кітап, не кино жоқ. Бұл проблемаға бей-жай қарамайтын жастардың бастамасымен былтыр Ordagen жобасы бойынша автор ретінде заманауи ертегілер жазған едік. Кітап+аудио+анимация форматтарында жаңадан іске қосылып отыр. Телефон қосымшасы ретінде Appstore мен PlayMarket арқылы жүктеп алуға болады.     

Әдебиет мәдениет қалыптастырады

         Қ.Ә.:  Әдебиетпен тәрбиелеу мүмкін бе? Кез келген адамның санасына тілдік тұрғыдан ықпал ету үшін қазақ көркем шығармаларының  қалай жазылғаны дұрыс деп ойлайсыз?

         Тілек ЫРЫСБЕК:  Әдебиет – тәрбие құралы емес.

         Тұрсынбек БАШАР:   Бәлкім, бұрын әдебиетті тәрбие құралы деп есептеген шығар. Жазушылар да соған сеніп,  оқырманды тәрбиелеп жатырмыз деп ойлаған  болар. Меніңше де, әдебиетпен адамды тәрбиелей алмайсыз. Иә, әдебиет мәдениет қалыптастырады. Мәдениетті адам тәрбиелі адам дей аламыз ба? Әдебиетпен адамды ойландыруға болады.

         «Көркем шығарма былай жазылуы керек» деген қағида жоқ шығар. Әр жазушы өз қалағанындай жазады. Бастысы, онда атмосфера, иіс болса болды. Әдебиетпен адам санасына ықпал ету дегенді өз басым түсіне алмаймын. Көркем шығарма  –  идеология емес. Көркем шығарма жаныңа ләззат сыйлап, жүрегіңді ізгілендіруі керек. 

         Қазақтың  классигі Дулат Исабеков бір сұхбатында: «Даулы әдебиет, скандал, порнография, белгілі бір адамдардың өмірі қоғамға қызық. Қазір ойлы емес, ойсыз адамның жолы болатын заманға келдік. 1870-жылдары Моппасан айтқан: «Алдағы заман –  алаяқтардың заманы» деп. Сол байғұстың айтқаны шындық болды. Соған қарамастан, біз өзімізше жазып жатырмыз», –  дейді. Қазір қазақ әдебиеті де, әлем заманауи әдебиеті де қал-қадірінше жазып жатыр. Әр алуан шығарма бар. Соның бәрінің өз оқырманы тағы бар.

Дана ӘМІРБЕКОВА:  Менің пікірімше, ұлттық сананың жетілуінің бір бел­гісі –  ұлттың өзін-өзі анықтауы. Қазақ болмысының сырын ашып, дүниетанымымен танысқыңыз келсе, оның фольклорына терең үңіліңіз деп айтудан жалықпаймын. Сонау түркі кезеңінен бергі эпостар мен дастандарды, аңыз-әпсаналар мен хикаяттарды парақтаңыз. Ауыз әдебиетіміз рухани азық болумен шектелмейді. Ой-өрісімізді кеңейтіп, санамызға серпіліс жасап, сөздік қорымызды байытып, сөз саптауымызды қалыптастырады. Ең маңыздысы, өзіміздің түпнегізімізге оралтады.

Кинотанушы болғандықтан, маған «Шәкен Айманов, Сұлтанахмет  Қожықов, Абдолла Қарсақбаев сынды ұлы режиссерлердің сара жолын жалғастырушылар бүгінгі таңда неге жоқ?» деген сұрақ жиі қойылады. Менің айтар жауабым – себебі олар өз түпнегізін жоғалтпаған, халық фольклорынан  сусындап өскен, төл әдебиетіміздің жілігін шағып, майын ішкен дала академиктері еді. Ал бүгінгі Батыстың әдебиетін кеміріп, Еуропа мәдениетін бойына сіңіріп өскен қазақ жастарынан «Қыз-Жібек», «Менің атым Қожа», «Атамекен» іспеттес, ұлттық құндылықтарға толы туындыларды күте алмаймыз. Өйткені  бүгінгі жастардың басым көпшілігі –  төл мәдениетін бойына сіңірмеген, ұлттық түпнегізінен айырылғандар.

Асылан ТІЛЕГЕН: Көркем әдебиет қашанда үнсіз тәрбиелейді. Оқыған кітабыңның соңғы бетін қимай жапқаныңда ғана ол – көркем әдебиет. «Бітпесе екен» деп тілейтін кітабымыз көп қой. Яғни, ол бізді өзінің бауырына тартты. Сосын да шығар кейбір кітапты құшақтайтынымыз. Жастығымыздың астында көп кітап тұншығып қалмады ма екен?!

  Әсел КӘРІБАЙ:  Әр шығарма  түсінікті тілде жазылғаны дұрыс деп ойлаймын.

 Адамдар  су үстінде тұрған сияқты…

Қ.Ә.: Экран арқылы қалай оң ықпал етуге болады? Көркем фильмдер мен сериалдарды қандай бағытта түсірген жөн?

         Тұрсынбек БАШАР: Бүгінгі  қоғамға «теледидар көргендерді кітап оқығандар басқарады» деген сөз жүрмейді. Қазір, шыны керек, кітап оқу «модадан» қалып бара жатыр. Қазіргі заман –  жарық жылдамдығындай дамыған заман. Адамдардың барлығы су үстінде тұрған сияқты. Үздіксіз қозғалыста болмасаң, батып кетесің. Сондықтан қазір кітап оқуға уақыт жеткіліксіз. Қазір адамдардың бәрі асығыс. Сондықтан кітап емес, видео көреді. Экранға қарайды. Қазақтардың ойын-сауық форматында түсіріп жүрген сериалдарында мін жоқ. Бұл жағынан біз айналамыздағы көрші елдерден алдамыз. Ресеймен теңбіз. Авторлық фильмдер жағынан да осындай деңгейде деп айта аламын. Тек, бізде, кино әлі бизнес деңгейіне көтерілген жоқ. Режиссерді қолдайтын продюссерлік орталықтар жоқ. Кино түсіретін болсақ, үкіметке алақан жаямыз баяғы. Содан соң мемлекет ақша бөлмейді емес, бөледі. Бірақ оны да ептілер екі асап алады. Ал сосын дау-дамай басталады. Режиссерлеріміз кино түсірудің орнына даудың ортасында жүреді. Бұл қажет емес әрине. Әлемдік кинофестивальдерде қазақ киносының беделін асыратын авторлық фильмдерге салған қаржыны ақтамаса да, ақша бөлетін орталықтар болса деп армандаймын.

Әсел КӘРІБАЙ:   «Қазақстан», «Хабар» арналарының тапсырысымен түсірілген сериалдарға сценарий жазып тұрамын. Сонда ең бірінші кезіккен проблемам – тіл болды. Әсіресе, Ұлттық арна бұған өте кірпияздықпен қарайды. Әрине, кейіпкерлерді таза қазақ тілінде көркем сөйлеткенге не жетсін? Бірақ экранға шыққанда сол көркем диалогтардың бәрі жансыз боп қалады: актер ондай әдеби сөздерді өмірде қолданбаған соң, басқа тілде жаттап тұрғандай әсер қалдырады, ал көрермен ол сөзді күнде естіп жүрмегендіктен, құлағына түрпідей тиеді. Сосын барлығы жасанды сияқты көрінеді. Мұндайда көрерменді қашырып алмау керек деп ойлаймын. Тіл де  –  адам секілді тірі организм ғой: дамиды, жаңарады, көнереді. «Вообще», «да ну», «че там» дегендердің орнын ауыстыратын қазақша қызықты сленгтерді пайдаланып, тілге қызығушылықты арттыруға болады деп ойлаймын. Қазақ тілі дегенде шұбатылған күрделі көп сөздердің тізбегі ретінде емес, түсінікті, қарапайым, ойға қонымды әрі сәнді тіл боп көріну керек шығар, әдебиетте де, кинода да, басқа салада да.

Тілек ЫРЫСБЕК:  Ықпалы көп. Қазір бірқатар отандық фильмдер тілдік дискриминацияға жиі барып жүр. Яғни қазақ тілін тек ауылдан келген «мәдениетсіз» жастардың, «жабайы» шенеуніктердің, қарттардың, кедейлердің әрі «жағымсыз» кейіпкерлердің тілі ретінде көрсетеді. Тіпті гендерлік кемсітушіліктерін де тілдік дискурстар арқылы емеуріндейді. Бұл қазақ тілі мен мәдениетіне мұрын шүйіре қарау, тыржию, жиіркену сезімдерін тудыратыны анық. Осындай әдепсіз дүниелерге қарсы бір шара қолданылуы тиіс.

Дана ӘМІРБЕКОВА: Кино – адамның сана-сезіміне, психологиясына, ой-өрісі мен дүниетанымына әсер ететін, атом бомбасынан да қатерлі қару түрі. Дұрыс мақсатта пайдаланса, кино бүкіл адамзатты біріктіріп, әлемдегі жамандықтың азаюына, адамзаттың тазаруына септік етуге қауқарлы. Сонымен қатар, ол адамзатты ақылынан адастырып, түзу жолдан тайдырып, зұлымдықтың орнауына да жұмыс жасай алады. Кімнің және қандай мақсатта пайдалануына байланысты, әрине. Ендеше, экран өнері арқылы халқымыздың ана тілімізге деген көзқарасын өзгертіп, рухани құндылықтарымызды сіңдіру амалдарын қолға ала аламыз. Бұл тұрғыда мемлекет қаржысына түсірілген фильмдер толыққанды қазақ тілінде түсіріліп, үлкен экрандар арқылы көрсетілетін кез келген туынды тек ана тілімізде ұсынылуы керек. Мемлекетімізде туындыларын прокатқа шығарып, қаражат тапқысы келетін  кинокомпаниялардың фильмдері шет тілде түсірілген жағдайда, ол қазақ тіліне дубляждалып, мемлекеттік тілде көрсетілуі заң жүзінде бекітіліп, іске асуы құзырлы органдар бақылауына алынуы қажет. Сонда ғана ана тіліміздің мәртебесі артып, беделі күшейе түседі.

         Асылан ТІЛЕГЕН:  Шетел фильмдерін соншалықты көп қараймын деп айта алмаймын. Ал отандық фильмдер мен телехикаялардың тұрақты көрерменімін. Қазақ киносында «жаңа толқын» деп аталатын буын бар ғой. Яғни, оның режиссерлері – Серік Апрымов, Дәрежан Өмірбаев, Данияр Саламаттар. Басқа да режиссерлер бар. Осы буынның фильмдері маған ерекше әсер етті бала кезде. «Менің атым Қожадан» кейінгі қайталап көруден жалықпайтын фильмім – «Әкем екеуміз». Режиссері – Данияр Саламат. 40 шақты рет көрген шығармын. Ал кейінгі буында осы аға буынның қолтаңбаларындағы нәзік иірімдер, сыршылдық жетіспейтін сыңайлы. Оны кино тілінде, теориясында басқаша айтуға болар. Ал әдеби тілмен айтқанда, шамамен осылай. Мәселен, Серік Апрымовтың «Бауыр» фильміндегі үйде жалғыз тұратын баланың қаладан келген ағасына: «Қойды сойып қойып, көршілерді шақырмаған деген ұят емес пе?» –  дегені секілді детальдарды кейінгі фильмдерден көре алмайсыз.

«Алқа»   жиынын  жүргізген  Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір