Әлихан Бөкейханның Потанинге жазған хаттары
30.04.2021
731
0

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Дегдар тұлғаның азаматтық келбеті жыл сайын жаңа қырынынан айқындалып, соны деректер табылу үсітінде. Осы орайда біз  белгілі әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлына хабарласқан едік, ол бізге төмендегі жайттарды баяндап берді.  

«Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы және оның саяси жетекшісі, «Алаш» партиясын құрушы әрі жетекшісі, Алаш Ұлттық Жерлі Республикасының атасы, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның өмірі мен сан қырлы қызметіне қатысты соңғы кезде біраз мұрағаттық, мұражайлық тың айғақ-деректер мен тарихи фотосуреттер табылды. Атап айтқанда, Қыр баласы – Ел ағасы Әлиханның көрнекті орыс ғалымы, этнограф Григорий Потанинге 1904-1906 жылдар аралығында жазған  бес хаты мен бір жеделхаты қолымызға тиді.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деп дана бабаларымыз айтқандай, осы хаттар табылған Красноярскі қаласындағы өлкелік өлкетану мұражайынан ұлы ойшыл ақын Абайдың жақын туысы Нұғыман Құнанбайұлының 2 ашық хаты мен 1 жай хаты, Шоқан Уәлиханның туған әкесі Шыңғыс сұлтанның 3 хаты мен бір жеделхаты, Шоқанның туған інісі М. Уәлиханның бір жеделхаты, орыстың шоқантанушы ғалымы Н. Веселовскийдің бірнеше хаты және т.б. көз көріп, құлақ естімеген тарихи құжаттар шықты. Хаттың барлығы да Потанинге жазылған.

Әлиханның Потанинге жазған хаттарынан алдағы жылы туғанына 150 жыл толатын Ахмет Байтұрсынұлының Иван Крыловтан аударған «Қырық мысал» кітабының 5 жыл бойы «тар жол, тайғақ кешіп» қалай, қайда және кімдердің зор ыждаһатымен жарық көргені, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қашан және қалай қалыптасқаны, «Қарқаралы құзырхатын» (петициясын) кімдердің жазғаны, Алаш Ұлттық Жерлі Республикасы құрылған сәтте Әлиханның оны не себептен Сібір автономиясымен біріктіргісі келгені туралы нақты деректер келтіріледі.

Красноярскі өлкентану мұражайынан табылған осы 20 хаттың бәрінде де Шоқанның өміріне қатысты тың мәлімет, ғылыми жаңалық айтылады.

Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттан Әлиханның 1920-1921 жылдары Қазақ Автономиялық Республикасының жер жөніндегі халық комиссариатында атқарған қызметіне қатысты бұрын-соңды сөз болмаған тың деректер шықты. 1921 жылы Қазақ АКСР-ның бірінші партиялық конференциясында өлкелік партия төрағасы В. Радус-Зеньковичтің Әлихан Бөкейханға «Қазақ шаруашылығына, мәдениетіне және жалпы тұрмыс-тіршілігіне қатысты энциклопедиядан да асқан білімі бар білікті маман, оның білімін кітаптардан да таба алмайсың; бізде осындай мамандар көбірек болса еді» деп баға беруінің сырын Алаш көшбасшысының осы жер жөніндегі халық комиссариатында атқарған ісінен анық байқауға болады. Жер халкомының істерінен Әлиханның өз қолымен жазған бір нұсқаулығы табылды.

Оған қоса кітапханалардан, Алаш қайраткерлерінің жинақ болып шыққан кітаптарынан Әлиханның 1922-1927 жылдары Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасында қызмет істеген жылдары қазақ тілінде жарық көрген оқулық, оқу құралдары және т.б. әдебиетке жазған сын пікірлері табылып жатыр. Міне осы тың дүниелердің бәрі энциклопедиялық білімі бар ғалым Әлихан Бөкейхан мұрасының 16-шы томын құрастыруға түрткі болып отыр.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір