Даңқты шопан,  «Дала академигі»  Жазылбек Қуанышбаев
25.04.2021
662
0

2021 жылы 23 сәуірде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің  ұйымдастыруымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізілді.

Конференция Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласынан туындайтын негізгі міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Конференцияның мақсаты – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы арқылы жастардың дүниетанымын қалыптастыру, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын насихаттау, қазақстандық қой шаруашылығы саласындағы аграрлық білім мен ғылымның әлеуетін арттыру.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Көшербаев Қырымбек Елеуұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Омаров Сапархан Кесікбайұлы, ҚР Білім және ғылым министрі Аймағамбетов Асхат Қанатұлы, Алматы қаласының әкімі Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы, Жамбыл облысы әкімі Сапарбаев Бердiбек Машбекұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты Н.Б. Жүсіп пен А.Қ.Күрішбаев, Парламент Мәжілісі депутаты С.Ж.Адамбаев және т.б. қатысты.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмайды» деген.  Конференцияға қатысушылар Мемлекет басшысының АӨК-нің алға қойған міндеттерін іске асыру үшін, біздің елімізде ғана емес, сондай-ақ шет елдерде сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін Қазақстанның әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Дала академигі» атанған шопанның өмірбаянына жан-жақты тоқталып өтті. Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы 29 наурызда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келген. 1930 жылы кеңес мал серіктестігі құрылғанда оған алғашқылардың бірі кіріп, қой бағады. 1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы кеңшарларында аға шопан болып қажырлы еңбек етеді. 1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен мал тұқымын асылдандыру жұмысына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қоймен будандастыру ісін жүргізеді. Екінші дүниежүзілік соғынан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын қайта жалғастырып, жаңа қой тобы – құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді. Одан төл алу және елтірі сапасын жақсарту көрсеткіші жылдан-жылға өрлейді. 1947 жылы әр жүз саулықтан 130 қозы алады. Осы еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік еңбекері атағы беріледі. Өндірілген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде, Дели, Бухарест, Нью-Йорк қалаларында және аукциондарда өте жоғары бағаланады. Осы үздік табысы үшін 1958 жылы екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1957-1965 жылдары қаракөл қойын өсіруді дамыту жолына бастамашы болады. Екі мәрте республика Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. «Еңбектің пайғамбары, қара жұмыстың қаһарманы Жазыбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі ұлттық идеологияның бірден-бір бөлігіне айналса құба-құп дейміз. Өйткені, оның жүріп өткен жолы мен еңбегі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі», — деді Мемлекеттік хатшы.

Жазылбек Қуанышбаевтың өнегесі ұлттық идеологияның бірден-бір бөлігіне айналғанын атап өтті. Шынайы өндірістік еңбек әлеуметтік жаңғырту саясатының негізгі идеологиясы болып табылады. Бүгінде әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, экономикалық және мәдени байлығы виртуалды қаржылық институттармен емес, адам еңбегімен жасалынады.   Тек  еңбек арқылы ғана жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз. Сондықтан, әлеуметтік жаңғыртудың негізі шынайы өндірістік еңбек. 

Қырымбек Елеуұлы елімізде малшылардың мереке күнін тағайындау туралы шешімнің орынды екендігін атап өтті.  Бұл мал шаруашылығы саласының қызметкерлерінің беделін көтереді.  Агроөнеркәсіптік кешеніне бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары мамандар дайындау ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін халықаралық стандарттарға сәйкес ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы өз сөзінде қазіргі таңда Қазақстанның ішкі нарығы отандық қой етімен 100 пайызға қамтамасыз етілгенін айтты.  Отандық қой етіне шет елдерде сұраныс бар.  Сонымен қатар Министр биыл Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аяқталатындығы туралы айтты.

Сондықтан ҚР АШМ бизнеспен, ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, таяудағы 5 жылға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа Ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жобада үздік әлемдік технологиялар трансферті, жаңа техника мен технологиялар сатып алуға жеңілдікті кредиттер беру, фермерлерді жайылымдармен қамтамасыз ету, халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту, шопандардың зейнет жасын төмендету, олардың балалары үшін мектеп-интернаттар салу, сондай-ақ қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді ынталандыру жөніндегі іс-шаралар және т. б. көзделген.

Конференция жұмысына облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, ҰҒА академиктері, республикалық қой шаруашылығы палаталарының, салалық қауымдастықтардың, ірі агроқұрылымдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары қатысты, олар Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелеріне және оларды шешу жолдарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Онлайн-конференция барысында Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы деректі фильм көрсетілді. «Алтын дән»  этно-фольклорлық халық аспаптар ансамблінің орындауында халық күйлері орындалды.

ЗАМАНБЕКОВ Н.А., ҚОРАБАЕВ Е.М.,
ТУРЖИГИТОВА Ш.Б., КОБДИКОВА Н.К.,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
«Клиникалық ветеринарлық медицина»
кафедрасының ұстаздары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір